Кенжеболат Жолдыбай: Мысыр, пирамидалар және Сфинкс туралы

Сапарға жиі шығу адамға бақыт сыйлайды деген сөз бар. Гарвард университетінің (АҚШ) ғалымдары Британияның «CancerResearch» зерттеу орталығымен жеті жыл бойы бірлесіп жасаған зерттеу қорытындыларына сүйенсек, адамның бақытты болуы үшін айына 1-2 рет сапарға шығу жеткілікті деген тұжырым жасалған. Мен үшін Ұлы Ніл мен Мәңгілік пирамидалар еліне бет бұрған бұл жолғы сапар 12 жылдан кейін болып отыр. Мұнда алғашқы келуім Египет техникалық ынтымақтастық Қорының арқасында мүмкін болған еді. Сол тұста Каир университетінде ақпараттық - коммуникациялар бағытындағы екі апталық жетілдіру курсынан өткенмін. Сонда ғой, «Нілдің суының дәмін татқан адам, мұнда міндетті түрде қайтып келеді», деген тұжырымды естігенім. Қалай болғанда да мінеки тағы бір жол түсті. Жолдасым Төкен Әмзеқызы екеуміз осындағы, араб тілінен аударғанда «Күн көзі» дегенді білдіретін,Айн-Шамс зайырлы университетінде оқып жатқан қызымыз Айгерім мен күйеу баламыз Сержанды көріп қайтуға келген едік.   

Ніл өзенінен сусындап жатқан жерге бразилиялық жазушы ПаулоКоэлоның романдарының бір кейіпкері– қой бағушының пирамидалардың бірінде жасырылған қазынаны табуды армандап осы жаққа қарай жол шеккені кенет есіме түсті.Бұл жөнінде Мысыр еліндегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиевпен кездескенде айттым да. Тек қана бір түзету енгіздім: біз өз қазынамыз – теңдесі жоқ сүйікті жиен немереміз Ханифанықұшуға келдік. Бір ай шамасында Ханифамен бірге болып, оның табиғи болмысына тамсанып, пәк күлкісіне мәз болып, шынайы көңіліне марқайып, сәбимен бірге әр күннің шыққанына қуанып, бір сөзбен айтқанда,өзімізді сондай бақытты сезіндік. Мұның сыртында, балаларымыздың арқасында Мысыр елінің біраз жерлерін аралап, небір қызықтарға кенелдік. Түптеп келгенде, өзімнің сол көрген – білгендеріммен бөлісуді жөн санадым.

Мысыр, пирамидалар және Сфинкс туралы

Мысырда кемінде бір рет болған адам бәдеуидің түйесіне мінуге, Каир қаласының орталық базарында сатушылармен саудаласуға, «қоқысшылар қаласын» көруге, 600 жыл бұрын салынған моншаға түсуге ықыласты болады. Бұл тіпті кездейсоқ емес, Мысыр өзге елдердің бірде біріне ұқсамайтынымен ерекшеленеді және сонысымен «өте құнды». «Ұлы пирамидалар» елі туралы бірер деректербере кеткенім орынды болар.

Бүгінгі Мысыр - Африканың солтүстік-шығысында орналасқан ірі араб елі. Оның аумағының бір бөлігі - Синай түбегі - Азияда жатыр. Екі құрлықтың арасындағы шекара Суэц каналының бойымен өтеді. Мысырдың миллион текше километрден асатын аумағының 96 пайызы сирек кездесетін шұрайлы жерлерден тұратын шөлді дала, ал шөлді даланың аумақты бөлігі –құмды емес, таулы болып келеді. Қалған бөлігінде 92-миллиондық тұрғыны бар елдің 9 пайызы әлі күнге дейін өмір сүріп жатқан Нілдің алқабы мен атырауы. Тіпті ежелгі грек тарихшысы Геродот «Мысыр – Нілдің сыйы» деп айтқан болатын. Ұлы өзеннің арнасы мың жарым километрге созылып, оңтүстіктен, Суданмен жалғасып жатқан шекарасынан солтүстікке, Жерорта теңізінің жағалауына дейін, шығыс Аравия шөлейтін Батыс Ливия шөлейтінен бөліп жатыр. Нілдің бойындағы «тіршілік жолағының» арнауы оңтүстігінде бір километрден Каир ауданына дейін 20-25 километрге дейін жетеді. Құнарлы алқапты жан-жағынан шөл дала қоршаған.Бұл шөл далада су жоқ болғандықтан, адам өте сирек ұшырасады.Әдетте ондай бірен-саран кездесетіндер-көшпелі бәдәуилер. Негізгі малы-түйе, қой, ешкі. Шөлейт жерлерінің өзі: құм, құм төбелер, көшпенділердің тілдерінде ғана атауы түсінікті – сарыдан, қою сары секілді күлгін түске дейінгі небір түстердің түрлері аса бір әсерде қалдырады.

Соңғы алты жылда Мысыр елі екі революцияны басынан кешті. 2011 жылғы 11 ақпанда бұл мемлекетті 30 жыл бойы басқарған Хосни Мүбарак билікті Жоғарғы әскери кеңеске өткізді. 2012 жылы Мұхаммед Мурси президент болып сайланып, бірақ көп ұзамай ол да халықтың қолдауына ие болған әскерилер мен полицияның күшімен тақтан тайдырылды. 2014 жылы соңғы президенттік сайлаудың нәтижесінде Абдул-ФаттахАс-Сиси президент болып сайланды. Бүгінгі күні елде қалыпты жағдай орныққан, әркім өзінің шаруасын айналдыруда. Мысыр экономикасы қазір біртіндеп оңалу үстінде. Мемлекет қазынасына негізгі табысты Суэц каналы арқылы өту үшін түсетін төлемдер құрайды. Екінші табыс көзі – соңғы жылдары елде ерекше статусқа ие болған туризм саласы болып табылады. Ал үшінші орында – мұнай мен газ өндірісінен және ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен қаражаттар. Елге шетелдік инвестициялардың көптеп құйылуына мүдделілік басым. Сондықтан да кез келген валютаның шектеусіз осында ағылуына рұқсат берілген. Ұлттық валюта египет фунты болып есептелінеді және оны басқа валютаға елдегі кез келген банкте айырбастауға толық мүмкіндік бар.

