Алаш қозғалысы: басталуы, тұтастығы, қатысушылары

Похожее изображение

Алаш қозғалысы сияқты ұлт тарихындағы аса ірі оқиғаға қатысы бар мәселелердің барлығына  шынайы,  толымды баға берілуі қажет.  Осы ұлт-азаттық қозғалысының әлі де ғылыми тұрғыдан мейлінше нақтыланбаған негізгілерінің қатарынан орын алатын үш мәселеге тоқталмақпыз. Олар: қозғалыстың басталған уақыты және сол бастапқы кезеңге енетін оқиғалар, «Алаш қозғалысы» деген атауға ие боларлық дербес үдеріс ретіндегі сипаты және қозғалысқа қатысқандардың мүмкіндігінше толық тізімі.

Қозғалыстың бастауы туралы айтқанда, ең алдымен, Алаш қайраткерлерінің өз еңбектеріне үңілгеніміз жөн. Өйткені, олардың еңбектерінен қозғалыстың қайнар көздері жөнінде бізге тірек боларлық деректер табамыз. Айталық, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жыл туралы: «Бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді» /1,283/ десе, Міржақып Дулатұлы: «Жұртқа бірдей жақсылық таңы атқан 1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, солардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады» деп жазды /2,99/.Осыларға ұқсас ойларды М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедұлы пікірлерінен де кездестіреміз. Бұлардан шығатын қорытынды: Алаш қайраткерлерінің өздері ұлт-азаттық қозғалыстың 1905 жылдан басталғанын меңзейді. Алаш қозғалысының басталған уақыты жөнінде қазіргі алаштану ғылымында бірнеше пікір орын алып жүр. Көрнекті алаштанушы ғалым М. Қойгелдиев өз зерттеулерінде Алаш қозғалысы тарихын 1905 жылдан бастайды /3,95/. Түркиялық ғалым қандасымыз Ә.Қара Алаш қозғалысын 1913 жылы «Қазақ» газетінің шығуымен байланыстырады. Сондай-ақ, қоғамда Алаш қозғалысын «Алаш» партиясымен, Алашорда үкіметімен бір құбылыс ретінде қабылдап, жалпы қозғалыстың тарихын 1917 жылмен байланыстыратын көзқарастар да байқалып қалады. Енді осыларға тоқталайық. Профессор Ә.Қара «Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай» мақаласында қозғалыстың бастауы жөнінде: «Алаш қозғалысы қай жылдарды қамтиды? Егер бұл сұраққа Мұстафа Шоқайды қоспай жауап қайтарар болсақ, ол 1913-1918 жылдарды қамтиды.Оның «Қазақ» газетімен тығыз байланысты екенін айтсақ қате болмас. Өйткені Алаш көсемдері сол журнал маңайында 1913 жылы жиналып, халықтың басын қосты. Кейін бұл басқосу Алаш Партиясы мен Алаш Орда үкіметін дүниеге келтірді. Ал большевиктердің қысымымен 1918 жылы партия, үкімет және газет тарқап кетеді. Демек Алаш қозғалысы Шоқайды қоспай айтсақ бес жылдық бір мерзімді ғана қамтиды» /4, 55/ деп жазады. Алаш қозғалысының тарихына жіті үңілсек, онда шетелдік ғалыммен келісу қиын. 1913 жыл Алаш қозғалысының үні болған, қозғалысқа қарқын қосқан, қозғалыстың жалпыұлттық сипатқа ие болуына аса айрықша үлес қосқан «Қазақ» сынды тарихи басылымның шыға бастаған жылы. Оны қозғалыстың басталу мерзімімен тікелей байланыстыруға болмайды. Сондай-ақ, оның қозғалыс тарихын 1918 жыл деп осы жылы  «партия, үкімет және газет тарқап кетеді» дегеніне де қосылмаймыз. Аталған жылы «Қазақ» газеті шығуын тоқтатқанымен Алашорда үкіметі тарқаған жоқ.  Ал «Алаш» партиясына келсек, 1917 жылы Бірінші жалпықазақ сиезінде Құрылтайға депутаттар ұсынған бұл партия осы жылдың күзінде бағдарламасының жобасын дайындағанымен, Екінші жалпықазақ сиезінен кейін Алаш қозғалысы тарихында партия емес, Алашорда үкіметі алдыңғы қатарға шықты. Семейдегі Алашорданың кіндік үкіметі 1919 жылы жұмысын тоқтатқанымен, Алашорданың Батыс бөлімшесі 1920 жылдың басына дейін өмір сүрді. Бұл – бір. Екіншіден, Алаш қозғалысын бір ғана Мұстафа Шоқайдың қайраткерлігімен байланыстыруға келмейді. Алаш қозғалысының бастауында саясатқа М.Шоқайдан бұрын араласқан  Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев,  Б.Құлманов, М.Дулатов т.б. тұрғандығын ұмытпағанымыз жөн. Олар, біздің ойымызша, ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы аға буын өкілдері де, Мұстафа Шоқай осылардан кейінгі буынның көрнекті өкілі. Оның эмиграциядағы 20 жылға жуық күреске толы өмірі  ұлтымыздың азаттық идеялары тарихындағы аса бір жарқын беттер. Дегенмен, ол жылдарды Алаш қозғалысы ауқымындағы уақыт деп бағалауға бола қоймас. Сонымен бірге, тұтас Түркістан идеясын насихаттаған М.Шоқай мен қазақтың ұлттық мемлекетін құру үшін күрескен Алаш қайраткерлері арасында өздеріне тән идеялық ерекшеліктер бар екендігін де ұмытпайық.

Ұлт тарихындағы қандай да бір оқиғаның орын алуы ұлттың өзінің тарихи эволюциясынан өрістемек. Алаш қозғалысы сияқты аса ірі саяси, рухани құбылыстың басталуы, әлбетте, ең алдымен қазақ халқының сол тұстағы тарихи қажеттілігі тудырған қисынды құбылыс. Ресей отаршылдығының езгісі Алаш қозғалысына дейін қазақ даласында ғасырдан астам уақыт жүргізілген. Бірақ Алаш қозғалысы сипатындағы құбылыстың тууы тек ХХ ғасырдың басында ғана мүмкін болды. Себебі, дәл осы кезеңде  ұлт тарихының қозғаушы күші боларлық жаңа типтегі тұлғалар шоғыры қалыптасты.

 Ал Алаш қозғалысы қай кезге дейін жалғасты десек, онда, әлбетте, 1920 жылдың наурызын атаймыз. Бұдан соң кеңестік Ресей құрамындағы кеңестік социалистік автономия құрылды. Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі кеңес жағына шықты, кеңестік қызметке араласты. 1920 жылдары Алаш зиялыларының шығармашылығы ұлттық мазмұнда болғанымен, олар негізінен, бұрынғыдай күрескерлік бағытында емес,  таза көркем және ғылыми шығармашылық мазмұнында болды. Сондықтан біз Алаш қозғалысын 1905 жылғы қазақ даласындағы құзырхат, сиез, басқосулар сияқты отаршыл саясатқа қарсылықтағы саяси шаралардан бастаймыз.

