Валюта бағамы USD : 340.11 | EUR : 407.93 | CNY : 51.61

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ    ҚАЗАҚ ҮШІН  ЖАҢАРУЫ КЕРЕК!

 

ӘЛІПБИ КОМПЮТЕР ҮШІН БЕ,  ӘЛДЕ  КОМПЬЮТЕР ӘЛІППЕ ҮШІН БЕ?

 

Рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың  экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса,  Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор.

 

 

Кеше   Астанада «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы»  парламенттік тыңдау болып өтті.

Бұл бірден айту керек,  қиядан шауып, қисынын тауып, тоқсан толғап өмірге келген  жаңа әліпби! Бүгінде әлемнің  80 пайыздан астамы қолданылатын  ғылым мен техниканың   тілі – латын  әліпбиіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің іске қосылуға  алғашқы адымы жасалды.  Бұл әрине, руханиятымыздағы тарихи оқиға!

Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік  алғанына ширек ғасырдан асса да, әлемдік тәжірибеде  отарлық бұғауынан шыққан елдер үшін заңдылық болып табылатын және  жемісін беретін ОТАРСЫЗДАНУ  саясаты   қолға алынбаған  Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке  жасалған алғашқы қадам. Әрине,  бұл қадамның  қарқын алуы  Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:  Рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласынан  басталып кеткені белгілі.  Ал  алғаш латын әліпбиіне өту керектігі туралы 2006 жылы Елбасымыз   Қазақстан Халқы Ассамблеясында айтқан болатын.

1929 -1939 жылдары  латын әліпбиінде  болған  Қазақ Елі  үшін  Тәуелсіздік алған соң  латын әліпбиін қайта енгізуі  табиғи да, тарихи да, заңды қажеттілік.  1993 жылы  рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың  экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса,  Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор. Кешегі  парламенттік тыңдауда  Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов  айтқандай, «Адам да, қоғам да, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ Уақыт қателеспейді. Ал Уақыт өз сөзін айтты» дегендей, латын әліпбиіне өту – Уақыт талабы! Енді біз  Мәжіліс  төрағасы Нұрлан Нығматуллин айтқандай:  «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН ЖАҢА ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗАТЫН БОЛАМЫЗ!»

«Ақ жол»  партиясы  2007 жылы   Қазақстанның Ұлттық концепсиясын жариялағанда    «Әліпбиіміз – латын  әліпбиі болу керек» деп жазды.  Биылғы   латын әліпбиі нұсқасын талқылауда  «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та  латын әліпбиіне өтуді  белсене қолдап қана қоймай, іс жүзінде «Ақ жолдың»  ұсынысын  жариялап,  арнайы комиссияға өткізді. Ақжолдықтар бірнеше рет бұл мәселені  зиялы қауыммен, тілші ғалымдармен бірге талқылап,  бірнеше жиын өткізді.  Кеше «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы»  жұмыс тобының жетекшісі , А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жасаған  негізгі баяндамада   «Азат Перуашев та латын әліпбиінің  нұсқасын ұсынды» деп, атап өтіп,  разылық  танытуынан ,  саяси партиялардың ішнен тек «Ақ жолдың»  ғана  жаңа әліпби туралы нақты ұсыныс  бергенін  білуге болады.

Менің өзім де  латын әліпбиін енгізудің маңыздылығы туралы жазып келе жатқаныма оншақты жыл болды. Оның ішінде сүйекті екі мақалам елге белгілі. Әсіресе,  2013 жылы жазылған  «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» (http://www.qazaquni.kz/2013/02/19/15223.html)    атты мақаламды 20 мыңға жуық адам оқып, 150-ден астам пікір жазылғаны, басым бөлігі қолдағаны белгілі.

Ал енді осы  талай  сөз болған жаңа әліпбиіміз  қалай шыққан?  Елдің көңілінен шықты ма? Төл әріптеріміз қалай белгіленген?  Бұл енді   басқа әңгіме және басты әңгіме.