Мысыр Республикасының діні - Ислам. Олардың 90 пайызы - Сүннит мұсылмандар, 5-6 пайызы суфи және 3-4 пайызы шиға.Басқа ең үлкен діні - мәсіхшілік, олардың көпшілігі Александрияның Копттік Православ Шіркеу мүшелері. «Копт» сөзі арабтың «купт» сөзінен, ал оның өзі гректің «эгиптос» сөзінен шыққан. Бірақ түп тамыры одан да тереңірек, ежелгіегипеттік "Ха-Ка-Птах" сөзінен таралуы да мүмкін. Коптар Ніл алқабын мекендеген алғашқы египеттік христиандардың ұрпақтарымыз деп санайды.Мысырдың заңдары Шариғатқа негізделеді және мысырлықтар үшін дін өте маңызды орын алады, олардың басым көпшілігі күніне бес рет намазын оқып, Аллаға құлшылық етеді. Мұндағы демалыс күніжұма болып табылады. Бұл күні курорттардағы ойын-сауық орындарынан басқа барлық мемлекеттік мекемелер, жекеменшік компаниялар, оқу орындары жұмыс істемейді. Жұмадамысырлықтар негізінен өз отбасыларымен болып, демалыстарын бірге өткізеді. Мысыр – қонақжай ел. Қонақтарын қашанда ашық көңілмен қарсы алады. Біз кіммен кездеспесек те, олар бірден: «Сіздер келіпМысырды нұрландырдыңыздар, Алла Сіздерге разы болсын!» деп, бәйек болып жатады. Өз кезегінде, бұл адамға керемет жақсы әсер береді екен, бір түрлі көңілің көтеріліп қалады.

Жалпы, Мысырдың мемлекет болып қалыптасуының алты мың жылдық тарихы бұл елдің тіптен де жерұйық емес екендігін, керісінше, күндер, айлар, жылдар, ғасырлар бойы адамдардың тынбастан еңбек етулерінің нәтижесінде пайда болған ғажайып бір көркем туынды ретінде қабылдайсыз. Әрине, бұл тұста ең алдымен ұлы пирамидаларғасоқпай кете алмайсыз. Пирамидалардың әлемнің жеті кереметінің біріне кіретіндігінен ғана емес. Оларға жақындаған сайын, бұл алып құрылыстар қалайша адам баласының қолынан келді, мұның қисынын қалай түсіндіруге болады деген сіздің бойыңызды ерекше бір көңіл күй билейді. Мінеки, 100 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласы «пирамида жұмбағын» шешуге ұмтылып келеді, мүмкін емес нәрсенің қалай шындыққа айналғанын жазу үшін көлдей сия төгілді де. Әрқайсысының салмағы екі және одан да ауыр тонна болатын үш миллионға жуық куб пішіндес тастарды ешбір техникалық қондырғыларсыз бірінің үстіне бірін сымдай орналастыра отырып 150 метрдей биіктікке көтерілгенін түсіндіру, әрине, оңай шаруа емес. Қалай болғанда да бүгін Мысырда жалпы саны 85 пирамида солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеліп тұр. Олардың ішінен Каир қаласының бір бөлшегі саналатын

Ніл өзенінің жағасындағы Гиза пирамидалары Хеопс, Хефрен (Хеопстың баласы), Микерин (Хеопстың немересі) ерекше болып саналады. Күн сайын осы үш монументалды пирамидаларға әрі олардың күзетшісі іспетті басы адам артқы жағы жануар Сфинкс («үрейдің әкесі»)ескерткішіне келушілер өте көп.

Хеопстың алып құрылысы қазіргі кездегі 40 қабатты үйдің биіктігіндей. Шамамен бес мыңдай жыл бұрынХеопсперғауынның әмірімен тұрғызылған.Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбасында пирамиданы 100 мың адам 20 жыл бойы салғандығы айтылады.Хефрен – Гиза үстіртіндегі ауқымы бойынша екінші пирамида. Оның ауданы 215,8 шаршы метрді, биіктігі – 136,5 метрді құрайды. 4,5 мың жыл ішінде ол 7 метрге шөккен, оның еңкею бұрышы 53 градусқа жетеді. Осыдан бес жыл бұрын бұл пирамида күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылды. Енді туристер осынау көне археологиялық құрылыстың тылсымын, бар әлуетін сезінуі үшін жерасты камераларыорнатылған бірнеше метр тереңдікке түсе алады. «Әділетті және адал» аталған перғауын Микерин кешеніне сәттілік серік бола қоймаған тәрізді, асығыстықпен оның кейбір тұстары саман кірпішпен өріліп, кейін әр жерлері бүліне бастағаны көзге білінеді.Хефрен пирамидасының тұсына таман салынған адам басты, арыстан денелі 20 метрлік әйгілі алып Сфинкс тұтас жартастан қашалып жасалынған. Қарапайым құрал-саймандармен мұншама сұсты дүниелерді қалай салғаны туралы дәлелді болжамдар ғана айтылады.

Пирамидаларды салмас бұрын оның тұратын орны тегістелген. Мінсіз тегістеу үшін құрылыс алаңына су жіберілген. Құрылыс алаңы дымқылданып, жібіген соң торкөз жыралар қазылған. Су тартылған кезде жыраларда су қалдырылған, сөйтіп сумен жібітілген тасты қыртыстарды түгел тегістеген.

Бір сөзбен айтқанда, бұлкөргендеріміз адамды таң-тамаша қалдырады. Арабтардың: «Адам уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады» деген мақалының негізсіз емес екендігін еріксіз мойындайсыз.

