Қазыбек Иса. ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ТАЛҚЫЛАУДЫҢ  ЖАРҚЫН НӘТИЖЕСІ

  Латын әліпбиінің парламентте талқыланған нұсқасы елдің көңілінен шықпай, жалпыхалықтық талқылау тағы да жалғасты. Ең басты дау – қазақтың төл дыбыстарының екі әріпті болып келуі. Бұндай көңілге қонымсыз нұсқа түсініксіздік пен қолайсыздыққа тап қылатыны анық еді. Бір қуанарлығы, Елбасы алғашқы нұсқаға қол қоймай, бүкілхалықтық талқылауды жалғастырғандықтан, ақыры міне, ел көңілінен шығатын қонымды нұсқа дайындалды.
Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған, қос әріпті болып келген қазақтың төл дауысты – ә, ө, ү және т.б. дыбыстар жаңа нұсқада толық шешімін тауып, енді олар бір әріп болатын болды. Әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылады, яғни апокрифпен белгіленеді. Қорытындысында, халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы жарық көрді..
Латын әліпбиіне өтуді  өзінің Ұлттық концепсиясында  2007 жылдан бері көтеріп келе жатқан «Ақ жол» партиясы да латын әліпбиін талқылаған келелі кеңестер өткізіп, бұған дейін де, өз ұсыныстарын жіберген еді. Ал «Қазақ үні» газеті латын әліпбиінің алғашқы нұсқасындағы даулы әріптерге байланысты жүйелі түрде мақалалар жариялады.  Бұл тақырыпқа оншақты жылдан бері қалам тартып келе жатқандықтан  «ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ҮШІН ЖАҢАРУЫ КЕРЕК» деген, елден ерекше қолдау тапқан  мақаламда   қазақтың төл дауысты дыбыстарының қос әріппен белгіленуіне - диграфтарға қарсы шығып, онда өзге нұсқа ұсынған  болатынмын.  Сонымен  «Ақ  жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің бастамасымен  жаңа жобаға  өз ұсыныстарымызды партияда талқылап, арнайы комиссияға жібердік. Ал кеше Елбасымыздың алдында арнайы комиссия латын әліпбиінің жаңа жобасын жариялағанда біз де ұтымды ұсыныстарымыздың  жаңа нұсқада жақсы көрініс тапқанын көріп, қуанып қалдық. Сөзім құрғақ болмас үшін ұсынған нұсқаны келтіре кетейік: "Мысалы,  «Ә» әрпін  А’,  «Ө» әрпін  О‘,   «Ү» әрпін  U‘,  «Ғ» әрпін   G’,  «Ң» әрпін  N’,  «І і» әрпін  І і,  «Ш» әрпін   S’,  «Ж» әрпін   Z’  деп, апокрифпен  белгілеуге болмай ма?  Бұл апокрифтер, ноқат дейміз бе, латын жазбасында, компьютер пернетақтасында да, кез келген смартфонда да бар таңба"- деп жаздық  Qazaquni.kz  порталында 2017 жылғы 12 қыркүйекте жарияланған  аталмыш  мақалада. Осы  ұсынылған нұсқадағы  11 әріптің  9 әріпі  жаңа нұсқада  қабылданыпты. Әрине,  латын әліпбиін дайындаудағы арнайы комиссия жаңа нұсқаның жекелеген әріптеріне байланысты  әлі де ұтымды ұсыныстар болса, қаралатынын мәлімдеді. Рухани жаңғыруымызға темірқазық болып отырған латын әліпбиін талқылауға  бүкіл халықтың қатысқанын, қолдап жатқанына қарап, жаңа әліпбіиіміздің болашағы айқын болады деп сенеміз. Латын әліпбиін қабылдау – Рухани Тәуелсіздік екенін жақсы түсініп келе жатқан елдің сенімі көңіл қуантады. Латын әліпбиі қабылданған соң мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болады. Мемлекеттік әліпби – мемлекеттің тұтастығы үшін қызмет етеді. Латын қарпін талқылауда  зор белсенділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиімізді  өмірге енгізуде де  қарқынды қайрат танытуы тиіс.  Яғни, қолға алып қана қоймай, қолдануды да бастай беруіміз керек. Жаңа рухани жетістікке  жетелейтін жаңа латын әліпбиі – жалпыұлттық  талқылаудың жарқын нәтижесі.   Қазыбек ИСА,  «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары.  Qazaquni.kz           http://www.qazaquni.kz/2017/09/12/74592.html