"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Есенин мен Есенғали

«ПЛАНЕТА БОП ЕСЕНИН АЙНАЛЫП ЖҮР…»

Жаңа ашылған кіші планеталардың біріне орыстың ұлы ақыны Сергей Александрович Есенин есімі берілді.
Газеттен.
Планета боп Есенин айналып жүр,
Есенғали ауылда қой бағып жүр.
Есенғали ауылда қой бағып жүр,
Есениндей болсам деп ойланып жүр.

Ойланып жүр,
Кетсем деп толғанып жүр,
Зілбатпан боп өтті әйтеуір зорға бір жыл.
Мырзашөлді қимауы бір хикая,
Мырзашөлге сыймауы – ол да бір жыр.

Астанаға қимайды ол осы маңды,
Қимайтындай япыр-ау несі қалды?!
Есенғали қалаға көше алмай жүр,
Есенин көк төріне көшіп алды.

Жігіт емес секілді ед жолы шұбар,
Көне алмай жүр,
Мұнысы, онысы бар…
Мырзашөлге бір дастан жазсам дейді,
Мырза жұртқа болса да борышы бар.

Айту ғана оңай ғой борышты деп,
Тоқсан шешім басына тоғысты кеп.
Перзент тілеп құрдасы егіліп жүр,
Желігіп жүр біреулер соғыс тілеп…

Көкке кетті Есенин серілікпен,
Есенғали мұнда жүр көп үмітпен.
Аспан жақты әзірге қойды-ау деймін,
Жерде өйткені жұмыс көп оны күткен, – деп өзі жырлағандай, қазақтың айтулы ақыны, құрдасым, курстасым, әріптес досым Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов мырзаны әзірге көктен емес, жерден іздеуіміз керек сыңайлы. Жырлары сөзінің сырлы сазымен, төгілген тіл кестесімен, ойлы образға орай беретін бейнелілігімен бөлектеніп тұратын ақын туындыларын қалың жұртшылық қашан да сүйсіне оқиды.

