2017 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері анықталды

Әдебиет саласы бойынша 2017 жылғы Нобель сыйлығының иегері анықталды. Биыл бұл атаққа тегі жапониялық британ жазушысы Кадзуо Исигуро ие болды, - деп хабарлайды massaget.kz.

Мәртебелі сыйлыққа таласта Кадзуо Исигуро басты үміткерлер қатарында болған жапон жазушысы Харуки Мураками мен сириялық ақын Адонистен озық шықты.

Кадзуо Исигуро 1954 жылы Нагасакиде мұхиттанушының отбасында дүниеге келген. Әдебиеттегі жолы 1981 жылы басталыпты. Алғаш рет ертегі жазып, оқырмандар талғамынан шыққан. 1982 жылы алғашқы романын жазған. Араға 4 жыл сала «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романын аяқтаған.

Жазушы бірінші романынан кейін-ақ «ең жас британдық жазушы» грантына ие болған. Ол «Өткен күннің қалдығы», «Мені жібере көрме» және «Көмбедегі дәу» романдарымен танымал. Шығармалары әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған.

Кадзуо Исигуро әйелі Лорна Макдугал және қызымен бірге Лондонда тұрады. 2005 жылы жазған «Мені жібере көрме» романы "Time" журналы түзген ағылшын әдебиеті тарихындағы үздік 100 роман рейтингіне енген.

Нобель сыйлығы жазушыға «романдарында ерекше көңіл-күй құдіретін аша біліп, адамды әлеммен байланыстыратын елес сезімге тартар тұңғиықты аша білгені» үшін табысталды деп хабарлайды швед академиясы.

Марапаттау шарасы 10 желтоқсан күні (Альфред Нобель дүниеден озған күн) Стокгольмде өтеді.

2017 жылғы Нобель сыйлығын алған ғалымдарға 9 миллион швед кроны табысталады. Бұл дегеніңіз - 1,118 миллион АҚШ долларына тең.

Өткен жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын америкалық музыкант Боб Дилан иеленген болатын.

Айта кетейік, осыған дейін физология мен медицина және химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталған еді.