Қуаныш Айтахановтың қос кітабы жарық көрді

Белгілі қоғам қайраткері, Қуаныш Айтахановтың таяуда екі бірдей кітабы «Фолиант» баспа­сы­нан жарық көрді. Сергек азаматтың бұл құнды дүниелерін парақтап отырғанда ел дамуындағы елеулі кезеңдерге қанық болдық. Бірінші кітап, «Өмір белестері» деп атала­ды. Ғұмырнамалық сұхбатты жүр­гіз­ген журналист, филология ғы­лым­­дарының кандидаты Орын­бек Жолдыбай екенін еске сала кетелік.

Жинақтың өн бойында Қуаныш Айта­хановтың бүкіл өмір жолы көрініс тауып­ты. Мәскеуде өткен жастық шағы, ауыл­ды көркейтуге қосқан үлесі, Қазығұрт өңірін­дегі елеулі еңбегі, ұлт арысы Д.Қонаевпен дидарласуы, алған сабағы, Шардарада шымыр болып шыңдалуы, идеология май­да­нындағы еңбектері, халық қалаулысы бо­лып атқарған қызметтері – бәрі де әдемі баяндалады. Ел тарихына үңіліп, жер жағдайын терең білуге талпынысы, ал­дыңғы толқынды ардақтап, кейінгі буынға жасаған қамқорлығы мен ілтипаты кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Қазақ­тың арыс ұлдары туралы толғамы да көп жайдан хабардар етеді.

«Отан – отбасынан басталады» деген қағида бар. Осы қағидаға қатысты ой өрбіт­кенде Қуаныш Айтаханұлы текті әулеттен шыққанына көзің жетіп қана қоймайды, өзі сол үлгіні жалғап, ұл-қызына озық дәс­түрді жеткізумен қатар, бойларына дары­­тып, ойларына қондыруға баса көңіл бөл­генін көресің. Соның нәтижесі шығар, үлгілі ұл-қыздың өсіп-өніп отырғаны. Кітап­­тағы суреттерден де алар тағылым аз емес. Әсіресе кейбір ардақты бейнелерді көр­генде, келісті де кемел тарихи тұлға­лармен қайта қауышқандай боласың.

Екінші кітап «Қызмет еттім хал­қы­ма» деп аталады. Мұнда әр кезде жаз­ған мақалалары, журналистермен бол­ған сұх­бат­тары, сөйлеген сөздері топтас­ты­ры­лып­ты. Елбасының «Мәңгілік Ел» идея­сы­на қатысты топтамаларында азат ел­дің өткені мен бүгіні, кемел келе­шегі сөз бола­ды. Сол секілді Отаны­мыз­дың бүкіл ты­ныс-тіршілігі, әсіресе, алтын бесігіміз ауыл туралы байлам­дарын­дағы көтерілген мәсе­ле­лер қашанда көп көңілінен шыққанын осы арада айтуға тиістіміз. Мұнымен қатар, қазақ­тың біртуар ұлдары туралы жазған тол­ғам­дары да әдемі оқылады. Әсіресе, нар­қы бөлек Нәзір Төреқұлов, арамыздан мәң­гі­лікке аттанғанмен, артына өшпес өнеге қал­­дырған, қара сөздің қас шебері, да­ра сөз­­дің данагөйі Әбіш Кекілбайұлы туралы, өзге де жазба­лары мазмұнға бай, берер тағылымы мол.

Ал кезінде сергек сенатор ретінде ел қамына қатысты сұхбаттарындағы дерек­көздері оның ой-биігін танытумен қатар, ғылым әлемінен де хабары аз еместігін дәйектейді. Әсіресе, Сенаттың отырыстарында сөйле­ген сөздеріне үңіле қарасаң, ауылдың ты­ныс-тіршілі­гін терең айта келіп, жерді жал­ға беру ісін­дегі түйткілдерге тереңдеп бара­ды. Ішкі миграция, экономиканы әрта­рап­тан­­дыру, пошта байланысын жетілдіру, мал жа­йылымы, қосалқы шаруашы­лық тура­лы ойлары елдік істі жетілдіруге, ілгері бастыруға арналған. Рухани сала­ға келгенде білім мен ғылымды дамыту жайын қозғап, қазақ тілінің тағдырына тереңдейді.

Кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Н.Жәрімбетова мен Қ.Тоқсанбай көтерген тіл мен оқулыққа қатысты мәселені Үкіметтің назарына салған еді. Содан бір мысал келтірер бол­сақ, Қостанай облысының Қарабалық ауда­нында 35 мектеп болса, соның үшеуі ғана қазақ тілді екенін. Онда 224 оқушы оқитынын, жалпы қазақ балаларының 80 пайызы орыс тілді білім ұясында жүргенін, бұл қалай деген сұрақты көлденең тартады.

Ал іргелес жатқан Ресей елінің Таулы Алтай Республикасындағы қазақ тілді жұрттың ұрпағына қатысты пікір білдіріп, 10 мың қазақтың тағдырына алаң­дай­ды. Онда қазақ мектебі болғанмен, оқу­лық­тың жетпейтінін, біздің елден барған кітаптарды сараптамадан өтпейінше, қолданысқа енгізбейтінін жеткізіп, көрші ел заңын­да мектептерде оқытылатын пәндер­дің оқулықтары жоқ болса, пән жабылып қала­тынын айтып, осы мәселені Үкімет деңгейінде шешу қажеттігін еске салады. Осы арада мына бір жайды да айта кетсек дейміз. Кезінде қымыз бен шұбат туралы бас басылымда мәселе көтергенімізде халық қалаулылары­ның ішінен алғашқылардың бірі болып, Қуаныш Айтаханұлы арнайы мақала жазып, бұл ұлт бренді болуы керек дегені есте.

Бір сөзбен айтқанда, айтары бар азаматтың екі кітабынан үйренер үлгі, алар тағылым аз емес.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»