Н. Ермекбаев: Сауапты іс жасау үшін мешіт салу міндетті емес

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың пікірінше, сауапты іс жасау үшін тек мешіт салу міндетті емес. Бұл туралы ол "Уақып" қайырымдылық қорының таныстырылымында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Дін жолында "сауапты іс" жасау үшін тек қана мешіт салу міндетті емес. Қоғам үшін пайдалы болып есептелетін кез-келген игілікті істі жасауға  болады. Оның ішінде мектептер, ауруханалар, жол салу, көпір салу секілді қоғамға пайдалы кез келген іс сауапқа жатады. Қордың жұмысы аталған мәселені шешуге бағытталған. Ол қайырымдылық жасау жолындағы істерді тиімді жүйеге салуға үлес қосады. Ең бастысы – бәрі ашық және қоғам үшін пайдалы болуы тиіс", — деді Ермекбаев.

Министр қордың қаражаты діни ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды салуға, діни қызметкерлер мен кедейлерге, жұмыссыздар мен мүгедектерге қолдау көрсетуге арналған жобаларды іске асыруға бағытталғанын сөз етті.

Айтуынша, мұндай мекемелер қайырымдылық жасау  дәстүрлері қалыптасқан көптеген елдерде кең таралған.

"Вакф" институты мұсылман елдерінің халықтары арасында кеңінен қолданылады, сондай-ақ арнайы құрылған "Вакф" министрліктері де жұмыс істейді. Аталған жүйе қазірдің өзінде Таяу Шығыстағы ислам елдерінде ғана емес, сонымен қатар зайырлы мемлекеттерде де жүзеге асырылуда. Мысалы, Ресей Федерациясының кейбір өңірлерінде, Қырғызстан мен Түркияда бар", — деді министр.

Іс-шара соңында қор мен бірнеше ұйым арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар бекітілді, бұдан бөлек, меценаттар қайырымдылық көмек көрсетуге уағдаласты.