"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Талғат ТЕМЕНОВ: ӨНЕРЛІ ҰРПАҚ ҚЫЛМЫСҚА БАРМАЙДЫ

%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b3%d0%b0%d1%82

Талғат Теменовтің есімі бар­ша­мызға жақсы таныс. Ежелден тамыр жайған халық мұрасынан нәр алған, ұлттық болмысымен дараланған дарын қазіргі таңда театр сахнасында да, кино өне­рін­де де өзіндік қайталанбас қол­таңбасы бар талантты тұлғаға айналған. Киелі қазақ өнерінің бар қадір-қасиетін бойына сіңір­ген белгілі режиссер кино және театр саласындағы тағы­лымды туындылары арқылы ұлтымыз­дың руханият өрісін кеңейтіп, жауқазын жастарды рухани биіктікке, рухани тазалыққа тәр­биелеп жүр. Қазақ театр өнерінің әлем сахнасында салтанат құру­ына атсалысуды перзенттік пары­зы санайтын сахна шебері қазақ өнері мен мәдениетін дүние жүзіне таныту мақсатында аян­бай еңбек етіп келеді. Ұлты­мыздың руханиятын ұлықтаған кинодраматург бұл күндері жаңа бастамаларымен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойын­ша да жан-жақты сан салалы жұмыстарға кірісіп кеткен. Осы орайда, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Қазақстанның Халық артисі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат ТЕМЕНОВПЕН әңгімелескен еді. 

ЭКСПО көрмесі қазақ театры үшін әлемдік кеңістікке жол ашты

– Талғат Досымғалиұлы, әңгімемізді биыл Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесінен бастасақ. Саясат сахнасындағы 115 көшбасшы мем­ле­­кеттің қатысуымен өткен әлемдік көрме аясында 3000 мәдени іс-шара ұйым­дастырылды. Дүние жүзіне ұлттық мәдениетімізді наси­хат­таудағы, қазақ өнерін әлемдік биікке көтерудегі ЭКСПО көрмесінің маңызды­лығы қандай болды?   

