Валюта бағамы USD : 333.57 | EUR : 391.81 | CNY : 50.37

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Сәбит ДОСАНОВ: ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ЗАМАНА ТАЛАБЫ

Негізінен латын әліпбиіне көшу мәселесі осыдан жиырма жыл бұрын басталған. Соңғы он жылдықта бұл мәселе өте белсенді түрде көтеріле бастады. Жақында ғана біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, жаңа нұсқамен танысты. Басқосу барысында мемлекет басшысы:

– Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді.

Латын әліпбиіне көшу – біздің еліміз үшін маңызды қадам. Сондықтан да бұл мәселеде билік басындағылардың ең бірінші кезекте халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ асуы айрықша құбылыс деп бағалаған болар едім.

Латын әліпбиін қоғамдық талқылау кезінде мен де республикалық басылымдар арқылы өз көзқарасымды білдірдім. Сонда айтылған пікірлердің біршамасы жаңа нұсқада ескерілгені көңіліме қуаныш ұялатты.

Латын әліпбиіне көшу – замана талабы. Сол себепті де өркениеттен қалмау үшін бұл бізге бұл тұрғыда шапшаңдық таныту да қажет.Өйткені, «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, 2025 жыл да иек астында тұр.

Сондай-ақ, бұл тұрғыда айта кетуге тиісті дүние – латын әліпбиіне көшуді әу бастан қолдап келе жатқан белгілі қоғам қайраткері, ақын, «Қазақ үні» газетінің президенті, Қазыбек Исаның ұсыныстары әліпбидің жаңа нұсқасында ескерілгені де – барлығымыздың ортақ қуанышымыз деп білемін. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, көптің талқысына салу арқылы жемісті жұмыс істелді. Президентіміздің кемеңгерлігімен, ғалымдарымыздың белсенді жұмысының арқасында жаңа әліпби өмірге келді. Ендеше, жаңа әліпбиіміз елімізге жаңа қуаныштар алып келсін деп тілейміз. Жаңа әліпбимен тек ғана жағымды жаңалықтарды жазуды Жаратқан иеміз нәсіп етсін!

Сәбит Досанов, 

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

«Қазақ үні» ұлттық порталы





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*