100 Әліпбиден таңдап алғаны таз болып шықпасын

Дау Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде ‘Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы’ парламенттік тыңдаудан басталды.

25 әріптен тұратын соңғы таңдалған нұсқаны Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі иниституты директоры, латын графикасын дайындау жөніндегі комиссияның төрағасы Ерден Қажыбек пен Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тілдерді дамыту орталығының директоры, ғалым Ербол Тілешов таныстырды.

100 Әліпбиден таңдап, зерттеліп алынды деген нұсқа жарияланысымен, әлеуметтік желі шулап кетті. Қолдап жазушылардың қарасы аз. Басым бөлігі кемшілігін айтып, дабыл қағуда.

Барлық латын әліпбиіне көшкендер қателескен бе?

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин де, ғалым Ерден Қажыбек те ‘Бұрынғы латын әліпбиіне көшкендердің қателігін қайталамайтындықтарын, ешқандай өкініш болмайтынын’ қайта-қайта баса айтты.

Бұл жерде заңды сауал туады. Сонда бұрынғы латын әліпбиіне көшкендердің бәрі қателік жіберген бе? Олар өз дыбыстарын тек пернетақтадағы 26 әріпке сыйғызуға тырысқан жоқ. Тіптен немістер де солай. Ал бізде керісінше сыймайтын қазанға апарып, бас салып жатыр.

Сыймаған соң қосарлы дыбыстар да жасалған, тілімізде жоқ дыбыстарды әліпбиде қалдырып, тілімізде болуға тиісті, төл дыбыстарды басқаға қосарлаған немесе алып тастаған.

Бұндай сәтсіз Әліпби жобасының ұсынылуы зиялы қауымды ойландырып тастады. Шынымен де әліпби ауыстыру керек пе? Қажеттілік болса, неге ол дау тудырды?

‘Тілді ағылшын пернетақтасы үшін құрбанға шалмақ па?’

Алайда айтылған Әліпбидің пернетақтадағы 26 ағылшын әрпіне бейімделіп жасалғаны белгілі болды.

Өйткені, Ербол Тілешов: ‘Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандарты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптерге негізделді. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдалып алынды. Біз, латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп, 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданылуы қиындық тудырмайды’ деді.

Шынын айтқанда, Ербол ағамыз бұл сөзін осыдан 40-50 жыл бұрын айтса, жарасар еді. Себебі, қосарлы таңбамен белгілейді деген әріптер қазақтың дыбыстау жүйесі мен тіл табиғатына сай емес екенін зиялылар жарыса жазды. Әсіресе, жазу-сызудың маңайында жүрген ағаларымызды қатты түңілдірді.

Өмірұзақ Ақжігіт, журналист: ‘Мәселенің басын бірден ашып алайық – клавиатура ӘЛІППЕ үшін бе, әлде әліппе КЛАВИАТУРА үшін бе?!’


Парламенттік тыңдауда ұсынылған әліпби жобасы

Парламенттік тыңдауға ұсынылған әліпби жобасы / Фото informburo.kz

Аталмыш Әліпби шын мәнінде ‘сынақтан’ өтпеген

‘Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқауға қолдау білдірді’, – деп сендірді орталық директоры Ербол Тілешов.

Бұдан байқағанымыз, аталмыш Әліпби әлі тексерілмеген, қоғам талқысынан өтпеген. Тек өз мекемелерінде қаралғаны белгілі болды.

Ал қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын дайындау комиссиясының төрағасы Ерден Қажыбек ұсынылған нұсқаны ‘бұл мәселеге қатысы бар қазақстандық барлық ғалымдардың ортақ пікірі’ ретінде қабылдауды сұраған болатын.

Диакратиктер қазақ тіліндегі өзіне тән дыбыстарды сақтауға кепіл бола ала ма?

‘Диакратиктер қазақ тіліндегі өзіне тән дыбыстарды сақтауға кепіл бола алмайды. Мәселен, смартфондар мен өзге де жазба құралдары бізге түрлі елден келеді, онда латынның 26 ғана әрпі бар. Диакритикалық белгілерді жаңа латын әліпбиіне енгізетін болса, оларды сирек қолданатындықтан, қазақ тілінің өзіне ғана тән төл дыбыстарынан айырылып қалуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде, әсіресе жастардың арасында ‘ә’ әрпін ‘а’-ға, ‘қ’ әрпін ‘к’-ге ауыстырып қолдану кең таралған, ал кейбірі тіпті ‘ғ’, ‘ң’, ‘ү’, ‘ұ’ сияқты әріптерді елемейтін болған’, – дейді Ербол Тілешов.

