Астанада әлеуметтік қызметкерлер форумы өтеді

Картинки по запросу социальный работник казахстан

Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ағымдағы жылдың 22 қыркүйек күні әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы республикалық форумы өтпек. Аталмыш шараға Батыс Қазақстан облысынан әлеуметтік сала қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен 28 делегат қатыспақ.

Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов мәлім етті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.

Басқарма басшысының айтуынша, форумның негізгі міндеті - жаңа ойлармен алмасу үшін тиімді қарым-қатынас алаңын құру және әлеуметтік жұмыс саласындағы заманауи тәсілдер мен жаңа технологияларды талқылау болып табылады. Форум екі бөлімнен, жеке тақырыптарды терең талқылау, тәжірибе алмасу, тиімді шешімдер табу, талқыланып отырған қызмет көрсету саласын ары қарай дамыту бойынша ұсыныстарды қалыптастыру мен дайындау бағытындағы 8 секциялық отырыстан тұрады. Онда ҚР Парламенті мен Үкіметі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысады. Форумның секциялық отырыстарында мүгедек адамдармен, мүгедек балалармен және егде жастағы тұлғалармен, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен, адам саудасы құрбандарымен, бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі және жазасын өтеу орындарынан босатылған тұлғалармен, белгілі тұрағы жоқ тұлғалармен, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік жұмыс, әлеуметтік жұмыстағы менеджмент, әлеуметтік қызметкерлерді оқыту және біліктіліктерін арттыру тақырыптары кеңінен талқыланатын болады.

Оған қоса, спикер республикалық «Қазақстанда іске асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» көрмесіне облыстық мүгедек балалардың «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің «Лекотека үздік тәжірибелері мен инновациялық технологиялар» тақырыбындағы жобасын қатысатынын хабарлады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы сайттарында «Үздік жобаға дауыс бер» сілтемесі бойынша дауыс беріп, қатысушыларды қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, брифингте спикер 2018-2021 жылдарға арналған Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың жаңа тұжырымдамасы туралы әңгімеледі. Тұжырымдама әлеуметтік саланы жетілдірудің бұған дейінгі 2010-2013, 2014-2017 жылдарды қамтыған екі кезеңінің заңды жалғасы болып табылады. 2018-2021 жылдарды қамтитын Үшінші кезеңде әлеуметтік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы ірі интернаттардың (орталықтардың) деинституционализациялауын жүргізу жоспарланып, шағын ұйымдардың желісін кеңейту, кейбір қызметтерді монетизациялауды енгізу мен жүйені ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету көзделген.

«Қазіргі таңда облыс бойынша әлеуметтік қызмет алатын 5117 адам, оларға қызмет көрсететін 660 әлеуметтік қызметкер бар. Оның ішінде 1260 адам арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың қызметіне жүгінеді. Атап айтсам, облыстағы 12 әлеуметтік қызмет көрсететін орталықта 188 қарияға, 966 мүгедек пен 136 мүгедек балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі»,-деді Қ.Айтмұхамбетов.