РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: РУДЫ (АТАҢДЫ) ЖАМАНДАУДЫ ТОҚТАТАТЫН МЕЗГІЛ ЖЕТТІ

Картинки по запросу шаңырақ

«Қазақ рулары - қазақ халқының негізін құраушы ру-тайпалар. Бір атадан өрбіген туыстас адамдардың жиынтығы» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

Ру – Ата деген сөз (синоним), яғни бір Ата балаларының өсіп, өніп, көбейіп руға айналуы. Сонау түпкірдегі Адам атадан бері ұрпағының бір-біріне деген мейірімділігі мен ауыз бірлігі үшін жасаған жақсы ісімен ұрпағына үлгі болған, жапырағы жайқалған, алып бәйтерекке айналып елін жақсылыққа жетелеген ұлы адамдар ғана ру атын иемденген. Атам қазақтың руың кім дегені – сенің әлем танитын ең Ұлы атаңның аты кім дегені.

Тек қана «ас ішіп, аяқ босатқандар» және қазақ халқының ұлттық мүддесіне қызмет жасап ұрпаққа үлгі бола алмағандар ру атын иемдене алмаған, иемдене де алмайды. Олардың Ру деген сөзден зәрелері кетіп, қорқатын себептері осыдан. Руға бөліну деген сөзді шығарып жүргендер де солар. Руын білетіндер мен ру атын иемденген Атасының халқының бірлігі үшін жасаған ерен ерлігін біліп, соны түйсініп, сол үшін мақтана алатындар ешқашан руға бөлінбейді. Олар бірігеді. Бірікенде де араларынан қыл өтпестей болып бірігеді. Себебі, олар ұлы аталарының не үшін ру атын иемденгендерін жақсы біліп, жақын тумаластар бір-бірімен қыз алыспай, қан тазалығын сақтайтын болады. Руын білмейтін және оның мәні мен мағынасын зерделей алмайтын тексіздер ғана руды жамандап, руға бөледі.

РУ – «Р» және «У», бар жоғы екі дыбыс-таңбадан тұрады. Мағынасы, Р – Ра (Күн Құдайы), Рас (Алланың өзі де рас, сөзі де рас (Абай)), Рахмет (Ризашылық білдіру, «Алла разы болсын!» алғыс), Рә (Рәсім), Ру (Ата), яғни «Р» таңбасы «Күн Құдайы» деп оқылады және ол сөздің қай жерінде қолданылса да көпше мағына беру мен бірге бұйрық райда қолданылады. Мысалы, «лар», «лер», «дар», «дер», «бар», «көр», «жүр», «отыр» «тұр» т.т. Ал «У» – кез-келген қимыл әрекеттің соңы, яғни шырқап шығар шыңы. Мысалы, «У» ішсең өлесің, бару, келу, кету, шығу, тосу, кесу, жету, болу, өлу т.т.

Ру деген түбірден туындайтын сөздер:

Рулы ел – бір рулы ел, аз рулы ел, көп рулы ел. Бұл бір Ата ұрпақтарының әріден барып қосылуы. Мысалы, қазіргі қазақ елі басында Аз (Әз) деп аталған бір рулы, аз рулы, кейіннен көбейе келе көп рулы елге айналып Қаз (Қазақ) деп аталды, Бүкіл дүние жүзі елдерінің бәрі осылай дүниеге келді, яғни Атам қазақтың бір руынан тарады.

Рух – Ру және Ұқ (Нұқ) деген екі біріккен сөзден тұрады. Адамға жігер беретін тылсым күш, яғни адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұқ пайғамбар Атамыздың рухы;

Рухани – Ру, Нұқ хан атын иемденген аталарымыз сияқты жанымыздың тазалығы. «И» - дыбыс-таңбасы ұлы, баласы, жалғасы (мысалы, Иассауи, Жүгінеки, Ширази, Фараби, Қашқари, Бухари, Бируни, Баласағұни, Дулати, Тарази, Мами т.т.) және заманауи, әдеби, мәдени, саяси, ғылыми т.т. деген сияқты, соның ішінде, немесе соның ішінен шықты деген мағына береді.

Рулас – аталас (тумалас). Мағынасы: Ру, Ұл және Ас деген ұғымдардың басын қосады. Ру – Ата (синоним), Ұлымыз – Ұл, ал «Ас» барлық жақсы адами қасиеттің ең биік шыңына шыққан адам, яғни жақсылыққа жарысып, адами қасиеттің ең биік шыңына шыққан Қас жақсы (Қас би, Қас батыр, Қас мерген, Қас шешен, Қас жүйрік т.т аталарыңнан тараған тумаластарыңның қатарында болу.