Каир және музейлер, сарайлар, мешіттер, сұлтан Бейбарыс туралы.\

Адамзатөркениетінің дамуында ерекше орын алатын, 1048 жылдық тарихы бар, түрлі мәдениеттердің тоғысқан жері, бабамыз Сұлтан Бейбарыс 17 жыл билік еткен Мысыр елінің астанасы Каир қаласы тарих пен аңызға толы. «Миср», «Мың минарет қаласы», «Жеңімпаз», «Контраст қаласы» - бұлардың бәрі Мысыр астанасы Каирге телінген атаулар. Тарихи деректерге қарағанда, біздің заманымыздың 969 жылы ливиялық басқыншылар мысырлық Фустатқаласына басып кіріпКаир қаласының негізін қалаған. Аңызға сенсек, дәл осы тұста аспанда Марс (Аль-Кахира) жарқырап тұрған дейді. Кезінде Каир әсем бау-бақшалары мол, көпқабатты ғимараттарға толы қала болған. Сену қиын, дегенмен 1050 жылы қаланың архитектурасы араларын скверлер бөліп тұрған бесқабатты тұрғын үйлерден құралғаны мәлім болып отыр. 1300 жылы қала тұрғындарының саны миллионнан асып, Каир бүкіл Шығыста нағыз ең үлкен сауда алаңына айналған. Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің біте қайнасуы Наполеонның Мысыр жорығынан бастау алады. Француздардың оккупациясы түптеп келгенде қала үшін тағдыр шешті жағдай болды. Нәтижесінде Каирдің орталық бөлігі жаңа «еуропалық» үлгіде қайта салынды. Осылайша, «Париж Нілде» орын алды. Бүгіндері Каирдің орталық көшелерімен жүріп келе жатып, кейде өзіңді Еуропада жүргендей сезінесің. Өз кезегінде, Мысыр да әлемдік өркениеттің дамуына зор үлесін қосты: ауыл шаруашылығы, кеме жасау істері осы жерден бастау алды, математика, астрономия, география және медицина ғылымдарының негізі қаланды.

Қазіргі Мысырдың астанасы әлемдегі көптеген мегаполистерден аса бір айырмашылығы жоқ. Мұнда жаңа архитектуралық ғимараттар, үкімет үйлері, бизнес-орталықтар, осы заманғы тұрғын аудандар баршылық. Атап айтқанда, UptownCairoқалашығы өзінің ауқымымен, тың архитектуралық шешімімен, дамыған инфрақұрылымдарымен, мәдени-спорт ошақтарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Каирдің солтүстік-шығысындаГелиополис атты жаңа қала пайда болды. Аты айтып тұрғандай, қала мұнтаздай таза, жан-жақтың бәрі шұғыла тартып, көркем де сәнді ғимараттарымен көздің жауын алады. Бір ғана Cairofestivalcitymallсауда ойын-сауық орталығы мысырлықтардың және шетелдік қонақтардыңең сүйікті орнына айналып отыр, мұнда олар күн ұзақ өздерінің бос уақыттарын мейлінше ұтымды пайдалануға толық мүмкіндік бар.Жалпы, қазіргі кезде 20 миллион тұрғыны бар Каир қаласында халықтың тығыздығы жыл сайын күшейіп келеді. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 40 жылда Каир тұрғындарының саны екі есеге өспек. Сондықтан бүгінМысыр үкіметі Каирден шығысқа қарай мемлекеттің жаңа астанасын салуда. Жаңа астанада үкімет кеңселері орналасып, қаланың жеті миллион тұрғыны болмақ.

Сонымен қатар Каирде көріксіз көпқабатты үйлер, жолақтар, көшелер де жетерлік. Мұнда «қоқысшылар қаласы» бар, ол Каирдің маңындағы христиан кварталдарында орналасқан. Бұл аудан 1969 жылы қала әкімшілігінің қоқыс жинаушыларды бір жерге орналастыру идеясынан пайда болған. Бұл жерде 40 мың адам тұрады. Қолқаны кептіретін иістенбұл жерге маңайлай алмайсың, бірақ адамдар осы тіршіліктерінен едәуір ақша тауып, күндерін көріп отыр.Бәрінен де таң қалдыратыны – Каирдің «Өлі қаласы». Бұл әлемдегі ең үлкен некрополь. Онда 15 ғасырда жерленген бейіттер бар. Үй алуға ақшасы жоқтар талай заманнан бері мазарларды мекен етіп келеді. Кәдімгі мазардың төбесін жабады да, ішін бөліп үй жасап алады. Мұнда миллионнан астам адам тұрады.

 Мына бір дерекке қараңыз. 2008 жылы Каир тұрғындарының саны 18 миллионды құрағанда қалада небәрі 9 бағдаршам болған деседі әрі оларды ешкім керек қылмайтыны айтылады. Бүгінде сол бәз баяғы қалпы. Халық саны нөпір қалада басым көпшілігі шетелдік 5 миллиондай көлік тіркелген болса, олардың қозғалысын реттейтін бағдаршамдар санаулы ғана. Сондықтан Каир көшесінде жүру, оны кесіп өту –адамдарға аса шеберлікті қажет етеді.

Каирді музей қала деп те айтады. Бұл тек қала аумағындағы музейлердің көптігінен емес, Каир өзінің терең дәстүрімен, қайталанбас архитектурасымен аспан астындағы музейді көзге елестетеді. Өнер сүйер қауым Мысыр ұлттық музейін, Ислам өнері музейін, Пошта музейін, Бейнелеу өнері музейін, Эфир майы және папирус музейін, Король Абдин музейін, Ханзада Мухаммед Али музейін бірінші кезекте көруге асығары анық. Жалпы бір ғана Каирде мыңнан астам музей бар, олардың кейбірі 200 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы музейлерде әлемнің бірде бір музейінде кездеспейтін бірегей жәдігерлер бар. Мәселен, біз Мысыр ұлттық музейінде Көне, Орта және Жаңа Мысырдың төл өнерінің бай коллекциясына куә болдық: кварциттен жасалған Нефертитидің басы, Тутанхамонның қазыналары, алтын жалатылған тақ, оның арқа жағының фрагменттері, дін қызметкерлерінің статуялары тәрізді өте құнды экспонаттар бұл жерде жүз мыңдап саналады.

Тек Мысырда ғана емес бүкіл әлемде ғажайып сарай саналатын Абдин сарайын да араладық. Сарайдың құрылысы 1863 жылы Мысырдың билеушісі ХедивИсмаилдың бастамасымен қолға алынып, салынған. Монархия күшін жойған 1952 жылға дейін Сарай корольдің резиденциясы болып келген. Бүгін мұнда Күміс музейі, Қару-жарақ музейі, Корольдің отбасы музейі, Президент музейі, жаңа Тарихи Құжаттар музейі орналастырылған. Бұлардың әрқайсысы сирек кездесетін түрлі экспонаттарға бай. Сарайдың екінші жақ бөлігі қазіргі президенттердің резиденциясы есебінде пайдаланылады.

Мысырдың соңғы королінің ағайыны ханзада Мухаммед Алиге тиесілі Маниал музей - сарайын да үлкен қызығушылықпен тамашаладық.Сарай 1903 жылы салынған, оның архитектурасында осман, мавритания, парсы стилдері, тіпті еуропалық рококо стилі де кездеседі. Ортағасырлықараб- мұсылман халықтарының тарихында ерекше орын алған атақты мұсылман қолбасшысы, Мысыр мен Шамның сұлтаныСалахад-Дин бекінісінде де(Цитадель) болдық.