– Бүгінгі таңда әлемдік кеңістікке шыққан Қазақстан – 166 жылдық тари­хы бар ЭКСПО көрмесін өткізген Орта Азия және ТМД елдеріндегі тұңғыш мемлекет. Сонау 1851 жылдан бастау алған бұл көрме ғаламдық өркениет тари­хындағы маңызды оқиға болып та­былады. Жаңа ғасырда жер жаһан наза­рын Қазақстанға аударған халықаралық көрме дүниежүзілік саясат сахнасында қанатын кеңге жайып келе жатқан егемен еліміздің әлемдік имиджін жаңа деңгейге көтеріп, беделін биіктетті. Сарыарқа төрінде асқақтаған Астана бүгін­гі таңда ұлттық руханиятымыздың, ғылым-білімнің, мәдениет пен өнердің өнегелі ордасына, еліміздің саяси-эко­номи­калық қаржы орталығына айнал­ды. Әлем­нің түкпір-түкпірінен көрмеге келген шетел­дік қонақтарды Астана арайланған ажарымен өзіне ғашық қылды. ЭКСПО көрмесі тәуелсіздігі­міздің тарихындағы елеулі оқиға болды. Есіл ауданында бой көтерген ЭКСПО қалашығы қазақстандық­тарға әлі талай жыл қызмет етері анық. ЭКСПО көрме­сі аясында қанат жайған «Этно­ауыл» ұлттық мәдени кешеніндегі мәдени ша­раларда шетелдіктер әлемдік өркениет қазынасын толтыратын ғажайып ұлт­тық құндылықтарымызбен жақын та­ныс­ты. Алтын бесік атамекенімізде өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарла­масы жаңа дәуірде өркениет биігіне көте­рілген тәуелсіз қазақ елінің мәде­ниет және спорт саласындағы же­тіс­тіктерін күллі әлемге паш етіп, Сары­арқа алабын рухани мереке алаңына  айналдырды. Биыл ЭКСПО көрмесі аясында өткен Ә.Мәмбе­товтің 85 жыл­ды­ғына арналған «Сахнадан сәлем!» V ха­лықаралық театр фестивалі, аты аңыз­ға айналған театр тарланы Асанәлі Әші­мовтің 80 жылдығына арналған І Дүние­жүзілік «Астана» театр фестивалі, XІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофести­валі, «Опералия-2017» опера өнерінің ХХV дүниежүзілік байқауы, әлемдік балеттің шоқ жұлдыздары шоғырланған  Халықара­лық балет әртістерінің бай­қауы, Қазақ­стан­дағы 15 облыстың мәде­ни күндері, ашық аспан астындағы спектакльдер мен концерттер тәрізді көптеген рухани маңызы терең мәдени шаралар дүние жүзіне қазақ мәдениеті мен ұлттық өнерімізді асқақ­татты. ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдар­ла­масы аясындағы «Опералия» халық­аралық опера өнерінің байқауына әлем­ге әйгілі опера әншісі әрі дирижер Пла­сидо Домингоның, ал халықаралық «Еура­зия» кинофестиваліне Николас Кейдж, Джон Малкович пен Эдриен Броуди тәрізді голливуд жұлдыздары­ның Астанаға келуі еліміздің мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. ЭКСПО көрмесін көру үшін Астанаға келген әрбір адам ұлт­тық руханиятымыздан нәр алып, дүние­жүзілік мәдениеттің бұлағынан сусындады. Театр өнеріне келсек, Асанәлі Әшімовтің 80 жылды­ғы­на арналған І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде көрермен қауым Ресей, Беларусь, Қытай, Латвия, Оңтүстік Корея, Грузия, Әзірбайжан, Қыр­ғызстанның театр ұжымдарының өнерін тамашалады. Бұл маңызды мәдени шараға Астана Жастар театры, Астана Мюзикл театрлары да қатысты. Әлемнің әр түкпі­рінен келген шығарма­шылық ұжымдардың арасында өнер көрсеткен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық  музы­ка­лық драма театры «Аққудың көз жасы» қойылымын сахналады. Адам­заттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтың қос туындысы («Жәмила» повесі, «Боранды бекет» романы) желісімен сахналанған бұл лирикалық драма адам жүрегіндегі ең асыл сезім – сүйіспеншіліктің құдіреті мен қасие­ті туралы тұңғиық сыр шертеді. Алғаш­қы махаббат пен аңызға айналар шынайы махаббаттың қара түнекті, надан­дық зұлымдығын жеңетін керемет күшін көрсетеді. Аталған дүниежүзілік фести­валь­дегі бұл қойылым шетелдік қонақ­тар­дың сезімін селт еткізіп, жан-дүние­сін теңіз­дей тебірентті. Айта кетерлігі, Лондон­нан келген бір топ театр қай­раткерлері, Шыңғыс Айтматов атын­дағы халықаралық қордың мүшелері теа­трымыздың ұжымын келесі жылы Лондонда өтетін Ш.Айтма­товтың 90 жыл­дық мерейтойына арналған халық­аралық фестивальге қатысуға шақыр­ды. 150 жылдық тарихы бар шетелдік театр ұжымдарының өнерін тамашалау біз үшін үлкен мектеп болды. Жалпы, халық­­аралық кинофестивальдар мен театр фес­тивальдарындағы мақсатымыз өз өнерімізді көрсету ғана емес, сондай-ақ, мұндай мәдени шараларда өзгелердің өнерімен танысуды, өзіміздің қай биік­ке жеткені­мізді бағалауды, өзіміздің қай биікте тұрғанымызды бағдарлауды мұрат тұтамыз. Театр фестивалінің негіз­гі миссиясы осы.

 whatsapp-image-2017-08-04-at-11-20

Қазақ театрының даму деңгейі бірде-бір елдегі театрлардан кем емес

– Сіз биыл ЭКСПО жаһандық жобасы аясында өткен «Сахнадан сәлем!» атты V халықаралық театр фес­тивалінде сарапшы­лар алқасында, ІV Этникалық театрлар фестивалінде, Каспий жағалауы елдерінің халық­аралық  театр фестивалінде қазылар алқа­сында төрағалық еттіңіз. Сондай-ақ, Қырғызстандағы «Арт-Ордо» халық­аралық театр фестивалінде қазылар алқа­сының мүшесі болдыңыз. Өрке­ниетті елдермен салыстырғанда қазіргі қазақ театрының даму деңгейі қандай?

