ЖҰМАҚТЫҢ ПҰШПАҒЫНДАЙ БАЯНАУЛА ЖҰМАТЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Похожее изображение

Қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін салушы, қоғам қайраткері, режиссер, әрі актер Жұмат Шаниннің туғанына биыл 125 жыл толғанынан жұртшылық хабардар. Баянаула жерінің тумасы болып есептелетін бұл адам сол уақытта қазақ халқына бейтаныстау театр өнерінің негізін салып, оны кәсіби деңгейге көтеруде баға жетпес еңбек еткен. Өкінішке орай, ұлтым деген ұлыларды баудай түсірген 37-38-дің қанды қырғынынан Жұмат та сау қалмапты. Біртуар дарын, заманының озық ойлы қайраткері 1938 жылдың 26 ақпаны күні Ілияс Жансүгіров, Сәлемхат Күленов үшеуі Алматыда атылады...

Павлодар облысында, оның ішінде Баянауыл ауданында Ж.Шанинді еске алу шаралары қыркүйек айының соңына қарай ғана қолға алынып жатыр. Осы айдың 22-жұлдызы күні С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте Жұмат Шанинге арналған ғылымыи конференция өтсе, 23-і күні Баянауылда республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Алматыдан арнайы Жүрсін Ерман келіп жүргізген бұл жыр додасына Қазақстанның әр түкпірінен 16 ақын келіп бақ сынасқан.

Баянауылдың өзінен Аспанбек Шұғатаев бастаған – Қайрат Нұрқанат, Тілек Сейітов, Мәрес Байрон секілді бауырларымыз белсеніп шықса; бұлардан бөлек, қазіргі қазақ айтысының көрігін қыздырып жүрген – қарағандылық Мақсат Ақанов пен Дидар Қамиев, Арқалықтың ақтаңгері Айбек Қалиев, Астанадан келген Еркебұлан Қайназар, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан, алматылық Рүстем Қайыртайұлы, Шұғайып Сезімхан, Қалижан Білдәшев, шымкенттік Дәурен Ақсақалов және өзіміздің керекулік Қуаныш Шарманов пен Оңғар Қабденовтер осы сахнадан табылды. Сол күнгі жарыста жыр қазанын сапырған жүйріктер тек Жұмат Шаниннің төңірегінде ғана қалып қоймай, Баянаула жерінің сұлу табиғатын, сол аймақта жасап өткен тарихи тұлғаларды өлең тілімен өрнектеп, тыңдаушылардың айызын қандыра білгенінің куәсі болдық.

Айтыстың алғашқы жұбы болып сахнаға шыққан керекулік Қуаныш Шарманов пен Айбек Қалиевтің тартысы салған беттен-ақ екі ақынның да алдаспанын тасқа жанып келгенін байқатты. Арқалықта аудандық мәслихаттың депутаты болып жүрген Айбекті Қуаныш: «Айтыстың дүлдүлі едің, биліктің бұлбұлы боп кеттің бе?» – деп қағытып, енді депутат болып не шешіп жатсың деген сауал тастады. Айбек те қарап қалмай: «Мәшекең (Мәшһүр Жүсіп) жатқан жерді Машкевич келіп иеленген, Павлодардың атауын өзгерте алмай жатырсың, облыс орталығындағы Кутузов көшесін неге бір жақсыға бермейсің, осыны да мен шешуім керек пе?» – деп ұтымды жауап қайтарды.

Рүстем Қайыртайұлы: «Жұмақтың пұшпағындай Баяндағы, Жұматтың ауылына келдім бүгін», «Қазақтың маңдайына байлық бітсе, байлықтың маңдайына – Қаныш біткен, қазақтың маңдайына кино бітсе, киноның маңдайына – Шәкен біткен, қазақтың маңдайына театр бітсе, театрдың маңдайына – Жұмат біткен» – деп төкпелесе, оған қарсылас болған Оңғар бауырымыз баянауылдықтарды тілге тиек ете келіп: «Құдайдың бұл жердегі еркелері, арабтың Дубайын да менсінбейді» – деп елді бір көтеріп тастады. «Баяны жоқ бес күндік бұл жалғанды, өткізу керек екен Баян жақта» – деген Шұғайып Сезімханның сөзін қоштаған Еркебұлан Қайназар: «Акдемик өндіріп шығаратын, әкелер жұмыс істейтін зауыт екен» – деп Баян жерінен ғалым-академиктердің көп шыққанын әдемі жеткізе білді. Қарағандылық Мақсат бауырымыз: «Мұнайдың күшіменен салынған ЭКСПО-дан, Құдайдың күшіменен салынған Баян артық» – деген келісті теңеуі де тыңдарман елдің шапалағына ұласты. Бүгінгі қоғамның келеңсіз тұстарын өлеңге арқау еткен Рүстем ақынның: «Шәкірімдей тау кезіп кетер еді, Жұмат Шанин қазірде тірі болса» – деген астарлы сөзінен көп нәрсені аңғаруға болар еді.

