Өзге емес, өзім айтсам...

Ғұлама ғалым, көрнекті әдебиет сыншысы, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің туғанына 90 жыл толды. Оқырман назарына Тұрсекеңнің ертеректе жазылған «Өзге емес, өзім айтсам...» деп аталатын мақаласынан үзінді ұсынылып отыр. Расында да, әркімнің өзі туралы өзінен артық ешкім де баяндап бере алмас... Біздің ел алтын өндірісімен айналысқандықтан, бала жастан кен инженері болсам-ау деп қиялданушы ем. Өмірдің айдауымен әртіс болып жүргенімде қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Зағифи Тналина инженерлікті қой, әртістікке ілікпесең, журналист бол деген ақылын айтып, Ақмоладан аттандырған еді. Алматыға 1945 жылы қазан айының аяғында әзер жеттім. Оқулар басталып кетіпті. Кен-металлургия институтына өтініш жазып, үйден шықтым. Бас арықтағы (қазіргі Абай даңғылы) институтқа жаяулата тарттым. Федерация (қазіргі 28 панфиловшылар) бағын өрлей, Қазыбек би (бұрынғы Совет) көшесінен солға бұрылып, көрікті үйлерді тамашалап келемін. Жатағандау ҚазПИ-ден өтіп, еңселі де көріктірек үлкен ғимарат – университет үйіне көзім түсті. Ішіне кірсем, бағаналы кең дәліздің сол жағында «Журфак» деген жазу тұр. Абажадай есікті ашып, басымды сұғып ем, «кір-кір» деген жағымды дауыс шыққаннан соң амалсыз ішке кірдім. – Сабақ кезінде селеңдеп жүргенің қалай? – деді ешбір ызғарсыз. – Оқу іздеп жүрмін. – Ә солай ма, әкел құжатыңды. – Қолымдағы бүктелген қағаз­да­рымды ұсындым. Қарап жіберді де: – Горныйға депсің ғой, біз – университетпіз, – деді. – Оқуға алсаңыз, сіздерден де ниетім алыс емес, – деп ем, әлгі кісі қолына қалам ала сала өтініштің әдірісін өзгертті, қателерін түзетті. Кешігіп жеткенім жөнінде жолдың ауырлығына жыққан бір сөйлем қосты. – Мынаны көшіріп жаз, – деді. – Көшіріп отырғанда «осымыз әбестік болған жоқ па?» деген ой қаперіме кіріп-шықпады. Төрдегі кісі қағазыма көз жүгіртті де, бұрыштама жазды. – Таңертеңгі сағат сегіздегі лекцияға кешікпе, Мұхтар Әуезов сабақ өткізеді, – деді. Мен есеңгіреп қалсам керек, бұл хабарға қаққан қазықтай орнымда ұзақ тұрып қалыппын. – Е, айтпақшы, қайда жатырсың? – Жалдамалы пәтерде. – Жатақхана керек пе? – Әрине, – деп, ем Виноградов (қазіргі Қарасай батыр) көшесіндегі жатақханаға жолдама жазып берді. (Менің жарылқаушым – Қайыржан Бекхожин екен. Сол кездегі декан, кейіннен тарих ғылымда­ры­ның докторы, атақты ақынымыз Қалижан Бекхожинның туған ағасы). – Енді не керек саған? – Әлгі сынақ, емтихан деген­дері ше, – деп міңгірлеп ем: – Бара бер, оның қажеті жоқ, аттестат дұрыс екен, – деп сауырға сипағандай, бөлмесінен жылы қабақпен шығарып салды... 1949 жылы жазда қазақтың атақты фельетонисі әрі сыншысы Сейділда Төлешев өзі оқытып жүрген бес жігітті «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналастырды. Мен «Жұмысшы жастар бөлімінің» меңгерушісі болып тағайындалып, алыста қалған арманым – инженерлікке газет арқылы «қол бұлғайтын» болдым. Соның алғашқы дәлелі ретінде мұнайшылар астанасы Атырауға (бұрынғы Гурьев) іссапарға шығып, жас мұнайшылардың хал-жайын біліп қайтуға аттандым. Мақатты былай қойғанда, қазір дүниежүзіне даңқы жайылған