– Ежелден рухани ұлттық мұрала­ры­мыздың інжу-маржандарын жанына балап өскен қазақ халқында театр өнері кеш дамыды. Әлем тарихына зер салсақ, дүние жүзі мемлекеттеріне қарағанда театр өнері бізге кеш келген өнер. Төл тарихымызға үңілсек, ұлттық театр өнері 1913 жылы жазылған Мұхтар Әуе­зовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан баста­лады. 1926 жылы негізі қаланған қазақ өнерінің қарашаңырағы, қазақтың тұң­ғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры биыл 92-маусымның шымыл­дығын ашты. Қазақстандағы ұлттық кәсіби театр өнеріне әлі жүз жыл болған жоқ. Бірақ соған қарамастан қазақтың театр өнері қазіргі таңда өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Бүгінгі таңда қазақ театрының даму деңгейі бірде-бір мемлекеттен кем емес екенін, қайта көп жерлерде біздің биік тұрға­нымызды өз өнеріміз арқылы дәлелдедік. Биыл 5-6 театр фестивалінде төраға болған кезімде мен бұған анық көз жеткіздім. Ұлттық өнерімізді әлем­дік асқар шыңға көтеруге өз үлесін қосып келе жатқан театр ұжымдары шетел­дік қонақ­тарға қазіргі қазақ өнері­нің өркендегенін дәлелдеді. Биыл дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі аясында өткен халықаралық театр фестивальдері ұлт руханиятының әлемдік кеңістікке қанат қағуына жаңа жол ашты. Мыса­лы, биыл І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде келесі жылы Лон­донда өтетін Ш.Айтматовтың 90 жыл­дық мерей­тойына арналған халық­аралық фести­вальге қатысуға шақырту алуымыз 25 жылдық тарихы бар өнер ордамыз үшін үлкен абырой болды. Шетелдік театр қайраткерлерінен Лон­дон сахнасында өнер көрсетуге шақыр­ту алуымыз – біздің театрымыздың өнеріне риза болғандығының айқын дәлелі. Айта кетерлігі, біз былтыр қараша айында театрымыздың 25 жыл­дық мерейтойын дүркіретіп атап өттік. Ұлт руханиятының әлемдік кеңістікке шығуына жан-жақты жағдай жасап жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың жылы лебіздерге, таза тілектерге толы Құттықтау хатын алдық. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшы­сынан, ҚР вице-премьерінен, ҚР Сенат төрағасы­нан, ҚР Мәжіліс төрағасынан Құттық­тау хаттар алдық. Мәскеудегі Ресей театр қайраткерлері одағының төрағасы Александр Калягиннен, белгілі ресей­лік театр және кино актері Сергей Безруковтан бейнеқұттықтаулардың келуі театрымыздың асқақ абыройы деп білемін. 2015 жылы Мәскеудегі «Золо­той Витязь» XІІІ халық­аралық театр фестивалінде Қ.Қуанышбаев театры сахналаған «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы гран-при иегері атанды. Бұл біздің театр тарихындағы елеулі оқиға болды. Себебі, ол халық­аралық фестивальға қазақ театрлары қатысқан емес, бас жүлдеге қол жеткіз­ген емес. Мәскеу қаласы театрдың меккесі деуге болады. Әлем мойындаған орыс театрының мықты сыншылары біз сахналаған қойы­лымға  бас иді, риза болды. Фестивальде Бас жүлдені жеңіп алғанымыз қазақ өнерінің биігі, мақта­нышы, мемлекетіміздің мерейі. Бұл тек қана менің мақтанышым емес.