Осы айтысқа кіру билетінің құны 12 мың теңге болған еді. Соны тілге тиек еткен Айбек ақын: «Билетті қолыма алып қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» – деп елді бір күлдірсе, Баянауылға баратын жолдың нашарлығын: «Шамалы жолың нашар болмағанда, көз тиіп кететұғын жер екенсің», «Жаяу Мұса бабамыз жаяу жүрген, байқаймын, жолдар әлі бар екен ғой» – деп Дәурен Ақсақалов қозғай кетті. Аталмыш айтысқа себепкер болған Жұмат Шанин атамызды да ақындар тілдері жеткенше жырлай білді.

«Бір Жұматтың өнерін 16 ақын, бір жұма жырласа да тауыса алмас» – деген Қайрат Нұрқанаттың, «Келместің кемесіне мініп тұрып, Кеңесті өзіңменен алып кеттің» – деген Мақсат Ақановтың сөздері халықтың көңілінен шығып жатқанын байқадық. Біздер, бір топ зиялы қауым мен ел ақсақалдары осы жылдың басында Жұмат Шаниннің атына облыс орталығындағы «Шаңырақ» мәдени орталығын сұрап, хат жазған едік. Бірақ мораторийге байланысты, бұл шаруа аяқсыз қалған болатын.

Ақындар айтыс үстінде осы мәселені де барынша қозғап өтті. Доданың барысында жыр жүйріктері бүгінгі қазақ театрларының мүшкіл халін, әртістердің көбінің тіл білмейтінін, бір-екі клип түсірген дарынсыздардың режиссермін деп кеуде қағатынын, дауыссыз әншілердің қаптап кеткенін де өлең етіп, тыңдармандарға жеткізді. Әйтеуір, бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктердің ешқайсы ақындардың назарынан тыс қалмай, сахна төрінен жыр болып ұшып жатты.

Мақсат Ақанов пен Әсем Ережеқызының жасаған қыз бен жігіт айтысы, Ерекбұлан Қайназар мен Шұғайып Сезімханның жезде мен балдыз айтысы сол күнгі доданың ажарын аша түскеніне отырған халық куә.

Тағы бір айта кететін жайт, осы мәдени шараға Ж.Шаниннің туған немересі Болат Шанин атты азамат Алматыдан арнайы келіп қатысты. Бұл кісі Жұматтың баласы, белгілі театр режиссері және театр мен кино актері марқұм Қасымхан Шаниннің баласы. Болат өзі де көп жылдар мәдениет саласында қызмет істеген адам екен. Бірнеше күн бұрын келген Болат Баянаула жеріндегі ата қонысы Желтаудағы Шананың қонысына барып, сол жақтағы ағайын-туыстарына жолығып, қазіргі Ж.Шанин атындағы ауылда (бұрынғы «Южный» кеңшары) болған екен. Университетте өткен ғылыми конференцияға да қатысыпты. Отырыс барысында ол тебірене сөйлеп, ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдірді.

Сонымен қысқартып айтсақ, жыр додасына төрешілік жасаған қазылар алқасының шешімімен, бір жарым миллион теңге көлеміндегі Бас бәйге қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырды. Бұл жерде айта кететін бір қызықты жайт, бірінші және екінші орындарды бөлісу үшін ақтық сынға Аспанбек пен Мақсат шыққан болатын.

Бірақ, Аспанбек бауырымыз сахнаға шығардың алдында бізге келіп: «Мен Мақсатпен бірінші рет финалға шығып тұрғам жоқ. Екеуміз бұрындары өткен бір айтыста тағы осылай ақтық айтысқа шығып, жүлдеге тігілген автокөлікті мен алып кетіп едім. Одан кейін «Алтын домбыра» сайысында тағы да Мақсатпен финалға шығып, жүлде маған бұйырған. Сондықтан осы жолы маған бас бәйгені маған ұсынсаңыздар да, одан бас тартам. Өз елімнің жүлдесін өзім алып қалғаным дұрыс болмас, бас бәйгені Мақсатқа беріңіздер» – деп еді. Аспанбектің бұл секілді азаматтық уәжіне қарсылық айта алмадық.

Сөйтіп, Бас бәйгені айтыстың марғасқасы Мақсат бауырымыз иеленді. Миллион теңгелік бірінші орынның жүлдесін жерлесіміз Аспанбек қанжығасына байласа, 700 мың теңгелік екінші орын Еркебұлан Қайназарға бұйырды. Ал, 500 мың теңгелік екі жүлдені Дидар Қамиев пен Әсем Ережеқызы олжалады. Жұмат Шанин атындағы 450 мыңдық арнайы жүлде мен бағалы сыйлық Айбек Қалиевке табыс етілді. Айтысқа қатысқан басқа ақындар да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Айтысқа төрешілік еткен қазылар алқасының төрағасы белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай болды. Қазылық еткендер: ақын Арман Қани, баянауылдық ақсақалдар Қорабай Шәкіров пен Балтабай Сыздықов, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы және осы жолдардың авторы.

Сонымен, Баянаула жерінде Жұмат Шанин секілді ұлт мақтанышына бағышталған осындай бір үлкен шара өтті. Енді өнер қайраткеріне арналған іс-шаралар осымен тоқтап қалмай, жалғасын тапса екен дейміз. Себебі, жоғарыда аталған хатты қайтадан жаңғыртып, «Шаңырақ» мәдени орталығын тағы да сұрамақпыз. Біздің бұл оймызды Баян жеріне келген Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Болат Шанин және айтыскер ақындар да қолдайтындарын білдірді.

Сайлау Байбосын,

Қазақ үні