Бірден айтайық,  қазақы әріптердің   «Ә» – ае,  «Ө»-ое,  «Ү» – ue  болып,  диграфпен белгіленуі   көпшілік үшін тосын болды және ұнай қойған жоқ. Екі әріптің  қатар таңбаланып, бір дыбысты беруі халықаралық әліпби әлемінде бар дейді   әліпби  жсасаушылар.  Иә, ағылшында,  «Ш» әрпі  «sh»-деп, ал  неміс әліпбиінде  тіпті  «sch»-деп үш әріппен таңбаланатынын жақсы білеміз. Бірақ, бұлар дауыссыз дыбыстар екееніне мән бермеген секілді   жұмыс тобындағылар.   Қосарланған әріптер дауысты дыбыстарға келмейді.

Мысалы,  «Әлім» деген  адам атын   біздің жаңа әліпбимен жазсақ,  «aelim» болып шығады.  Сонда бұны ертең жұрт «Әлімді» «аелім»  яғни, «әйелім» деп оқып, жанжалға ұрынып қалмаймыз ба?    Содан соң   әлеуметтік желіде жүрген  «асхана» деген   сөздің латыншасы  «ashana» болып жазылады.  Ал жұмыс тобындағылар  «sh»  деп -«ш» әрпін белгілеген. Ендеше бұл  қарын тойдыратын асханамызды  «Ашана» деп оқып, аш қалып жүрмейміз бе?

Бұлардың айтуынша, төл әріптерімізді осылай белгілесек, біз   Лондонда отырып та,  Токиода отырып та  компьютерге  қазақша зуылдатаып жаза береді екенбіз.  Біз шетелде отырып алып,  қазақша оңай хат жазуды емес, қазақтың   өзіне тән ұлттық дыбыс   ерекшелігі – көркем төл дыбыстарынмызды жоғалтып алмауды ойлауымыз керек емеспіз бе? Түріктердің «Қ» әрпінен айрылып, аһ ұрып қалғаны бізге сабақ болуы керек қой. Сол үшін 25 жыл күткен жоқпыз ба,  латын әліпбиіне өтуді…

Әріптесіміз Қуаныш Біләлдің  көрсеткен кириллицаны латын әліпбиіне аударуы,  конвертерлеуі де көңілге қонады. Кезінде менің 2013 жылы жазылған  мақаламда айтылғандай, «қазақ кітаптарын аударудың қазіргі технология заманында түк қиындығы жоқ, бір сәтте аударылады» дегенімнің  іске асқанын көрсетіп, ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының 3 секундта аударылғанын экраннан көрсетіп берді. Бірақ, біз айтқан қосарланған әріптер – диграфтардың кесірінен «Абай жолы» бір жарым есе көлемді болып кеткенін неге ескермейміз. Біздің қос әріптермен бір дыбысты белгілеу – диграфтың қажеті жоқ деп жатқанымыздың бір себебі де осында жатыр.

Сонда біздің   жаңа әліпбиіміз компьютер үшін бе, әлде компьютер әліппе үшін бе?  Осындай ойды  кеше парламенттік тыңдауда  Мәжіліс депутаты Төлеубек Мұқашев та ,  бүгін әлеуметтік желідегі жаңа әліпбидің жасанды нұсқасына   наразылар  да көп  айтуда…

Мысалы,  «Ә» әрпін  А’,  «Ө» әрпін  О‘,   «Ү» әрпін  U‘,  «Ш» әрпін   S’,  «Ж» әрпін   Z’  деп, апокрифпен  белггілеуге болмай ма?  Бұл апокрифтер, ноқат дейміз бе, латын жазбасында, компьютер пернетақтасында да, кез келген смартфонда да бар таңба.

Жаңа нұсқаның жарамсыз төл әріптерімізге  жақсы балама ретінде  нақты нұсқа ұсынып отырмыз:

кириллица латиница
Ә ә A’ a’
І і I i
Й й I’ i’
Ң ң N’ n’
Ғ ғ G’ g’
Ү ү U’ u’
Ұ ұ U’’ u’’
Ө ө O’ o’
Ш ш S’ s’
Ж ж Z’ z’
Ч ч C’ c’

 

Мысалы, «S’uz’yq», «Ko’ps’ilik» және «A’uez’ay» – деп жазу «Shuzhyq», «Koepshilik» және  «Aeuezhay» деп шұбалтқаннан оңай да, әдемі емес пе?

