"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Нұрлы жер: Жеңіл ипотека алудың 7 қадамы

Көптеген қазақстандық «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы жөнінде естіген. Алайда ол туралы егжей-тегжейлі, бастысы оған қалай қатысуға болатыны туралы ақпаратты көпшілік біле бермейді. Осыған орай бүгін Baq.kz ақпарат агенттігі «Бәйтерек» Холдингімен бірлесіп, осы бағдарлама арқылы баспаналы болудың жолын көптің назарына ұсынды.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасының негізгі операторы – «Бәйтерек» Холдингі. Холдингке кіретін 11 компанияның 5-еуі тікелей бағдарламаны іске асыруға қатысады. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстандық ипотекалық компания, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры, Даму қоры және «Бәйтерек девелопмент» АҚ.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жұрт қызығушылық танытып отырған ұсыныстардың бірі жылдық 10 %-бен берілетін жеңілдік ипотекасы деуге болады. Бұл бағыт Қазақстандық ипотекалық компанияға бекітіліп берілген. Біз жеңілдік ипотекасын алуға арналған 7 қадамды жасадық.

Бірінші қадам: Сізге ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін Банкке құжаттар және субсидия алу үшін өтініш тапсыру қажет. Құжаттар тізімін сол банктен алуға болады.

Екінші қадам: Банк Сіздің төлем және кепілзатпен қамтамасыз ету қабілетіңізді бағалайды.

Үшінші қадам: Егер банк оң шешім қабылдаса, үш жұмыс күні ішінде ҚИК-ке субсидия ұсыну туралы өтініш жібереді.

Төртінші қадам: ҚИК өтініш алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Сіздің құжаттарыңызды тексеріп, бағдарламада белгіленген талаптарға сәйкес келетін-келмейтініңізді анықтайды.

Бесінші қадам: ҚИК шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Банкке шешім қабылдағаны туралы жазбаша хабарлама жібереді.

Алтыншы қадам: Банк ҚИК-тен алынған шешім негізінде Сізбен банктік қарыз шартын, ипотекалық шарт жасайды, төлемдер кестесін құрады, сондай-ақ өз тарапынан субсидияландыру шартына қол қояды және Сіздің оған қол қоюыңызға жағдай жасайды және субсидияландыру шартын ҚИК-ке жібереді. Субсидияландыру шартына қол қойылғаннан кейін ҚИК шартқа қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Банкке шарттың екі данасын қайтарады, оның біреуін Банк Сізге береді.

Жетінші қадам: Субсидияландыру шарты оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.

Құттықтаймыз, Сіз «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы субсидияланған ипотека аласыз!

Осы орайда, біраз сұрақ туындайды. Сондықтан басқа да толық ақпарат келтіре кетсек.

1. Субсидияландырылған қарыз бойынша қарыз алушыға түпкілікті мөлшерлеме 10%-ды құрайды, мөлшерлеменің қалған бөлігін ҚИК өтейді.

2. Банк ресімдегені және қарыз бергені үшін ешқандай комиссия алмайды.

3. Осы бағдарлама бойынша алғашқы жарна кем дегенде тұрғын үй құнының 30%-ы болғанда ғана тұрғын үйді (жеке сатушының емес, құрылыс компаниясының тұрғын үйі) сатып алуға болады, мұндай қарыз 10 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырылады. Алматы және Астана қалаларында кредиттің ең үлкен сомасы 20 млн теңгені, облыстарда – 15 млн теңгені құрайды.

4. Қазіргі сәтте Сіз «Нұрлы жер» шеңберінде ипотека алу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ және «Банк ВТБ» АҚ-ға өтініш жасай аласыз.





1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Нұржан 14 Қыркүйек, 2017, 01:14

    саламатсыздарма қашаннан бастап? жəне қай қалалар бойынша? Шымкенттен болама? қай жерге барып толық мағұлмат алсам болады…

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*