Теңіз мұнай мұхитының тәж кигізілмеген астанасы – Құлсарыны мен сол 1949 жылы жаңадан ашылып жатқанда көріп ем. Журналистік қызметім қытымыр басшының қырсығынан ұзаққа созылмай, 1950 жылы наурызда Қазақтың мемлекетгік оқу-құралдары баспасына (қазіргі «Рауан» – «Мектеп») аға редактор болып ауыстым. Есмағамбет Ысмайылов, Әлкей Марғұлан, Хажым Жұмалиев, Сәбит Мұқанов пен Қалижан Бекхожиндердің оқулық-хрестоматия авторлығынан айырылып жатқан кезіне тап болдым. Ә.Сәрсенбаев – директор, математик Ш.Жұмабаев – бас редактор, партизан Ә.Шәріпов – куратор (ол кезде оқу министрлігінің орынбасары ретінде бізді қадағалайтын), 1947 жылғы қаніпезер қаулымен қазақ әдебиеті классиктерін тарихтан ысырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті әңгіртаяқты ойнатушы болған тұстағы жас мамандардың көрген күнін ешкімнің басына бермесін. Әдебиет тарихынан қуылған ақын-жыраулардың орнын орыс сыншылары Белинский, Чернышевскийлермен алмастыруымызға тура келді. Сөйтіп берекеміз қашьш жүргенде менің ризалығымды сұрамай 1951 жылы республикалық партия мектебінде ашылған марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақшаға аудару курсіне жолдады. Тағдыр толық орта білімі жоқ партизан, жазушы Қасым Қайсеновпен бірге оқуды маңдайыма жазыпты. Курсті бітіртпей, Партия тарихы институтының аударма бөліміне кіші ғылыми қызметкерлікке аударып жіберді. Көбіне корректура оқимыз, уақыт мол. Мен институттың архивінде жатқан құжаттарға қызықтым. Бірді-екілі мақалам газет-журнал­дарға жарияланып та қалды. Әсіресе Жиенғали Тілепбергенов жөнінде жазғаным институт директоры, сол кездегі идеологиялық майданның ең ірі көшбасшысы, академик Сақтаған Бәйішевке қатты ұнады. Сол кісінің шапағатымен түстен кейінгі уақытымды заңды түрде архивте өткізуге ұлықсат алдым. Міне, негізгі мамандығыма «опасыздық» жасау осы сәттен басталды-ау деймін. 50-ші жылдардың ортасында қазақ мектептері жабылып, орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың тоқтатылуы, газет-журналдар орыс тілінен аударылып дубляжға айнала бастауы, не керек, Н.С.Хрущевше айтсақ, коммунизмге тезірек жету үшін орыс тілін жетік білу шарт деген науқан күшейіп, бәрі орыс қалпына көше бастаған-ды. Осыны төтенше қауіп деп түсінген «Қазақ әдебиеті» газеті 1956 жылы өзінің бетінде Р.Бердібаев, А.Нарымбетов, тағы басқалардың қазақ тілінің келешегіне мақала­ларын басып, ана тілінің тағдырын ойлауға мұрындық болды. Ұлттық таным-білік пен мұрат-мүдде жөнінде елеңдеп жүрген шағымызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының сегіз ғылыми қызметкері «Тіл мәдениеті» деген ұжымдық мақала жариялаттық. Онда ана тілінің мемлекеттік мәртебесін күшейту, дубляждарды болдырмау, жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерін ашу, архивтегі арабша, латынша жазылған дүниелерді ғылыми айналымға салу мәселелерін көтердік. Партия бұл науқанды ұзаққа создырмай, 1956 жылы 10-желтоқсанда сырты – мүләйім, іші – мерез қаулымен тоқтатты. «Социалистік Қазақстан» газеті 1957 жылы 29-қаңтарда «Қазақ халқы­ның мәдениетін онан әрі өркендете берейік» деген атпен редакциялық мақала жариялады. Онда Р.