Алаш сынды ұлт тарихындағы ірі азаттық қозғалысының тарихын бірер жылға сыйғызудың жөні келмейді. Мұндай қозғалыстардың түптамыры тереңде болмақ. Жоғарыдағы пікірлерге аялдасақ, онда қозғалыс тарихын 1913 жылдан да, 1917 жылдан да бастау аса дәл пікірлер емес. Себебі, 1913 жыл Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газетінің шыққан жылы. Егер газет шығару бастамасын қозғалыстың қайнар көзі ретінде қарастырсақ, онда Ахмет Байтұрсынұлы және оның серіктері газет шығаруды аталған жылдан әлдеқайда бұрын қолға алған, жоспарлаған. Дегенмен, отаршылдық саясат газет шығаруға 1913 жылы ғана мүмкіндік берді. Ал 1917 жылға келетін болсақ, бұл жылы облыстық қазақ сиездері ұйымдастырылды, Бірінші жалпықазақ сиезінің күн тәртібіне қазақ саяси партиясы мәселесі қойылып, Екінші жалпықазақ сиезінде Алаш автономиясы жарияланып, Алашорданың Халық Кеңесі құрылды. Алаш қозғалысының тарихындағы бұл маңызды саяси оқиғалар – осы жылы ғана пайда бола салған құбылыстар емес, белгілі бір уақыт дайындаған оқиғалар еді. Рас, осы оқиғалар көпжылдық ұлт-азаттық қозғалысына «Алаш» деген атау берді. Құбылыстың ертерек пайда болып, оған атаудың кейінірек беріле жататынына төл тарихымыздан да, әлемдік тарихтан да жеткілікті мысалдар келтіруге әбден боларлық.

1905 жыл – қазақ тарихы үшін аса айрықша жыл. Дәл осы жыл қазақ баласының өз құқы үшін саяси күреске шыға алатындығын байқатты. Осы жылдан бастап, қазақ оқығандарының отаршылдыққа қарсылық жолында бұрын-соңды болмаған жаңа күрес жолын таңдағанын аңғарамыз. Алдымен 26 маусымда Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпаев бастаған азаматтар Қоянды жәрмеңкесінде, кейінірек тарихқа «Қарқаралы құзырхаты» деген атпен енген хат жолдады. Бұл хатқа қол қойғандардың саны бір деректерде - 12767 адам, енді бір деректерде 14500 адам делініп көрсетіледі. Осы сандардың қай-қайсысы да сол кезең үшін үлкен көрсеткіш. Қазіргі кездің өзінде мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты ұйымдастырылатын митингілерге бірнеше мың адам ғана жиналып, бірнеше мың адам ғана әлгіндей хаттарға, үндеулерге қол қояды. Ол кездегі қазақтан қазіргі қазақтың саны екі еседен астам екендігі, бүкіл Қарқаралы округіндегі тұрғындардан Алматы мен Астананы айтпағанның өзінде бүгінгі Қазақстанның кез келген қаласының тұрғындары әлдеқайда көп екендігін ескерсек, Ә.Бөкейхан бастаған топтың елдік мүдде жолында бұқара халықты қалай жұмылдырғанына қайран қалуға болады.

«Қарқаралы құзырхатынан» соң іле-шала шілде айында осындай талапхат 42 болыс өкілдерінің қол қоюымен Ресей үкіметіне жіберілді. Осы құжатты «Қарқаралы жеделхаты» немесе «Болыстар құзырхаты» деп атауға боларлық. Осы құзырхаттардан кейін Қазақстанның оңтүстігінде де, орталығында да, батысында да қазақ халқының теңсіздігін айтқан, құқығын талап еткен хаттар дайындалып, отаршылдық үкіметке жолдана бастады. Айталық, Лепсі уезі қазақтарының шағымы. Бұл құжатқа Жетісу облысы Лепсі уезі қазақтарынан 1000 адам қол қойған. Сонымен бірге, осы кезеңде  Орал және Торғай облыстары қазақтарының да талапхаты жазылды. М.Тынышпаевтың Министрлер кеңесінің төрағасы атына жолданған хатын да аталған жылғы деректердің қатарына қосуға боларлық. Ұлт тағдырына алаңдаған 26 жасар студенттің бұл хатынан отаршылдық биліктің қазаққа жасап отырған басынушылық әрекеттерін аңғарамыз. Бес пункттен тұратын хатты М.Тынышпаев: «6 миллион қырғыз халқын ескерусіз қалдырмауды, оның өкілдері жалпы мемлекеттік құрылысқа қатысты мәселелерге де, соның ішінде, қырғыз халқын басқаруды қайта қарау мәселелеріне де өз пікірлерін білдіруге және қатысуға мүмкіндік алуын әділеттілік талап етеді» деп аяқтайды /5,33/. Сонымен бірге, осы жылдың қараша айында Санкт-Петербургте өткізілген автономияшылар сиезінде М.Тынышпаев «Қырғыздар және азаттық қозғалысы» тақырыбында баяндама жасап, онда қазақ халқының құқығы өрескел бұзылып жатқанын ашына жеткізіп,  соған  байланысты қазақ даласының әртүрлі өңірлерінен Ресей үкіметінің саясатына қарсылық ретінде 25 мыңнан астам қазақтар қол қойған  құзырхаттардың жолданғанын келтіреді. Жалпы, М.Тынышпаевтың бұл баяндамасы – отаршылдық саясаттың қазаққа жасап жатқан қысымын жан-жақты көрсеткен және елдің осы саясатқа қарсылығын көрсеткен біз білетін тұңғыш баяндама болатын.

Ұлт-азаттық қозғалыс тарихындағы 1905 жылдың айрықша маңызы тағы бір саяси оқиғадан көрінеді. Бұл осы жылдың желтоқсан айында Орал қаласында «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының» құрылуы және соған орай сиез өткізілуі. Әлбетте, бұл шағын құрамдағы сиезді қазіргі түсінікпен емес, сол кездегі жағдаймен бағаласақ, онда Оралдағы осы сиез қазақтың саяси тарихындағы алғашқы сиез болмақ. Бұл сиезде партияның бағдарламасы қабылданып, онда: азаматтардың негізгі еркіндіктері, патшалықтың қалпы, халықтың өзін-өзі билеуі, сот, дін, жер, алым-салық, жұмысшылар, мектептер, партия жұмысы сияқты мәселелер қамтылған. Бұл бағдарлама – қазақ тарихындағы ең алғашқы саяси бағдарлама болса керек. 1905 жыл Қазақстанның бірқатар жерлерінде болған саяси басқосулармен де есте қалды. Олар 1905 жылдың қазан айында патша үкіметінің Манифесті жарияланғаннан кейін қазақ зиялылары ұйымдастырған басқосулар еді. Мұндай саяси басқосулар қазанның соңында Омбы қаласында, 7 қарашада Павлодарда, 11 қарашада Баянауылда, 14 қарашада Қарқаралыда ұйымдастырылды. Саяси басқосулардың өтуіне Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақпаев сияқты азаматтар ұйымдастырушылық және қайраткерлік пәрмен танытты. Бұл саяси басқосулар Қарқаралы, Жетісу, Орал, Торғай өңірлерінен жолданған құзырхаттардың табиғи жалғасы болды. Қозғалыстың бастауы болған «Қарқаралы құзырхатының» Арқадағы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келу себебін айтсақ, оның тарихи әрі географиялық уәжі бар. Қоянды жәрмеңкесі бай мен бағланның жиналатын жері ғана емес, қазақтың ақыны, өнерпазы, елшіл азаматтары да шоғырланатын тұсы. Мұнда қаражат пен малдың ғана әңгімесі емес, елдік мәселелер де көтерілетін. Бұл – бір. Екіншіден, Қарқаралы түбіндегі Қоянды жәрмеңкесі – 1898 жылы Санкт-Петербургтің орман шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген Әлихан Бөкейханның, 1902 жылы Ресей астанасындағы бас университеттің заң факультетін үздік аяқтаған Жақып Ақпаевтың ауылдарына іргелес жатқан мекен. Сондай-ақ, дәл осы кезде Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралыда ұстаздық ететін. Сондай-ақ, Қарқаралы жалпы қазақ жеріндегі сол кездегі білім мен мәдениет ошақтарының бірінен саналатын. Міне, осы факторлардың барлығы «Қарқаралы құзырхатының» дүниеге келуінің алғышарты болды.