Шын мәнінде әркім смартфондар мен өзге де жазба құралдарында қалаған әрпін таңдай алатын мүмкіндік пайда болғалы 10-15 жылдан асты. Техника кез келген Әліпбиге бейімделеді, дамытылады. Ал Әліпбиді техникаға бейімдеуге болмайды. Өйткені технология әр күні өзгеріп, дамып отырады.


Ұсынылған Әліпбидегі диграфтар

Ұсынылған Әліпбидегі диграфтар / Фото informburo.kz

‘Дыбыстарымызды жоғалтып аламыз’

Бұл да күрделі мәселе. Түркия елі латын графикасына өткенде ‘қ’ әрпін беретін әріпті ‘к’арқылы белгілеген болатын. Алайда ұзақ уақыт пайдалану барысында оларда ‘қ’ дыбысы жойылды. Қырғыз елі де солай.

Шынын айтқанда, қосарлы дыбыстар ағылшын әріптерін білетін оқушылар үшін онсызда орынсыз көрініп қана қоймай, дыбыстауда психологиялық қысым тудырады. Өйткені Әліпбиді үйрену кезінде балалардың қатар тұрған екі әріпті де дыбыстауға тырысатыны хақ. Оның үстіне ағылшын тілі қатар жүретіндігі де әсер етеді.

‘і’ әрпін алып тастап, оны қазақ дыбысында жоқ ‘и’-мен теңестірген. Бұл – тоғыз дауысты дыбыстың бірі әрі үндестік заңдылығының жуан-жіңішкелігін айқындауда ең көп қолданылатын әріп. Оны алып тастау тілімізге тіптен қиянат.

Байқұлов Бауыржан Берікұлы, ақын: Түркия да ‘Қ’-ны жоғалтпаймыз деген! Қазiр ‘Қ’-ларын ұмытқан! ‘К’ деп қана сөйлейдi. ‘Каймак’ деген сөзiн ‘Қаймақ’ десең, түк ұқпайды! Сол сияқты бiз де ‘ОЕ’-ны қашанғы ‘Ө’ дерсiң?! Оларды да ұмытасың! ‘ОЙЕ’ деп айтасың түбi! Не ‘О’ деп оқисың’!

‘Ә – ае, ө – ое’ ішіндегі әріптік таңбалардың, ‘ж (zh), ш (sh), ң (ng), ғ (gh)’ әріптерінің қолданылу жиілігі өте жоғары

Тағы бір айта кетерлігі, ‘ә – ае, ө – ое’ ішінде алты таңба бар, олар – қазақ тіліндегі тоғыз дауысты дыбыстың төртеуі. Бұл олардың пайдалану жиілігі буын құрауда 44 пайыздан артық екенін түсіндіреді. Бұл таңбалардың кемінде әр үш буында бір рет кездесетінін білдіреді.

Бақытбек Бәмішұлы, жазушы, ғалым: ‘Бүгін парламентте қазақ әліпбиінің латынша нұсқасы талқыланды. Ұсынылған әліпбидің жетістіктерін Ербол Тілешов мырза шамасынша жеткізіп сөйледі. Алайда бұл әліпбидің көп қыры бізге ұнамағаны жайлы жазайын:

Қазақ тілінің ә, ө, ү, ң, ж, ш, ғ дыбыстарының қос әріппен берілуі барлық дыбыстың үштен бірі яғни таңба санын арттырып, жазуды қиындатып, оқылуын күрделендіріп жібереді;
Бір ғана ‘ж’ дыбысымен басталатын сөз қазақ тілі сөздік қорының он пайызға жуығын иеленетіні, ал оның қос әріппен берілуі қаншама шығын әкелетіні белгілі жай;
Қос әріптердің қосалқы сыңарына ‘е’ таңбасының алынуы тіпті де сәйкессіз, көзге оғаш көрінетіні былай тұрсын, ‘е’ дыбысты сөздерді жазғанда ыңғайсыздық тудырады: ‘oengmengdew, enengning, uenggir…’
Қос әріп сөздің барлық буынында кездеседі, сондықтан бұрын бір бетке сиятын мәтінді жаңа әліпби бойынша енді екі бетке әрең сидыратын болады екенбіз;
Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын жасауда шет тілінен енген дыбыстарды (ф, в, ц) сақтап қалуы да қазақ тілінің үндестік заңына қайшы, тіл бұзарлық дүние.
Әзірге айтарым осы’!