– Биылғы фестивальдерде еліміздің әр өңіріндегі өнер ордаларындағы қандай жас актерлер таудай талабымен ерекшеленді?

– Биыл қыркүйек айында еңселі Елордамызда көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арнал­­ған Қазақстан драма театрлары­ның ХХV республикалық фестивалі және Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің І республикалық фо­рум-фестивалі өтті. Өнерлі жастар – қазақ театрының ертеңі. Жастарға тә­жі­рибе мектебі болған бұл іргелі шара­лар талабы таудай жас талант­тар­ды ашу, өнерінің өрісін кеңейту, оларға қолдау көрсету мақсатын көздеді. Ұлттық сах­на өнерінің кең құлаш жайып, әлем алдын­да танылуы келешектің кірпішін қалайтын, еліміздің ертеңін жалғайтын жас­тарға байланысты. Мен талантты жас­­тарды бөліп-жарып, жеке-жеке атын атап көрсеткім келмейді. Себебі, біреуінің аты-жөнін атап, екіншісін ұмы­тып кетіп, оларды ренжітіп алуым мүмкін. Мен жастардың жүрегін жара­лап, көңіліне қаяу түсіргім келмейді. Жастардың барлығы Димаш емес, Мейрамбек емес, Қайрат Нұртас емес. Алаш арысы Мағжан ақын айтпақшы, «Мен жастарға сенемін!».

Театр ана тілімізді өркендететін қасиетті орда

–  Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие берудегі театрдың рөлі қандай?       

– Театр тек қана комедия көріп, күліп қайтатын жер емес, өмірдің айна­сына үңілді­ретін театр – тәрбие мекте­бі. Солай болып мәңгі қала береді. Жас ұрпақтың жүрегіне тікелей жол таба­тын театр мен кино. Мысалы, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Банды­ны қуған Хамит», «Менің атым Қожа» фильмдері, көгілдір экрандағы Абай, Абылай хан, Жамбыл бейнелері, Шә­кен Айманов жасаған образдар рухани қоржынымызды байытып, бойымызға парасаттылықтың дәнін дарытып, талай ұрпақты тәрбиеледі. Ұлттық киноөнері­міз­дің бай қазынасына айналған қазақ кино­сын көріп өскен бірнеше буын кейіп­кер­лерге қарап бой түзеді. Өкініш­ке қарай, соңғы жиырма жылда атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы шетелдік фильм­дер жас толқынның рухани азығына айнал­ды. Негізінде, әсіресе, жастар жағы кейіп­керлеріне көп еліктейтін бұл шетелдік фильмдер­дің астарында көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын идеология жатыр.

Театр тағылым ордасы, сондай-ақ, ана сүтімен ділімізге дарыған, ана тіліміздің арқауы болатын алтын ошақ деп білемін. Театр ұлтымыздың жаны, жүрегі мен тірегі болып табылатын ана тілімізді өркендететін, аясын кеңейте­тін қасиетті орда. Қазақ тілінің қадірін білетін, өнер ордаларының өмірдегі рухани маңы­зын түсінетін ұлағатты ұстаздардың шә­кірт­тері де театрға іңкәр болып өсетініне сенемін.

Дала даныш­пандары болған ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жат­қан тағылымды тәрбиенің басы, түзу тәлімнің өзегі театрға тіреледі. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ақын айтпақ­шы, біз рухани құндылығын жоймайтын қойылымдарға жаңадан жан бітіріп, сахна­да қайтадан түрлендіріп, бүгінгі көрермен назарына ұсынамыз. Бұл тәрбиенің бір бөлігі, бір бағыты. Сон­дықтан өркениетті мем­лекет, өрке­ниетті ел боламыз десек, бізге өнер ошақ­тарының санын көбейту керек. Өйткені, өнерлі ұрпақ қылмысқа бармайды. Рухы биік, санасы сергек ұрпақ заңның ала жібін аттамайды.