1905 жылғы желтоқсан айында Б.Қаратаев, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Бердиев Оралда «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құруға байланысты сиез өткізгенін ілгеріде жазған болатынбыз. Бұл сиезге болашақта Алаш қозғалысының қайраткерлеріне айналатын бірқатар азаматтар қатысты. Солардың бірі – Х.Досмұхамедұлы. Ол кейінірек өзінің саяси жолға түсуі жөнінде: «Мен Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім... Қым-қиғаш студенттік өмірге араласумен қатар саяси білімді жетілдіруге кірістім... 1905-1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім» дейді /6, 34/. Дәл осы кезеңде Ж.Ақпаевтың, Р.Мәрсековтердің де ұлттық мүдде жолындағы күрестерін бастағандығын аңғарамыз. Мәселен, академик К.Нұрпейіс «Алаш һәм Алашорда» монографиясында Ж.Ақпаевтың 1905 жылы Павлодарда, Баянауылда, Қарқаралыда қазақ халқының теңдігі мен азаттығы жөнінде сөз сөйлегенін, Р.Мәрсековтің Семейде сайлауды қазақ пайдасына сай өткізу жөнінде ұсыныс білдіріп сөйлегенін келтіреді /6 , 38-39/.

Жоғарыда баяндалған саяси  шаралар Алаш қозғалысының 1905 жылдан басталғанын нақты дәлелдейді. Бүгінде сандаған зерттеулерге арқау болған біз білетін Алаш қозғалысының барлық атрибуттары тура осы жылы қалыптаса қалды деп, әлбетте, айта алмаймыз. Әрбір құбылыстың туу, қалыптасу және даму фазалары болатындығы белгілі. Алаш қозғалысы да осындай міндетті фазалардан, табиғи кезеңдерден өтті.

Қандай да болсын тарихи, саяси, қоғамдық құбылыстың тұтас бір құбылыс атануы үшін оны сипаттайтын ортақ белгілердің болуы шарт. Яғни, біз бүтін құбылысты қалыптастыратын, құрайтын бөлшек-белгілерді нақтылап, олардың шынында да бір-бірімен байланысты, сабақтас, құрамдас екендігін айқындап алғанымыз абзал. Осы тұрғыдан келгенде «Алаш қозғалысы» атты тарихи, саяси, рухани құбылысты қалыптастырған, өрістеткен, тұтастырған белгілерді түгендеуіміз қажет.

Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы саяси һәм рухани үдеріс ретінде 1905 жылдан басталып, 1920 жылдың көктеміне дейін жалғасқан тұтас тарихи құбылыс екендігін дәйектеу үшін мынадай мәселелерді көлденең тартып, оларды шешуге тырысамыз. Олар: 1) Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы;2) Қозғалыстың басталған уақыты және аяқталу кезеңі; 3)Қозғалыстың басты идеясының жалғаспалылығы мен үздіксіздігі. 4) Қозғалыс мұратын жүзеге асырудағы амалдар мен тәсілдердің сабақтастығы; 5)Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуы;6) Қозғалыстың мәдени-рухани сипаты. 7) Қозғалыс атауы. Алаш қозғалысын тұтас үдеріс ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін осыларды пысықтап көрейік.

1) Қозғалыстың басында тұрған және оны өрістеткен тұлғалардың бірлігі мен тұрақтылығы. Қандай да бір тарихи үдеріс бір ортақ атауға ие болуы үшін оны қалыптастырған негізгі тұлғалардың шоғыры болуы тиіс. Мақсаты бір, ниеті ортақ, мүдделес осындай тұлғалар сол саяси құбылыстың жолдары мен тәсілдерін айқындайды. Қозғалыстың басында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Б.Құлманов, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Бердиев, М.Тынышпаев,  М.Дулатов, Ж.Ақпаевтар болғанын сол кездегі тарихи оқиғалардан айқын аңғарамыз. Осы аталған тұлғалар және тағы да басқа қайраткерлер 1905 жылдан бастап белсенді саяси күреске шықты және олар 1917 жылдың көктемінде еліміздің әр түкпірінде облыстық қазақ сиездерін ұйымдастыруда айрықша белсенділік танытты, алдымен азаматтық, сосын қазақ комитеттерін, «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарын құруға атсалысты және оларды басқарды. Сонымен бірге, олар Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездерін ұйымдастырып, «Алаш» партиясы атынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына ұсынылды, Алашорда үкіметінің құрамына сайланды. Яғни, 1905 жылы басталған Алаш қозғалысын қайраткерлердің белгілі бір шоғыры дайындап, олардың басым көпшілігі қозғалыстың соңына дейін бастамашылық, ұйытқылық, жетекшілік рөлде болды.

Қозғалыс қарқын алған сайын бұл қайраткерлердің де халық алдындағы беделі өсті, яғни бұқара халықтың оларға деген сенімі беки түсті. Қозғалыстың туу кезеңінен бастап, әсіресе, Әлихан Бөкейханның беделі күшті болғандығы байқалады.  Оны Ахмет Байтұрсынұлының  Әлиханға арнаған өлеңіндегі мына бір шумақтан айқын аңғарамыз.

Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!    /7, 25/, Байтұрсынов  А.

Сол күндердің және бір куәсі Қошке: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан» деп жазады /8,67/. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ішінен Ә.Бөкейханды осылайша ерекше бөліп атаудың жөні бар. 1905 жылғы отаршыл үкіметке қарсы саяси қимылдардың көпшілігінің басында тұрған осы Әлихан. Ақпан төңкерісі нәтижесінде озбыр империяның патшасы тақтан құлатылғанда халқынан сүйінші сұрап, бірлік пен теңдікке үндеген де Әлекең болатын. Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездерін ұйымдастырудың басында тұрған да осы тұлға. Сондықтан да сан жылдық күрес жолындағы саяси һәм рухани серіктері оны Алашорданың төрағасы етіп те сайлады. Алаш қозғалысының басы мен соңына қарасақ, онда оның қай кезеңінен де Әлихан Бөкейханның тұлғасы өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Бұл тұлғаның күресі, өз кезегінде, Алаш қозғалысының 1905 жылдан басталғандығына, сөйтіп 1920 жылы аяқталғанына да көрнекі мысал бола алады. Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуында Әлихан сияқты қайраткерлердің ерен еңбегі мен мақсатты күресі жатыр.

2) Қозғалыстың басталған уақыты және аяқталу кезеңі. Алаш қозғалысының бастауында болған және «Алаш» партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрған жетекші тұлғалардың саяси күрес тарихын қарағанда олардың 1905 жылдан бастап белсенділік танытқанын  жоғарыда айттық. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақпаев осы жылғы «Қарқаралы құзырхатын» дайындауды ұйымдастырғаны белгілі. Тарихта «Қарқаралы құзырхатымен» бірге ресейлік патша үкіметіне басқа да осындай жазбаша талаптар жолданғаны бүгін белгілі болуда.  Сондай-ақ, 1905 жылдың соңында Орал қаласында Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылуы да Алаш қозғалысының осы жылдан басталғандығын айғақтайды.  Б.Қаратаев, Н.Ипмағамбетов, Ғ.Бердиев, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедұлы сияқты кейінірек ірі қайраткерлерге айналған азаматтардың да осы жылдан азаттық күресіне белсене араласа бастағанын көреміз.