Бердібаевқа айрықша шұқшиып, Партия тарихы институтының қол қойған сегіз жігітінің ішінен Ә.Мұқтаров пен мені ғана нығырлай атап өтуді қажет деп тауыпты. «Казахстанская правда» газеті ештеңеге араласпағандай сыңай танытып, әлгі мақаланың аудармасын жариялаған болды. Сонымен Қазақстандағы неонационалистермен – жаңа ұлтшылдармен күрес басталды. Қазақ мәдениетіне жаны ашып, қолына қалам алғандардың көбі жұмысынан қуылды, идеология маңынан аластатылды. Партия тарихы институтында маған ұлтшыл, ойы бөлек дегендей сыңай танытқандар көбейе бастағанда аспирантураға ауысып кеттім. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген рас екен, айналасы 6-7 айда «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелер (1917-1929)» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациямды жазып болып, тоғыз ай дегенде М.Әуезов пен С.Мұқановты «сүзістіріп» алмай қорғап шықтым-ау. Аспирантураны ерте бітіргенім үшін бәйге алып, Тіл институтынан отау алып жатқан Әдебиет және өнер инстиутының ғылыми қызметкеріне айналдым. «Қазақ әдебиеті тарихының» қалың-қалың алты кітаптан тұратын монументалды еңбегін жазуға қатыстым, редакторы болдым. Пісіп-жетілмей жатып-ақ тарихқа кіруге жаныққан біраз жазушылармен керісіп, басшылықгы тыңдамау салдарынан 1968 жылы академиядан «қуылып», қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ауыстым. Істің иесі бір адам болғанмен, оның әрекетінен әртүрлі соқпақ тарамдайды. Бір бағытты үңгіп қаза бермей елге пайдасы тиер жұмысты қабаттастыра, қосарландыра атқара білсең абыройдан құралақан қалмайды екенсің. Партия тарихы институтында қызмет істеп, архив қазбасам, мүмкін, менің өмір жолым басқа­ша болып шығуы да ғажап емес еді. Егер менің еңбектерімде идеялық-өнерпаздық мәселелерге коммунистік тұрғыдан қарауым бірқыдыру басым жататын болса, оны заңды деп білемін. Осы күні кейбіреулер «саясаттан іргемді алыс салып, саналы түрде сақтанып едім» деп «көкулері» қып-қызыл өтірік, кімнің тарысы піссе соның тауығы бола шығатындардың харекеті. Қазақ-кеңес әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі қым-қиғаш талас-тартыс, айтыстардан, жаңашыл ізденістерден, идеялық қақтығыстардан жұлынымды үзіп алмай, есеңгіреп шыққаннан кейін атақты ғалым, әдебиеттің арғы-бергісін жетік білетін, оның өркендеуіне өз үлесін мықтап қосқан Есмағамбет Ысмайылов маған енді қазақ әдебиеті сынының мәселелерімен айналысуға тиістісің, ғылым мүддесі осыны талап етеді деп Институттың екі жылдық жоспарына қаншама қар­сы­ласқаныма қарамай, ең бір ауыр тақырыпты еріксіз кіргізіп жіберді. Мойныма түскен ноқтадан бір жарым жыл мөңкідім, бірақ құтыла алмадым. Жоспарды орын­дау үшін бірдеме жазып бере салайын деп іске кірісіп ем, проблеманың қызықтылығы мен байлығы үңги зерттеу қажеттігін бірден аңғартты. «Сен Октябрьден бұрынғы бірдемелерді жазыпсың» деп директорымды ашуландырып та алдым. Бірақ он баспа табақ көлемінде жазылған еңбегім кеудесінде жан, жүрегінде қан барлығын танытып, «айныма менен, сөзге қалсаң да тастап кетпе мені» деп жатсам-тұрсам ойымнан бір шықпай қойды. Қимадым, тастамадым, қиындық көрсем де, азап шексем де үңгіп қаза бердім. Оның мәнін академик Сәбит Мұқанов 1971 жылы ашып айтты. «Диссертант ауыр тақырыпқа ұрынған. Ол қазақ әдебиетінде сынның тууы және қалыптасу жолдары жайында жазған. Бұл қазақтың әдебиеттану ғылымында ғана емес, Отанымыздың көп елдерінде қозғалмай жатқан тақырып. Осындай соны жатқан тақырыпты зерттеудің алғашқы бораздасын тарту, әрине, өте жауапты да, қиын да іс. Солай бола тұра Т.