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Біз ХХІ ғасыр­дың жаһандық картасында ешкімге ұқса­майтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Мәдени қазынала­рымызды әлем жұртшы­лы­­ғына таныс­ты­ру­дың мүлдем жаңа тәсілдерін ойлас­тыру керек» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда ұлттық өнеріміз бен мәде­ниетімізді әлем сахнасына қалай шыға­руға болады?          

– Ғаламшардағы әрбір мемлекетті  дүние жүзіне экономикасы, білім-ғылымы, өнері, мәде­ниеті мен спорты танытады. Өнер мен мәдениет мемле­кет­тің мерейін өсіреді. Қазақ өнерін әлемге танытудың бірден-бір жолы – таланттарда. Құдайға шүкір, біздің байлығымыз жетеді. Қазақ­стан­ның әрбір адамын байлыққа көметін­дей мұнайымыз, алтынымыз, Байқоңы­рымыз бар, қойнауы қазынаға толы кең-байтақ жеріміз бар. Өнер мен мәдениет саласындағы таланттарымызды еліміз­дің құнды қазыналарының қатарына қосуға болады. Біздің таланттарымыз – ғұлама ғалымдарымыз, өнер жұлдыз­дары мен спорт­шыларымыз. Бұларды ұлттық байлы­ғымыздың бірі деуге болады. Кезінде Жапонияның талантты кинорежиссері Акира Куросаваны ұлт­тық байлық деп жариялаған еді. Біздің де күллі әлемге мақтан тұтар таудай тұлғаларымыз, ұлттық байлықтарымыз бар. Ұлт үшін, халық үшін қызмет еткен Алаш арыстары Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітова, Шә­кен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Әлібек Дінішев, Нұрмұхан Жантөрин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан – біздің ұлттық байлығымыз. Бір Мұқағали қазақ халқын 40 жыл бойы рухани сусын­датты. Күләш Байсейітова, Роза Бағла­нова мен Бибігүл Төлегенова үшеуі қазақ халқының жанын әдемі сазға бөледі. Жоғарыда аталған алыптардың барлығы ұлттық геноқорымыздың алтын бағандары деуге болады. Елімізді әлемге танытудың бірден-бір жолы ұлттық таланттарды шет елге шығару. Мысалы, биыл өнерімен өрге жүзген жас әнші Димаш Құдайбергенов Қы­тайдағы «І’m a sіnger-2017» халық­аралық ән байқауына қатысып, күллі әлемді талантымен тамсан­дырды. 1 млрд. 300 млн. халқы бар Қытай мемлекеті Димаштың өнеріне бас иді. Талантымен өз ортасынан озған өнерпаз екі  мемле­кеттің ортасында бұрынғы са­лын­ған көпірді алтын көпірге айналдырды. Топ жарған Димаш өзінің талантымен Қазақстанды дүние жүзіне таныта түсті, қазақ өнерін әлемдік биіктен көрсетті.