Екінші жалпықазақ сиезінде құрылған Алашорда үкіметі бірден қызу іске кіріскені белгілі. Алашордашылардың осы кезеңде Ресей билігіне келген большивиктермен күресі Ленин бастаған кеңестік билікті үрейлендірді. 1918-19 жылғы Алашорда мен кеңестік билік арасындағы әртүрлі келіссөздер, қалыптасқан жағдайда большевиктер билігінің жалпы Ресей аймағында басты күшке айналуы – Алаш көшбасшыларын жаңа билікке мойынұсынуға мәжбүр етті. Соның нәтижесінде, Алаш көсемдері кеңестік билікті мойындауға, Алашорданы таратуға амалсыздан көнді. Бірақ, Уфа мәжілісінде құрылған Батыс Алашорда үкіметі 1919 жылдың аяғына дейін большевиктік әскермен күресін тоқтатпады. Сөйтіп, Алашорданың толық таратылуы іс жүзінде 1920 жылғы 5 наурыздағы  арнайы қаулымен ғана жүзеге асырылды. Сондықтан Алаш қозғалысының толық аяқталуын осы датамен байланыстырамыз. Бұл арада ұлт-азаттық қозғалыс ретінде Алаш қозғалысы өзінің бастапқы және негізгі міндеті -  ұлттық мемлекет құрумен аяқталмағанымен, сол Алаш қайраткерлерінің көпжылдық қажырлы күресі қазіргі қазақ мемлекетінің негізін салғанын ақиқат үшін айрықша атап өтеміз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш делегациясының В.Ленинмен келіссөздерінің нәтижесінде ғана мүмкін болған 1920 жылдың 26 тамызында құрылған Қазақ кеңестік социалистік автономиялық республикасы еді.  Бұл 1936 жылы 5 желтоқсанда құрылатын  Қазақ кеңестік социалистік республикасының да, 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Қазақстан Республикасының да негізі болатын. Сондықтан бүгінгі «Тәуелсіздік» деген қазақ баласының мәңгілік аңсарының қайнар көзінде Алаш қозғалысының күресі жатқанын айғақтау, сол қозғалыс ерлеріне құрмет көрсету – егемендігіміздің қадір-қасиетін ұғынумен сабақтас.

3)Қозғалыстың басты идеясының жалғаспалылығы мен үздіксіздігі. Қозғалыс бастауынан аяғына дейін негізгі, басты бір идеяны іске асыруға бағытталды, атап айтқанда, қазақтың теңдігі, құқығы, азаттығы. Қозғалыстың түпкі мақсаты – қазақтың дербес ұлттық мемлекетін құру. Осы 1905 жылдан бастап өмірге келген негізгі идея 1920 жылдың 5 наурызына дейін, 2 жыл 3 ай өмір сүрді. Яғни, қозғалыстың өнебойында оның басты идеясының бірлігі сақталды. Қозғалыс ауқымындағы саяси, рухани, ағартушылық оқиғалар бір-бірімен жалғасып, үздіксіз үдерісті қалыптастырды. Сондықтан да біз Алаш қозғалысын 14-15 жылға созылған үздіксіз тарихи үдеріс деп санаймыз. Қозғалыстың үздіксіздігі мен жалғаспалылығы осы кезеңнің әр жылынан, әрбір оқиғасынан байқалады. Оны профессор Д. Қамзабекұлымен бірлестікте дайындалған «Алаш жылнамасынан» айқын аңғаруға болады /9,271-282/.  Яғни, бұл ұлт-азаттық қозғалыс белгілі бір идеялар төңірегіне топтасқан ұлт қайраткерлерінің мақсатты түрде үздіксіз жүргізген саяси һәм рухани күресінің жемісі.

4) Қозғалыс мұратын жүзеге асырудағы амалдар мен тәсілдердің сабақтастығы. Алаш қозғалысы қайраткерлері өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін сол дәуірдің қажет еткен және мүмкіндік берген ауқымы шегінде ұлт азаттығы үшін қажетті саяси, рухани, ағартушылық амалдар мен тәсілдерді жүзеге асырды. Алаштықтардың келешекте жүзеге асырылатын идеяларының басым көпшілігі «Қарқаралы құзырхатынан» көрініс тапты десек боларлық. Осы құзырхатта жазылған талаптар және саяси күрестің дәуірлік қажеттіліктері Алаш қозғалысының басты мұраттарын негіздеп, соған орай күрестің амалдары мен тәсілдерін де қалыптастырды. 1905 жылғы бірінші орыс төңкерісінен кейін империялық биліктің тәртіпті күшейтуі, Алаш қайраткерлерінің саяси күрестен де, рухани-ағартушылық қадамдарға баруына ықпал етіп, енді олар халықты ағарту, халыққа өз құқықтарын білдіру шараларын қарастырып, оларды жүзеге асыруға бағыттады. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейханның мақалалары мен аудармалары, Ахмет Байтұрсынұлының сауат ашу құралдары мен «Қырық мысал», «Маса» жинақтары, Міржақып  Дулатовтың «Оян, қазағы!», Ғұмар Қараштың «Бала тұлпары» мен «Аға тұлпары», М.Тынышпаевтың, М.Шоқайдың публицистикасы тағы да қаншама қайраткерлер мен қаламгерлердің күресшіл рухтағы туындылары алаштықтардың сол кездегі саяси һәм ағартушылық амалдары мен рухани тәсілдерін байқатады. Алғашқыда Ресейдің кіндік үкіметіне құзырхат жазудан бастаған Алаш зиялылары империялық саясаттың 1905-1907 жылдардағы төңкерістерден кейін қатаң тәртіп орнатуынан ендігі жерде ағартушылық жұмыстармен шұғылдана бастады. Бұл ағартушылық жұмыстардың басында Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы тұрғаны, оның қазақ баласының сан ұрпағы сауат ашқан еңбектер жазғаны тарихтан баршамызға да белгілі. Алаш зиялылары халықты насихаттауда баспасөздің мәнін терең түсініп, шамамен 1907 жылдардан бастап қазақ баспасөзін шығаруды мақсат етеді. Бастапқыда «Серке», «Тіршілік», «Қазақстан» сияқты газеттер шығарып, сәл кейінірек «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» сияқты ұлт басылымдарының жарыққа шығуына қол жеткізеді.  «Қазақ» газетінің алғашқы редакциялық мақаласында: «Әуелі, газет – халықтың сөзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды» дей келе, өздерінің мақсаттарын «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы» деп дәуірдің ең зор мақсатын айқындады /10, 10-11/.

Қандай да болсын ұлттың азаттық алуы үшін оның серкелерінің саяси сауаты терең, күрестері баянды да тұрлаулы болмағы қажет. Алаш зиялылары ХХ ғасыр басында ілгеріде айтқанымыздай «Қазақ демократиялық-конституциялық партиясын» құрғаны белгілі. Ал Әлихан Бөкейхан сияқты Алаш көсемі сол кездегі Ресейдегі әртүрлі партиялардың жұмысын көріп, өзі кадет партиясына мүше болғаны да тарихтан мәлім. Сол шақта Әлекеңдер, әрине, орыс саясаткерлерінің тәжірибесін бағамдап өз елінде де осындай саяси күшті жасауды мақсат етуі күмәнсіз десек, онда олардың бұл идеясы тарих сәтін салған кезеңде жүзеге асып, «Алаш» партиясын құрғаны да аян.

Қозғалыстың тарихында қазақ қайраткерлерінің мұсылман бауырлармен жақын араласуы да оның қанатын бекітті. I, II Мемлекеттік Думаға енген қазақ депутаттарының мұсылман фракцияларына мүше болуы, Петерборда, Мәскеуде, Қазанда, Уфада, Самарада мұсылмандар ұйымдастырған әртүрлі шараларға қатысуы да қазақ қайраткерлерінің қозғалысты өрістетуіне, қажетті саяси болсын, рухани болсын тәжірибе жинақтауларына оң ықпал еткені күмәнсіз.

