Биыл iске қосылған кәсiпорындар 42 млрд теңгенiң өнiмiн шығарды – Бауыржан Байбек

Биылғы жылдың 9 айында iске қосылған кәсiпорындар 42,4 млрд теңгенiң өнiмiн шығарып, 1,2 млрд теңге салық төледi. Бұл туралы Үкiмет отырысында Алматы қаласының әкiмi Бауыржан Байбек айтты, деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы Baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Алматы қаласында 2019 жылға дейiн 100 жоба iске қосылмақ. Осылайша, 190,5 млрд теңге жеке инвестицияларға 12 мың жұмыс орны ашу көзделiп отыр. Жобалар саны өткен бесжылдықпен салыстырғанда 3 есеге артқан. 2015-2017 жылдары 36,8 млрд теңгеге 38 жоба iске қосу көзделген. Биылғы жылдың 9 айында олардың 2,1 млрд теңгеге 11 жобасы жүзеге асқан. Олардың қатарында Жапония, Ресей мен басқа да елдердiң инвестициялар үлесiмен белгiлi кәсiпорындар бар. Биылғы жылдың 9 айында iске қосылған кәсiпорындар 42,4 млрд теңгенiң өнiмiн шығарып, 1,2 млрд теңге салық төледi. Аталған кәсiпорындардың Алматы өнеркәсiп көлемiндегi үлесi 7,3 пайызды құрады. Оның iшiнде өңдеу өнеркәсiбiндегi үлес 9,5 пайызға жеттi. Жыл соңына дейiн 11 млрд теңге сомасына 6 жобаны iске асыру жоспарланып отыр», - дедi Байбек.