Ұлттық академиялық кітапханада «Латын әліпбиі залы» ашылды

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасы аясында «Латын әліпбиі залы» ашылды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

Аталмыш залда латын әліпбиіндегі ұлттық алфавит, сондай-ақ семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдарының онлайн кеңестері оқытылады.

Латын графикасын оқытуға арналған мұндай орталықтар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің барлық кітапханаларында ашылады.

Бұл залда 1929-1940 жж. аралығында жарық көрген латын графикасы негізіндегі қазақстандық кітаптар мен мерзімді басылымдардың көрмесі және тақырыптық жаңартылған нұсқалары қойылды.

«Бұл қазіргі заман талабы. Ұлттық кітапхана президенттің саясатын насихаттауды көздейді. Латын графикасында жазылған мәтіндер, құжаттар біздің оқырмандарымызға көмектеседі, біз барлық сұрақтарға онлайн түрінде жауап беруге де дайынбыз", — деді ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жылдар мен ойлар" кітабы латын әліпбиінде жарық көрді.

Ашылу салтанатына Ғарифолла Есім, Бәкір Әбдіжалел, Қаржаубай Сартқожұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Рахымжан Тұрысбек, Нұрсұлу Шаймерденова, Айгүл Үсенова, Болат Қорғанбеков, жазушылар Қуаныш Жиенбай, Жади Шәкенұлы, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.