Экспо-2017 көрмесін көрген түркістандық ардагерлер тамсанып қайтты

 

Айта кету керек, қонақ болып келген түркістандық ардагерлер — аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен білікті ақсақалдар. Олардың бірқатары – қаланың Құрметті азаматтары. Ардагерлерді Астанаға алып келіп, қаланы аралату мақсатындағы туристік сапарға Түркістан қаласы әкімдігінен ресми өкіл де бірге келіпті. Ақәділ ҚОНДЫБАЕВ, Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімнің сектор меңгерушісі: — Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесiн тамашалау үшін Түркістанның дамуында үлкен еңбек сіңірген 19 ардагер қарияны және оларға медициналық көмек көрсетін бір маманды алып келдік. Қариялардың демалыс сапары үшін туристік қызметтер бойынша халықаралық көрменің арнайы әріптесі болып табылатын астаналық Көшпенділер компаниясына 1 млн 52 мың теңге қаржы аударылды. Енді соған сәйкес, ақсақалдар бірінші күні қаланың көрікті жерлерін және тарихи нысандарды аралайды. Ал екінші күнді толықтай Экспо -2017 көрмесіне арнайды. Ерте таңда поезбен Астанаға жеткен ақсақалдар алдын-ала әзірленген қонақүйге орналасып, аздап тынығып, тамақтанып алған соң бірінші кезекте орталық «Әзірет Сұлтан» мешітіне барды. Одан кейін күні бойы Қазақ елі мәдени-архитектуралық монументі, Қазақ елі алаңы, Ұлттық музей, Бәйтерек кешені және ҚР Қарулы күштерінің Әскери-Тарихи мұражайы сынды нысандарды аралап шықты.

Астананың таза ауасымен тыныстап, қоңыр салқын табиғатын сезініп және әсем қаланың көркем жерлерін тамашалаған соң, көңілдері көтерілсе керек, оңтүстіктік қариялар алыс жол және күні күйіп тұрған ауа-райында қапырық поезда шаршап келген сәттерін тез ұмытып, жадырап жүрді.