Ол Мұхамед Әлидің ұясы деп те аталады. Ірге тасы 1176 жылы қаланған. Мамлюк сұлтандарының үш ғасыр бойғы резиденциясы осы. Бейбарыс бабамыздың Мысыр елін 17 жыл билеген тұсындағы сарайы да осы Цитадель.

Мұның сыртында, "Орман" ботаника бағын аралап көрудің сәті түсті. Ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, іс-тәжірибелік оқыту мақсатында құрылған ботаника бағында құлпырып жайнаған нешеалуан гүлді өсімдіктер мен көне дәуір ағаштарын тамашаладық. Сонымен қатар, бұл бақтан Қызыл кітапқа енгізілген сирек құстардың қатарына жататын һудһуд (удод) құсын кездестіру біз үшін тосын болды. Бұл құс Еуропа, Африка, Мадакаскар және Жапония өлкелерінде мекендейді. Дене тұрқы 28-30 см, жіңішке сүйір тұмсықты келеді. Жұптасқан кезінде шығарған дауыстарынан “һудһуд” деп аталып кеткен. Бұған қоса “тарақты құс” және “айдарлы құс” деп те айтылады. Құран Кәрімде “һудһуд”-тың Сүлеймен пайғамбардың әскерлеріне су табу қызметін атқарғаны, Сәба мемлекетінің патшасы Балқыздың сарайынан хабар алып келгені және хат тасып одан да хабар әкелгені туралы білдірілген. Арабтар оған “хабарлардың атасы” мағынасындағы “Әбул-аһбар” деп лақаб ат қойған.

Каир қаласы ең жас ислам дінінің орталығы. Мінәжат етуге шақырылған дауыс радиодан естілгенде осынау тыным таппастай көрінетін қаланың өмірі аз уақытқа тоқтап қалады. Жүргізушілер, шаштараздар, даяшылар, сатушылар бәрі де жұмысын жиып қойып,жайнамазын төсейдіде намазға осылай күніге бес рет жығылады.Бір Каирдің өзінде 500-ден астам мешіт бар. Амр ибн аль – Ас мешіті, мәселен, 642 жылы африка континентінде тұңғыш тұрғызылған мешіт. Осында Мысыр жамағатымен жұма намазына қатыстым. Бұл мешіттің тұрғызылуымен жер шарының осынау аймағында Ислам діні кең тарала бастаған.Ең мықты саналатын Ибн-Тулун мен Султан Хасанның мешіттерінің ұзындығы 140 метр, ені 75 метр, мұнараларының биіктігі 86 метрге жетеді. Түбі күрд халқынан шыққан бірінші сұлтан СалахӘд-Диннің мешітінің зәулім күмбездері мен мұнаралары Каирдің нағыз мақтанышына айналған. Мешіттің атшаптырым алаңында атақты Жүсіп құдығы қазылған. Оның тереңдігі – 88 метр. Шыңырауға қанша қарасаң да түбіндегі суды көре алмайсың. Сондықтан да бұл ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне алынған.

Әл-Азхар (гүлге оранған ) мешіті Каирмен құрдас.Кезінде құлап қалған бұл мешіт Бейбарыс сұлтан кезінде қыпшақ мәдениетінің белгілеріменқайта күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнда намаз оқыла бастаған. Сұлтан Бейбарыс сондай-ақ мамлюк стилінде аль-Хаким мешітінің минаретін де тұрғызғанын,бірнеше ғасыр бұрын Әл-Азхар мұсылман университеті ұйымдастырылғанын,бүгінде бұл дәріс сақталып, профессорлар,белгілі ұстаздар Х ғасырдағыдай дін сабағын беретінін және мұсылман әлемінің барлық түкпірінен студенттер келіп дәріс алатынынатап өткен жөн.

Көлемі жағынан екінші мешіт – Бейбарыс бабамыздың 1267 жылы өзі салдырған мешіті. 2007 жылы Қазақстан мен Мысыр елі бұл мешітті қайтадан толық жөндеуден өткізуге келіскен болатын. Қазақстан тарапы осы мақсатта 4,5 миллион доллар бөлуді міндетіне алды. Алайда, бұлқаражат бөлінгенімен жұмыс әлі аяқталып біткен жоқ. Тіпті бүгіндері мұнда жұмыстың тоқтатылып тұрғанын да көрдік. Осындағы жүрген адамдардың айтуынша, жұмыс қаражат жоқтықтан жүрмей жатқан көрінеді. Дегенмен, бұл мешітте бес уақыт намаз оқылып келеді. Біздің Қазақстаннан келгенімізді білген осындағы имам қазақ халқына, әл-Захир Бейбарыстың рухына бағыштап құран оқып, дұға жасады.Әл-Фурук (Ерекше) есімімен аталып 17 жыл Мысыр еліне басшылық жасаған, «Минареттерден оның аты айқайлап айтылып, қолы тиген жердің бәрі қасиетті саналған» деп құрмет көрсетілген сұлтан Бейбарыс мешітінің жөнделіп бітпеуі бәрімізге сын. Сонымен қатар, екі ел біріге отырып осынаутүйткілді мәселені түбегейлі шешеді деген үміт те жоқ емес.

Александрия, маяк, кітапхана және Қайтбай бекінісі туралы

Мысырда ерекше бір қала бар.Ол - Каирден 256 шақырым жерде, елдің қиыр солтүстігіндегі Жерорта теңізінің маңайына орналасқан Александрия. Біздің дәуірімізге дейінгі 331- 332 жылдары Македонияның ұлы қолбасшысы – Александр салдырған бұл қала – түбінде Мысырдың орталығы болады деген мақсатты көздеген деседі. Шығыс пен Батысты тоқайластыратын үлкен порт салып, сауда-саттық шоғырланған орталыққа айналдыруды қиялдаса, тағдыр оған оның алғашқы құрылысын көруді де жазбапты. Болашақ қаланың жоба-жоспарларын, мақсат- мүдделерін қоластындағы орындаушыларына мұқият табыстап, Александр Азия елдерінжаулауға аттанады. Бірақ ұлы қолбасшы 33 жасында қаза табады. Оның мүрдесі- өзінің атындағы қаладағы қорымға бальзамдалып, перғауындардың салт-дәстүрімен жерленеді. Дүниежүзіндегі  Римнен кейінгі космополитті ірі мегаполиске айналдыру арманына жетпеген жоспарларын жүзеге асыруды сол жердегі генералдарының бірі қолына алып, әрі қарай жалғастырады. Александр Македонскийдің мұрагері ретінде өзін сол мемлекеттің ендігі билеушісі екендігін жариялайды. Осылайша, гректердің Мысырды билеп - төстеуі 300 жылға жалғасады. Грек өкілдерінің мұрагерлік билігі Клеопатрапатшайымының 36 жасында қайтыс болуымен аяқталады.Олар кеткенімен қаланың бет-бейнесінде еуропалықтардың ізі қалып, бүгінде Александрия Грецияның немесе Италияның көне қаласы секілді көрінеді.