Cонымен қатар, «Ұ» әрпін W таңбасымен белгілеу де елді үркітіп отыр.  «Nwrswltan,  Nwraly,   Wlyq деген  атаулар көзге біртүрлі. көріксіз көрінеді. Сондықтан біз  «Ұ» дыбысын U’’ деп, екі ноқат қосып белгілеп отырмыз. Сонда Nu’’rsu’’ltan,  Nu’’raly  деп жазылады. Мүмкін , бұдан да ыңғайлы басқа жолын қарастырып көру керек шығар.

Сұлу да, сүбелі тіліміз сұрықсыз да, сүреңсіз тіл болып кетпеуін қатты қадағалауымыз керек!

Ең алдымен, бірыңғай әліпбидің басты қағидаттарын анықтап алу қажет. Қазақ тіліне тән барлық дәстүрлі дыбыстар үшін ерекше таңбалануды сақтап қалу керек: Ә; І; Ң; Ғ; Ү; Ұ; Қ; Ө.

Жазу үрдісінде бұл дыбыстардың ерекше таңбалануынан бас тарту 2-3 ұрпақтан кейін олардың толық жойылуына және басқа дыбыстармен алмасуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Нәтижесінде қазақ тілінің сәйкестілігі мен бірегейлігін сақтап қалуға, оның фонетикалық байлығына, тілдің көркемділігі мен ерекшелігіне қауіп төнуі мүмкін, біздің ойымызша, барынша күш салып, бұған жол бермеуге тиіспіз.

Бұл ұсынысымыздың  жолы болмаса, онда  әріптің асты-үстіне сызықша, ноқат белгілейтін түрікше  латын әліпбиі нұсқасына өту керек. Сексен миллион Түркияның халқы, бәлен миллион шеттегі түріктер, Еуропаның біршама  елі «шетелде үйге хат жаза алмай қаламыз» демей-ақ жап-жақсы өмір сүріп жатыр осындай  ноқаты, асты-үсті сызықшасы бар әліпбимен.  Сонда  Ә, Ө, Ү, Ұ, Ң, Ш, Ж әріптері бір ғана таңбамен таңбаланатын болады.

«Бір дыбыс екі таңбаға» жол жоқ! Әсіресе, қазақы төл дауысты дыбыстарда!

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді қазақ мақалы. Сондықтан талқылауға ұсынылған   латын әліпбиінің жаңа нұсқасы осындай ұтымды ұсыныстарды қаперге алуы керек.  Әліпбидің  тек техникалық жағын ғана ойламай, тегін, терең мағынасын сақтап қалуды басты мақсат етуіміз керек. Бұл  өйткені халық қалауы.

Өз дауысың болмаса, өз дыбысың, өз әріпің  сақталмай, жойылып кетсе, Қазақ үшін жаңа қаріптер жаңа қауіп болып қалады!

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ    ҚАЗАҚ ҮШІН  ЖАҢАРУЫ КЕРЕК!

Қорыта айтарымыз, бұл іспен тіл мамандары, лингивистер барынша айналысып, бір шешімге келуі керек.

Ал  Рухани жаңғырудың басты темірқазығы –Латын әліпбиін біз бәріміз қолдауға тиіспіз.

Қазыбек ИСА,

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары

Qazaquni.kz

 

 

 





19 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Ғабит 12 Қыркүйек, 2017, 17:20

    Сонда мені достарым туыстарым габит деп шықырама

    Жауап жазу
  2. Қолқоюсыз 12 Қыркүйек, 2017, 17:44

    Көкит болуы керек, ғ, ш, ж әлі белгісіз.

    Жауап жазу
  3. Балауса 12 Қыркүйек, 2017, 18:40

    Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағына байланысты болған соң, оған аса үлкен жауапкершілікпен қарау қажет.

