Экспо-2017 көрмесінің алғашқы қорытындылары жасалды

Ержан Салтыбаев, ИМЭП, Политика, Аналитика, Фонд Президента, Астана

Бүгін Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында (ӘЭСИ) «ЭКСПО 2017. Жасыл экономиканың келешегі» атты конференция өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі келушілер мен түрлі мемлекеттердің мамандары тарапынан жоғары баға мен жағымды пікірлерге ие болды. Қазақстан таңдап алған «Болашақ энергиясы» тақырыбы біртіндеп жаңғырмалы энерги көздеріне өту қажеттілігі бойынша әлемдік трендке толықтай жауап береді. «Астана ЭКСПО-2017» қойылған мақсатты сәтті орындап, жасыл технологиялар саласындағы үздік зерттемелерді көрсетті. Көрменің Қазақстан экономикасының дамуына қосқан мультипликативті әсеріне ерекше назар аударылды.

– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен көрменің жабылу рәсімінде.

Конференция барысында сарапшылар, дипломаттар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері ЭКСПО-2017 көрмесінің алғашқы нәтижелерін талқылап, көрменің Қазақстанның жаңғырмалы энергетиканың дамуына қосқан үлесіне баға беріп, жалпы, әлемдегі жасыл технологиялардың келешегіне қатысты пікір алмасты.

- Қазақстан кезекті рет, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және экологиялық сын-қатерлерді жоя алатын мықты әлеуеті бар, «жасыл технологиялар» саласында халықаралық серіктестікке бейім екенін көрсетті, - деді өз сөзінде ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Конференцияға қатысушылар еліміздің «жасыл экономикаға» өтуі, Қазақстанның тұрақты дамуы, климатты өзгерту бойынша Париж келісімін жүзеге асыру секілді өзекті сұрақтар арқылы ЭКСПО-2017 көрмесінің қорытындыларын қарастырды. Сарапшылар мен аналитиктер Қазақстанның «жасыл бастамаларды» насихаттау бойынша аймақта көш бастап тұрғанынына басым назар аударды.

- Өздеріңіз білесіздер, біз Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып «жасыл» экономикаға өту Концепциясын қабылдадық. БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев әлемге «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен Еуразиялық «жасыл» серіктестік Кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатын. Бұл жағынан алғанда «Астана ЭКСПО-2017» аталмыш жолдың логикалы жалғасы бола білді, - деді Ержан Салтыбаев.

Шараға мемлекеттік органдар, «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, халықаралық ұйымдар, ҚР аккредитацияланған дипломатиялық корпус өкілдері, сонымен қатар, аналитикалық институттар мен қоғамдық ұйымдардың сарапшылары қатысты.

Анықтама: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) 2003 жылы құрылған. ӘЭСИ қызметі әлемдік экономика, халықаралық қатынастар, геосаясат, қауіпсіздік, сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президентінің жұмысы мен оның Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде құру мен нығайтуға және жаһандық бейбітшілік келіссөздерін жүргізуге қосқан сүбелі үлестерін зерттеуге негізделген.