Ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер

Құрметті Қайролла Мұқанұлы! Отандық білім беру саласының қабырғалы қайраткері, ұлт зиялыларының рухани мұраларының іздеуші-жоқшысы, білікті өлкетанушы – Сізді айтулы 85 жасқа толған мерейлі тойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт шыңынан көріне беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Ұлт ұстындары өмірге келген киелі Қызылжар топырағының перзенті Сіздің балалық шағыңыз Екінші дүниежүзілік соғыстың қайнап тұрған қаһарлы кезеңіне тап келді. Қиыншылықтарға қарамай Сіз Октябрь, қазіргі Шал ақын ауданындағы Марьевка орта мектебін күміс медальмен тәмамдап, 1952 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1957 жылы тәмамдадыңыз. Еңбек жолыңызды «Восход» совхозының орта мектебіңде тарих пәнінің оқытушысы болып бастап, кейіннен Городецкий сегізжылдық мектебіне директор болып, осы оқу орнын 12 жыл басқардыңыз. Оқу-ағарту ісінде ысылып, мол тәжірибе жинақтаған Сіз бұдан соң Солтүстік Қазақстан облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалып, осы қызметті үздіксіз 23 жыл атқардыңыз. Зейнеткерлікке шықсаңыз да Сіз Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жанынан құрылған «Асыл мұра» ғылыми-зерттеу орталығында көп жыл бойы белсенді қызмет істедіңіз. Сіз халық ағарту ісінде қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін көптеген медальдармен, ордендермен, мақтау қағаздарымен, құрмет Грамоталармен марапатталдыңыз. Атап айтқанда, «Құрмет белгісі» орденін, «В.И.Лениннің 100 жылдығы» және «Ыбырай Алтынсарин», «Жеңіске 60 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Жеңіске 65 жыл» медальдарын, «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгілерін, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төс белгісін омырауыңызға тақтыңыз. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің, Қазақ КСР Халық ағарту министрлігінің, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің, Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің Құрмет грамоталарымен мадақталдыңыз, Е.А.Бөкетов атындағы сыйлыққа ие болдыңыз. Сіз қазақ, орыс тілдерінде көптеген кітаптар шығардыңыз. Әріптесіңіз Социал Жұмабаев екеуіңіз бірігіп, атақты Тоқсан би туралы, революционер Баймағамбет Ізтөлин туралы «Арманды ақын», Барлыбаевтар әулеті туралы «Бір әулеттің тарихы» кітаптарын шығардыңыз. Ал Ғалым Қадірәлинмен бірігіп, Қазақ КСР еңбек сіңірген ұстазы Шияп Садықов, белгілі оқытушы Қайреш Қоспанов, бұрынғы «Союзцелинвод» тресінің бастығы Қаттай Кенінбаев туралы жинақтарды, сондай-ақ үшеуіңіз бірігіп Сегіз сері Шақшақовтың екі томдық, Қожаберген жыраудың бір томдық шығармаларын, басқа да кітаптарды бастырдыңыз. Қызылжар өлкесінің зиялы азаматтарының бірі Абылай қажы Рамазанов туралы «Елін сүйген азамат», Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз Қағида Базарбаева туралы «Ұлағатты ұстаз», Қызылжар қаласындағы қазақ педагогикалық техникумының тұңғыш директоры, «Алаш» партиясының мүшесі, журналист, дәрігер Жұмағали Тлеулин туралы орыс тілінде «Жумағали Тлеулин – деятель Алаш Орды», өзіңіздің туған ауылыңыз туралы «Ынтымақ ауылы», Қызылжар өңірінде қыздар арасынан алғаш жоғары діни білім алған, бірақ зар заманда арманына жете алмай қыршынынан қиылған Ұмсын сұлу Жүсіпқызы туралы «Ұмсын сұлу», өлкенің белгілі зиялы азаматтары жөнінде «Өлке тұлғалары» сияқты туындыларды өмірге әкелдіңіз. Әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев туралы «Ақын ізі» («След поэта») атты зерттеу еңбегіңіз жарық көрді. Сіз сондай-ақ мерзімді баспасөз беттерінде әртүрлі тақырыптарға қалам тербеп келесіз. Әсіресе «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы мақалаларыңыз жиі жариялануда. Өзіңіз редакциялық алқа мүшесі болып табылатын «Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясына» Қызылжардың әйгілі азаматтары және елді мекендері мен аудандары туралы 90-ға жуық мақала мен очерктерді өмірге әкелдіңіз. Сондай-ақ «Трагедия и прозрение», «Возвращенные имена», «Золотая книга целины – 50 лет» атты кітаптарда, «Сарыарқа», «Жаңа Сарыарқа», «Нива», «Провинция» журналдарында мақалаларыңыз басылды. Сәбит, Мағжан, Ғабит, Сафуан, Евней, Аманжол Қошанов, Мұқаш Елеусізов, Марат Кенжеғозин және басқа жазушылар мен ғалымдар туралы тарихи очерктер, зерттеулер жаздыңыз. Сіз Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері болып табыласыз. Осынау мерейлі күніңізде, құрметті Қайреке, Сізге және Сіздің отбасыңызға береке-бақыт, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, толайым табыс тілеймін. Шабытыңыз шалқып, қаламыңыз мұқалмасын! Республикалық «Қазақ үні» газетінің ұжымы qazaquni.kz