"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Серікжан ҚАЖИ: Бір сәттерде қуанам да, мұңданам…

Белгілі ақын Серікжан Қажи алпыс жасқа толды. Осынау кезең аралығында асқаралы Алатау баурайында туып, жастайынан өлеңге ғашық болып өскен замандасымыз өмірдің небір соқтықпалы-соқпалы жолдарынан өтіп ысылған екен. Тіпті, үлкенді-кішілі жауапты лауазым тұтқасын да ұстай жүріп шыңдалыпты. Бірақ қайтадан қастерлі Әдебиет ауылына айналып келе берген. Мұның сырын: «…Оған себеп – поэзияға ғашық жүректің әмірі. Әйтпесе, қайсыбір қызметі де оның болашағына жол нұсқайтын. Ғалым болып кетуге де, әкім болып кетуге де мүмкіндігі мол еді. Өзегін өртей беретін өлең деген құдырет қай жұмыста да жанын жай таптырмады. Өлең өртіне шалынды. «Жолымды аш» деп аруақты бабаларға бас ұрды: Қанат қағам қыраның боп, қия-шыңда тұрағым деп. Бас айналар сәттер болса, Қолда, бабам, Райымбек!» Қолда, бабам, Райымбек! – деп, қара өлең орманына қойды да кетті, – деп түсіндіреді қаламгердің әріптес ағасы, жазушы, ақын Орысбай Әбділдаұлы.
Біз белгілі белеске көтеріліп отырған өлеңге адал ақынға ұзақ шығармашылық ғұмыр тілегіміз келеді. Төменде Серікжан Қажидың ертеректе жазылған жырлары ұсынылып отыр.

Бәрі де қас-қағымда

Қас-қағымда,
Жанарларға мөлтілдеп жас толуда,
Қуаныштан тасынып, шаттануда.
Болар-болмас нәрседен жасқануда,
Құшақ ашып, сырласып, дос болуда.

Қас-қағымда,
Найзағайдың із тастап жарқылдауы,
Күз боп көңіл, жабырқап салқындауы.
Жүрген кеше жандарды өр тұлғалы,
Ажалдың кеп алам деп алқымдауы.

Қас-қағымда,
Адалдықтың, өрліктің биіктеуі,
Бар бақыттың басыңа үйіп кеуі.
Жанарлары жүрегін алмастырып,
Ғашық болып қалуың, сүйіп тегі.

Қас-қағымда,
Жаңа ғұмыр шыр етіп басталады,
Тосады алда биіктер асқаралы.
Мына Өмірмен бір адам қоштасады,
Шай құйылмай бір кесе бос қалады.

Қас-қағымда,
Күйіп-жанып жүргенде от-жалынға.
Өте шығар байқатпай жас шағыңда.
Мәңгілікке көшсек те «басқа ауылға»,
Тек жарық Күн сөнбегей аспанымда.
Бәрі де қас қағымда…
***
Жақын маңды көрсетпей тұман басып,
Тарылады тынысың ауа жетпей.
Жапырақтар белгісіз сыр аңғартып,
Аэропортқа асыққан самолеттей.

Естілмейді әуенді құстар әні,
Көлдер жатыр шуылын аңсап мүлдем.
Қыраулатқан әйнектер – қыс-қабағы.
Бұлақтар да «ұйықтапты» сақ-сақ күлген.

Бір салқындық сезіліп атырап та,
Қайтқан құстар ұқсайды көз жасына.
Табандағы сап-сары жапырақтар,
Сағыныш ол күтетін жазды асыға.

Жақын маңды көрсетпей тұман басып,
Тарылады тынысың ауа жетпей.
Жапырақтар белгісіз сыр аңғартар,
Аэропортқа асыққан самолеттей.
***
Жадап-жүдеп, жүрем шаршап, шалдығып,
Арманымның соңы күдік, алды – Үміт.
Түндерімде ойға батам көз ілмей,
Білегімді қаламсапқа талдырып.

Қиялымның қанат қаққан құсымен,
Қырандайын құлаш сермеп ұшып ем.
Төгіледі жүрегімінің дүрсілі,
Ақ параққа қаламымының ұшымен.

Қатулана таусылмайтын мұң бардай,
Қас-қабағым тұман басқан шыңдардай.
Жылы ықлас таныттың ба, шын көңіл,
Жарқырайды көңіл – Аспан дым қалмай.
Жырымды оқып, сырларымды ақтарам,
Жалындаған, лапылдаған от болам.
Сұңқарымын қанат қаққан Өмірдің,
Тұлпарымын мәңгілікке баптаған.