Екі ‘и (й)’ кімге керек?

Мысалы, Бар-у (у – дауысты), бау (у – дауыссыз). Й әрпі де солай.

Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төте жазудың емлесінде жалғыз ғана ‘и’ бар. Дауысты дыбыстан кейін келсе дауыссыз, дауыссыз дыбыстан кейін келсе дауысты бола береді. Яғни дауысты дыбыстың рөлін атқарғанда буын жасай алатыны, ал дауыссыз дыбыс ретінде буын жасамайтыны ескертілген.

Егер ‘и’ әрпін алып тастаса, әліпби кетік боп қалмайды. Ал ‘и’-ді қосқыш болса, онда ‘у’-ға да бір пар жасап беру керек, ұят болмасын деп.
Нағыз қазақ тілінің табиғатын таңбалайды деген Әліпбидің бұл сорақылығын түсіну қиын боп тұр!

Бұдан, әріптерді таңбалауда Кеңес Одағы жасаған кирилл графикасының стандартына бейімдегенін көреміз.

Сәкен Сыбанбай, блогер сарапшы: ‘У’ – дауыссыз дыбыс. Ол тек ‘ұ’ мен ‘ү’-ге қосарланып айтылады. ‘Қу’ дегендегі айтылымы жуан – ‘құу’ (quw)‘Күлу’ дегендегі айтылымы жіңішке – ‘күлүу’ (külüw). Сосын қазақта ‘и’ деген дыбыс жоқ: ол жуан-жіңішкелігіне қарай ‘тыйым’және ‘тійімді’ деп қос дыбыстың (і, й) қосарлануы арқылы жасалған’.

‘Ц’ және ‘и’ әрпін қалдыру , ‘і’ әрпін жоғалту – Ахмет Байтұрсынұлының емлесін, ‘Үндестік заңын’ жоққа шығару

Қазақта тоғыз дауысты дыбыс бар. Сол арқылы буын жасап, үндестік заңдылығын сақтайтыны белгілі. Алайда аталмыш Әліпбиде ‘і’ әрпі жоқ. Оның есесіне ‘и’ деген қазақта жоқ дыбысты қайта қосқан.

Мысалы, ‘игілік’ деген сөзді жазатын болса ‘игилик, игилік, ігілік’ деп төрт түрлі оқитын болады. ‘J’ әрпін ‘й’ ретінде қолдану қисынсыз. ‘i’ және ‘y (ы)’ әріптері ‘и’ және ‘й’ ретінде дыбысталса, жазылса дұрыс па? Мәселен, ‘іс-әрекет’ – ‘іs-areket’, ‘jnjshek’, ‘іlgerі’. Қалай болмасын бұл да дау тудырды.

‘Ң’ үшін ‘ng’‘ғ’ үшін ‘gh’ қосар әрпін алу да дау тудырды

Мәселен, ‘Түнгі’ сөзін ‘Tungi’ деп жазуымыз керек пе? ‘Таңғы’ сөзін ‘tangghi’ деп жазу да ыңғайсыз әрі дыбыстық шатастыру тудырады.

Руна таңбалары да Юникод жүйесінде бар

‘Жаңа латын әліпбиіндегі 25 таңба халықаралық Юникод жүйесінде бар’ – деген сұхбатты да көрдік.

Есіңізде болса, барлық графикалық таңба дерлік Юникод жүйесіне енген немесе ене алады. Тіптен, Мажарстан елі 2500-4000 жыл бұрын ғұн бабаларымыз қолданып жатқан ‘Руна жазуын’ екінші Әліпби ретінде қолданып жатқаны жасырын емес.

Конвертер 15 жылдан бері бар әрі жүйеленген

Өзара графикаларды алмастыратын Сәйкестендіру бағдарламаларының 5-6 түрінің қолданылып жүргеніне қазір 15 жылдан асты. Оның үстіне төтеше жазуды, кирилл және латын әріптерін сәйкестендіргіш ретінде жемісті түрде пайдаланылып келеді. Ол электрондық түрде кез келген графиканы қолдайды. Сондықтан конвертерді көлденең тарту да қисынсыз.