Кәкішев бұл мәселені еркін игерген. Еңбегінің бастапқы бөлігінде ол жазба әдебиет түгіл ауыз әдебиетінде де эстетикалық, сыншылдық ойлар, көзқарастар болатынын айқын фактілермен дұрыс дәлелдеген. Бұл пікірі ұлттық қана емес, жалпы көркем әдебиет үшін ашқан салмақгы жаңалық» деп тапты. Осы ойды Мәлік Ғабдуллин «Менің көзім мынаған анық жетті: жұмыстың бірінші бөлімі ғылымға қосылған зор үлес, соны жаңалық» деп жалғастырды. Сонымен, менің негізгі ғылыми бағытым – қазақ әдебиет сынының тарихы болып өзінен өзі қалыптасты. Бұл салада «Октябрь өркені»(1962), «Сын сапары» (1971), «От истоков к вершине» (1974), «Оңаша отау» (1982), «Поступь» (1988) деген монографияларым шықты. 1964 жылдан бері сын туралы оқып келе жатқан арнайы курсым 1972 жылдан бастап қазақ университеттерінде тұрақты пәнге айналды. 1982 жылы «Қазақ әдебиеті сыны тарихы­ның» бағдарламасын жасадым. Республиканың гуманитарлық оқу орындары соны басшылыққа алып, мен жазған «Қазақ әдебиет сыны­ның тарихы» оқулығын (1994) пай­даланып келе жатыр. Ол еңбегім «Білім» баспасынан екі бөлім болып 2003 жылы қайтадан шығып, зәруліктен құтқаруда. Бағдар­ламасы да толықтырылып шықты. Академик Зейнолла Қабдолов пікірі біраз шындықты ашады. «Сынның туу, қалыптасу тарихын зерттеуге Т.Кәкішев өзінің саналы ғұмырын түгел арнап келеді. Сарыла ізденіп, жалпы жұртқа беймәлім көл-көсір көп материалды түп-төркінен қопарып, қағып-сілкіп, ақтарып-төңкеріп, екшеп-сұрыптап, нәтижесінде біздің әдеби-көркем сынымыздың туу, қалыптасу, даму тарихына арна болар өзек жасап, оның кемерін кейде сарғыш, кейде көгілдір (кейде лайсаң, кейде таза) толқынмен толтыруы және сол толқынды көп жағдайда бір өзі білек сыбана жалынан сүйреп, сонау жылап аққан жіңішке бастауынан мынау сарқып құяр кең сағасына қарай жылжытып әкеле жатуы – айтарлық үлкен еңбек» («Арна», 1988. 148-149-беттер) деп 1984 жылы тапса, 1997 жылы қазақ әдебиеттану ғылы­мын­дағы бір мектеп Қазақ университетінде қалыптасып, басқа­ларға үлгі-өнеге көрсетіп жатыр деген ойды түйіндей айтты. Дандай Ысқақов «Қазақстанның ғылыми негіздері», Жандос Смағұлов «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары» деген тақырыпта менің ғылыми кеңесімнен докторлык диссертация қорғаулары, атақты сыншылар жөнінде еңбектер жазылуы, ізденістер жасалуы ғылыми мектептің іргесін бекіте түсері хақ. Сонымен менің ғылымда өз келбетім бар болса, онда оны қазақ әдебиет сынының өсіп-жетілу, зерттелу саласынан және қазақ әдебиетінің XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы даму процесіне қатысты еңбектерімнен іздеген абзал. 