Ақсайда жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысында спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласына 50 жыл толуына орай ашылған спорттық кешен мен стадион 1200 орынға арналған. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Елбасы Н.Назарбаев кеше ғана Ашхабадта ұлттық құраманың спортшыларымен кездескен сәтінде «Біздің жастарымыз - дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы жас жеткіншектер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады» деп, салауатты өмір салтын насихаттаудың мән-маңызын ерекше атап көрсетті.

Спорттық нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту, спортпен тұрақты айналысатын халықтың санын кем дегенде 30 пайызға жеткізу Елбасы тапсырмаларының бірі және жаңа спорттық кешен сол тапсырмалардың нәтижесі екендігін айтты.

Ақсай қаласында ашылған бұл спорттық нысан Президент тапсырмасына сәйкес орындалды. Биыл өңірде 4 спорттық кешен салынса, екеуі Бөрлі ауданында. Бүгін сол үлкен стадион мен спорттық кешеннің бірі қала күні ашылып отыр. 1200 орынға арналып, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы мемлекеттің қолдауымен жүзеге асты.

Қазіргі уақытта Ақсай қаласындағы 4 және 5-ші шағын аудандарда жылу қазандығы салынып, қала ішіндегі 17 көше мен аудандық аурухана жөндеуден өтті. Сондай-ақ 240 орынға арналған балабақша құрылысы мен 120 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Ал биыл жалпы аудан бюджеті 9 млрд. 520 млн.теңгені құрап отыр. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Бестау су тоғанын қалпына келтіру, Александровка, Бөрлі ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету, Ақсай қаласындағы шағын аудандардың жылу желісін және ыстық су жүйесін қалпына келтіру шаралары жүрсе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 34,4 шақырым жол жөнделуде. Сондай-ақ 9 қабатты 3 үй, 300 орындық мектеп пен 100 орындық интернаттың жобалық-сметалық және 1000 жер телімінің құжаттары дайындалуда. Мәдениет және білім беру мекемелерін күрделі жөндеу және көшелерді абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Республикалық маңыздағы Орал – Орынбор тас жолын жөндеу жұмыстары да жоспарға енгізілді. Бұл ауқымды жоба алдағы 2-3 жылда жүзеге асатын болады, - деді облыс әкімі өз сөзінде.

Айта кету керек, Елбасының тікелей бақылауында тұрған Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру мәселесі де жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Бұл мақсатқа КПО б.в. компаниясының қаржысы есебінен Аралтал ауылында 100 бірқабатты, әрқайсысы 153 пәтерден тұратын екі 9 қабатты үй салыну көзделген болатын. Қазіргі уақытта 100 үйдің құрылысы толықтай аяқталып, 70-ке жуық отбасы көшіп келді. Сонымен қатар биылғы жылдың шілде айында 320 орындық балабақша пайдалануға берілсе, 300 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараты қазан айында тапсырылады деп күтілуде.