g35a1379

Қазақ театры өнегелі өнер ордасына айналады

– Жеке шығармашылығыңыздағы жаңалықтармен бөліссеңіз.                               – Биыл Астанада 1 маусым – Халық­аралық балаларды қорғау күні мереке­сіне орай «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем фильмімнің тұсауы кесілді. Отбасы­лық құндылықтардың адамзат үшін маңыз­ды­лығын көрсететін картина балалар үйінде тұратын алты жастағы Бибол мен зейнет жасқа келіп, туған қы­зынан қайыр көрмеген Қасымхан есімді қарияның жал­ғыздығы мен досты­ғы жайлы  хикаялайды. Жастарды жақсылыққа, адамгершілікке, бауыр­машылыққа тәрбиелеу мақсатын көз­дей­тін бұл фильм көрерменнің жүрегіне жол табады деген үміттемін. Бұл фильм биыл Ялтадағы, Шанхайдағы және Қазандағы халықаралық кинофести­валь­­дерге қатысуға шақырту алды. «Үш күнін ойламаған әйелден без, үш жылын ойламаған еркектен без» деген қазақта сөз бар. Жоспарсыз адам бол­майды. Болашақ­та да фильмдер түсіруді жоспарлап қой­дым. Өнер адамдары, режиссерлар үш жыл емес, 5—10 жылы­мызды бұрын жоспарлап отырамыз. Қазір қолымда түсіруді жос­парлап қойған фильмдердің сценарийлері бар. Дүниедегі ең қиын нәрсе адам сұрып­тау. Режиссер бүкіл халықтың ойынан шыға­тын кейіпкерді таба білу керек. Мысалы, ұзақ уақыт жүргізілген кас­тингте Биболдың рөліне екі мың бала бақ сынады. Солардың ішінен Әнуар Төлеуғажыны таңдадым. Талантты таба білу математи­каға көнбейтін, компью­терге бағынбайтын нәрсе. Режиссер бойында Алла Тағала берген кісі тану­шылық қасиет болуы тиіс. Сондықтан менің кейіпкерлерімнің барлы­ғы бүгінгі халыққа танымал. Мен таныған, мен ашқан жұлдыздардың саны бүгінде ұшан-теңіз. Бойымда Алла Тағаланың берген таланты, дарыны болса, соны қолым­­нан келгенше халықтың игілігіне жұмсағым келеді. Театр және кино өнерін­дегі туындыларым халықтың жүре­гіне жол тапса, бұл мен үшін өмірдегі және өнердегі ең үлкен бақыт. Талғампаз көрермендердің көңілінен шықсам, мен үшін ең үлкен қуаныш. Биыл мен еліміздегі 5-6 халық­аралық театр фестивалінде қазылар алқа­сының төрағасы ретінде тағайындалдым. Сондай-ақ, Бішкектегі, Ялтадағы халық­аралық театрлар сайысында да қазылар алқасының құрамында болдым. Шет елдердегі фестивальдерге мені ша­қы­руы маған деген құрмет емес, қазақ халқы­на деген құрмет деп түсінемін. Мен басқа біреулер секілді түшкіріп қалса, әлемге жар салып, Іnstagram мен Facebook парақша­сына өзімнің суретім­ді қоятын адам емес­пін. Әлі күнге дейін мен осы екі әлеуметтік желіде тіркел­ген жоқпын. Біріншіден, менің оған уақытым жоқ. Екіншіден, мен инста­грам мен фейсбукта отырсам, пьесаны кім жазады? Сценарийді кім жазады? Пьеса демекші, мен жақында Оралхан Бөкей­дің «Мынау аппақ дүние», «Қар қызы», «Қас­қыр ұлыған түнде» атты үш әңгіме­сінен пьеса жаздым. Қазіргі күннің өзінде бұл пьесаны Қазақ­станның бірне­ше театры сахналауға ұсыныс жасады. Бұл өте қуанышты жағдай. Өйткені, бүгінгі күнде жақсы драматургтер аза­йып кетті. Қазіргі кезде сахнаның, драма­тургияның заңын білетін кісі көп емес. Сондықтан біздің үміт артаты­нымыз – қазақ прозасы. Бүгінгі ком­пьютер мен интернет зама­нында, жұрт кітап оқымайтын кезеңде шығармасы тұрмақ, аты-жөні белгісіз болып қалған жазу­шыларымызды жаңа­ша жаңғыр­тып, көрерменге қайта таныстыратын, қайтадан жолықтыра­тын театр мен кино өнері. Менің көз­деген мақсатым – қазақ жазушылары­ның сахнаға да, экранға да сұранып тұрған шығармаларын қолым­нан кел­генше әлемдік театр сахнасына, көгілдір экранға жетелеу. Біле білсек, қазақтың қуатты қалам­герлерінің әрбір туын­дысы экранға сұранып тұрған дайын дүниелер. Талай ұрпақты тәр­биелеген кешегі Әуезовтен Оралханға дейінгі, Ғабеңнен Қалиханға дейінгі, Тахауидан Марат Қабанбаевқа дейінгі жазушы­ларымыздың 99 пайызының экран мен сахнада бағы жанбады. Ол дәуір проза­ның заманы еді.  Ол кездер бү­­гінгідей интернет пен телевидение дамымаған, елдің бәрі кітап оқитын алтын уақыт­тар болатын. Алтын кезең­дерде жазыл­ған жақұт шығар­маларды бүгінгі заман талабына сай сахналап, жаңаша жаң­ғыр­тып, көрерменге қайта­дан табыс­тыру – бұл өнердің мис­сиясы. Әдебиет­тің миссиясы көп жағдайда орындалды. Біз әдебиетке қарыздармыз. Енді сол әдебиетті өнерге айналдыру керек. Әдебиетті мәдениет арқылы қайтадан суару керек. Бүгін көзі тірі жазушылар­дың көбісі өздерінің жазған шығарма­ларын театрға әкеліп тыққыш­тап жата­ды. Өмірден өтіп кеткен қан­шама жазу­шыларымыз бар. Ал олардың шығар­маларын кім жоқтайды? Кітап оқымай­тын бүгінгі заманда біздер, ре­жиссерлер осы маңызды мәселеге бас­қа­ша көзбен қарауы­мыз керек. Біздің ұлттық проза­мыз ұшан-теңіз. Біз бүгін сол ұшан-теңіз мұхитқа бет алуымыз керек және соған шомылуымыз керек.