5)Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуы. Қозғалыс қайраткерлерінің халықтың өз арасынан шығуы, сондықтан да ел өмірін өте жақсы білуі олардың қоғамды азаттық идеясына иландыруында, қозғалыстың қазақ жерінің барлығын дерлік аймақтарын қамтуында аса маңызды рөл атқарды. Қозғалыс қайраткерлеріне буржуазиялық қатынастар, орыстың буржуазиялық төңкерісі белгілі деңгейде ықпал еткенімен, олар таза буржуазия өкілдері емес-ті.  Қазақ оқығандары халықтың ортасынан шыққан, оның мақсат-мүддесін жақсы білетін, дүниеауи, заманауи білім алған, өз ұлтына шын жаны ашитын азаматтар еді. Сондықтан олар қызметті, мансап-мәртебені, шен-шекпенді емес, ең алдымен халқының қамын ойлайтын ұлтшыл тұлғалар болатын. Олай болмаса, Алаш қозғалысын қалыптастырған қайраткерлердің қайсысы болсын орыс үкіметінен шен алуға мүмкіндіктері бар азаматтар еді. Бірақ олар жеке басының мүддесінен халықтық мүддені жоғары қойды және оған аяғына дейін аянбай, талмай қызмет етті. Зиялылардың ұлт алдындағы риясыз еңбегі мен қайраты – қозғалыстың жалпыхалықтық сипатқа ие болуына бастады. Қозғалыстың жалпыхалықтық сипат алуына әдебиеттің ықпалы күшті болды. Ілгеріде айтқанымыздай, А. Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың, Ғ.Қараштың, кейінірек М.Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың, А.Маметовтың, С.Дөнентаевтың өлеңдері қозғалыс ұрандарының халықарасына таралуына әсер етті. Алаш қайраткерлерінің «Қазақ» кейінірек «Сарыарқа» газеттерін жарыққа шығаруы - қозғалыстың бұқаралық сипатқа ие болуына өлшеусіз үлес қосты.

6) Қозғалыстың мәдени-рухани сипаты. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің барлығы дерлік шығармашыл тұлғалар еді. Айталық, Ә.Бөкейханның, Б.Қаратаевтың, А.Қалменовтің, М.Тынышпаевтың, М.Шоқайдың, Х.Досмұхамедұлының, А.Бірімжановтың, Ж.Ақпаевтың, Ә.Ермековтің бойында туабітті шешендік, ғылыми дарын бар болатын. Егер бұл азаматтар, мәселен, хандық дәуірде өмір сүрсе, әйгілі би, атақты шешен болар еді деп толық сеніммен айта аламыз. Егер саяси күресті емес, ғылым жолын таңдаса, онда олардан ірі ғалымдар шығары да сөзсіз еді. А.Байтұрсынұлының жан-жақты шығармашылық тұлға болғаны, Ғ.Қараштың, М.Дулатовтың және қозғалыстың кейінгі буын өкілдері Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтің ұлттық көркемсөзіміздің  аса ірі  шеберлері екендіктері мәлім. Алаш қозғалысы тұсында олардың қайраткерлігімен бірге шығармашылығы да сан қырынан ашылды. Қозғалыстың бастапқы кезінде халықты оятуда, елдікке шақыруда әдебиет, оның ішінде поэзия ерекше рөлге ие болғанын ілгеріде жазғанбыз. Өлең сөз қазақ баласын рухтандыруда, өзін-өзі тануда, санасын жаңғыртуда ғаламат қуатқа ие екендігі белгілі. Азаттық қозғалысындағы өлеңнің осындай қуатты қару болғандығын сол тұстағы тұлғалардың өздері де терең сезінген, оны сол үшін де күрестің қуатты құралы ретінде пайдаланған. Бұл жөнінде: «Қазақ елінің әр түрлі тұрмыстың жұмбақтарына кездесіп, даң болып тұрған кезінде «Қырық мысал»мен «Оян қазақ!» деп келіп, әлеумет жұмбақтарын шешкендіктен, елді оятқан үлкен күш болды. Тақпақты сүйетін қазақ бұл екі кітапты үлгі орнында ұстап, мысал орнында айтатын болды» десе, Алаш қозғалысына атсалысқан Қ.Кемеңгерұлы  /8,   /, Алаш қозғалысын да, оның қаламгерлерінің еңбектерін де коммунистік идеология тұрғысынан бағалаған кітабында С.Мұқанов: «Ұлтшылдардың ұлтшылдығын көркем әдебиеттен бастауы – көркем әдебиеттің бұқараға әсері тез жайылатындықтан болды» деп жазыпты /11, 32/. Ілгеріде айтылған А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», М.Дулатовтың «Оян, қазағы!», оларға қоса сол Ахаңның «Масасы», Шәкәрімнің «Қазақ айнасы», Мәшһүр-Жүсіптің «Хал-ахуалы» мен «Сарыарқаның кімдікі екендігі», Ғ.Қараштың «Бала тұлпары» мен «Аға тұлпары», М.Жұмабаевтың «Шолпаны» және «Айқап» журналында, «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде жарияланған сандаған әдеби туындылар қозғалыс идеяларының халық арасына тарап, санасына орнығуына, қазақ даласының бар түкпіріне азаттық пен теңдік ұрандарының жетуіне айрықша ықпал етті. Сол себепті де осы кезеңнің әдебиетін «Алаш әдебиеті» деп атап жүрміз. Бұған қоса қазақ баспасөзінің дүниеге келуі мен қалыптаса бастауын, жазба әдебиеттің бұғанасы бекігендігін, алғашқы әдеби-мәдени кештерді, театрлық қойылымдарды айтсақ, онда Алаш қозғалысының ауқымында саяси күреспен бірге мәдени-рухани жаңғырудың да қатар жүргендігін көреміз. Осы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихымыздағы осындай аса іргелі маңызына бойласақ, онда Алаш қозғалысының шын мәніндегі Қазақ Ренессансы болғанына көз жеткіземіз. Қозғалыстың осындай нағыз ренессанстық құбылыс болғандығын осы жинаққа енген «Алаштың жолы» атты еңбегімізде  дәйектегенбіз. Осы арада кейбір ғалымдар тарапынан Қазақ Ренессансын Қазақ хандығының құрылуымен, Абай кезеңімен немесе қазіргі кезеңмен байланыстыру ұшырасып қалады. Біздің ойымызша, бұл жалпы Ренессанс құбылысының сырын жетік білмеуден болмаса белгілі бір мүддеден туындап жататын пікірлер. Жалпы әлемдік тарихтың даму қисыны сан рет дәлелдегендей, әрбір ұлт өз тарихында бір ғана Ренессансты басынан кешіреді.

7) Қозғалыстың атауы.  «Алаш» деген атау ресми түрде ең алғашқы рет 1917 жылы Бірінші жалпықазақ сиезінде саяси партияға байланысты қолданылғаны белгілі. Онда: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр»- деп айтылған-ды /10,414/. Дегенмен, «Алаш» ұғымы қозғалысқа байланысты аталған жылдан әлдеқайда бұрынырақ айтылған. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және тағы да басқа қайраткерлердің еңбектерінде «Алаш» атауы ұлт-азаттық қозғалыс тұсында белсенді түрде қолданылғаны да белгілі.

Қазақтың теңдігі мен азаттығы үшін күрескен әрбір тұлғаны тану, олардың өмірі мен ісіне лайықты баға беру көргенді елдің, мәдениетті жұрттың жоралғысы. Осы реттен келгенде, ХХ ғасыр басында қауымдасып елшілдік ұранын көтерген, Алаш атымен күрес жолына түскен азаматтарымыздың баршасын түгендеу, олардың әрқайсысының тарих пен ұлт алдындағы қайраткерлік, күрескерлік істеріне тиісті баға беру – кешегінің аманаты, бүгінгінің парызы, болашақтың қамы.