 Александрия таңғаларлық дүниелерге бай. «Әлемнің жеті кереметінің» бірі саналатын, біздің заманымыздан бұрын 280 жылы салынған Александр маягын Ніл аңғарынатаяу, Фарос аралының шығыс бөлігіне Птоломей әулеті өкілі Мысыр патшасының бұйрығымен архитектор Сострат тұрғызған. Кейінгі ұрпаққа өз атын қалдырғысы келген сәулетші маяктың мәрмәр қабырғасына “Книдтен шыққан ДекстифонұлыСострат, теңізшілердің амандығы үшін құтқарушы-құдайларға бағыштайды” деп жазған. Бірақ патшаның қаһарынан қорқып жазудың үстін сылап бетіне әміршінің атын келтірген. Уақыт өте келе сылақ түсіп қалып, ел сәулетшінің нақты атын білді.

Маяк өз заманындағы өнер мен ғылымның ғажайып үлгісі әрі 1700 жыл бойы тұрған ол,осы кезге дейін салынған маяктардың ішіндегі ең биігі болып табылады. Бізге жеткен деректерден биіктігі 120 м шамасындағы үш қабатты мұнараның бірінші қабаты орасан зор шаршы көлемде әктастан тұрғызылған. 2-ші қабат 8 қырлы мұнарадан тұрып, оның 8 қыры белгілі 8 желдің бағытына қарай орналастырылған.Осы2-ші қабатта желдің бағыты мен жылдамдығын анықтайтын құрал міндетін атқарған ескерткіш-мүсіндер болған. Мәрмәрмен қапталған мұнара зәулім маякпен аяқталады. Ал 3-ші қабат гранит колонналар тіреп тұрған күмбезбен жабылған. Күмбез басына өте алыстан анық көрініп тұрған теңіз құдайы Посейдонның 7 метрлік қола мүсіні орналастырылған. Александрия маягы өзінің негізгі міндеті – теңізшілерге жол көрсетуден басқа, бекініс қызметін де атқарған. Құрылыстың ішінде ауыз су құйылған күбі сақталған. Ішкі бұрама баспалдақ арқылы алауға жанармай беріліп тұрған. Темір айналарды шебер қолдану нәтижесінде алау оты бірнеше еселеніп, өте алыстан көрінетін болған.Арабтар Александрияныбасып алғаннан кейін, қала құлдырап, төмендеп кетеді, кеме тоқтайтын жерді батпақ басып,Фаростыңқажеті болмай қалады. XIV ғасырда жер сілкіністерінің тербеліс салдарынан ақырында ғимарат қирап, біртіндеп теңізге құлаған.

Александрия біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдағығылым мен білім ордасына айналғанкітапханасымен де әлемге әйгілі. Мұнда 700 мыңға жуық том кітап болған, қолжазбалар кітапхана ғалымдарының сынынан өткізіліп, өңделіп отырылған, әлем туралы ілімдерді жүйелеп,жаңа үлгідегі манускрипт дайындалған,Архимед пенЕвклид тәрізді небір оқымыстылар тәлімгерліктен өткен, көне гректің ғылыми, әдеби шығармаларынан басқа шығыс әдебиетінің шығармалары да сақталған.  Кітапхана қорын жинау, сақтау шеберлігі жоғары дәрежеде болғандығын Каллимахтың библиография каталогы дәлелдейді. Кітапханаға үнемі не белгілі ғалым, не ақын басшы болған. Көп жылдар бойы оны географиялық картографияның авторы, математик, ең алғашқы болып жер шеңберінің ұзындығын 50 км айырмашылықпенесептеп шығарған Эратосфен басқарған. Бұл жаңалық – дүниежүзілік сапарларға шығуға тікелей жол ашты.

Александрияда қызмет жасаған астроном АристархСамосский жердің өз осінің айналасындаәрі күнді айналатынын дәлелді, ал мұны әлем ғалымдары тек 1500 жылдан кейін ғана тегіс мойындады. Медицинадажүйкелiк және қан айналымының жүйелілігі жөнінде жаңалық ашқан Эрофилдiң, геометриялық ілімнің классикалық үлгісінжасаған Евклидтiң тарихи отанына айналған Шығыс мемлекетінің жұлдызы барған сайын осылайшажарқырай түсті.

Александрия кітапханасы осындағы атақты маяк тәрізді әлем кереметі ретінде қабылданып, көп адамдар оны көругеынтықты. Бақытыма орайменің де арманым орындалды. Рас, көзіме әлемнің атақты көне кітапханасы түспеді, заманында аңызға айналған білім ордасын 341 жылы  Серапион махалласына шабуыл жасаған фанатик христиандар өртеп жіберген болатын. Сондықтан, 2002 жылы Александрина атауымен және еш қайталанбайтын архитектуралық стильде жаңа кітапхана пайдалануға берілді. Мені кітапхананың ауқымы таң қалдырды: ол 8 миллионнан астам кітапты сақтауға мүмкіндік береді, ал оның 11 деңгейде орналасқан орасан зор оқу залы 70 мың шаршы метрді құрайды, мұнда мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін және балаларға арналған залдар  қарастырылған, көне қолжазбалармен жұмыс істейтін зертхана бар, қажетті ақпараттарды жедел әрі толық көлемде алу мақсатында үш мөлшерлі форматта электронды кітапхана іске қосылған.

