"Мажор-министрлер" елде не болып жатқанын да білмейді - көп балалы ана

Картинки по запросу алия садырбаева

"Атамекен" ҰКП Қарағанды облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы және қоғам қайраткері Әлия Садырбаева Қазақстан үкіметінің мүшелері елде не болып жатқанын мүлдем білмейтінін айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі. 

Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Біздің мемлекетті 70-ші жылдары туған министрлердің басқарып отырғанына қарап отырып, Вадим Борейконың мақаласындағы "Биліктегі мажорлар" деген теңеуі есіме түсіп отыр. Мен "плюс-минус 40" жастағы басқарушылар елдегі экономикалық жағдайдан мүлдем хабарсыз деген тұжырымға келдім.

Осыған дейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баға тұрақсыздығына қазақстандықтардың өздері кінәлі деп мәлімдеп еді, себебі, "кәсіпкерлер ұсынған бағаға үндемей келісе салады" екен. Ал, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев одан да әрі кетіп, барлық жағдайға қазақстандықтарды кінәлі қыла салды.

Оның пайымдауынша, инфляцияның басты факторы - "Халықтың баға өсімі туралы көп ойлауы" екен».

Садырбаева, сонымен қатар, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа да қатысты сөз қозғады: Осыған дейін министр Бозымбаев бензин бағасы өспейді, рубль курсы мұнай өнімдерінің бағасына еш әсер етпейді деп сендіріп келген еді, алайда, соңғы үкімет жиынында баға өсуіне мұнай импортының бағасы әсер ететіндігін ақыры мойындап тынды, - деп жазады автор.

Іскер әйел әлеуметтік саладағы олқылықтарды да тілге тиек етті.

«Көп балалы аналарды 9440 теңге көлеміндегі титтей жәрдемақыдан қалай айыруға болады, өздері болса миллиондап айлық алып отыр? Егер олар бұл ақшаны (9440 тг) бере отырып бізді мемлекет асырауындағы адамдар деп санаса, онда миллиондап айлық алатын өздерін кім деп санайтындарын ойлауға да қорқамын!» — деп жазылған постта.

qazaquni.kz