Сағынтаев Қырғыз үкіметіне екі айып тақты

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараның не үшін қатаңдатылғанын айта келіп, Қырғыз үкіметінің жұмысына сын тақты. Бұл туралы naryk.kz хабарлады. 

Біріншіден, Сағынтаев Қырғызстанның сыртқы саудадағы мәліметтерінің қате екенін алға тартты.

«Қытай тарапының сыртқы саудаға қатысты статистика мәліметіне сүйенсек, Қытайдан Қырғызстанға 2015 жылы 4,3 млрд АҚШ долларының тауары экпортталған. Ал Қырғызстанның статистикалық мәліметі Қытайдан келген импорттың мөлшерін 1 млрд АҚШ долларына тең деп отыр. Айырмашышылық — 3,3 млрд АҚШ доллары. 2016 жылы Қытайдың мәліметі бойынша экспорт 5,6 млрд АҚШ долларын көрсетсе, қырғыз тарапы импорттың мөлшерін 1,5 млрд АҚШ доллары деген мәліметті келтіреді. Айырмашылық, өздеріңіз көріп отырғандай, 4,1 млрд АҚШ доллары», — дейді ҚР Премьер-Министрі.

Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде тек Қытаймен ғана емес, қырғыз тарапының мәліметтері Қазақстанмен де қарама-қайшы екенін атап өтті.

Екіншіден қазақ үкімет басшысы кеден мәселесіне тоқталды.

Сағынтаев Қырғызстанда Қытайдан келетін ең үлкен контрабанданың жүріп жатқанын, осы себепті Қазақстан контрабанданың мөлшерін азайту бағытында жұмысты қолға алғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлері екі ел арасындағы сауда-саттыққа қатысты проблемалы сұрақтарды талқылаған болатын. Осының нәтижесінде, Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлерінің бірінші орынбасарларының басшылығымен жұмыс тобы құрылып, оларға бес күннің ішінде жол картасын әзірлеу тапсырмасы жүктелген еді.

Бұл құжат техникалық, ветеринарлық, фитосанитарлық, көліктік бақылау, кедендік және салықтық әкімшілікті бақылау бойынша сұрақтарды қамтиды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің импорты 2016 жылы 201,1 млрд АҚШ долларын құраған.

Бұған қоса импорттың басым бөлігі ҚХР (22,7%) еліне тиесілі. 2017 жылдың 7 айының қорытындысы осы көрсеткішке ұқсас.

2014-2016 жылдар бойынша Қытай Халық Республикасынан ЕАЭО елдеріне тауарды импорттау динамикасы Қырғызстанды қоспағанда барлық елдерде төмендеп кеткен. Бұған қоса бұл көрсеткіш, әсіресе Қазақстанда екі есе, Ресейде бірден төрт есе азайған.

2014-2016 жылдар бойынша кедендік баж салығынан түскен түсім динамикасының сараптамасы Қырғызстан мен Армениядан басқа елдерде:

Қазақстан Республикасында 18,2%;

Ресей Федерациясында 5,1%;

Беларусь Республикасында 1,4% төмендегенін көрсеткен.

Сонымен қатар, бұл көрсеткіш бойынша Армения бойынша түсім 2,2 есеге, Қырғызстан бойынша 6,2 есеге өскен.

2015-2017 жылдар бойынша ҚХР мен Қырғызстан арасындағы өзара сауда-саттық қарым-қатынасқа қатысты аталған мәліметтерді салыстыра келе, Қытай экспорты — Қырғызстан импорты бағыты бойынша осы елдердің кедендік статистика мәліметтерінде елеулі айырмашылықтың бары анықталып отыр.