"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Баянғали Әлімжанов – ШАЛ мен САҒАТ

Похожее изображение

Шал мен сағат

Сағаттың шықылдағы емес ермек…

Абай

Аямай тағдыр, тарих сынап еді,

От кешіп, аман көрген құба белді,

Соғыстың ардагері біздің әкей,

Жөндеуге ескі сағат құмар еді.

Оқ тескен білезігін тура түптен,

Сол қолдың бас бармағы молақ біткен,

Ұстаған айыр, күрек саусақтары,

Добалдай, сағатшыға олақ тіптен.

Ол кездің бөтен еді сара заңы,

Бірақ-та шалдар оған қарамады,

Қосылып үлкендерге жастайынан,

Намаз оқып, ұстады оразаны.

Жұмыстан ертелі-кеш бір тынбайтын,

Сағаттан біз ұқпайтын сыр тыңдайтын…

Уақыт та бала күнгі өзгеше еді,

Сағаты да басқаша сыртылдайтын.

Шынжырын тартып қойсаң бір үшінен ,

Жаңылмай сырт-сырт еткен жүрісінен,

Адамның серігіндей жалғыздықта,

Тықылдап тіл қататын түн ішінен.

Ол кезде қалта жұқа, нәрсе тапшы,

Аудандағы шебердің бәсі қатты,

Дұрысы бәрінен де біздің шалға,

Алғыс айтып, жөндетіп алған жақсы.

Жүргендей қолдарына тағып алтын,

Ауылдас біздің үйге ағылатын,

Сағаттар алыс, жақын елден шыққан,

Ескілеу қобдишадан табылатын.

Сағаттар тына қалса тықылдаған,

Көрінер тоқтағандай бүкіл ғалам,

Уақыттың өлшеуіші болса дағы,

Уақыттың шешімінен құтылмаған.

Қол сағат, қалта сағат, шынжыр балақ,

Қақпағы қабырғадай, тұнжыр қабақ ,

Бәрінің өлшейтіні бір-ақ уақыт,

Мәңгілік қас-қағымын жылжыр санап.

Уақыттың құлақ түріп дүбіріне,

Бой алдырмай күбір мен күдігіне,

Ұп-ұсақ темір- терсек, көзге ілінбес,

Ауыстырып салатын бір-біріне.

Кім көрген құйттай темір мұндай құнды,

Волосок дейтін еді қылдай сымды,

Шерткендей жүрек қылын рахаттанып,

Құлағын тақап тұрып тыңдайтын-ды.

Үстөлге көлдей гәзет жайылатын,

Бөлшектер тәртібімен қойылатын,

Сағаттың соғып тұрған қолындағы,

Сырқатын сыртылынан айыратын.

Келтіріп бір-біріне бұрамасын,

Үш сағаттан бір сағат шығаратын,

Қырық жылғы көненің бір тетігі

Кәдеге асып кетсе қуанатын.

Көк тиын және ешкімнен ақы алмайтын,

Тағып ап көзге лупа, мақамдайтын,

Қолына түскен сағат жөнделгенше,

Жарықтық тыныш ұйқтап жата алмайтын.

Шетелдік қымбат сағат бой бермесе,

Сарылып отыратын, шөлдегенше,

Қалатын кәдімгідей жүдеңкіреп,

Секөнті секөнтіне сай келмесе.

Сараптап, сағаттарды салыстырып,

Сапырып, темір-терсек ауыстырып,

Шетелдікке сәбеттік деталь салып,

Қанттай ғып жіберетін қабыстырып!

«Зауыттың қитұрқысын аңдадым деп,

Біріне бірін иіп жалғадым деп,-

Шаттанып, көрсететін бізге әкеліп, –

Мінеки! Мұны да ақыр оңдадым!»- деп.

Қуаныш ұялайтын қабағына,

Ол кезде кім үңілген сабағына,

Сағатты істен шыққан жүргізуі,

Уақытты тоқтатпаудың амалы ма?

Сау келген жауған оқтан жаңбырлатып,

Әкемді уақыт жықты қалжыратып,

Бір кезде Берлинді алған берен жігіт ,

Ауырып, төсек тартып, қалды жатып.

Парызы төккен қанмен өтеліпті,

Адамның момыны еді өте мықты…

Көңілін сұрай келген бір ауылдас,

Сағатын сынып қалған әкеліпті.

Көтерген мойынымен бар салықты,

Сабырлы ер әрең оны қарсы алыпты,

Алайда, тұрып кеткен төсегінен,

Сағатқа құмарлығы соншалықты!

Солдаттай селт етпестен тұрған сапта,

Сөйлетпей, дегендей күт, інім , тоқта…

Бір сағатты жүргізіп кетті ақыры,

Өз уақыты сызыққа жеткен шақта!