    Жауап жазу
  4. лаура 12 Қыркүйек, 2017, 18:41

    Мұндайда науқаншылықты, қазақбайшылықты қою керек. Латын әліпбиіне көшуден бұрын, алдымен оның артықшылықтары мен кемшіліктерін әркім анықтап жатыр-ақ…бірақ шешінген судан тайынбас деген, енді нартәуекел етіп, нәтижеге ұмтылайық!

    Жауап жазу
  5. каныш 12 Қыркүйек, 2017, 18:42

    Өз ісінің білікті мамандары бел буып кірісіп жатқасын, сенім артамыз!

    Жауап жазу
  6. Еркін 12 Қыркүйек, 2017, 18:49

    Қазақстанның түрлі-түрлі өңірінен қолдау көрсетіліп жатыр бұл бастамаға. Үлкендер жағы біраз әурешілік көретіні рас енді, бірақ сен тұр, мен атайын деп лапылдаған жастарымыз қоштай жөнелді.

    Жауап жазу
  7. Жаңылсын 12 Қыркүйек, 2017, 19:21

    Қ, К – әрпі қалай жазылады?

    Жауап жазу
  8. Қолқоюсыз 12 Қыркүйек, 2017, 20:32

    Қазірдің өзінде не дұрыс сөйлей алмай,не дұрыс сауатты жаза алмай жүргендер жетістіреді екен де,отырық қой,тұрық қой,бопты,айтамшы,берсемші,жүрсемші,жесем-ші, көрсемші деп жүргенде.осылай өмір сүрік қой,жүрік қой.

    Жауап жазу
  9. Қолқоюсыз 12 Қыркүйек, 2017, 22:37

    жаңылсынға ! к сол аяғын созған қалпында, ал қ ортасы тесік тоғаш сияқты. болады

    Жауап жазу
  10. Пікір 13 Қыркүйек, 2017, 03:34

    Жаңа үлгідегі қателік: J – й емес – ы болу керек ал -у керісінше ы емес -й болу керек яғни орындарын ауыстыру керек сол кезде мысалы Айгерім деген сөз Ajgerim емес Aygerim болады дұрысы сол. Ал W шынымен де қораш көрінеді У болуға сондықтан У әріпін U түрінде қалдыру керек.

    Жауап жазу
  11. Маxамбет 13 Қыркүйек, 2017, 08:46

    Ә-ае, Ө-ое, Ү-ue болып екі әріппен -диаграфпен белгіленген. Ұ әрпі w болып, Ң әрпі ng болып белгіленген. Бұлай төл дауысты дыбыстарымызды екі әріппен белгілеу дұрыс емес.

    Жауап жазу
  12. Қолқоюсыз 13 Қыркүйек, 2017, 09:31

    aengwdik,aeiel,oesek,daepter,aetesh,shoek,soek,koet,koeten,gaene,aedil,rmshik,swet,kaene,aekeng,
    aeserese,aevirghw,qtai,qwandq,ghwandq.ghwan,
    kaenden,aerenh,aeperwaqan,daerwish,daerigher,daeri,daem,daemqana,daeretqana,aeghetqana,kwel.
    өстіп шатпырақтап не айтқымыз,не жазғымыз келгенін жеткізе алмай быдыңдап,тұтығып,қақалып-шашалып,сілекейімізді жұтып,бір-бірімізге переводчик керек болып отырамыз ба?

    Жауап жазу
  13. e.x.7.a.z 13 Қыркүйек, 2017, 09:51

    Grammar Nazi-дың ұсынған нұсқасы дұрыс.

    Жауап жазу
  14. Қазыбек Иса 13 Қыркүйек, 2017, 12:32

    Бұл ұсынысымыздың  жолы болмаса, онда  әріптің асты-үстіне сызықша, ноқат белгілейтін түрікше  латын әліпбиі нұсқасына өту керек. Сексен миллион Түркияның халқы, бәлен миллион шеттегі түріктер, «шетелде үйге хат жаза алмаймыз» демей-ақ  жап-жақсы өмір сүріп жатыр осы әліпбимен.  Сонда  Ә, Ө, Ү, Ұ, Ң, Ш, Ж әріптері бір ғана таңбамен таңбаланатын болады.

