Тұманбай ақынның туған жерінде ескерткіші ашылды (ФОТО)

Қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің бюст ескерткіші өзінің туған жері Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаңға қойылды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы ult.kz-ке сілтеме жасап.

Ескерткіштің ашылу салтанатына ақынның жары Күлтай Қасымқызы және қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері қатысты. Көпшілікті осынау айтулы оқиғамен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта келіп, Тұманбай ақынның ескерткішін орнату – қазақ поэзиясына көрсетілген құрмет екенін айтты.

«Мәдениеттің ішіндегі сүбелі орын – әдебиеттің еншісінде. Қазақ әдебиеті өзінің сан ғасырлық тарихында талай талантты тұлғаларын танытты. Соның ішінде лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің орны ерекше. Оның даладай дархан, самалдай жұмсақ, бұлақтай таза сыршыл өлеңдері өз оқырманын ізгілікке, адамгершілікке, гуманистік ойларға жетелегені анық. Ақынның сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды көрнекті композиторлардың әндерімен қаншама буын ұрпақ өсіп, ержетті. Тұмағаңа арнап бюст ескерткіш орнату ақынның туған топырағының қазақ поэзиясына жасаған құрметі, ақынның рухына бас игендіктің көрінісі деп білемін. Баршаңызды облыс басшылығының атынан айтулы оқиғамен тағы да құттықтаймын», - деді Жақсылық Омар.

Ақынның жұбайы Күлтай Тоқтасынқызы осындай игілікті істі атқаруға мұрындық болған жерлестеріне ризашылығын білдірді.

«Бүгінгі қуанышымды бір сөзге сыйғызып айту мүмкін емес. Бұл біздің отбасымыз үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін ерекше оқиға. Өз туған топырағында бейнесі асқақтап тұрса, Тұмағаңды ел-жұртының, оқырмандарының ұмытпағаны. Бүгін ерекше толқып тұрмын. Ескерткіштің ашылуына атсалысқан барлық азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын», - деді тебіреніп ақынның зайыбы.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин Тұманбай Молдағалиевтің қазақ поэзиясын, сөз өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесіне кеңінен тоқталып, ақынның есімі заман озған сайын жарқырай түсетінін айтты. Басқосу соңында жиналған қауым өңір өнерпаздарының концертін тамашалады.

Атап өтсек, ескерткіштің эскиздік жобасының авторы – сәулетші, этнодизайнер Құрманғазы Қадыров, мүсіншісі – Алтай Бейсенов. Ақынның бюсті қоладан жасалған, тұғыры мәрмәр тастан дайындалған. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Алаңы 3,5 га болатын аумақ 76 млн. теңгеге абаттандырылған. Мұнда 70 жарық бағанасы, 4 сұхбаттасатын орын, 30 орындық орнатылған. 1,5 шақырымға жаяу жүргіншілерге арналған жол төселген. 120 Тянь-шань шыршасы, 150-ге жуық раушан гүлі егілген.