Өз сағаты тоқтарын біліп тұрды,

Көңілінде иман мен үміт тұрды…

Шал өмірден озғанда, сырт-сырт етіп,

Жөндеген сағаттары жүріп тұрды!

Қиялдағы жұмбақ қыз

Замана жүйрік,

Қалмауға артта ақсап мен,

Интернет кірдім,

Жаңалық іздеп мақсатпен,

Көбейіп достар,

Ақпарат жолдап жатады,

Бір қыздан қызық

Хат келді бір күн,

Ватсаппен!

– Оқимын , аға,

Сүйініп әркез жырыңды,

Әуенді сезем

Бүгінгі және бұрынғы,

Менің ең жақсы көретін

Ақын қазағым,

Түсіндім, толқып,

Тұңғиық тұнық сырыңды!

Көрсеңдер менің

Сондағы шаттық түрімді,

Шарықтап кеттім,

Еске алып жастық күнімді,

Сырымды ұққан

Талғамы нәзік аруға ,

Жолдадым мен де ,

Қолдағы сурет гүлімді!

Талайды дос қып,

Шертеді сырды фейсбук,

Болса да кейде,

Пенделік өкпе, кейістік,

Кеңейтіп өріс,

Қолыңды біраз ұзартқан,

Фейсбук , ватсап…

Кемсіту оны нойыстық.

Хат жазып тұрды

ФБ-ға жұмбақ аяулым,

Суреті ғажап,

Қажеті бар ма бояудың,

Көкшеден келген

Ақ қанат хаттар дем беріп,

Құс болып ұшып,

Кетуге мен де таяумын!

***

Көзінен мейір,

Жүзінен шуақ төгілген,

Қоғалы көлде

Сұқсырдай болып көрінген,

Қиыла қарап,

Қиялымдағы бота көз,

Қоғадан маған

Бұлғауға қолын ерінген,

Еркелей басып

Еліктей еркін әлемде,

Көркемі болып,

Көкшеде кербез керілген!

Жағадан өтіп барамын

Жанымнан шуақ төгіліп,

Бұрылып, қимай қарадым,

Қалар деп сені көрініп,

Қоғадан жолға көз салып,

Бұлғар деп қолын керіліп!

Түнде де, таңда сені ойлап

Бір тәтті күйді кештім мен,

Алыстан жеткен әуеннен

Әуезді үнің естілген,

Сезімің қандай отты еді

Жасарып, жанып кеттім мен,

Жаным-ау, қайда болғансың,

Жұлдыздай алыс кеш күлген,

Сұлулық, сымбат, нәзіктік,

Көрмедім сендей ешкімнен!..

Қияли бола жаздадым,

Қиялда туған кескіннен!

***

Ақындар

Сұлулыққа таңғалатын,

Жырлары

Жүректерге жалғанатын,

Бар ма екен бірақ мендей,

Бұл ғаламда

Аруға,

Көрмей ғашық болған ақын!

Қырық жыл ,

Уақыт жатыр екі арада,

Кеңістік

Өткізбейтін шекарада,

Қиыны

Әдеп, ұят аттатпайды

Ақыл, ой

Шектен шығып кете алар ма?!

Есіме

Жастық шақты түсіретін,

Көңілді

Шаттандырып, өсіретін,

Қызығы

Қыз керемет қиялдағы,

Ойымды менің сөзсіз

Түсінетін.

Елеске

Елтимін деп мен несіне,

Ұмытсам,

Түседі кеп кейде есіме,

Қызға ғашық,

Болады-ау шыннан ғашық,

Сол қыздың

Қиялдағы бейнесіне!

Керемет

Өрімдей жас өмірдегі,

Бейнедей

Болар ма екен көңілдегі!?

Әйтеуір ,

Таңғажайып күй кештірді,

Жұмбақ қыз,

Кербез Көкше жеріндегі!

***

Жыл жарым өтті…

Демалдым Балқаш бойында,

Көңіл-күй жақсы,

Керілдім жағажайында…

Ғаламтордағы

Ғашығым шықты алдымнан,

Құм кешіп жүр ем,

Тыныштық тауып ойым да!

Жасы бар ғой…

Сұрама жасын,

Он сегіз…

Мөлдіреп тұр,

Өзіңіз-ақ

Ой жүгіртіп, өлшеңіз,

Айдай ару,

Аялы көзі нұр шашқан,

Сәмбі талдай сымбатты,

Сіз де ғашық боп қаласыз

Көрсеңіз!

Шуаққа толып,

Толқыды келіп жүрегім,

– Мен сіздің,- деді,

Ғашықпын өнер, өлеңге,

Көбісін жатқа білемін!..

Ұмытып кеттім

Алпыс екі деген жасымды,

Тіліме келіп,

Таңдайда қалды,

Тіреліп тура тілегім!