30-дан аса кітап, монография, 100-ге тарта мақала жарияланған уа­қытта өзіме өмірлік рухани азық болған архив деректеріне риза­лы­ғым­ды айтып тауыса алмай жүремін. Негізгі ғылыми бағыт осымен айқындалғанмен, адамның ажарын көріктендіріп жүретін ауыр азап-бейнеттерді айтпай кете алмаймын. Егерде менің зерттеулерімде болар-болмас салмақтылық, дәйектілік кездесер болса, онда архивпен қоса публикаторлық, яғни жанашыры жоқ, қайтыс болған ақын-жазушылардың жинақтарын шығару азаптарынан іздеген орынды. Мұндайды «князь» ғалымдар жасамайды. Олар «бейнетке арнайы туғандардың» дайындап бергенінен ой өрбітеді, атақ-даңққа бөленудің жолын іздейді. Ел-жұрт білсін деген көңіл мені қалың бейнетке салды. Ең әуелі Саттар Ерубаев шығармаларының толық жинағын 1957 жылы құрастырдым. Газет-журналдардың бейберекет сақталған санын Қазан, Ташкент, Мәскеу, Санкт-Петербургтен іздеп сандалғаным әлі есімде. Саттар жинағына жолдастарының естелігін беруді айрықша қажет деп таптым, өйткені өмірде бір гүлі ашылмай жиырма үш жасында қыршынынан қиылған дарын арманының құнарлығы, өрелігі, орындалмаған жоспарларының молдығы қатты қызықтырып, ауыр бейнетке салды. Қазір Саттар шығармалары түгелге жақын жиналып, (1967, 1976, 1994) жылдардағы басылымдар да толықтырылып отыр. Оның ішінде Сәбит, Сәкен, Бейімбетке жазған ашық хаттарын окушыны әуре-сарсаңға салмау үшін жауаптарымен бірге жариялап, мүмкін қадірінше толық түсіндірме беріп келемін. 1959 жылы Қайнекей Жарма­ғам­бетов екеуіміз Сабыр Шәрі­пов­тің екі томдық шығармалар жинағын шығардық. Оған себеп – Сабырды ақтау процесіне араласуым болды. Партия архивінің деректері қауіпсіздік комитетінің өзін біздің білімімізге зәру еткен тұста «Сабыршыл» болып алдым. 1973 жылы Сабырдың қызы Фарида Равская-Шәріпова мені іздеп келді. Мақсаты – әкесінің 100 жылдық мүшелтойы дайындық жұмысын бастау екен. Жазушылар одағына барғанын, Олжастың уәдесін алғанын, тағы басқаларға кездескенін, қазақтарға риза екендігін ұзақ сонар баяндады. Біздің жазушылар сөзбен бәрін бітіреді, бірақ сол іс болып шығу үшін Орталық партия комитетіндегі татар азаматы Хакім Әбдірашитовке жол табуына ақыл-кеңес беріп, мүшелтойды өткізудің шарасы ретінде үш томдық шығармалар жинағын шығару, Көкшетауда бюстін қою, Ақмола, Павлодар, Алматы қалаларында көше аттарын беру, т.б. жөніндегі ұсыныстарды қағазға түсіріп бердім. Төрт-бес күннен кейін «Жазушы» баспасының сол жылдардағы директоры, өзімнің бірге оқыған «ботқаласым» Әбілмәжін Жұмабаев телефон соқты. – Тұрсынбек-ау, Сабыр Шәріповтің 100 жылдығына дайындалмаймыз ба? Қалай дегенмен, халықтар достығының, оның ішінде қазақ пен татардың ажырамас бауырластығының символындай болған қызық жазушы ғой. Қазақ тұрмысының ерекшеліктерін өз жазушыларымыздан гөрі жіті, терең байқаған дарын еді ғой, – деп өзімді үгіттей бастады. Фарида әкесінің жүз жылдығына осылайша қозғау салғаннан кейін Мәскеуге барған соң қайтыс болды. Сабыр тойы жақындап қалды. Бір күні отбасыммен қонақтан қайтып келе жатыр ем, Сейфуллин мен Виноградов (қазіргі Қарасай) көшелерінің қиылысында бой көтерген ескерткішке көзім түсіп, қасына барсам – Сабыр Шәріпов. 1982 жылы Сабырдың жуан екі томдығы жарыққа шықты. 