ЮНЕСКО, Мысыр үкіметі, Еуропа және араб әлемінің кейбір елдері мен Жапония бірегей кітап сақтау орынын қайта жаңғырту үшін күш біріктіруде. Әлемнің көптеген елдері, оның ішінде Қазақстан да, өз тараптарынан кітаптар беріп, кітапхана қорын жасауға мол үлестерін қосып келеді. Кітапханадағы каталогтарды қарай отыра, біз Абайдың, Махамбеттің, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Жұбан Молдағалиевтің, Әбіш Кекілбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Олжас Сүлейменовтың, Дмитрий Снегиннің тағы басқа да отандастарымыздыңтөл шығармаларыныңбар екендігін көрдік, оларды әлем қауымдастығы оқып жатқандарына риза болып, көңілімізді бір марқайттық. Александрия кітапханасы ұлы даладан шыққан мамлюктер сұлтандары жайлы деректерге де бай, ал бұл біздің тарихшылар үшін өте құнды дүние екені анық.

Кітапхана күн дискісіне ұқсас оңтүстіктен солтүстікке қарай дөңестеліп салынған. Солтүстікке таманғы шыны әйнектер кітапхананың төменгі тұсына күн сәулелерін жіберіп, ішке жылу беріп тұрады. Қабырғалар асуан гранитімен қапталып, олардың беттері120 түрлі адамзат баласының жазу жүйесінің ең кіші белгісі саналатын графемалармен бедерленген. Кітап қоймасы жер астына орналастырылып, кітапқа теңіз тұзының зиянды әсерін болдырмау үшін теңіз жақтан соғатын желден қорғайтын қосымша қабырғамен жабылған.

Александриядағы көне ескерткіштермен танысу барысында Мысыр елінде мамлюк Қайтбай сұлтанның билігі кезінде (1468-1496) салынған «Қайтбай қамалы» біздің назарымызды ерекше аударды. Оның себебі де жоқ емес. Қайтбай сұлтан мамлюк сұлтандарының ішіндегі ең ұзақ ел билеген тұлға. 1416 жылы Дешті Қыпшақ топырағында дүниеге келіп, 20 жасында Мысыр еліне құлдыққа сатылған Қайтбай, өзінің етінің тірлігінің арқасында 1468 жылы сұлтан тағына отырады. Билікке келген күннен бастап Мысыр елінің саяси, экономикалық, сауда-саттық, әскери салаларының қарқынды дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, Қайтбай Мысырдың сәулет өнеріне мамлюктерге тән нышандарды енгізе отырып, Мекке, Мәдина, Каир, Құдыс, Дамаск, Алеппо, Александрия секілді қалалардың құрылыс нысандарына өз қолтаңбасын қалдырған бірден бір ел басшысы.

Әсіресе, Александриядағы «Қайтбай қамалы» сұлтанның атын әлемге паш етті. Қамалдың құрылысы Александрияның теңізге жақын тұсы Фарос аралының шығысындағы бұрынғы әлемнің жеті кереметінің бірі атақты Александр маягы орналасқан жерінде 1477 жылы басталып, екі жыл ішінде салынып бітеді. Осылайша ХIV ғасырлардағы жер сілкінісі салдарынан жермен-жексен болған маяктың үстіне қамал салу арқылы Қайтбай сұлтан көне тарихты тірілткісі келгенге ұқсайды. Жалпы, қамалдың тұрғызылуы мемлекетті Жерорта теңізінің кез келген жағынан төнетін қауіп-қатерлерден қорғауға үлкен септігін тигізді. Мұны қамалды аралап жүрген сәтте толықтай аңғаруға болады.

Сонымен бірге, қамалдың бірінші қабатында Александрия қаласындағы ең көне екінші мешіт орналасқан. Мамлюк стилінде салынған бұл мешіт орталық алаңмен ұштасқан исламның төрт мазхабының әрқайсысына арналған бөлмелерден тұрады. Сөйтіп, бір мешіттің ішінде мұсылмандар бір кісідей парызын атқарып отырған. Қамалдың екінші қабатында әскери казармалар мен қару-жарақты сақтайтын бөлмелер, ал үшінші қабатында сұлтанның жеке бөлмесі қарастырылған.

 Бір сөзбен айтқанда, қаншама жылдар бойы басынан кешірген қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан «Қайтбай қамалы» бізге дейін аман жетіп отыр. 1952 жылы бұл қамал қайта жөндеуден өткізіліп, қазір ол «Теңіз мұражайы» ретінде әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристердің көзайымына айналуда. Осы жайт, шын мәнінде Кіші жүздің шеркеш руынан шыққан Қайтбай бабамыздың мәртебесі қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді. Өз кезегінде бұл менің мақтаныш сезімімді оятты. Ендігі жерде қазақ қауымының алдында Қайтбай сынды Ұлы Даланың даңқты ұлын жан-жақты зерттеп, оған тарихтағы өзінің лайықты бағасын беру міндеті тұр деп санаймын.

Мысыр курорттары және туризм туралы

Мысыр өркениетінің мыңдаған жылдар ішінде көптеген құндылықтары елдің меншігіне айналды әрі олармен туристердің танысуларына кеңінен жол ашылды. Ғасырлар бойы Мысыр дүниенің жер-жерінен келген монархтар мен ерекше тұлғалар үшін нағыз туристік Меккеге айналғаны бекер емес. Бүгін де туризм саласы Мысыр елі үшін ерекше мәнге ие. Жоғарыда атап өткенімдей, туризм Мысыр экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады: 4 миллионнан астам мысырлықтар туристік салада жұмыс жасайды, жалпы ішкі өнімнің қомақты мөлшері туризмнен түсетін табыс. Рас, өткен 2016 жылы бұл сала бойынша көрсеткіштер күрт төмендеп кетті. Оған Синай аспанында Ресей ұшағының апатқа ұшырауы кері әсер етті. Бұл оқиғадан соң бірқатар елдерден ұшақтардың келуі тоқтатылды, әсіресе туристердің 60 пайыздайын құрайтын Ресей мен Ұлыбританиядан сап тыйылды. Мысырдың туризм министрлігінің мәліметі бойынша 2016 жылы елге саяхаттап келген туристердің саны 5,3 млн. болып, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседей азайып кеткен.Бүгіндері біршама оң өзгерістер байқалады.2017 жылдың 29-шы наурызында Берлинде өткен Туризм бойынша биржаның мәліметі бойынша Мысырдың туристік деңгейі 24 позицияға көтерілген, ал бұл өте жоғары көрсеткіш. 2017 жылдың алғашқы он күндігінде Мысыр туристер саны бойынша  1-ші орыннан көрініп, туристер ағымы 80 пайызға артқан. Мысалы, Германия туристерінің төрттен бірі Мысырға барған. Сондай-ақ, мұндағы туризмді ұйымдастырудың қауіпсіздік деңгейі де өте жоғары дәрежеде, халықаралық аэропорттарында ол әлемдік нормаға толық сәйкес келеді, тіпті қатаңдығы жағынан көптеген ірі аэропорттардан асып түсіп түсуде. Біз оны Каир аэропортында өз басымыздан кештік те. Мұндай жағдай Мысыр курорттарына барар жолда да орын алды. Сол себептен де қауіпсіздігіңіз әскерилер тарапынан жан-жақты қамтамасыз етілген. Мұны біз Каирден Шармэш Шейхке автобуспен келер жолда толық байқадық. Суэц каналынан бастап курортқа дейін алты кордоннан тексеріліп өтесіз.Сондықтан, осында саяхатқа шыққан үлкен-кішінің ұтылмасы анық.Өзіміз мұныШармэш Шейх, Хургада, Марса-Матрух, Александрия курортты аймақтарында болғанда бір кісідей сезіндік.