Өнерді жасайтын тұлғалар. Театр­дағы қойылым да, көгілдір экрандағы кино да ұжымдық жұмыс болып санал­ғанмен, негізі оны дүниеге әкелетін –режиссер. Бүгінде бір кітап оқымайтын әртістер көп. Театрда бір роман оқып шықпаған басшылар бар. Олар театрды дамытып, жұмысын алға бастыра алмайды. Театр тұғырын биіктету үшін тұлға болу керек. Сенің аты-жөніңді Қазақстан емес, басқа ел-жұрт білуі керек. Сондықтан театрға бүгін қойыла­тын талап та өзгеше. Қ.Қуанышбаев театрында қызмет еткен Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, Ә.Мәм­бетов тәрізді талай талантты тұлға­лар­дың арманы Астанада жаңадан салын­ған қазақ теа­трында еңбек ету еді. Алайда, олардың арманы орындалған жоқ. Қуаны­шы­мызға орай, қазір осы мәселені шешкен тәріздіміз. Елордамызда «Астана Опе­ра», «Астана Балет» тәрізді руханият­тың, өрке­ниеттің көзайымы болатын зәулім ғимарат бой көтереді деген үміттемін. «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрла­рының салынуы тек Қазақ­­станның мақтанышы ғана емес, бұл әлемдік өркениеттің жақұттары деп айтуға болады. Қазақ театрының салы­натынына, әрі оның осы театрлардан кем болмайтынына сенемін. Болашақта жаңадан салынатын қазақ театры да әлемге нұрын шашатын өнегелі өнер ордасына айналады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!    

Сұхбаттасқан – Балнұр АХМЕТ. 





3 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. шал 12 Қазан, 2017, 16:35

    осы киси туралы ютубта мухтар шаханов агамыздын бир аиткан сози бар еди есиме туспеи тур билетиндер бармекен.

    Жауап жазу
  2. Есауыл 12 Қазан, 2017, 16:49

    Дурыс айтасын, Талгат.

    Жауап жазу
  3. САЛИХА 12 Қазан, 2017, 17:02

    «Алтын кезең­дерде жазыл­ған жақұт шығар­маларды бүгінгі заман талабына сай сахналап, жаңаша жаң­ғыр­тып, көрерменге қайта­дан табыс­тыру – бұл өнердің мис­сиясы. Әдебиет­тің миссиясы көп жағдайда орындалды. Біз әдебиетке қарыздармыз. Енді сол әдебиетті өнерге айналдыру керек. Әдебиетті мәдениет арқылы қайтадан суару керек», -деген Талғат ағаның пікірін оқып отырғанда, әрбір өнер адамы солай ойласа, сол әдеби туындыларды өнерге айналдырса, немерелеріміз шетелдің болымсыз мультфилмдеріне телмірмес еді әрі рухани нәр алып, жан дүниесі байитын еді дер қуанып қалдым.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*