Алаш қозғалысына қатысқан барлық азаматтардың есімдерін бүгінгі ұрпаққа таныстыру мәселесі  алаштану ғылымында өз деңгейінде қолға алынбай келе жатқан  мәселе екендігі  белгілі. Қазақ тарихындағы ең ірі ұлт-азаттық қозғалысқа үлес қосқан Алаш азаматтары есімдерінің тізімін жасауды алғаш рет қолға алған көрнекті алаштанушы, академик Кеңес Нұрпейіс болатын. Ол өзінің «Алаш һәм Алашорда» атты іргелі зерттеуіне қозғалыс мүшелерінің тізімін енгізіп, оны «Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімі» деп атады. Осы тізімде 270 адамның аты-жөндері берілген. Әлбетте, Алаш қозғалысы тарихын зерттеуде бұл тізімнің өзіндік тарихи һәм ғылыми мәні айтарлықтай. Тізімнің алғаш рет 1991 жылы жарияланғанын, яғни елімізде алаштану ғылымы енді ғана қалыптаса бастаған шақта жасалғанын еске алсақ, әрине, оның нақты әрі соңғы тізім бола алмасы түсінікті. Сондықтан аталған тізімге байланысты үш түрлі мәселені айта кету ғылыми ақиқат үшін қажет деп ойлаймыз. Біріншіден, ілгеріде айтқанымыздай, тізім бұдан 20 жылдан астам уақыт бұрын жарияланғандықтан, мұнда Алаш қозғалысына қатысушылар толық қамтылмаған. Уақыттың шамасына қарасақ, оның мейлінше толық болуы мүмкін емес те еді. Оны тізімге жасалған ескертпеде: «Тізім «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналының 1991 жылғы 8, 9, 10-шы сандарында жарияланған, оған осы еңбектің авторы қосымшалар енгізген. Оқырмандарға ұсынылып отырған бұл тізім келешекте жаңа деректер табылуына орай толықтырыла бермек»деп ғалымның өзі де атап өтіпті /6, 216/.  Бұған қоса  тізімдегі тұлғалардың тегі мен атының жазылуында көптеген қателер барын аңғаруға боларлық. Мәселен, Боштаев «Баштаев», Елшіұлы «Емшин», Қоскеев «Қаскеев» деген сияқты. Бұл ғалымның қатесі емес, сол кездердегі құжаттардан келген жаңсақтықтар. Қазіргі еңбектерде олардың есімдері мейлінше дұрыс жазыла бастады. Себебі, одан бері Алаш қозғалысына қатысқандарға байланысты көптеген құжаттар  жарық көруде, ғылыми еңбектер қатары көбеюде, зерттеулер жалғасуда. Екіншіден, жоғарыда келтіргеніміздей, тізімнің атауына «ниеттестер» деген тіркеме қосылған. Бұл, әлбетте, ғылыми дәлдікті білдіретін ұғым емес. Бізге Алаш қозғалысы барысындағы шараларға, оқиғаларға, бастамаларға қатысқан тұлғалардың, яғни қозғалысқа қатысушы боларлықтай еңбегі бар азаматтардың мейлінше ғылыми сараланған тізімі қажет. Осындай себептер қозғалысқа қатысқан тұлғалардың мейлінше  толымды, ғылыми жағынан нақтыланған тізімін жасауды күн тәртібіне қояды. Үшіншіден, «Алаш қозғалысының мүшесі» деген анықтама да аса дәл емес, біздің ойымызша, қозғалыста мүше емес, қатысушы болады, сондықтан «Алаш қозғалысына қатысушы» деген жөн.

 Қозғалысқа қатысушылардың тізімін жасаудағы ең үлкен мәселе – Алаш қозғалысына кімдерді не үшін енгіземіз деген мәселе. Яғни, тұлғаны «Алаш қозғалысына қатысушы» деп танудың принципі мен критериі. Оған, әлбетте, бізге Алаш қозғалысының сипаты, туу, қалыптасу және өрістеу жолдары, осы кезеңдердегі оқиғалар мен құбылыстар тікелей тірек болмақ. Алаш қозғалысының әлгіндей кезеңдеріне ой жүгіртсек, онда біздің топшылауымызша, қозғалыс мүшелеріне мынадай тұлғаларды енгізген жөн сияқты.

Ең алдымен, 1905 жылдан бастап ұлт-азаттық қозғалыс аясындағы оқиғалардың тікелей бастауында тұрған, оған атсалысқан азаматтар Алаш қозғалысына қатысушылардың  тізімінен орын алуға лайық деп ойлаймыз;

Екіншіден, 1917 жылдың наурыз-мамыр айларында құрылған қазақ комитеттерінің және кейінірек осы комитеттердің облыстарда, уездерде Алаш комитеттері болып құрылғандағы мүшелері;

Үшіншіден, осы кезеңде Торғай, Жетісу, Семей, Ақмола, Орал облыстарында  өткізілген қазақ сиездеріне және ұлт-азаттық қозғалысты қолдап осы облыстық сиездер үлгісінде өткізілген уездік, болыстық сиездерге қатысқандар;

Төртіншіден, Бірінші жалпықазақ сиезі мен Алаш автономиясы жарияланып, Алашорда үкіметі құрылған Екінші жалпықазақ сиезінде партияға және Халық Кеңесіне енгендер және осы сиездерге қатысқандар;

Бесіншіден, «Алаш» партиясын, Алашорда үкіметін қолдаған хазіреттер, ишандар, молдалар және Қазақстанның әр түкпірінен хат жолдағандар және еліміздің әр аймақтарында қолдау шараларын өткізген азаматтар да осы тізімге енуі тиіс деп санаймыз;

Алтыншыдан, бұл тізімге «Алаш» партиясы атынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына ұсынылған депутаттар да кірмек;

Жетіншіден, бұл тізімге Алаш әскерінің жетекшілері мен сарбаздары енеді;

Сегізіншіден, Алаш автономиясының астанасы болып жарияланған Алаш қаласындағы думада, земствода, мектептерде, мешіттерде жұмыс істеген азаматтар;

Тоғызыншыдан, Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде жұмыс істегендер;

Оныншыдан, Батыс Алашорда үкіметінің, әскерінің сондай-ақ, «Жымпиты уәлаяты» үкіметінің құрамында болғандар;

Он біріншіден, қозғалысқа қатысқан басқа ұлт өкілдері.

Алаш қозғалысы қазақ жерінің барлық түкпірін және барша әлеуметтік орталарды қамтып, шын мәніндегі бүкілхалықтық қозғалысқа айналған. Сол себепті де оны ұлтымыздың сан ғасырлық тарихындағы ең ірі, ең ұзақ, ең пәрменді ұлт-азаттық қозғалыс деп толық сеніммен айта аламыз. Қозғалыстың өзіне дейінгі ұлт-азаттық күрестерден түбірлі айырмашылықтарының бірі – қоғамның алдыңғы қатарлы оқыған санаткер азаматтар дайындаған қозғалыс болуында.  Яғни, XX ғасырдың басында ұлт тағдыры үшін интеллектуалды топтың тарих сахнасына шығуы, оның бір жағынан, отаршылдық саясатқа қарсы күресуі, екінші жағынан, қазақ қоғамын жаңартуға бел шеше кірісуі -   ұлттың есейгенін, өзінің құқығы мен теңдігі үшін зор мақсат қоя алатынын және оны шешуге әлеуеті жететінін толық аңғартты.