Мысыр елінің әйгілі курорттарының бірі – Шармэш-Шейх, президент Хосни Мүбарактың құмды жерден тұрғызған курортты қаласы. Қазір ол ВBC классификациясы бойынша әлемдегі төрт ең әдемі қалалардың тізіміне кіреді. Бұл кездейсоқ емес. Курорт ең мөлдір, су асты фаунасы мен флорасы бай, тұздылығы жағынан әлемде екінші орын алатын Қызыл теңіздің жағасында орналасқан. Мұнда туристерге барлық жағдайлар жасалған, қызмет көрсету деңгейі мейлінше жоғары. Бұл жерде туристік бизнестің дамуына негізінен Еуропа мемлекеттерінің ірі туристік компанияларының үлесі мол екендігі байқалады. Мәселен, біз итальяндық EdenVillage компаниясының Tamrabeachresort отелінде демалдық. Мұнда өзімізді құтты Италияда жүргендей сезіндік. Өйткені, барлық іс-шаралар тек итальян тілінде жүріп жатады. Оларға қарап маған іштей алдағы уақытта біздің де қалталы азаматтарымыз өз қаржыларын осындай жобаларға бағыттаса керемет болар еді деген ой келді.

Теңізінің суы емге шипа, ауасы тынысыңды тыңайтатын, күн сәулесі тәніңе қуат беретін бұл ерекше мекен-жайда аз уақыт болсақ та, біздер үлгі тұтарлық жайттардың бар екендігін аңғардық. Қызмет көрсетіп жүрген араб азаматтарының кімге болса да жоғары көңіл-күймен риясыз пейілдерін білдіріп жатулары, айналаңды жасыл-желекке көмкеріп қана қоймай, түрлі-түсті гүлдер мен ағаштарды күтушілердің орасан зор еңбекқорлығы, олардың әрқайсысының өздерінің міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қараулары, ұқыптылығы ерекше тәнті етті. Үнемшілдік жағынан да тәлім аларлық тұстар баршылық. Мәселен, мұндағы тұтынылатын энергияның дені күн сәулесі қуатымен қамтылған. Бұл жақында Астанада өткен EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің басты тақырыбы болғанын білеміз.Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде тәнге қуат алумен қатар көретін, көңілге мықтап түйетін, үйренетін жағдайлар баршылық.

Жыл он екі ай күн шуағына бөленетін Шармэш Шейх курортындағы демалыстан соң, көп ұзамайақшағыл құмы табаныңды қыздыратын, теңізінің суы тәніңді балбыратып, самал желі жаныңды жадырататынЖерорта теңізінің жағалауындағыМарсаМатрухта болудың сәті түсті. Араб тілінен аударғандаМарсаМатрух «қалдырылған якорь» дегенді білдіреді және ол Каир халқының сондай-ақ, елдің орталық бөлігі тұрғындарының баратын ең танымал жазғы курорты екенін, мұнда Клеопатраның арнайы демалуға келіп, екіжартастың ортасындағы бухтадағы ваннасына шомылатыны туралы аңыздың барын атап өткен жөн. Қалай болғанда да осындай тарихи жерге бірер уақыт табан тіреп, көп ұзамай МарсаМатрухтан240 шақырым қашықтықта жатқан тарихы терең де тағылымды Александрияның Жерорта теңізінің жағалауындағы курортына келіп жеттік.МарсаМатрух - Александрия автобанымен жүре отырып, трасса бойында бірінен соң бірі орналасқан қалаларды тамашалауға да мүмкіндік туды. Солардың арасында сыртқы көркем келбетімен қатар бізді өзінің ерекше атауымен қызықтырған ElAlamein (Екі әлем) қаласы болды.

Бұл қаланың Екі әлем аталуының жөнінде түрліше пайымдаулардың барын да білдік. Бір деректерге қарағанда, ертеректе мұнда үнемі өзара жаушылықта болған екі тайпа өмір сүріп, екі әлем құрған деседі. Ендігі бір уәж екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне қатысты айтылады. 1942 жылы Германия-Италия әскерлері Солтүстік Африкадағы ірі мұнай өндіріс орыны болып табылатын бұл қаланы басып алса, 1943 жылы ағылшын армиясы олардан азат етеді.Сөйтіп, қала екі әлемде өмір сүргендей күй кешеді. Ал біздер болсақ, Сахара мен Жерорта теңізімен ұштасып жатқан бұл қаланы шөл мен көл секілді екі әлемінің тоғысқан жері деп қабылдадық.

Келесі аялдаған жеріміз Каирдің оңтүстік-шығысындағы 500 шақырым қашықтықта орналасқан Қызыл теңіз жағасындағы белгілі Хургада курорты болды. Хургада – «шөл даладағы оазис» дегенді білдіреді. Расында, курортқа жеткенге дейінгі аралықта өзіңмен жарысып отыратын шөл дала бір мезетте алдыңнан әдемі көріністе жарқырап шыға келгенде көңілің ерекше сезімге бөленеді.Иә, ХХ ғасырдың басындағы британдық мұнайшылардың шағын кентінен Хургада бүгінде туристер үшін жыл он екі ай бойы үздіксіз қызмет ететін гүлденген демалыс орнына айналып отыр.