Жеткізу қиын,

Сондағы толқын сезімді,

Ақын болсам да,

Айта алмай қалдым

Айтатын нағыз сөзімді,

Ойпырмай, енді, қаншалық қиын,

Былайша:

– Өлеңімді сүйсең,

Сүймейсің бе деу, өзімді!

Ай, хай , дүние,

Жастықта дәурен сүруші ек,

Назарын салса,

Найзағай болып келуші ек,

Ару қыздарды

Ағыла сөйлеп балқытып,

Кей-кейде тіпті,

Айтпай-ақ сүйе беруші ек!

Қиын-ау десе,

Сия түсті көйлек киген сыйлы қыз:

-Жаныма жырмен

Мейірлі шуақ құйдыңыз,

Атамдай болып,

Ақылдан неге адасып,

Ұялмай қалай

Келеді мені сүйгіңіз?!

Қуады келіп

Кейінгі толқын

Алдыңғы толқын ағаны,

Асығыс неге,

Соғуға сонша жағаны?!..

Ақбидай өңді,

Толған ай сынды келбеті,

Қара маржандай

Ұшқын атады,

Аялы, ойлы жанары…

Бұйра бұлттардан

Қалғысы келмей бұлқынып,

Балқаштың бұла

Толқыны көшіп барады!..

Желден де ұшқыр,

Жүйрік-ақ еді ой неткен,

Бөлмеге сыймай,

Қараймын үлкен әйнектен…

Еркелей басып,

Сырласып жап-жас жігітпен,

Жағада кетіп барады қалқып ,

Мен ғашық болған бойжеткен!

Қырық жыл бұрын қиқулап тұра жүгірер ме ем?

Желкеден алып, жігітін көлге тығып жіберер ме ем?

Ақшағыл құмға аруды аунатып алып, ай-хай…

Сап, сап, қасқа,

Басқамын бүгінде мен!

Жылағым келіп тұрса да, қайтем,

Өзіме-өзім күлемін,

Сол керек саған,

Махаббат толы жүрегім,

Ал, енді қандай,

Амал, арманың бар уақытқа,

Аталар айтқан,

Жас жастың бір деп тілегін,

Көз ұшында желбіреп, көлді жағалап,

Көкжиекке бет алған,

Жастарға бақыт тіледім!..

Фейсбукты қазір,

Сиректеу қарап жүремін!..

Дүние

Күнәлі болар кім-кім де,

Куәлік етпес күн түнге,

Күлкі мен қызық іздеген,

Не дерсің көңіл шіркінге,

Гулетпей қоймас дүние,

Дүрілдеп дүркін, дүркін де,

Сәби боп келдік өмірге,

Сәби боп өту мүмкін бе?

Сайланып тұлпар баптасаң,

Асудан асу аттасаң ,

Өмірдің дәмін білер ме ең,

Ащы мен тұщы татпасаң,

Сүрдім деп дәурен ойлама,

Күнәға кейде батпасаң,

Қадірін жолдың білер ме ең,

Адасып барып таппасаң!?

Өзіңді өзің мықтасаң,

Жолына шындық шықпасаң ,

Милау боп мүлде кетерсің,

Бас шұлғып бәрін құптасаң,

Күресте кейде жеңіліп,

Қайқайтып кейде жықпасаң,

Қуанған жанды құттықтап,

Жылаған жанды ұқпасаң.

Түзулікке де жетпес ең,

Қисайып әуел кетпесең,

Телегей теңіз тіршілік,

Қаймықпай кешіп өтпесең,

Шыңылтыр аяз мұздатпай ,

Шыңдалып рухың, өспес ең,

Кешірім сұрап біреуден,

Біреуді өзің кешпесең!

Кегіңді қуып тістенсең,

Біреудің мінеп ісін сен,

Биіктей түсем деймісің,

Беделін жұрттың түсірсең,

Кісілік болмас, кімге де ,

Ірілік қылып ісінсең,

Қолыңнан сенің келері,

Кешіру ғана, түсінсең!

Көрпеңе қарай көсілсең,

Еркіңе қарай есілсең,

Мейірге бөлер сені де,

Мерейін елдің өсірсең ,

Есебін бермей қоймассың,

Еліріп бүгін есірсең,

Кешеді ертең сені де

Біреуді бүгін кешірсең!

Ұғарсың болса зейінің,

Алдыңнан шығар пейілің,

Өмірдің сыры сан алуан,

Кейбірі шаттық, кейі мұң,

Жығылма, алдап кей ағаң,

Аяқтан шалса кей інің,

Не болар еді адамзат ,

Болмаса рахым, мейірім!





1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Қолқоюсыз 28 Тамыз, 2017, 22:55

    Қопа-қоғаның арасында жүрген неғылған қыз…сайтан емес пе.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*