Бір сәттерде қуанам да, мұңданам,
Іштей түлеп, іштей өсіп, шыңдалам.
Қайтарсам деп жүрем шаршап, шалдығып,
Жырларымды жылдарымнан ұрлаған…

Бала күнгі бір досқа

Бала едік-ау бір мұңайып, бір күлген,
Аңғалдықпен аз емес іс бүлдірген.
Көкірегіңе нан піскен бе, немене,
Қылығыңды түсіне алмай тұрмын мен.

Ұмытқаның ба ойсыз-қамсыз бал шақты,
Шынымен де сынап – Уақыт қанша ақты.
Күлкің қайда сол бір аңғал, алаңсыз,
Естіген ем болғаныңды мәнсапты.

Байқатады маңғазданған тұрысың,
Қарын шығып, жонданыпсың, ірісің.
Сырттансынып сырт бересің, жандай-ақ,
Түсіп тұр деп ойлайсың ба, бір ісім.

«Бір ісім» сол – серпілмек ек, сергімек,
(Бұл кездесу екеумізге соңғы рет).
Бал күнімді іздеп-кетіп барамын,
Сонау кездер көз алдыма желбіреп.

Махаббат жырлары
***
Қасымдасың өзіңе қарай берем,
Көз айырсын деп іштей қалай менен.
Сенің мөлдір жаһұттай жанарыңнан,
Нұр сеземін, жүректен тарайды Өлең.

Қашанда біз біргеміз, шаттанамын,
Көздеріңнен ерекше бақ табамын.
Сенсіз өмір мен үшін қажет емес,
Жүрегіме торлатпа қап-қара мұң.

Серуендейік құлпырған баққа барып,
Сезімдердің сырларын ақтаралық.
Қуаныштан жүректер туласын бір,
Атылатын вулкандай шаққа қалып.

Куә болсын көктегі Ай сырымызға,
Қуанышқа, бақытқа, мұңымызға.
… Жұлдыздармен кетейік араласып,
Сезбей мына ғаламның түнін ызғар…
***
Сыртыңнан..
Көздеріңе көз тігемін нұр тұнған.
Махаббаттың жалынан от алып,
Өзегімді өртеді жыр, бұлқынды ән.

Сезіммен…
Түндерім жоқ сені ойламай көз ілген.
Жүрегіме мекендепсің мәңгілік,
Тек түсімде бір қыдырдым Өзіңмен.

Тілдесіп…
Бір сен ойлап жүрем ылғи мұң кешіп.
Сырларымды ақ параққа жайдым мен,
Көктегі Аймен, жұлдыздармен тілдесіп.

Жырлайын…
Саған ғана ақтарылар сыр дәйім.
Құшағыма күлімдеп кеп енсеңші,
Жүрегіңмен жүрегіңді тыңдайын…
***
Мұңды жүрем, сен жайлы ой кешемін,
Ұқтың ба сен ауырын ой-кеселін.
Күтемін деп мәңгілік сөз беріп ең,
Мазалап жүр жанымды ой неше мың.

Көңілім жүр өзің алып-ұшып,
Кездессек те басылмас сағынысып.
Мен өзіңе ұмытылам, жетуге аз қап,
Сен жүресің мен жетпес сағым іші.
***
Күт-күт жаным жетермін көктемдей бір,
Ақ нөсерін аспанда төккенде бір.
Өзің жазған хаттармен сырласамын,
Сағыныш боп, мұң болып өпкенде ой кіл.

Панелопа арудай сағын күтіп,
Аластырман өзгеге бағымды түк.
Одиссейдей мен саған асығайын,
Сенен басқа арудың бәрін ұмытып…
***
Сен мені ғашық етіп, табындырда,
Сені ойласам бөленер жаным-нұрға.
Түсін менің жанымды сені аңсаған,
Қалдырмашы қара түн, қалың мұңға.

Өзің барда бөленем бөлек күйге,
Ойламаймын, өзгеге керекпін бе.
Басқа жанға күлімдеп қарамашы,
Қарадың ба, өртенер өзек мүлде.

Қарсы алмағын сен мені жалған күліп,
От салмасын ортаға жандар бүлік.
Қасымда жүр, кешемін бақыт балын,
Өзгелерден еңсем де болған биік.
***
Кетті міне арада көп күн өтіп,
Жүрегіме кеудемді текпілетіп.
Саған айта алмаған сезімдерім,
Арманымның ақ құсын тек түлетіп.

Сағынамын өзіңді дара күтіп,
Әрқашанда жүремін алабұртып.
Алғашқы қар… бақ іші … бәрі есімде,
Жауған қардан көрінші қарауытып.

Сені күтем сонау бір бақтан аппақ,
Ақ сезімге оранып қапты абат бақ.
Саған қарай асыққан мен сияқты,
Ақша қарда жауып тұр жапалақтап.

