Барселонадағы теракт: Лаңкестер неге қоғамдық көлікті жиі пайдаланатын болды?

Барселонадағы теракт соңғы жылдары байқалып отырған Еуропадағы зорлық-зомбылық актінің тағы бір көрінісі. Кезекті рет террористер көпшілікке арналған орындардағы қарапайым тұрғындардың өміріне қастаңдық жасады. Соңғы мәліметтер бойынша 13 адам қаза тауып, жүзге жуығы жараланған. Осыған дейінгі ең ірі теракт 2004 жылы Испанияда болған, ол кезде поездардағы жарылыстан 200-ге жуық адам қаза тапқан.

Жаһандық джихадизм еуропа елдері үшін үлкен қауіп болып отыр. Негізінен Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінің азаматтарынан құралған еуропадағы джихадтық жүйе зорлық-зомбылық экстремизмінің тұрақты көзі болып табылады. Бұл ДАИШ риторикасы нәтижесінде радикалданып, жеке дара әрекет ететін, жалғыз жортуға бейім қасқырлар.

Бұл жерде лаңкестердің өз ойын іске асыру үшін қоғамдық көліктерді пайдаланатындары да маңызды жайт. Бұл терроризмдегі жаңа тренд. Осыған дейін ұқсас сценарий бойынша он шақты шабуылдар ұйымдастырылған. Олардың ең ірісі өткен жылы Ницца мен Берлинде болған терактар. Жүк көліктері мен өзге де қоғамдық көліктер көпшілік халыққа зомбылық әрекеттерін жасауға тиімді әрі нәтижелі болғасын лаңкестер тарапынан жиі қолданылады. Ең қауіптісі, мұндай терак туралы алдын-ала ескерту өте қиын.

Еуропа елдері қазіргі уақытта көшпілік халыққа арналған орындарға қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жұмыс атқаруда. Бұл бағытта полиция және арнайы қызмет өкілдерімен бірге қоғамдық орындарды лаңкестер шабуылынан қорғай алатын қауіпсіз жерге айналдыруды ойластыратын сәулетшілердің де қатар жұмыс істеп жатқандығы көңілге қонымды жағдай.

Жалпы алғанда, қауіпсіздік шаралары күшейген сайын террористердің де айла-тәсілдері көбейіп келеді. Олар күн өткен сайын небір тапқыр шешімдер қабылдап, өз мақсаттарына жету үшін қолда барды ғана пайдала беруден де тайынбайды.

Қазақстан да террористердің ауысып жатқан тактикаларын ескеруге тырысып жатыр. Елімізде терроризмге қарсы күрес шараларын одан әрі дамыта беру керек деп санаймын.

Серік Бейсембаев,

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы

qazaquni.kz