Рушылдық – жамандық пен азғындық атаулының бәрінен қашып, жақсылыққа жарысушыларды қолдау. Ру атын иемденген бір Атаның ұрпақтарының арасында азғындық пен қылмыс атаулы мүлдем болмаған, сол үшінде күні кешеге дейін қазақ қоғамы «арамды аузына алмаған, түрме, зындан салмаған». Себебі, руластар (аталастар) арасында бір-біріне қылмыстық әрекеттер жасайтындар болмаған.

Рулық – руға тиесілі рулық (аталық) жүйе, рулық ұран, рулық таңба, рулық қорым т.т.).

Руна – жазу, дыбыстардың ең алғаш таңбалануы, бастауын Атам қазақтың рулық таңбасынан алады. Руна – Ру және Ана деген екі біріккен сөзден тұрады.

Рубль (орыс ақшасы) – Атам қазақтың руыңды біл, Рупи (үнді ақшасы) – ру би деген сөзінен.

Рул – басқару тетігі, қазақтың Ру және Ұл деген екі біріккен сөзінен тұрады. Баламасы, машинаның, кеменің, ұшақтың т.т. рулі.

Рум, Румыния, Руғила, Рут, Рус, Рудаки, Руза, Рухия, Руслан т.т. – адам және ел есімдері.

Бүкіл әлемдегі елдер мен мемлекеттердің бәрі бастауын Атам Қазақтың «бір рулы елінен» алады.

Осы айтқанымыздың айдай айғағы, жебрейлердің ықпалымен орыстар өздерін Рус, Руссия, су перілерін Русалка деп атады. Олар ежелде Рус деп аталмаған, орыс деп аталған. Батыстықтардың «Маил Ру (mail.ru)» дегендері «Руымның адресі» деген мағына береді. Олардың үнемі Руды жамандап, Қазақ халқын Рудың «авторлық құқығынан» ажыратуға барын салып жанталасып жүргендерінің сыры осы. Тура баяғы Қазақ деген ел атымыздан бізді ажыратуға барын салып, төрт жүз жыл бойы біресе Киргиз, біресе Кайсак, біресе екеуінде қосарлап «киргиз-кайсаки» деп жазғандары сияқты. Наурыз мерекемізді 70 жыл бойы тойлатпай қойғандары сияқты. Тіліміз бен дәстүрлі дінімізге тыйым салғандары сияқты. Ата тарихтан ажырату үшін әліппемізді жойғандары сияқты (он жылда екі рет ауыстырған, тағы ауыстырғалы жатырмыз).

Бүгінгі кейбір «білгіштердің» Аталарымыздың аттарын ұмытсақ, «рушыл болмаймыз» дегендері ешқандай ақылға симайды. Тегімізді (руымызды) ұмытқаннан жетістікке жетсек, қалған ұлттарға қара көрсетпей кететін уақытымыз болды. Ал, Біз болсақ күн озған сайын «рушыл болмаймыз деп азғындықтың батпағына белшемізден батып» барамыз. Мысалы:

- Жақында ғана 31 канал жаңалықтарынан елімізде 500 000-ға жуық жалғыз басты ана бар екенін жариялады. Әрқайсысында орта есеппен екі бала бар деп есептесек, елімізде бір миллион жетім бала өсіп жатыр.

- Қазақстандағы қыздардың ерте жүктілігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 6 есеге жиі кездеседі. Бұл туралы БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Бойжеткен қыздарымыздың жалаңаш тәнін, сұлулығын, көркін бәйгеге салған "арулар сайысы" дейтін жексұрын байқаусымақ қай Ата-бабамыздан қалған дәстүр еді? Не үшін, Кім үшін аруларымыздың тәнін жалаңаштап «сахнаға (көрмеге)» шығардық? Сату үшін бе?

- Тәуелсіздік басында Қазақстан халқы 18 млн. еді. Әлі сол 18 млн-быз. Мына көрші өзбектер 19 млн. еді, қазір олар 32 млн-ға жетіп отыр. Нендей себептермен өспей отырмыз? Елбасымыздың 20 млн-ға жетуге тиіспіз деген тапсырмасын неге орындамадық?

- 25 жылда елімізде төрт миллион түсік тасталған. Төрт млн. сәбидің обалы кімге?