Жоқсың өзің көңілсіз тұрдым ұзақ,
Сол күн кетті тағы да бір күн ұзап.
Жүрдік бірге қыдырып қысқы бақта,
Түсімде сен төсектен тұрғызып ап…

Аппақ қарлар айтпаған сезімдерім,
Қалдырыпсың сен менің көзімде мұң.
Ақша қардан іздеймін күтем мәңгі,
Бірақ маған сен қайта көрінбедің…
***
Ұмыта алмадым сондағы би алаңын,
Белгісіз жан жүрекке ұяладың.
Өзіңменен жұптасып билегенде,
Кезгендей ем бақыттың қияларын.

Сен іздеуде жүректе қиял ағын,
Сол күннен мен әлі ұяламын.
Ғашықтық па, мендегі жасықтық па,
Есіміңді әйтеуір сұрамадым…

Жиі бара сол таныс би алаңы,
Сені іздеймін бағымның шынар әні.
Кездеспедік шарқ ұрып іздегенмен,
Тағдыр қашан алдымнан шығарады.

Көз алдымда мөп-мөлдір тұр жанарың,
Сағыныштан мың лаулап, мың жанамын.
Басқа жандар шаттанып сақ-сақ күлген,
Би алаңы, мен үшін мұң алаңы…
***
Танысқанбыз күрең күзде көктем боп,
Көңілдерді бір ғажайып сәт кернеп.
Жапырақтар… тоналған бақ… барлығы,
Көз алдымда көрініп ед көкпеңбек…

Күзгі бақта көктем болып күліп ек,
Арамызда ашылмаған сыры жоқ.
Сәулем менен бір-ақ сәтте сырт бердің,
Жауап таппай, жалғыз қалдым… мұңы көп…

Көктем-елес, жабырқатып күзгі бақ,
Жүрегімнің жапырағы жүз құлап.
Қайта –қайта ораламын бұл тұсқа,
Көктем болып жолықпадық біз бірақ.

Білдіртпестен зуылдайды елік-күн,
Қай қателік сені менен жерітті.
Күз-көңілден Көктем іздеп адасқан,
Аңғалдықпен алдандым ба, сеніп тым.

Адастырдың қылығыңмен сендірген,
Дәл өзіңдей жалт бере ме жөн білген.
Сезімімді сағынышқа жеңдірген,
Сырласымын дәл Өзіңдей мен кіммен.

Қол ұстастық күрең күзде Көктем боп,
Кеудемізде бір ғажайып от кернеп.
Сені қайдам… ұмыта алмадым… тағы Күз,
Сол күзгі бақ, … тек сен жоқ…
***
Сол бір сәт сірә, есіңде қалмады ма,
Асығып жүрген кезде алдағыға.
Кеттің сен айырбастап басқа жанға,
Айналып өзге жанның арманына.

Қалдым да, талай түндер сырымды ашқан,
Кете бардың бір сәтте бұрылмастан.
Көңіл-айдын белгісіз мұңға оранды,
Арман-жұлдыз алыстап, жымыңдасқан.

Сол бір жанмен таңды қарсы ап бірге,
Кештерді де өткіздің ән сап күнде.
Бақытымды табамын енді қайдан,
Кімге ұсынам жүректі «моншақ» тізген…

Басқа жанның қабағын күзет мейлі,
Сен дегенде жүректе «дыз» етпейді.
Бақытты бол, сен маған қайта орал ма,
Қателікті Уақыт та түзетпейді…
***
Көз алдымда асыл бейнең сүйкімді,
Сағыныштан жүрегіме мұң тұнды.
Алдаса да ғажап сәттер сыйқырлы,
Өзіңді аңсап, көңілсізбін бір түрлі.

Қиялымда келмес күндер көп арман,
Гауһар сынды су түбіне жоғалған.
Кей кездерде бір қыдырған сол маңнан,
Кездесетін секілдісің сен алдан.

Шындығында шыға келсең шат күліп,
Асығар ма ек баяғыдай аптығып.
Тіл қата алмай қалар ма едік күрмеліп,
Жанарларға лапылдаған от тұнып.

Қуаныштан құлпырар ма нұрлы өңде.
Ақтарылып барлық сырлар бір демде.
Әлде, әлде кетермісің кешірмей,
Түсінбеген сәттерімді бір кезде.

Жылыұшырай береді ғой мына маң,
Бәз баяғы бау-бақшалар гүл алаң.
Мен – Шығыста, Сен – Батыста жырақпыз,
Жүрегімде сол сезімім жүр аман.

Алматы да, Алатауда, гүл алаң,
Қол ұстасқан қыз-жігіттер шұбаған.
Жолықпайтын жолдарменен кетіп ек,
Сол кездердің бал дәмімен… жұбанам.

qazaquni.kz





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*