Ұлттық жаңғыру - ел мұраты

 

Елбасының латын қарпіне кезең –кезеңмен және жүйелі түрде көшу туралы Жарлығы өркениетаралық және мәдениетаралық өзараәрекетесттік пен сұқбат жолына қызмет жасайды.Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы қоғамның оң бағасын алды деп ойлаймын. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жаһанданудың дүниежүзілік үдерісінің өркениеттік талабы.

КСРО аумағындағы мұсылман халықтарын ислам әлемі елдерінен алыстату мақсатында1929-1940 жылдары латын қарпіне көшірген кеңестік атеистік жүйе 1940 жылы кириллица негізінде орыстандыруды жүйелі жүргізуді мемлекеттік ұстанымға айналдырды.Кеңестік жүйенің алғашқы жылдары кириллица патшалық ресейдің халықтарды шоқындыру және орыстандыру саясатымен байланыстырылды.Сондықтан кеңестік билік жаңа латын әліпбиін еңгізу жолымен отарлық қанаудағы халықтарды пролетарлық билік тарапына тарту және латын әліпбиі дүние жүзінің жұмысшылары мен бұқара халықты әлемдік социалистік революцияға жұмылдырушы бағдар ретінде қарастырылды.

1929-1930 жылдары көрнекті тіл ғалымы Н.Ф.Яковлев жетекшілігімен орыс әліпбиін латинизациялау тұжырымдамасы даярланған болатын.Жаңа әліпби бүкілодақтық комитеті 1925-1937жылы Баку қаласында орналасты,кейін Мәскеу қаласына көшірілді. Латын әліпбиіне кеңестік одақтағы 60 аса ұлттан құралған 25 миллион адам көшті.Жаңа әліпби бүкілодақтық комитеті жанында құрылған комиссия 1930 жылы қаңтарда орыс латын әліпбиінің үш нұсқасын жариялады.1930 наурызда И.Сталин төрағалымен өткен саяси бюро отырысында орыс тілін латынға көшіру туралы комиссия ұсынған жобаға тосқауыл қойылды.

Орыс әліпбиінің латынға көшпеуінің себептерінің бірі католиктік (латындық) батыс мәдениетінің ықпалынан сақтану болған тәрізді.1990 жылдары Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі ғалым –этнограф С.А.Арутюнов Ресей еуропаға жақындасуды қаласа онда ерте ме кешпе латын әліпбиіне көшуі тиіс деген болатын.Латын қарпі бүгінгі жаһандық сандық экономиканың,заманауи мәдениет пен озық инновациялық технологияның жетістіктерін меңгеруімізге ашылған жол деп есептеймін.Еліміздің салиқалы тіл саясаты қоғамның рухани келісімі мен жаңғыруына қызмет етеді.

Жаңа әліпбиге көшудің дүниетанымдық,мәдени және психологиялық қырлары болатыны анық. Жаңа әліпби Мәңгілік Елімізді рухани кемелдену мен жаңа серпіліске,тың істерге жұмылдыруы тиіс.Әлемнің 80% жуығы қолданатын қарпті жатырқамай қабыл аламыз,себебі біз латын қарпіне жаңа ғасырда қайта оралып отырмыз. Латынға көшу халқымыздың бауырлас түркі дүниесімен рухани және мәдени тұтастығын арттыра түседі. Латынға көшу ұлттық сананың, ұлттық рухымыздың нығаюының және мемлекеттігіміздің тұғыры.

Бағдат Бейсенов, Философия ғылымдарының докторы "Қазақ үні" ұлттық порталы