Қайрат Нұртастың әкесі отбасын асырау үшін дәретхана жуған кезін еске алды

Нұртас Айдарбеков алғаш отбасын құрған кезде бастан өткерген қиыншылығымен бөлісті. Қайрат Нұртастың әкесі отбасын асырау үшін жатақхана дәретханасын жуған күндерін еске алды. Дегенмен, алғашқыда талай қиындықты бастан кешкен Айдарбековтер көп ұзамай ең бай студенттер қатарына қосылған көрінеді. Оған бір себеп дүниеге келген Қайратымның несібесі мол болды, дейді анасы.

Бұл туралы “Еуразия” арнасының “Қалаулым” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

“Біз үйленген соң жатақханада тұрдық. Балаң болғаннан кейін соның болашағын ойлайсың ғой. Сол жақсы ішіп-жесе, киінсе деген сияқты. Сол кезде видео дейді ғой, жатақхананың артында үлкен акт залын алып, сол жерде Нұртас кино көрсетті, мен өзім саудаға шығуға бел будым. Өйткені ол кезде сауданың нағыз қайнап жатқан кезі болатын. Бір айлыққа, біреуге тәуелді болып жұмыс жасағым келмеді. Отбасымнан алған тәрбием солай. Ешкім бетіме келмейтін, отбасымда жетіншімін.

Нанға ақша болмаған кез жоқ. Енді Қайратқа дейін шәкіртақы кезінде болған шығар. Үнемдеп қойып, тамаққа, киноға үнемдеп қоятынмын. Бірақ Қайрат несібесі өте зор бала болды. Өйткені Қайрат өмірге келгеннен кейін екеуміздің табысымыз өте жоғары болып, студенттер арасында ең алғаш көлік, үй алдық. Үйімізден аттап шыққалы ақша сұраған емеспіз. Қалған бала-шағаның несібесін біз жеп қоятын сияқты…Өзің тапқан дүниең бір қасық алсаң да өте дәмді болады. Кейде артық сөйлеп қойсақ бір-бірімізге: “Ескі шалбарды іліп қояйықшы”, – деп айтамыз. Бір кездері есіне салып тұрсын деп шапан іліп қойған ғой”, – дейді Гүлзира Айдарбекова ағынан жарылып.

«Мен Политехта оқыдым. Қайрат дүниеге келген соң, бұл кісі сонымен отырады. Мен студентпін, әскерден кейін оқуға түскем. Білімім өте төмен, стипендия алмаймын. Ауылдан келетін ақшаның реті жоқ. Әке-шешеміз қайтып кеткен ол кезде, басқаларының өз отбасы бар. Біздің Политехтың жатақханасында кілең жігіттер, қыздар аз оқитын. Пәтерге 25 сом төлейміз, ол ақша ойда–қырда жоқ.

Сонымен деканатқа бардым, маған бөлме беріңіз деп. Сөйтсем: «Саған кім үйлен деді, бізде отбасылық жатақхана жоқ», – деді. Деканаттан шықпай қойдым. Олар маған: «Қай қабатта бос бөлме болады, сол қабаттың еден жуушысы боласың», – деп шарт қойды. Сонымен таңертең 6-да тұрамын, студенттер ұйқыларынан тұрамыз дегенше дәлізді жуып шығамын. Ол кезде ламинат жоқ, линолеум болатын. Екі басында ерлер және әйелдер дәретханасы. Қолыма қолғапты киіп, шлангыны алып әжетхана тазалайтынмын. Жігіттердің әжетханасы таза болады, қыздардікі өте нашар. Сағат 7-де студенттер ұйқыларынан тұрып жатқанда, мен шайімді ішіп, сабаққа кетіп қалатынмын»,- деп еске алды Нұртас Айдарбеков.