‘Әлімхан жобасы ең дұрыс еді’

Ғалым Досай Кенжетай, журналист Бүркіт Нұрасыл, Серік Жолдасбай қатарлы азаматтардың пікірінше Әлімхан Жүнісбектің ‘Әліпби жобасы’ Байтұрсынұлы Ахмет бабамыздың емлесіне сәйкеседі. Қазақтың үндестік заңын да толық қолдайды. Алайда ол жоба ағылшын пернетақтасына сыймайды. Әрине 26 әріптік пернетақтаға отыздан астам дыбысы бар қазақ Әліпбиінің сыймайтыны белгілі.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, журналист: ‘Бұл – 2012 жылы Түркі академиясы мұрындық болған жалпытүркілік ортақ əліпби. Бұны қабылдасақ, қазақты былай қойғанда бүкіл түркі бірігеді. Негізгі авторы – Əлімхан Жүнісбек.
Əңгімені қойып осы нұсқаны қабылдатамыз’!


Әлімхан Жүнісбековтің жобасы

Әлімхан Жүнісбековтің жобасы / Фото informburo.kz

Кім не дейді?

Біз ресми тұлғалардың берген сұхбаттарын оқып жатырмыз. Ал халық, әлеумет не дейді? Оларға да кезек берген дұрыс секілді.

Samat Nasir Qazaq: әлеуметтік желі қолданушы: ‘Қазақтың өзіне ғана тән ә, і, ғ, қ, ң, ө, ү, ұдыбыстары ұмытылмаса ғана жаңасы қазақ қарпі болады. Бұл – бірінші де.

Екіншіден, қазақ тіліне жат в, ф, ц, щ, ё, ь, ъ, э, ю, я әріптерінің баламасын енгізбесе, латынша қаріптің қай нұсқасын да қабылдауға болады.
Үшіншіден, қазақ тілінің акустикалық-артикуляциялық ерекшеліктерін үндестік заңына сай орнына келтіру керек.
Есте болар бір жайт, осы жолы қазақтың тілін де отарсыздандыруды әсте ұмытпау керек. Қазақ қарпін бұрынғыша орыс тілінің дыбысталуы мен орыс сөздерге бейімдеп, кезінде күшпен таңылған жат орыс дыбыс пен артық орыс әріптерді қаріпке қайтадан енгізуге болмайды. Тіліміз бұзылып бітті’.

Бұл тіптен зиялы қауымның ызасын тудырып отыр

Ц, ю, я, ъ, ь, щ, э, ё, й, һ əріптерін əліппеден көрсетіп те керегі жоқ, жалғыз и болады, умен ұ əрпін бір əріппен көрсеткенін түсінбедім’.

Мейрам Табейқызы Абдрахманова: Қазақ халқы көшпенді болған соң, тілді де солай көшпенді қылып отырған шығар. Әйтпесе осы қазақ тілімен өсіп-өндік қой’.

Сәкен Сыбанбай, қоғам қайраткері: ‘Мына әліпби идеясының авторы МС Сайлаубек боп жүрмесін…’.

Әліби Манаш, танымал блогер: ‘Қуана күткен жаңа əліпбидің əріптерін көріп, көңіл су сепкендей басылды’.

Ержан Жаубай, журналист: ‘Әлемде әліпбиі компьютердің пернетақтасына бағынатын жалғыз мемлекет бар’!

Рысбек Мәуіт, білім беру саласының үздігі, ‘Зерделі білім беру орталығы’ директоры: ‘Латынға тезірек көшу керек. Ұсынылған нұсқа әлі талқыланар, түзетілер, бірақ бір қауіп болып тұр. Орыс сыныптарына баратын балалардың саны қауырт артып кететін сияқты. Латын әліпбиінен қорыққан кейбіреулер балаларын орыс сыныптарына бере бастапты. Қазақ-орыс біріккен мектептердің директорлары ‘биылғы бірінші сыныпқа келген оқушыларда орыс сыныптары көп болды’ деп дабыл қағып отыр’.

Бердібай Кемал, ақын, журналист: ‘Бір дыбысты екі әріппен таңбалап, қиындатудың қажеті не? Түріктердің альфавитін ала салу керек. Бізге жақыны сол’.