Қазақстан – Мысыр қарым-қатынасы туралы

Ширек ғасыр бұрын Қазақстан мен Мысыр арасында дипломатиялық қатынас орнығып, осы жылдардың ішінде біршама табыстарға қол жеткізілді. Мысыр елі елігіміздің тәуелсіздігін ең бірінші мойындаған мемлекеттердің қатарынан табылып, Қазақстанда өз өкілдігін ашқан араб елдерінің алғашқысы болды. Біздің еліміз де араб әлеміндегі алғашқы елшілігінКаирде ашқан еді. Қазақстан - Мысыр қатынастары өз бастауларын 1992 жылдың 6 наурызынан алады. Арадағы қатынастардың құқықтық негізі Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылғы Египет Араб Республикасына барған сапарының кезінде бірқатар келісімдерге қол қою арқылы қаланып, күр дамығанын айтқан жөн.Екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынасты нығайтуға 2006 жылы қараша айында Египет Араб Республикасыныңсол кездегі президенті Хосни Мүбарактың Астанаға алғашқы және соңғы ресми сапары өзінің оң септігін тигізді. Сапар барысында Қазақстан мен Мысыр арасында дипломатиялық төлқұжат иелерін визадан босату туралы үкіметаралық келісіміне қол қойылды. Сондай-ақ екі тарап Қазақстан мен Египет арасындағы тауар нарығының қол жетімділігіне қатысты және Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі шеңберінде қызмет ету туралы келіссөздердің аяқталғаны туралы Хаттамаға, мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністікмеморандумына қол қойылды.

Біздің өзара рухани байланысымызды нығайтуға бұл игі әсерін тигізуде. Астана және Каир, сондай-ақ Алматы мен Александрия бауырлас қалалар болып табылады. Мәдени-гуманитарлық қатынастарды айтқанда екі халықтың тарихын байланыстыратын Сұлтан аз-ЗаҺир Бейбарысты еске түсіреміз. 1998 жылы Каирдегі көрнекті көшелердің біріне әлемдік деңгейдегі классик, хакім Абайдың есімі берілсе, өткен жылы Нил өзені бойындағы әлемге әйгілі Батыс пен Шығыс шайырларының ескерткіштері орналасқан "Хуррия" (Бостандық) саябағында қазақтың ұлы ақынына ескерткіш ашылды. Абай бабамыздың осы саябақтағы айтулы тұлғалардың көшін бастап тұрғанын көргенде бойымызды мақтаныш сезімі биледі.

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген қазақтың ғибратты сөзі Арман Қайратұлына тікелей қатысты. Ол бүгін дипломатия ісінде әке жолын лайықты жалғастыруда. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген.Мароккодағы Фес қаласының университеті мен Каирдегі дипломатиялық академияда оқыған. Өзінің еңбек жолын Мысыр еліндегі Қазақстанның елшілігінде бастап, кейін Сауд Аравиясы елшілігінде қызмет жасаған, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат Орталығының сектор меңгерушісі болған. 2014 жылы Дубайда және Солтүстік Эмиратта Қазақстан Республикасының бас консулы қызметіне тағайындалған.

Өте жылы кездесу барысында Арман Исағалиевтің терең білімді, кәсіби міндетіне адал, адами бейнесі тартымды, жоғары мәдениетті, көне мысырлық өркениетті жан-жақты білетін азамат екенінаңғардым. Сонымен бірге, қызмет барысында ұлттық намысын қамшылап, халық мүддесі жолында еңбек етіп жатқанынан дахабардар болдым. Елші міндетін мойнына алған азғантай ғана уақыт аралығында Арман Қайратұлы екі ел арасындағы қатынастың түйінді мәселелерін шешуге белсенді араласқаны байқалады. Атап айтқанда, Мысыр елінің инвестиция және халықаралық ынтымақтастық министрі С. Насерменкездесуі нәтижесінде сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жұмыстарын жеті айда бітіру жөнінде келісім жасалды, қазақстандық инвесторлар үшін өте тиімді Мысыр нарығы ашылды. Мысалы үшін, «KAZAKH INVEST»Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Мысыр индустрия және сауда министрлігі жанындағы индустрияны жаңғырту Орталығымен Келісімге қол қойып, соның нәтижесінде екі ел арасында өзара инвестиция тартуға және сауда айналымын өсіруге ыңғайлы жағдайлар туғызуға мүмкіндік берілді.

Қайрат Исағалиев тарапынан EXPO-2017 көрмесіне қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды: біздің іскерлік байланыстарымыз барынша өсті, Мысыр елінің 100-ден астам компаниясы Астанаға сапар шегіп, қазақстандық және мысырлық компаниялар 156 миллион доллар құрайтынавтоматизация және қашықтан бақылау жүйесінің бірлескен өндірісі туралы өзараКелісім жасады. Бұл жүйелер Қазақстанның және көрші Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі қажеттілігін өтеу үшін өндірілетін болады. Біздің әріптестігіміз өте маңызды жаңартылатын энергетика саласында да кеңейтіледі. Қазір Мысырдың барлық электростанцияларының жартысына жуығы күн энергиясымен жұмыс істейді. Ал 30 пайыз энергия желдің күшімен өндіріледі. 2020 жылға қарай бұл цифрді 70 пайызға дейін көтеру жоспарланып отыр.

Мысыр елінің азаматтық авиация министрі Шериф Фатхимен кездесу барысында Қайрат Исағалиев мысырлық авиакомпаниялар тарапынан Қазақ еліне тікелей тұрақты авиарейстер ашу туралы мәселе көтерді және министр бұған түсіністікпен қарап, оны түпкілікті шешуге келісімін берді. Сондай-ақ, Арман Қайратұлы тіл оқу курсына келген алты қазақстандық студенттерді Мысыр құқық қорғау орындарымен келісе отырып Қазақстанға қайтаруға көп тер төкті.

Бір сөзбен айтқанда, Арман Исағалиевтің жанкешті еңбегінің арқасында мемлекетіміздің кез келген мәселесін оңтайлы шешуге қол жеткізетінімізге ешбір күмәнім жоқ. Еліміздің осындай адал перзентіне халық пен ел мүддесі жолында табаныңыз таймасын, тағдыр бақыт байласын дегім келеді.

Астана-Каир-Шармэш-Шейх-Хургада-Марса-Матрух-Александрия-Каир-Астана