Біздің тарапымыздан Алаш қозғалысына қатысушылардың тізімін жасау 2006-2007 жылдардан қолға алынды. Қажетті құжаттарды, Алаш қозғалысы тарихын, қозғалыс қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен ғылыми зерттеулерді, энциклопедияларды, анықтамалықтарды, танымдық еңбектерді саралау барысында біз бастапқыда Алаш қозғалысының 583 мүшесінің тізімін дәйектедік. Ол «Руханият» орталығы дайындаған «Алаш» қозғалысы» анықтамалығында алғаш рет жарияланды /12, 174-205/. Осы тізім қазіргі кезде қоры толығып келе жатқан қазақ тіліндегі «Уикипедия» ашық энциклопедиялық сайтында жарияланды. Одан берідегі жылдарда оны толықтыру жұмыстарымен шұғылдандық. Қазір біздің тізімімізде Алаш қозғалысына қатысушы 940 тұлғаның дерегі бар. Бұл тізім 2014 жылы  «Сардар» баспасынан жарық көрген «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығында жарияланды  /9, 439-506/. Алаш қозғалысына қатысушы әрбір адамның тұсына олардың қозғалысқа қатысы жөнінде мәліметтер берілді. Оған қоса ондай мәліметтерді қайдан алғанымыз жөнінде сілтемелер де қоса ұсынылды. Мәселен, Абылаев Айтқали – Алашорда офицері. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. Алматы: Арыс, 2002. 100-101 б.; Абылаев Сұлтанмұхамет – Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқан; Абылайханов Арынғазы – Семей облыстық қазақ сиезінде облыстық қазақ комитетіне сайланған. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Алматы: Алаш, 2004. 1 том, 229 б. деген сияқты. Әлбетте, Алаш қозғалысына қатысқан адамдар саны мыңдап, он мыңдап саналады. Өйткені, тарихи деректерге қарағанда, Алаш халықтық милициясының өзіне Бөкей ордасынан 1000 адам, Орал облысынан 2000 адам, Торғай облысынан 3000 адам, Ақмола облысынан 4000 адам, Семей облысынан 1500 адам, Жетісу облысынан 2000 адам шақырылған /13,250/. Бұған қоса, Алашорданың әскери жасақтарында да бірне мыңдаған адамдар болған. Сондай-ақ, облыстық, уездік сиездерге қатысқандардың көпшілігінің аты-жөндері бізге жетпеген, тіпті Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқандардың да толық тізімі белгісіз. Жаратқанның жазуымен біздің заманымызға Алаш қозғалысы барысында айрықша еңбек сіңірген азаматтардың есімдері ғана жетсе керек деп ойлаймыз. Бұл тізімнің болашақта толыға беретініне шүбә келтірмейміз. Біз дайындаған тізім осы салада ізденіп жүрген азаматтарға ой салып, олар мұны толықтыруға атсалысса, оларға «Алла жарылқасын» деген тілегіміз бен алғысымызды айтамыз.

Алаш қозғалысы дегенде баршамыздың ойымызға ең алдымен Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Тынышпаев, М.Шоқай, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Ермеков сияқты қайраткерлер түседі. Бұл дұрыс та. Дегенмен, бүкіл қазақ даласын қамтыған қозғалысты дүниеге келтірген қайраткерлер тобы болғанымен оның өрістеуіне, бүкіл елді қамтуына жүздеген, тіпті мыңдаған адамдар үлес қосатыны белгілі. Сондықтан Алаш қозғалысы мүшелерінің деректік мүмкіндіктерге қарай баршасын қамту тарихи шындыққа сай болмақ. Әлбетте, Алаш қозғалысының жаны да, жүрегі де оның көсемдері мен қайраткерлері. Енді осы арада Алаш қозғалысының қайраткерлері деп кімді танимыз деген мәселеге жауап бере кеткеніміз жөн сияқты. Біздің ойымызша, «Алаш қайраткерлері» ұғымына осы қозғалыстың басында тұрған, оны қалыптастырған, еліміздің әр өңіріндегі күрестердің жетекшілері болған азаматтар енбек. Олар ұлт-азаттық қозғалыстың бастауы болған сонау 1905 жылдан басталатын саяси һәм рухани шараларды, облыстық сиездерді және Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерін ұйымдастырған, Алашорда үкіметінің құрамына кірген, Алаш әскерін басқарған, 1920 жылға дейін қазақтың теңдігі үшін күрескен, ұлттық мемлекет құру жұмыстарына аянбай қызмет еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақпаев, Ғұмар Қараш, Мұхаметжан Тынышпаев, Міржақып Дулатов, Халел және Жанша Досмұхамедовтер, Уәлитхан Танашев, Халел Ғаббасов, Хамит Тоқтамышовтар. Сонымен бірге, 1905 жылы Орал қаласында «Қазақ констутициялық-демократиялық партиясын» құрудың басында тұрған, оның сиезін ұйымдастырған және кеңес үкіметі орнағанға дейін ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқан Ғ.Бердиев, Н.Ипмағанбетов сияқты Алаш қозғалысының аға буын өкілдері. Ұлт-азаттық қозғалыс барысында белсенділік танытып Алаш қайраткерлері деңгейіне көтерілген азаматтардың үлкен бір тобы 1917-1919 жылдар аралығындағы оқиғалар тұсында қалыптасты деуге болады. Бұл ретте «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуына атсалысқан Ә.Көтібаров, А.Сейітов, А.Бірімжанов, С.Қадырбаев, У.Танашев, А.Тұрлыбаев, И.Қашқынбаев, Е.Итбаев, Е.Қасаболатов, Р.Мәрсеков, М.Боштаев, О.Алмасов, А.Кенжин, М.Бекімов, Б.Мәметов, О.Әлжанов, С.Сабатаев, Б.Ниязовтарды атауға болады. Бұлардың барлығы дерлік Бірінші жалпықазақ сиезіне қатысқандар, осы сиез атынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына  депутаттыққа ұсынылғандар, Қазақстанның әр өңірінде ұлт-азаттық күресті ұйымдастырғандар, сондай-ақ олар ірі  қайраткерлік еңбектерінің арқасында  Екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметінің мүшелері болып сайланғандар. Олардың кейбіреулері әлі күнге дейін көпшілік қауымға, бүгінгі ұрпаққа белгісіз болып, көп жағдайда атаусыз қалып келеді. Себебі, мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында Алаш қозғалысының  тарихы өз деңгейінде оқытылмайды, ал оқулықтардағы мардымсыз мәліметтерде, негізінен, 6-7 тұлғаның есімдері ғана аталып жүр. Әрине,  бұл әділетсіздік. Мәселен, Уәлитхан Танашев. Қазан университетінің 1909 жылғы түлегі. 1917 жылы сәуірдің басында «Қазақ» газеті «Тұңғыш сиез» деп бағалаған Торғай облысы қазақтарының сиезінде мәжіліс төрағасының орынбасары әрі осы сиезді ұйымдастырушылардың бірі. Бөкей Ордасы қазақтарының сиезінде президиум төрағасы. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі атқару комитетінің мүшесі. «Шура-и-ислам» ұйымындағы Алашорда үкіметінің өкілі. Алашорда үкіметінің мүшесі. Киевте, Самарада, Челябіде, Петерборда, Уфада өткен бүкілресейлік сиездерге қатысқан. Жоғарыда есімдері аталған бүгінгі ұрпаққа әлі толық белгілі бола қоймаған азаматтардың қай-қайсысы да ұлт үшін сонау қиын-қыстау замандарда тәуекел мен күреске түскен қайраткерлер.

Алаш қозғалысының ірі ұлт-азаттық қозғалысқа айналуы үшін ол бүкіл Қазақстанды қамтуы тиіс екендігі белгілі. Бұл қозғалыстың қазақ елінің барлық өңірлерін қамтуы үшін сол өңірлердегі азаматтар ерекше үлес қосты. Біз Алаш қозғалысына қатысқандар  тізіміне еліміздің әр өңіріндегі осындай азаматтарды қосқанымыз абзал. ХХ ғасыр басында Қазақстан бірнеше облыстарға бөлінгені белгілі. Олар: Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу, Семей, Сырдария облыстары. Алаш қозғалысы тұсында осы облыстардың баршасында қазақ сиездері бірнеше мәрте өткізілді. Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері ұйымдастырған бұл сиездерде қазақтың еркіндік алу, партия құру, кіндік үкімет жасақтау және тағы да басқа дәуірлік мәселелер көтерілген. Сондықтан біз Алаш қозғалысына қатысушылар  тізіміне облыстық сиезге қатысқан азаматтарды енгіздік.