- Өткен 2016 жылдың қырқуйек айында жетінші каналдан Қазақстан бүкіл әлем елдері ішінен ажырасу бойынша оныншы орынды иемденетінін хабарлады. Сонда батыстық «демократия» мен «гендердік саясатының» бізді шығарған шыңы осы ма?

- Қазіргі таңда Қазақстанда 700 000 кәрі қыз бен 350 000 сүрбойдақ бар екен. Үкімет пен Парламент қайда қарап отыр? Мұның алдын алу оңайдың оңайы емес пе? Бар-жоғы бойдақ салықты еселеп көтеріп, содан түскен ақшаға жастардың баспана мәселесін шешіп, мұрнына отбасы, бала-шаға тәрбиесі деген сөздердің иісі бармайтын сүр бойдақтардың жоғарғы билікке араласуына шектеу қойсаң болды.

- Қазақ-қазақ болғалы өмірде болмаған «тірлік» жасап, балаларымызды шетел асырып отырмыз. "Қазақстаннан шетел азаматтары асырап алған (әшейін берілмеген болар) балалардың жалпы саны 8 805-ке жетті. Бұл туралы «ҚазАқпараттың»ресми сауалына ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жолдаған жауапта хабарланды. (10.10.2016 жылы «Ұлт Кз» (http://ult.kz/post/elimizden-shetel-azamattary-asyrap-algan-balalardyn-zhalpy-sany-8-805-ke-zhetti) газетінде жарық көрген).

- Өмірімізде естімеген "гей" дей ме, лесби" дей ме, «жеңіл жүрістілер» дей ме сондай пәлелерді қаптатып, тіпті айту түгілі ойлаудың өзі ұят Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойғанымызды қалай түсінеміз? Еркекті еркекке, қызды қызға үйлендіріп оны ашық жарнамалап жатқанымыз қалай?

Мұндай азғындықтың мысалдарын әлі де көптеп тізе беруге болар. Жарайды осымен доғарайын.

Үш жүз жылға жуық басында патшалық, кейіннен Кеңестік қызыл билік қазақтың рулық шежіресіне, тілі мен дініне, салты мен дәстүріне, әдеттері мен ғұрыптарына барынша жау болып, тамырына балта шабуға тырысты. Қарапайым қағида, Дұшпаны жек көрген дүние сол елдің баға

жетпес асылы болып табылады. Демек, жауларымыз біздің ұлттық болмысымыздан нені көргісі келмесе, біз ұлттық мүдде тұрғысынан солардың бәрін түгендеп орын-орындарына қоюымыз керек.

«Ру шежіресін білу – сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас бітімі ғасырлар бойы «бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы» деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған» (Қазақ Республикасының Президенті Назарбай Нұрсұлтан Әбішұлы).

«Атасы (руы М.Қ.) алыс болғанмен,

Жамиғи қазақ бір туған» (Базар жырау. (1842-1911).

«Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық» (Құран Кәрім. Әл-Хужурат сүресі. 13 аят).

Тәпсір: Аса ұлы Алла адам баласының шығу тегі, түбі бір екендігін баян етті. Бүкіл адамзат Адам ата, оған Алланың сәлемі болсын және Ауа анадан тарайды. Алла олардан көп адамдар таратып, оларды бір-бірлерін тануы үшін үлкен халықтар, сондай-ақ кішігірім ру-тайпалар түрінде бүкіл жер бетіне жайды. Сондықтан әрбір адам өзінің шыққан тегін, елін білуі қажет. Алайда Алланың алдында адамдардың ең қадірлісі – барлық жағдайда тек аса ұлы Аллаға бойсұнып, күнәлардан сақтанған ізгілері. А.Саъди. Бұл аятта нәсілшілдікке де (расизм М.Қ.), ұлтсыздыққа да (интернационализм М.Қ.) тыйым салынған. Қар: Әл-Манси". Оларға «Жақсылыққа жарысуды» парыз етті.

Ұлы Жаратушы Алладан келген Қасиетті Құран Кәрім мен Ұлы Аталарымыздың бізге қалдырған өсиеті осы. Елбасымыздың «жаңғыртқысы» келіп отырғаны да осы дүние.

Елбасымыз айтқандай, шын ниетімізбен «Рухани жаңғыруды» көздейтін болсақ, руды жамандауды тоқтатқанымыз жөн болады.

ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ - АЛЛА ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім,

Қазақ үні