1958 жылы 16-шілде күні ойла­маған жерден Сәбит Мұқанов­тан тұңғыш рет хат алдым: «Құрметті Тұрсынбек. Мен шаруамен Ленинградқа кеттім. Сені іздеп ем, болмадың. Жұмысым – Елжастың шығармалары еді, соларды іріктеп құрастырып, баспаға даярлауды міндетіңе ал дейін деп ем. Қалғанын баласымен сөйлес» деген тапсырманы Болат Елжасұлы Бекенов маған табыс етті. Немере інісі Хажымұрат Сыздықов құрастырған «Дала қоңырауы» менің алғысөзіммен 1977 жьшы әрең шықты. Шығармашылық тағдыры Елжас Бекеновтен еш айырмасы жоқ, бірақ одан ертерек дүние салған Жиенғали Тілепбергеновтің шығармаларын құрастырып, «Ізбасар» жинағын 1969 жылы біраз қиындықпен шығардым. Кеңес заманында бүгінгінің ғана қадірі артып, кешегінің бәрі құбыжық көрініп жатқанда елге керекті әдеби мұраларға дұрыстап мән бермегеніміз өтірік емес. Мұрадан бір пәле шығып кетеді, орысты ұнатпай айтқан сөз кездесіп қалады деп көрмей-білмей үркіп жүрдік. Сондықтан да қазақ мәдениетінің арғы арнасы суалып, тарихта «ештеңесі болмаған надан да қараңғы» халық болып шыға келдік. Тіпті, кеңес заманында жасап, ақ ажалынан өлгендердің өзін зерттемедік, кешегі «халық жауларымен» бірге жүрген шығар деп үріктік. Соның салдарынан университетті бітіргенде алашшылдарды былай қойғанда, Елжас Бекенов, Жиенғали Тілепбергенов сынды қаламгерлерді білмей-ақ шықтық.1995 жылы Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына жүз жыл толды. 1986 жылғы «Садақ» атты кітабымда Жиенғали қайраткерлігін едәуір әңгімелеген ем. Осылардың бәрін ақтөбеліктер мықтап ескеріп, ұлан-асыр той жасады. Менің жетекшілігіммен екі том таңдамалы шығармаларының жинағын шығарып, Ақтөбе университетінің оқытушысы Ғ.Ниязова кандидаттық диссертация қорғады. Медресе «Ғалияда» 1915-1918 жыллары оқыған шәкірттер жүзге толғанда артында қалған ұрпақтары ас беру әдетін шығарып жатыр. Қарағандының Шет ауданында Ахмет Әбдірайымовтің немересі Бауыржан, Дәуреннің, Қорған, Челябі, Тюмень, Омбы облыстарына қиын кездерде ауып кеткен ағайындарына сауын айтып, ас берген техника ғылымдарының докторы, Қарағанды университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі Ниязбек Ыбыраевтың үлгі-өнегесі ғибратты. Қазір мен ресми тойларға барумен қатар, осындай ел азаматтарының назарына іліккеніме қуанудамын. Атақ үшін емес, ел-жұрт үшін еткен еңбектің жемісі тәтті екен. Жалғанда өлгендерді тірілт­кеннен, жоғалғанды тапқаннан артық қуаныш болады дегенге өзім сенбеймін. Сәкен Сейфуллинге жанасуым­ның жөні де, жобасы да мүлдем бөлек. Сәкен менің тағдырыма айналып кеткен ардагер азамат, ұлы ақын, құлашы кең қайраткер. 1944 жылы қазақтың, үлкен әншісі Қосымжан Бабақов Ақмола қаласында Сәкеннің латынша басылған «Тар жол, тайғақ кешуін» өзінің үйінде түннің бір уағына дейін маған бір айдай оқытып еді. Түрменің қасынан өткенде түндегі оқығандарымыз көз алдымызға елестеп кеткендей болатын. Қараөткелдің жатағы болған көзіқарақты Қосекең мен танитын-танымайтын адамдардың атын атап, оқыған кітабымызға жан бітіретін. Сәкен маған «халық жауы» емес, халықтың жаңаша сипаттағы батыры, қаһарманы болып елестейтін. Ақмолада жүргенде қалыптас­қан осы түсінігім 1948 жылы болашақ жарым Күбірәнің себебі­мен Сәкеннің жесірі – Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина­мен танысып, 1973 жылы дүниеден өткенінше аралас-құралас болған кезде беки берді, нығая түсті. Гүлбаһрам тәтейдің шешімді мінезі, тәуекелшіл іс-әрекеті тек қана Сәкендей ер-азаматтың жолдасы болуға лайық деп түсіндім. 