Erlan Ryskali, мемлекетке еңбегі сіңген қайраткер: ‘Латынға ауысқан жөн-ақ. Бірақ, әліпби бір таңбалы әрі қарапайым, жеңіл болуы керек қой. Мысалы, былай: Ә – ä, ғ – ğ, ө – ö. Көп қосарланған таңбалы әліпбиіңнің 77 ата-бабасын… Кеттім, ұйықтаймын. Бәлкім түсімде өзіме ұнайтын әліпби көріп қалармын’.

Arthur Nigmetov, журналист: ‘Шаш ал десе, бас алады біздің кейбір ‘ақылбастар’. Бүгін ұсынған дүниелерін қабылдамаймын!’

Burkit Nurassyl, журналист: ‘Латын әліпбиінің тағдырын зиялылар мен шенділер емес, олардың үйіндегі жеңгелеріміз шешеді…

Бүгінде шу болып жатқан латын әліпбиінің тағдырын зиялылар мен шенділер емес олардың үйіндегі жеңгелеріміз шешеді түбінде… Турасын айтқанда ыңғайлы нұсқаны солар таңдайтын болады…
Неге олай дейсіз ғой?
Осыдан он шақты жыл бұрын отандық алғашқы Отау ТВ арнасы іске қосылғанын білесіздер. Алғашқы бірнеше жыл бойы ондағы арналар ретсіз орналасты. 1 – 99 аралығындағы жиіліктер бос тұрды. Яғни арналар әр түрлі жиілікке орналастырылды.
‘Неге?’ деп сұрағанымда сол жердегі орынбасар басшылардың бірі: ‘Барлығы ретпен орналастырылған еді, бастықтар мен шешеуніктердің қ.т.ндары күн көрсетпей қойды. Бұрынғы ресейлік жүйелерде анадай еді, мынадай еді. Сүйікті сериалын көрсететін арнаны жеңгең таппай жатыр…’ деген сықылды қоңыраулар мазаны алып жіберді. Ақыры осылай қылуға тура келді…’ деген еді.
Латын харпінің тағдыры да осылай болып жүрмесін…
‘Жеңгеңнің Инстаграммдағы аты-жөні осылай жазылушы еді, мынаны қабылдай алмай жатыр…’ деген ‘ызуаноктар’ әлден-ақ түсіп жатқан шығар…’.

Демек…

Біріншіден, бұл 25 әріптен тұратын Әліпби жарамсыз. Себебі, пернетақта кез келген руна белгісін де шығарып бере алады. Ағылшынның 26 әрпіне байлап беру – ұзақ уақыттық қолданыс барысында тілдің дыбыстарын жоғалтып, үндестік заңын бұзады.

Екіншіден, ағылшын әріптерінсіз де басқа баламалар көп. Мысалы, түркі халықтарының ортақ Әліпбиі мен неміс Әліпбиін де атауға болады. Олар қазақ тілінің дыбыстық және үндестік табиғатын сақтай отырып, қолдануға ыңғайлы. Дыбыстарды қамтиды.

Үшіншіден, графиканы өзгертудегі басты мақсаттың бірі – кирилл графикасымен жүрген кезіміздегі көптеген тіл табиғатына сәйкес келмейтін емле, ережелерінен, басы артық әріптерден құтылу керек болатын. Ендеше, ц, ю, я, ъ, ь, щ, э, ё, й, һ секілді төл дыбысымызға сай келмейтін таңбалардан құтылу керек. Оның ішінде ‘ц’ мен екі ‘и (й)’-де бар.

Төртіншіден, Юникод жүйесі руна әріптерін де қолдайды. Сондықтан қазіргі компьютердің құлағында ойнаған жастардың да пікірімен санасқан дұрыс.

Бесіншіден, бізге парламентшілердің әдемі сөзі емес, әдемі ісі керек.

Алтыншыдан, бұндай дау тудырған Әліпби қабылданып кеткен жағдайда қоғамда толқу тудыруы мүмкін. Оның үстіне бұндай кемшіліктердің болуы ата-аналардың бұл графикаға деген сенімін азайтуы мүмкін.

Ойымызды түйіндесек, Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын қайта дайындайтын басқа құрамдағы комиссия құрған жөн.