Ол 1957 жылғы бесінші (кей деректерде оныншы) қазан күні Қазақстаннан Өзбекстанға еріксіз берілген Қарақалпақ­станның Хожелі ауданында (қаласында) жарық дүниеге келген. Мынадай парадоксты қараңыздаршы: дәл сол жылы оның жерлесі, жырлары ұлттық поэзиямызға үлкен ықпал жасаған Төлеген Айбергенов жалындаған жиырма жаста болатын. Есенғали туғаннан бір күн бұрын Кеңес Одағында жердің алғашқы жасанды серігі Белка, Стрелкамен қоса-қабат ғарышқа ұшырылғаны да баршаңызға белгілі. Балалық бал дәурені Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының «Келінтөбе» кеңшарында өткен. 1973 жылы №192 орта мектепті бітірген. Сол кезден өлеңдері баспасөз бетінде жарық көре бастапты. 1975-1977 жылдары Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан. Қазақстаннан Өзбекстанның Жызақ облысындағы Мырзашөл аудандық «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген.
1979 жылы Алматыдағы Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің) журналистика факультетіне бірге оқуға түстік. Арамызда Жұмабек Мұқанов, Жетіскен Мәкенәлиев, Манарбек Ізбасаров, Үсен Өмірзақов сынды ақын жігіттер бар (алдыңғы екеуі бақилық болып кетті). Есенғали қай мәселеде де бәрімізден алда тұратын.
Студент кезінің өзінде ақ, яғни 1980 жылы Алматыдағы «Жалын» бас­пасынан «Бастау» атты пышақтың жүзіндей тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Бас­па, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орынды жеңіп алған болатын.
«Жалын» баспасынан шыққан оның ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1986) атты жыр жинақтары көзіқарақты оқырманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Кейінгі туындысы үшін 1990 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған. Бір кездегі «халық жауының» баласы кеңес өкіметі берген сыйлықты алғанда оған таңданыс білдіргендер де табылған.
1983-1987 жылдары республикалық «Жалын» және «Арай» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы ретінде әбден ысылған ол 1988-1995 жылдары «Білім және еңбек» (бүгінде жабылып қалған «Зерде») журналының бас редакторлығына дейін көтерілді. Соңғы он екі жылдың бедерінде «Жазушы» баспасының директоры қызметін абыроймен атқаруда.
Орыстың ұлы ақыны Сергей Александрович Есенинге еліктеп ерте есейген Есенғали уақыт өткен сайын барынша кемелденіп келеді. Соның бәрі көз алдымызда. Өйткені өзге жырсүйер қауым секілді оның баспасөз бетінде жарияланған әрбір өлеңі мен мақаласын, жарық көрген кітабын асыға күтіп, зерделеп оқып жүретін жанның бірімін. Өзбек әдебиетінің классигі Хамза Хаким-заде Ниязидің өлеңдерін туған тілімізге аударып, 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Күрес жыры» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи-танымдық жәдігер саналатын «Әмір Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде оның тәржімасымен сөйлеген. Өзі де бірнеше тіл білетін ақынның туындылары қырғыз, өзбек, орыс, украин, литва, тіпті болгар, чех тілдеріне дейін аударылғаны қай қазақ үшін де мақтаныш-мерей екені мәлім.
Есенғали Раушанов лирикасында ұлттық болмыс суреткерлік шебер­лікпен дараланған, ұлттық психология, этнография ақын өлеңдерінің ішкі иіріміне образдық бояу болып сіңген («Қозының бүйіріндей тойып емген төбелер», «Қатарланған қара нардай азайған қариялар», «Тұлыпқа кеп иіген аруанадай сенің суық ерніңнен іздедім от», т.б.) қара өлең үлгісі Есенғали поэзиясының тірлік желісіне айналған. Ақын шығармашылығында жаңа формалық ізденістер жетерлік, бірақ қаламгердің ерекшелігі дәстүрлі үлгіні қайта жаңғыртуында. Шығыстық сарында жазылған өлеңдері («Сағдише сүю», «Өзбек қызына») мен жыраулық поэзия дәстүріндегі дүниелері («Қарға бойлы Қазтуған», «Азау, саған не дейін», «Абылайдың асында айтылмаған сөз») замана ақиқатын көркемдік тұрғыда ашып көрсетуде азаматтық үнімен айшықталады. Есенғалидың халықтық аңыз, мифологиялық негізде жазылған «Ғайша бибі», «Түн деген Көрұғлы», «Нұқ Пайғамбардың кемесі», тағы басқа туындылары бар. «Ғайша бибі» драмалық дастаны халықтық поэзия қайнарынан нәр алған, жаңалық өрісімен кемел көркемдігімен ерекшеленген құнды шығарма.
Былай қарап отырсаңыздар, Есенғали Раушановтың жүлде алмаған кітабы жоқ сияқты. Әрине олардың бәрі де соған әбден лайықты деп есептейміз. 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық керген «Ғайша-бибі» атты жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленді (1992 ж.). Араға үш жыл салып «Жалын» бас­пасынан «Қара бауыр қасқалдақ» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы баспа бетін көрген. Халқымыздың арасына лаң салған Геннадий Васильевич Колбинді келемеждеп, қазақтың арда ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қадірлеп, құрметтеуге үндейтін осы аттас әнді бүгінде жұрттың бәрі жақсы біледі. Оның сөзін Есенғали Раушанов, ал әнін сазгер жерлесіміз Ілесбек Аманов жазған. «Періштелер мен құстар» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы («Жазушы баспасы, 2005 ж.) үшін Қазақстан Республикасының 2006 жылғы әдебиет, мәдениет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туындысында ұят, иман, обал-сауап сияқты қазақтың «төрт қабырғасын» түгендеуді басты мақсат тұтқан. «Бозаңға біткен бозжусан» («Раритет» баспасы, 2006 ж.), «Құстар – біздің досымыз» («Жазушы» баспасы, 2007 ж.) кітаптарына жауһар жырларымен бірге қосқанаттылар табиғатын сөз еткен этнографиялық новеллалары енген.
Ол сонымен қатар Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар және Қазақ КСР шығармашылық жастардың «Жігер» фестивальдерінің тұңғыш лауреаты. Бірнеше рет еліміздің мәртебелі сыйлықтарын иеленген. «Құрмет» ордені­мен, «Қазақстан Республи­касы Тәуелсіздігінің 10 жыл­ды­ғы» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Қайбір жылдары тіпті «Енді өлең жазбаймын» деп таза жазушылыққа бет бұрғаны да бар. Сөйтіп оның қаламынан «Нұрдан жаралған» атты роман да туды. Онысы «Таң-Шолпан» журналында жарияланған.
Таяуда еліміздің бас газетінде жарияланған өзінің бір топ өлеңдерінің соңғы жағына: «P. S. Тағы да бір айтарым, Раушанов жазған жырды жаттама, керегі жоқ, айнам!» – деп ескерту жасайды. (Қараңыздар, жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газеті, № 172 (29153), 8-қыркүйек 2017 жыл).
Ерекше таң қалатынымыз – Есенғали үшін жұрттың бәрі жерлес, дос, бауыр болып есептелетіні. Оған қарақалпақстандық та, қызылордалық та, жылақтық та, жетісайлық та, ташкенттік те, шымкенттік те, алматылық та, астаналық та, Оңтүстік пен Солтүстіктің, Батыс пен Шығыстың қазақтары да, тіпті төрткүл дүниеден Атамекенімізбен қайта қауышқан қандастарымыз да түгелдей бір етжақын жан іспеттес. Әсіресе ұлтымыздың ұйытқысы болып саналатын күншуақты Оңтүстікке деген сүйіспеншілігі алабөтен. Сондықтан да ол: «Еліміздің әрбір қаламгері ең алдымен өзін оңтүстікқазақстандықпын деп есептеу керек. Күншуақты Оңтүстік – керемет өлке!» – деп айтудан еш танбайды.
Құстарды айрықша жақсы көретін ақын бүгінде қосқанаттылар жайлы «Періштелер мен құстар» атты кітабының екінші томын жазу үстінде. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев туралы қалам тарту да ойында бар көрінеді. Мәңгілік тақырып – махаббат жайлы «Саған арнадым» атты өлеңдер жинағын шығармақ.
Енді бірде ол: «Қазақстандық неміс жазушысы Герольд Бельгер неге Мемлекеттік сыйлық алмайды? Орыс әдебиетін оқымау – барып тұрған надандық. Кейінгі кезде «комбикорм» кітаптардың көбейіп кеткеніне кейимін. Өзім басшылық жасайтын «Жазушы» баспасыңда ондай өрескелдікке жол бергенім жоқ. Ал өзімнің кітаптарымды басқа баспалардан шығарып жүрмін. Ақын қыздарға аянышпен қараймын», – деп ағынан жарылады.
***
Бүгінде айтулы ақын, Мемлекеттік және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанға Еңбегі сіңген қайраткер, Шахимардан Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің Құрметті профессоры Есенғали Раушанов асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Жауһар жазушы, саңлақ суреткер Шерхан Мұртаза айтқандай, оны осы «Алпыс – тал түсімен» шынайы құттықтап, ғұмыр жасың жүзге жетсін, жазар көбейсін деп тілейміз!

Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар
одақтарының мүшесі.

qazaquni.kz





5 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Есауыл 7 Қазан, 2017, 01:18

    Есенгали Сергейме жаман емес, казаккада быр Есеннын тукымы кереккой.

    Жауап жазу
  2. Сену қиын,ьірақ атым 8 Қазан, 2017, 02:27

    Ақиық Ақын!Халқының баласы,А
    ақындардың данасы!Мың болыңыз!Сіздей қазақ халыққа керек!

    Жауап жазу
  3. Қалеке 8 Қазан, 2017, 09:27

    Өлеңдері құйылып , төгіліп тұрған керемет ақын…

    Жауап жазу
  4. Жанат Боқашұлы 16 Қазан, 2017, 10:25

    Жүрекке жылы тиер сөздерге ішкі сарайы лық толы тамаша сараптама екен.Шекараның арғы жағында Алтайдың өр бетінде жатсам да Есенғали ағаның жыр жақұттарымен таныс ақын інілерінің бірі едім.Тіптен Есен ағаға арнаған тамаша жырым да бар-ды.Әттең,арманым Есенғали ағаға бір жолығып ағыл да тегіл жыр жақұтын ақтарсам-ау. Ол күнді тәңір бұйыртар та екен….Бұйыртса екен деген ұдайы арманда жүремін.Бәрінен де қаламынан асылдан да артық жырлары төгілген Есен аға есен болыңыз…сәлеммен Моңғолияда ғұмыр кешетін қазақ ақыны:Жанат Боқашұлы

    Жауап жазу
  5. Шолпан 23 Қазан, 2017, 14:18

    Жоғарыдағы Есауыл, Сізге айтам! Есениннің тұқымын алуға зар болмай-ақ қойыңыз Қазақта одан да асқан ақындар жетерлік қой. Соның бірі, Есенғали Раушанов болса, енді бірі Исрайыл Сапарбайдың «Өкінбеймін, шақырмаймын, жыламаймын» деген Есениннен аудармасын оқыдыңыз ма? Оқыңызшы. Исрайыл Сапарбайдың аудармасы ғажап! Есениннен де асып түскен.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*