Медициналық сақтандыру: саланың даму жолдары

Қай салада да енгізілген жаңа жүйеге әу баста жұрттың үрке қарайтыны жасырын емес. «Денсаулық – басты байлығымыз» болғандықтан, бұл саладағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Қазіргі таңда жаңа жүйенің тиімділігін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі егжей-тегжелі түсіндіруге тырысып жатыр. Бұл тұрғыда еліміздің Бас дәрігері соңғы уақытта нендей ой түйді? Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жұртқа берері не? Оқырманның игілігіне жарар деген оймен осы тақырыпты аз-кем қаузап көруді жөн санадық. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Болашақта біз демографиялық өзгерістердің болатындығына нық сеніміміз бар. Бізде халық қартайып, балалардың қатары артып келеді. Аурулардың сипаты да өзгеруде. Яғни, бірінші кезекке созылмалы аурулар шығып келеді. Бұл қан тамыры қысымын төмендету үшін жаңа дәрілерді, қандағы қантты бақылаудың жаңа технологияларын, онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа технологияларын қажет етеді. Біз оларды дамыған елдерден көріп отырмыз. Осыған байланысты біз мол қаражатты қайдан алуды ойластыруға мүдделіміз. Осы орайда медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі ең бірінші кезекте қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғандығы шындық. Ал оның дамуы үшін бізге мол қаржы жинау керек, денсаулық сақтауға үлкен қаражат қажет», – деген болатын. Сала басшысының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 1,9 пайызы денсаулық сақтау саласына жұмсалады екен. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі бұл көрсеткіш 9 пайызға тең. Еліміздің мемлекеттік бюджетінен жыл сайын дамыған елдердегідей 12-13 пайыз қаржы денсаулық сақтау саласына жұмсалып келеді. Егер мұнан да мол қаржыны денсаулық сақтау саласына жұмсар болсақ, онда білім беру, құқық қорғау және қорғаныс салаларының шығыстарын қысқартуға тура келеді. Ал министрдің уәжіне қарсылық танытқан «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев түрлі дәлелдер арқылы міндетті медициналық сақтандырудың салықтың жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашатындығын ашық айтқан болатын. Ал, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов болса, салықтың міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен айырмашылығы бар екендігін тілге тиек етті. «Сақтандырудың салықтан қандай айырмашылығы бар екендігін Рахым жақсы біледі деп ойлаймын. Біз медициналық сақтан­дыру жүйемізді медициналық сақтан­дырудың халықаралық стандарттарына толықтай сәйкестендіріп жасадық. Жетекші сарапшыларды да тарттық. Бұл жұмыстарға жетекші экономистер де тартылды. Мәселе салық немесе сақтандыру жарнамасы төңірегінде емес», – деп түйіндеді сөзін. Медициналық сақтандырудың негізгі бағыттары қандай? Ел ішінде медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатқандықтан болса керек, сала басшысы бұл бағытта түсіндіру жұмыстарының көптеп жүргізілуді қажет деп санайды. Осыдан біршама уақыт бұрын елорда әкімдігінде қала басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары бойынша кеңейтілген жиналыс өткізген-ді. Сонда «Қазақстанда 1-шілдеден бастап ресми түрде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Алғаш болып әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлем жүргізе бастады. Тұрғындар медициналық көмекті 2018 жылдың қаңтарынын бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ала бастайды. Бұл реформаның маңыздылығы - әр Қазақстан азаматының қызығушылығы қамтылады», – деп Әсет Исекешев жаңа жүйенің маңыздылығына тоқталған-ды. «Егер бүгін қазақстандықтардың денсаулығын зерттейтін болсақ, біз жақсы динамиканы байқаймыз. Мысалы, ұзақ өмір сүру ұлғайған, ана мен бала өлімі азайған деген секілді негізгі көрсеткіштер қуантарлық. Бұған қоса, тұрғындардың қартаюына байланысты аурулар құрылымы өзгеруде. Бүгінде ақша эквивалентінде медициналық қызметті тұтыну артуда», - деп денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыратын елдегі жүргізіліп жатқан бұл реформаның тиімділігі туралы айтты. Қазіргі қолданыстағы бюджеттік модельмен салыстырғанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тімді тұстары көп: тұрғындардың денсаулығын қадағалау саласында тең жауапкершілік сақталады – мемлекет – жұмыс беруші – азамат, қолжетімділік теңдігі, әлеуметтік бағыттаушылық және МӘМС сипаты. Жүйені кезеңімен енгізу тұрғындарға жаңа реформаға көшуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер 1 % бөліп отырады, 2018 жылдан әр қызметкердің еңбекақысынан 1,5%, 2020 жылдан – 2%, 2022 жылдан – 3% бөлінеді. Жұмыскерлердің бөлуі 2019 жылдан – 1%, 2020 жылдан – 2% құрайды. Өзін жұмыспен қамтығандар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер, мамандандырылған медиаторлар, азаматтық-құқықтық келісімшарты негізінде қаржы алатын жеке тұлға 1-шілдеден 2 төменгі еңбекақыдан 5% бөледі (1% е.а.- 1414 теңге). «Егер адам жеңілдік санатында болса, онда оған төлем жасаудың қажеті жоқ, жеке кәсіпкер де АҚК бойынша да төлем жүргізбейді. Мемлекет бұл міндетті өзіне алады», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқармасының төрайымы Елена Бахмутова. Қор жетекшісі айтқан мәліметке сүйенсек, жаңа жүйе «мүмкіндігінше төлеу - қажеттілік бойынша алу» принципі бойынша жұмыс істейді екен. Жүйе енгізу бағытында атқарылған жұмыстар аз емес Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бағытында тындырымды тірліктер атқарылғаны белгілі. Бұл тұрғыда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Міндетті әлеуметтік медициалық сақтандырудың заңнамалық базасын жетілдіру аясында міндетті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңнамаға бірқатар өзгерісті енгізуді көздейтін заң қабылданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жеке кәсіпкерлерден жарналар мен жұмыс берушілерден аударымдар түсе бастады. Қазақстанның 16 өңірінде қордың филиалдары құрылып, олардың басшылары тағайындалды», – деп тиісті мәліметтерді атап өтті. Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі комиссия Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде құрылған. Комиссия құрамына 14 мемлекеттік орган мен мүдделі ұйымдардың өкілдері кіреді. Облыстардың, Алматы, Астана қалалары әкімдіктерінің қатысуымен комиссияның төрт отырысы өткізілді. МӘМС аясында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл мәселелері ақпараттық түсіндіру жұмысының барысында қаралды. «МӘМС енгізу тәуекелдері мен басқару мәселелері жөніндегі кешенді ведомство­аралық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспар 14 тәуекелді қамтиды және мынадай 4 бөлімнен тұрады. Бірінші – мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жүргізетін ақпараттық түсіндіру жұмысы. Екіншісі - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамыз ету. Үшіншісі – ақпараттық жүйелермен оларды интеграциялау. Ал төртіншісі – нормативтік-құқықтық актілерді дайындау. Әрбір тәуекел бойынша нысаналы топтар мен тәуекелдерді жою бойынша қажетті іс-шаралар белгіленді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ішінен жауапты орындаушылар бекітілген», – деп атқарылған жұмыстардың бір парасын атап өткен-ді Елжан Біртанов. Ел қандай тегін медициналық көмекті қолдана алады? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу және оны қабылдау бойынша жұмыстар жүргізуде. «Бүгінгі таңда 6 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Жылдың соңына 81 нормативтік-құқықтық акті қабылданады. Қазіргі уақытта МӘМС-тің ең маңызды нормативтік-құқықтық актілері мемлекеттік органдарымен келісуімен өтуде. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік беретін көлемінің тізбесін бекіту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтердің тізбесін бекіту туралы Үкімет қаулылары», – деген-ді. Сонымен қатар министр тегін медициналық көмектің кепілдік берілетін көлемінің топтамасы сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық адамдарға ұсынылатындығын атап өтті. «Оған медициналық көмектің мынадай негізгі түрлері кіреді. Олар: жедел медициналық көмек пен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, әлеуметтік мәні бар емдеу кезінде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек (туберкулез, онкология, психатрия сынды әлеуметтік аурулар), профилактикалық егулер. Бұған қоса, 2020 жылға дейін барлық сақтандырылмағандар үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін амбулаториялық-емханалық көмек ұсынылмақ. Бұл халықтың әлеуметтік қауқарсыз тобының толық медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді», – деді Елжан Амантайұлы. Ал, сақтандырылған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен бөлек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру топтамасы аясында қосымша қызметтер ұсынылады. Әрбір адам өз дәрігерін өзі таңдайды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында әрбір адам дәрігерді өзі таңдай алады. Дегенмен, бір кәсіби дәрігердің қабылдауына жазылатындар көп болса, кезектер мәселесі туындайды. Осыған байланысты кезекке тұратын адамдардың шекті санын белгіленіп отыр. «Қазіргі кезде дәрігердің қабылдауына тіркелу бойынша арнайы стандарт бар. Оған сәйкес, бір дәрігерге 2000 пациенттен келеді. Алдағы уақытта біз аталған көрсеткішті 1500-ге дейін түсіреміз. Демек, барлығы толығымен медициналық сақтандыру жүйесіне көшкенде адамдар нақты бәр дәрігерге жазылады да, лимиттен асып кеткенде басқа дәрігерді таңдау қажет болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Бәсекелестік сапаны арттыра түспек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­­дыру жүйесі аясында белгілі бір емxа­нада қызмет көрсету сапасы жоғары болса, пациент­тердің саны да көбейеді. Ал пациенттер көп жерге қордың ақшасы көптеп бөлінеді. Осының арқасында қарапайым медби­ке­лердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бар. «Негізі біз міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандыру жүйесі толығымен енгізіл­ген­нен кейін дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысы өседі деп сенеміз. Халық медици­налық қызметтерді өз еркімен таңда­ғанда медицина саласындағы ұйымдардың арасында бәсекелестік қыза түседі. Ал медициналық қызметтің сапасы жоғары жерде пациенттер көп болады. Ондай мекемелер сақтандыру қорынан ақшаны да көптеп алады. Сонда жалақыны көтеруге мүмкіндік болады», – деді Біртанов. Қазіргі кезде министрлік медицина қызметкерлерінің жалақысын бекітпейтіні белгілі.Оны емxана мен ауруxаналардың бас дәрігерлері шешеді. Олар жалақыны мекеменің кірістеріне қарай тағайындайды. Алдағы уақытта әкімшілік шығындарды қысқартудың арқасында жалақыны көтеруге қосымша мүмкіндіктер ашылмақ. P.S: Билік басындағылар денсаулық сақтау министріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін әлі де болса жандандыра түсуді тапсыруда. Жаңа жүйені енгізуде бұған дейін де біраз іс атқарылған болса, атқарылуға тиістісі бұдан да ауқымды. Біздің халық денсаулығың болмаса, дүние байлықтың көк тиындық құны жоқ екенін жақсы түйсінеді. Сондықтан да сақтандырылу шараларына атүсті қарамайтыны анық. Бәрін айт та бірін айт, жаңа жүйе ендігі жерде халықты емханалардағы қаптаған кезек пен тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу үшін есік тоздырудан құтқарса жөн еді. qazaquni.kz