Алаш қозғалысының өрістеуіне уездердің де рөлі ерекше болды. Бұл ретте алдымен Қарқаралы, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Ойыл, Үржар, Көкшетау, Зайсан, Ырғыз, Қойлық уездеріндегі іс-қимылдарды айтуға боларлық. Мәселен, Қарқаралыда Қазақ комитеті құрылып, оның төрағалығына көрнекті ақын Нармамбет Орманбетұлы сайланды. Павлодарда Алашорда үкіметін қолдау мақсатында 1918 жылдың 15 ақпанында уездік сиез өткізіліп, қазақ комитеті құрылды. Осы комитет мүшелерінің ұйымдастыруымен жаңадан орнаған кеңес үкіметі құлатылды. Ал осы жылдың маусымында ІІ уездік сиез өткізіліп, осы сиезде Алашорданың Павлодар уездік Кеңесі құрылып, оның төрағалығына Қ.Бердалин сайланды. Алаш партиясын, Алашорда үкіметін қолдаған, жергілікті қазақ, кейінірек Алаш комитеттерін құрған сиездер, басқосулар, кеңестер Қазақстанның көптеген уездерінде өткізілді.Мәселен, Ырғызда, Ақтөбеде, Өскеменде, Қостанайда, Көкшетауда, Зайсанда, Үржарда осындай уездік сиездер ұйымдастырылды. Осы сиездерде белсенділік танытқан азаматтардың бірқатары облыстық комитеттерге сайланды, Екінші жалпықазақ сиезіне де  қатысты. Уездермен бірге Алаш партиясын, Алашорда үкіметін қолдаған басқосулар көптеген болыстықтарда да өткізілді. Осы басқосулардың кейбір тарихи құжаттары сақталған. Біз осындай құжаттарда есімдері сақталған азаматтарға да тізімнен орын бердік. Сондай-ақ, Алаш қозғалысы қарқын алған шақта оған қолдау білдіріп, хат жолдаған көптеген азаматтар болғаны белгілі. Айталық, «Сарыарқа» газетінде «Семейдің уездный земствосының мүшелері» делініп 13 адамның атынан «Біз «Алаш» партиясының соңынан ереміз. Анық көш басшыларымыз сонда» деген хат жарияланған /14,  /. Оған қол қойғандардың ішінде, мәселен, белгілі ақын Көкбай Жанатайұлы да бар.

Алаш қозғалысына қатысушылардың  едәуір бөлігі Алаш әскерінде болған азаматтар. Алаш әскері Алаш автономиясының сол кездегі астанасы Семейде және Батыс Алашордада жасақталғаны белгілі. Сондай-ақ,  Міржақып Дулатов басқарған Алаш милициясының болғаны да мәлім. Семейдегі Алаш әскерін капитан Хамит Тоқтамшев басқарды. Алашорданың Батыс бөлімінің әскері большевиктермен күресте ерекше көзге түскені белгілі. Осы әскери жасақтарды басқарудағы Б.Құлмановтың, Әубәкіровтің, Меңдіқұловтың, М.Көздекеновтің, Қ.Есмағамбетовтің, Ә.Таңқыбаевтың есімдерін айрықша атауға боларлық.

Алаш қозғалысының өрістеуіне, халқымыздың бостандық, теңдік идеяларының төңірегіне топтасуына діни қайраткерлердің де ықпалы айрықша болды. Қозғалыстың өрістеуіндегі ислам дінінің маңызы Алашқа қатысты құжаттардан айқын аңғарылады. Алаш қайраткерлерінің имандылығы мен кісілік қасиеттері – олардың мұсылманша тәрбие мене білім алғанынан дарыған табиғи қасиет. Ұлт-азаттық күрестің бел ортасында қасиетті ислам дінін халыққа таратуда иманды, ағартушылық бағытта тарихи жұмыстар атқарған имамдар, хазіреттер, ишандар болғаны да белгілі. Сондай-ақ, қозғалыстың қарқынды жүруіне, зиялылардың бас біріктіруіне бүкілресейлік Мұсылман сиездерінің, Мұсылман фракциясының, Түркістан мұсылмандары сиездерінің, «Шура-и-ислам» сияқты ұйымның рөлі айрықша байқалды. Облыстық сиездерде және Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерінде дін мәселесі - күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. «Алаш» партиясы бағдарламасына дін ісі жеке тарау ретінде енгізілген болатын. Сонымен бірге, дін бірлігі сол тұста қазақ, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан т.б. ұлттардан шыққан елшіл қайраткерлердің ортақ мүдде тұрғысынан серіктесіп, өзара байланыс орнатуларына, азаттық идеясы төңірегінде ұйымдасуларына айтулы ықпал жасады. Мәселен, Торғай облысында өткізілген алғашқы сиезде жергілікті дінбасылармен бірге Қазан мұсылман комитетінен Н.Хальфин, Уфа мұсылман комитетінен Ә.Рахметдинов, Орынбор мұсылман бюросынан «Уақыт» газетінің редакторы Ф.Каримов, Ақмола облыстық сиезіне Омбы мұсылмандар бюросынан өкілдер қатысса, Бөкей Ордасы қазақтарының сиезі және Екінші жалпықазақ сиезі халқымыздың теңдігі мен азаттығы үшін құрбан болған азаматтардың рухына Құран бағыштаудан  басталғаны да мәлім. Сонымен бірге, Ташкент маңындағы Қойлықта өткізілген мұсылман сиезі, Жымпитыдағы молдалар сиезі тікелей ұлт-азаттық қозғалысы ауқымында ұйымдастырылды. Осылардың баршасы Алаш қозғалысы барысындағы ислам дінінің айрықша маңызы мен орнын айқындайды.

Алаш қозғалысына қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де қатысты. Айталық, Алаш әскерін дайындауда орыс офицерлерінің рөлі  айрықша болса, қырғыз бауырларымыздың да қозғалыста белсенділік танытқанын аңғарамыз. Бұл ретте, әсіресе, Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстанов сияқты азаматтардың күрескерлігі айрықша.

Қозғалыс тарихына көз салсақ, оған қазақ тарихындағы аса белгілі тұлғалардың ұрпақтары да белсене қатысқанын аңғарамыз. Мәселен, Кенесары ханның баласы Ахмет сұлтаннан тараған Әзімхан Кенесарин. Ол 1917 жылы Әулиеата уезі қазақтарының сиезін ұйымдастырған, Екінші жалпықазақ сиезіне қатысып, осы тарихи жиында төраға орынбасарлығына сайланған. Әйгілі Мұхит әншінің немересі Мұхитов Ғұбайдолла Батыс Алашорданың қайраткері һәм Алаш полкі жетекшілерінің бірі болған. Абайдың ұлы Тұрағұл. Ол Семей облыстық Алаш комитетінің белсенді мүшесі болған, 1918 жылы Міржақып Дулатовпен бірге Алашорда атынан Сырдария облыстық қазақ сиезіне және Екінші жалпықазақ сиезіне қатысқан.

Қозғалысқа қатысушылардың күрескерлік еңбегіне шынайы баға беру – жалғаса, жаңғыра беретін жұмыс. Енді олардың әрқайсысы жөнінде ғылыми мақсатты ізденіс жасау – тарихшыларымыздың, сонымен бірге қоғамдық ғылым саласындағы мамандардың міндеті. Себебі, Алаш қозғалысы қашанда қазақпен бірге өмір сүретін ұлттық намыс пен рухтың тарихи һәм өміршең сабағы.

Ербол Тілешов,

Қамшы