Оғыз Доған Air Astana компаниясын сотқа берді

Оғыз Доған Air Astana компаниясын сотқа берді

Air Astana компаниясы бортсерігінің қазақ тілін білмегеніне наразалығын білдіріп, қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен Оғыз Доған аталмыш компаниядан өз кінәсін мойындап кешірім сұрауын және моральдық шығын ретінде 1 теңге беруін талап етіп отыр деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Today.kz-ке сілтеме жасап. Азаматтық талап Алматының Түрксіб аудандық сотына келіп түсті.

 Оғыз Доғанның адвокаты Абзал Құспан талап турасында айтып берді.

«Біз Air Astana компаниясының өз кінәсін мойындауын, Оғыз Доғаннан кешірім сұрауын талап етеміз. Бірақ процессуалдық кодекс бойынша талапты өзгерте аламыз. Әзірше тек кешірім сұрауын ғана талап етіп отырмыз. Моральдық шығын ретінде 1 теңге көлемінде ақша талап ету мәселесі қарастырылуда» деді Абзал Құспан.

Айта кетейік, Air Astana өкілдері сотқа келмеді. Бұған дейін Оғыз Доғанның азаматтық талабы басқа соттың қарауында болды.

«Бұл іс судья Амантайұлының қарауында болды. Ол істі қабылдады, алайда 4-ші қазанда адвокатпен жеке таныс екенін, ол оның курстасы екенін айтып істен бас тартты. 5-ші қазанда іс маған тапсырылды. Бұған дейін оған дайындық жүргізілмеді. Бірде-бір сот отырысы болмады. Екі жақты татуластыру үшін 16-шы қазанда сот отырысы өтеді. Мүмкін мәселе бейбіт түрде шешілетін шығар. Сонымен қатар, барлық өтініштерді қарау керек» деді судья Нұржан Қалымжанова.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Air Astana компаниясы ұшағының жолаушысы Оғыз Доған бортсеріктің мемлекеттік тілді білмейтінін және қазақ тілінде қызмет көрсетпеді деп айыптаған видеосы таралды. Оқиға 14-ші тамызда болды.