1956 жылы 23-қарашада Жазушылар одағының бұрынғы кішкентай залында Сәкенді еске түсіру кеші өтті. Аузы-мұрнына дейін толған залда Жұмағали Саинның бастауымен Сәкеннің «Көкшетау» әнін жылап тұрып айтқандарды көргенде Сәкен аруағына қандай жақсылық жасау қолымнан келеді деп ойландым. Өмір бойы оны зерттеп өтуге ант бергендей болдым. 1959 жылы Е.Ысмайыловтың бастауымен төрт ғалым Сәкеннің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді жинайтын Сарыарқа экспедициясына шықтық. Туған өңірін, болған облыстарын аралап, келесі жылы Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар, Кереку, Омбы мұрағаттарын ақтардық, естеліктер жинадық, жаңа құжаттар, фотолар таптық. Ара-тұра Москва, Ленинград, Ташкент архивтеріне де «жорық» жасап отырдық. Оның бәрі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында жатыр, олардың кейбір көшірмелері, екінші данасы өз архивімде. Экспедициямен қатар Сәкен шығармаларының алты томдығын шығару ісі де осы кезде қолға алынды. Е.Ысмайылов 1957 жылы шығарған таңдамалыдан кейін хронологиялық жүйемен алғашқы екі томына поэтикалық шығармалары, үшінші томына «Тар жол, тайғақ кешу» романы кірді. Ал 4, 5 және 6 томдары менің кұрастыруыммен шықты. Сәкеннің томдарына енетін шығармаларды жинастырып жүргенімде С.Қирабаев «Сәкен Сейфуллин» деген қап-қалың монография шығарып, докторлық диссертацияға айналдырды. Е.Ысмайылов дауылпаз ақынның жаңашыдцығын зерделей зерттеп «Ақын және революция» атты тамаша еңбек жазды. Жүгі ауырдың жүрісі баяу болғанмен, үлестірері мол болады екен. Әуелгі кезде осы құрастырушылықпен тұйықталсам ба екен деген ойда жүрдім, өйткені екі бірдей ғалым кесек-кесек монография жазғаннан соң маған Сәкеннен не қалмақ? Басқалар жүріп өткен жолдан не табамын деп біраз толқыдым. Көрген-білгенің, есгігенің, архивтен тапқан деректер ұйқы бермейтін күйге жеттім. Сәкеннің 70 тойы кезінде «Қазақ әдебиеті» редакциясына жауып кеткен, бірақ басылмаған, басылса да өңдеуден өткен қол­жаз­баларды шашау болмай тұрғанда М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар бөліміне апарып тапсырдым. Оның ішінде 90-беттік дәптерге жазған естеліктен бастап, бір жапырақ қағазға дейін бар. Сәбит Мұқановтың редакцияда отырып жазған төрт беттік қолжазбасын өзімде қалдырып, басқаларын түгелдей өткіздім. Қолыма түскен сурет, естелік, құжаттарды жинай бердім. Анда-санда сол қолжазбаларды өзім осы күні іздеп барып, керек дерек-мағлұматтарды алып кайтамын. Қазақ әдебиетінде Абайдан кейін көп зерттеліп, ілімге айналғаны Сәкен болса да үңгіп казатын, жаңаша баяндайтын мәселелер шаш етектен. Қазіргілер айсбергтің судан калқып шыққан төбесі ғана... Осындай жайлардың біразы менің Сәкен жайындағы енбекте­рімде ғылыми және публицистік тұрғыдан баяңдалды. 