    «Бір дыбыс екі екі таңбаға жол жоқ! Әсіресе, қазақы төл дауысты дыбыстарда!

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 13 Қыркүйек, 2017, 13:35

      Осының барлығы шет елдегі қазақ үшін жасалып жатқандай,жергілікті қазақтың жағдайын,тілін жөндеп алсыншы.
      орыс тілді өтпейді екен,жарты бастанып қазақ тілді неменеге тыраштанып жатыр,басты ауыртып.тіліміз мүкіс,өзіміз мәңгүрт,жарты бас болу қалды ма.

      Жауап жазу
  15. Сәрсенбай 14 Қыркүйек, 2017, 15:57

    Орыс тілі кириллицада қалып, тек қазақ тілі латын қарпіне өтсе- бұл тіліміз күресінге аса үлкен салтанатпен ерікті түрде лақтырылды деген сөз деп түсінемін, себебі мемлекеттің бар шаруасы орыс тілінде-кириллицада қала береді, сол жағдайда қазақтар өз тілінен өзі-ақ безіп кететін сияқты, не мәселе шешеміз деп латын қарпіне басын ауыртсын онсыз да солқылдақ қазақтарымыз,,,

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 14 Қыркүйек, 2017, 16:47

      қазірдің өзінде қазақша жазсаң миығынан қарайтын орыс тілділер,латынға өткеннен кейін,мүлде бастарын кекжите қарайтын болама,мы это не проходили деп.онда күресінді мен жуындының арасында қалмағанда,босағада тұрады деп ме едіңдер.моя твоя не панимайт болғанның әкесі болады.

      Жауап жазу
  16. Бағыт 14 Қыркүйек, 2017, 16:01

    Мәжіліске ұсынылған жоба өте сауатсыз жасалған дүние. Шала қазақтарға арналған болу керек. Жаңа әліпбиде қазақтың төл дыбыстары сақталу керек.

    Жауап жазу
  17. Sapargali 15 Қыркүйек, 2017, 16:56

    А A Қ Q Ф PH
    Ә AH Л L Х X
    Б B М M Һ Ø
    В V Н N Ч CH
    Г G Ң NG Ц TS
    Ғ F О O Ш SH
    Д D Ө WO Щ Ø
    Е E П P Ы Y
    Ё JO Р R І I
    Ж C С S Ь Ø
    З Z Т T Ъ Ø
    И Ø Ұ U Э EH
    Й J Ү U Ю JU
    К K У W Я JA

    Емле-ереже:
    1. Ұ және Ү дыбыстары бір U таңбасымен белгіленеді. Оқылуы жуан буындарды жуан дыбысталып, жіңішке буындарда жіңішке дыбысталады.
    2. У және Й дыбыстарын тек дауыссыз аралық дыбыс ретінде қарастырылады және W мен J латын әріптерімен беріледі. Дауысты У және И дыбыстарын беру үшін басқа дауысты дыбыстармен қосу арқылы беріледі.
    Мысалы: ки-кій-kij, қи-қый-qyj, бу-быу-byw, жу-жұу-zhuw, гу-гіу-giw. (2-кестені қараңыз)
    3. Ы және І дыбыстары арнайы Y және I латын әріптерімен жеке жеке етіп беріледі.
    4. Латынша H әрпі дыбыстарда қолданылмайды. Оный арнайы дыбыстарды беруге диграф жасау үшін қолданылады. Ф дыбысы — PH, Ш дыбысы — SH, Ч дыбысы — CH, Ә дыбысы — AH, Э дыбысы — EH.
    Мысалы: жақ-zhaq, шақ-shaq, чак-chak, әлем-ahlem, эссе-ehsse.
    5. Ө дыбысын ағылшын транслитерциясындағы ө-ге жақын тіркестердің бірі wo диграфымен беріледі.
    Мысалы: өт-wot, көз-kwoz, бөрі-bwori.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*