Айгүл Орынбек: Желідегі даудан кейін Мұхамеджан Тазабек маған ат-шапан жаппақ болды

Похожее изображение

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек "Асыл арна" телеарнасының басшысы Мұхамеджан Тазабекке қатысты тағы бір мәлімдеме жасады. Заңгердің айтуынша, әлеуметтік желідегі даудан кейін Тазабек онымен жеке жолыққысы келіп, тіпті ат-шапан да жаппақ болған екен.

Бұл туралы ол Караван басылымына берген сұхбатында айтты. Сондай-ақ, Айгүл Орынбек даудың неден басталғанын да тілге тиек етті.

- Бірінші қателік Мұхамеджан Тазабектің өзінің Фейсбуктегі парақшасында әйгілі сәләфит Абдулхалим Абдулкаримов жариялаған видеоны бөлісуінен болды. Дау осыдан басталды. Мұхамеджан Тазабек елімізге танымал азамат ретінде мұндай радикалдық бағыттағы адамның видеосы мен жазбасын бөлісуі – үлкен қателік және күмәнді іс-әрекет. Мұндай іс-әрекеттерді қарастыратын Қылмыстық кодекстің 174-бабы (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзушілерді дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады) бойынша біраз жастар жауапкершілікке тартылды. «Ауылдың қарапайым жастарына жүрген заң М.Тазабекке неге жүрмейді?» - деген жанайқайым үшін маған қарай өзімен қоса, шашбауын көтерушілері қоқаң-лоққы жасағанын әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерден байқауға болады. Құқықтық жауапкершілікке тартылсын дегенім үшін мені айыптаудың еш қажеті жоқ. Заң бәрімізге ортақ. Мұхамеджан ағамен кездесу жайына келетін болсақ, ол кісі менімен кездесуге түрлі әрекеттер жасап, ортаға беделді азаматтарды салды. Оның ішінде министрлікте істейтін досым арқылы әлеуметтік желідегі даудан кейін менімен бетпе-бет жүздесуге шақырып, ат-шапан жапқысы келгенін жеткізді. Әрине, мен қарсылық білдірдім. Себебі, арабтың миллиардтаған қаржысын әкеліп құйса да, өзімнің ата-бабамыздан қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдени-рухани құндылығын ат-шапанға айырбастамаймын, - деді ол сұхбатында.