1968 жылы айрықша қиындықпен «Қызыл сұңқар» атты тарихи-әдеби очеркім әзер шығып, 1972 жылы Мәскеудің «Жизнь замечательных людей» сериясынан түркі тілдес елдерден іліккен бірінші кітап болды. «Жалын» баспасы өзінің «Өнегелі өмір» сериясын 1976 жылы «Сәкен Сейфуллинмен» бастады. Бұлардың арасында «Сәкен Сейфуллин» есімді кітапша, «Дәуір суреттері» (1967), «Дәуір дидары» атты монографиялық этюдтар, «Сенің сүйікті жазушың» сериясынан да Сәкен орын алды. Қазақ еліне тәуелсіздік келгеннен кейін кеңес тұсында жаза, айта алмаған бірқыдыру тың деректерді 1994 жылғы «Сәкен Сейфуллин» ғұмырнамасында баяндадым. Сол тұста «Сәкеннің соты», «Сәкен және Гүлбаһрам» деген шығармалар дүниеге келді. «Атамұра» баспасының қалауымен «Сәкен сүйген сұлулар» (1997) шықты. Тағы да сол баспа 2003 жылы «Сәкен аялаған арулар мен арыстарды» жариялады. Тарихи шындыкты архивтен емес, қазақтың «дейді екенінен» іздейтіндерге тосқауыл салу, өсек-аяңдарды өшіру үшін жазған «Мағжан – Сәкен» есімді үлкен монографияны «Қазақ университеті» баспасы 1999 жылы шығарды. Оның халықтық нұсқасы «Сайыс» деген атпен 2001 жылы қайталанды. Тағдырыма айналған Сәкен жайында жаза бергім келеді, бірақ өмір өз соқпағына тарта береді... Өміріңді қызықтыра жаз деген соң, осылай баяндау түрін қалауыма тура келді, әйтпесе мен 1927 жылы шөп шабудың аяқ кезіңде, яғни 15-тамызда Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Бөрлі деген 26-разъезде туыппын. Осыған дейін Даниловка кенішінде деп көрсетіп жүруші ем. Әуелі Қаратал аулында, онан кейін менің атымдағы Даниловка орта мектебінде 9-сыныпта оқып жүргенімде Степняктағы ФЗО-ға жіберілдім. Онда үш айдай бурильщик (тас бұрғылаушы) өнерін үйреніп, 1944 жылы Ақмолаға алты айлық педагогикалық курске түсемін деп келген жерімнен облыстық театрдың қазақ және орыс труппаларында артист болып, N3 мектептің 10-сыныбын экстерно бітіріп, 1945 жылы Алматыға келдім. Оның біраз сыры хикаяланды. 1952 жылдан Партия тарихы институтында ғылыми қызметкер, 1958 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтында аспирант болдым. 1960 жылы кандидаттық диссертацияны күнібұрын қорғап, сол институтқа қызметке қалдырылдым. 1961 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бөлініп, аға ғылыми қызметкер лауазымын иемденіп, 1968 жылғы қара шарлы конкурске дейін жұмыс істедім. Қазақ әдебиетінің 6 томдық ғылыми тарихын жасауға қатыстым. 1968 жылдың 26-ақпанынан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде аға оқытушы, доцент, профессор болып келемін. Ара-тұра сыртқы және күндізгі факультеттің деканы, қафедра меңгерушісі де болғаным бар. 1979 жылы Қазақ КСР ғылы­мына Еңбек сіңірген кайраткер атағын алдым. 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, 1995 жылдан бері Ха­лық­­ара­лық жоғары мектеп ғы­лым-академиясының кұрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айт­матов академиясының академи­гімін. Әр кезенде алынған медаль­дарымды 1998 жылы тәуелсіз Қазақстанның «Парасат» ордені ажарлап тұр. Қазақстанға Еңбегі сіңген қайраткер деген сүбелі атағым да бар. Адал еңбек етсең, атақ-абыройлар өзі іздеп табатын көрінеді. 17.02.2002. qazaquni.kz