Ертесіне ардагерлер таңғы ас-суын ішіп болған соң Астанаға келген басты мақсаты бойынша «ЭКСПО-2017» қалашығына табан тіреді. Сол жерде таңғажайып павильондарды, сәулет- архитектурасының ең соңғы заманауи үлгілерімен салынған әсем ғимараттарды аралап, онда топтастырылған ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарымен танысты. Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ, Түркістан қаласы соғыс және тыл, еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз: Біздер қасиетті Түркістан қаласынан Астанаға Экспо – 2017 халықаралық көрмесін тамашалауға келдік. Күн санап қарқынды дамып, әлем назарын өзіне аударып отырған көрікті елордамыздағы айтулы шараны өз көзімізбен көріп, қызықтап қайтуға мүкіндік тудырып, өз қаржысымен демеушілік жасаған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлына алғысымызды айтамыз.  Қазіргі Түркістан баяғы  — Түркістан емес. Қала бүгінде жаңарған, жақсарған. Рухани қаланы көруге жан-жақтан туристер көптеп келуде. Мәселен, биылғы жылы жарты жылдың ішінде 1 миллиондай адам қонақ болып, қыдырып келді. Келешекте біздің Түркістан қаласы үлкен туристік қала болады деген сенімдеміз. Соған қала, облыс және Республика бар күшін салып жатыр. Түркі әлемінің мәдени астанасы болуына байланысты Түркістан күн санап қарқынды дамуда және түрлі шаралар өтіп жатыр. Жарқынбек Құлбайымбетов ақсақалдың айтуынша, Түркістан қаласы халқының саны да өсіп жатыр. Қазір тұрғындардың саны 300 мыңнан асып кетті. Келешекте халық саны артып, өзгелерге мәдениет, өсіп-өркендеу сияқты басқа да жағынан үлгі болады деген сенімде. Сондай-ақ қаланы аралау кезіндегі көрген кереметтері мен Экспо көрмесінен алған әсерлері жайлы ауылға барғанда халық арасында айтып, насихат жүргізетіндерін жеткізді. — Біз мемлекетіміздің өсіп-өкендеп дамуына және осындай әлемдік деңгейдегі ауқымды істерді жүзеге асырып жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына үлкен рахметімізді айтамыз. Сондай-ақ осы келіп жатқан туристер мен астаналықтарды біздің Түркістанға да барып, ондағы Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан бап, Сауран сияқты тарихи жерлерді аралап, қызықтап қайтуға шақырамыз, — деді қалалық соғыс және тыл, еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы. «ЭКСПО-2017» қалашығында «Нұр әлем» ұлттық павильоны алыстан менмұндалап бірден көзге көрінеді. Ақсақалдар көрмедегі нысандарды аралауды ең алдымен, Қазақстанның ұлттық павильонымен танысудан бастады. Сегіз қабаттан тұратын ұлттық павильонның ең жоғарғы қабатындағы «Болашақ Астана» көрмесінен басталған таныстырылым төменге түсіп, жетінші қабаттағы «Ғарыш қуаты» атты көрсетілімде жалғасты. Одан кейінгі қабаттардағы күн қуатының экспонаттарымен, жел энергиясы, жасыл энергия, биомасса қуаты, кинетикалық энергияның тарихымен және оның қолданысы туралы қанықты. Екінші қабатта судан қалай қуат көзін алуға болатыны таныстырылды. Ал бірінші қабатта «Ұлттық павильон» орналасқан. Ол жерде «Қазақстанмен танысу», «Жасампаз энергия» деген атпен екі бөлім бар. Онда еліміздің табиғаты, мәдениеті, тарихы туралы және қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістерімен танысты. Осы жерде ақсақалдар көрген кереметтерін бір-біріне жарыса айтып жатты. Көптеген жылдар аудандағы әкімшілікте және бірқатар совхоздарға басшылық жасаған, ауылшаруашылық саласының білгірі Мырзан ХАНДІЛЛАҰЛЫ, еңбек ардагері: Түркістан қаласынан бір топ ардагерлер келіп, Астананы аралап, дән риза болып тұрмыз. Бір айтарлығы, көрме залдарынның әрбірін шұқшия аралап, тәптіштеп тамашалауға бір күніңіз мүлде жетпейді екен. Біздің отанымыздың жүрегі  -Астананың осындай дәрежеде өскені, дамығаны біздерді қатты қуантып отыр. Әрине, бұрындары да келіп жүрміз. Бірақ мына халықаралық көрме аясында қала аз уақыт ішінде бұрынғыдан да адам танымастай өте жақсы өзгергенін көзіміз көріп тұр. Одан кейінгі кезекте ардагерлер ұлттық павиольон ғимаратының төңірегіндегі қатар сап түзеп орналасқан шетелдік көрмелерді қызықтауға бұрылды. АҚШ, ҚХР, Жапония, Иран, Сингапур сияқты тағы басқа да көптеген шетелдік көрме нысандарын аралады. Жақсыбек қажы БЕЙСЕНОВ, тыл ардагері, Түркістан қаласының құрметті азаматы, қаржы саласының майталманы: — Қаланы, әсіресе, көрмені аралағанда әлемдік ғаламаттарды көрдік. Адам баласының қазіргі жетіп отырған жетістігі, озық ойы мен барлық кереметтері елорданың төрінен орын тауыпты. Барлығын қамтыпты. «Жақсыны көрмек үшін» демекші мұнда көрмені көруге келген адамдарда есеп жоқ, шетелдік қонақтарда жетерлік. Астанаға қарап бой түзеп, керемет дамып жатқан Түркістан қаласы да бүгінде түркі әлемінің мәдени астанасы болып аталып жүр. Өздеріңіз білетіндей, биыл Түркістанда барша түркі елдерінің қатысуымен Наурыз мерекесі дүркіреп өтті. Түркістанның келешегі үлкен.  Осыдан біраз жыл бұрын да Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылуына қатысып, үлкен қуанышқа куә болған едім. Ол кезде де осындай мүмкіндік жасап, келіп-кету барлық шығындарымызды сол тұста да әкім болған Әліпбек Өсербаев мырза көтерген болатын. Сондықтан, осындай жанды жадыратын тамаша шараларды ұйымдастарушы азаматтарға атқарып жүрген жұмыстарына сәттілік тілеп, ризашылығымды білдіремін. Ал елордада бұрын болғанмен, тап қазіргі көркейген келбетін көрмеген кейбір ақсақалдар аз уақыт ішінде Астананың көркіне көрік қосып, тым сәулеттеніп кеткендігіне өздерінің таңқалыстарын білдірді. Толқын САЙТМҰРАТОВ, еңбек ардагері, өзбек мәдени-мәртебе орталығы ақсақалдар алқасының төрағасы: — Астанаға келіп, мұндағы тіршілікті көзіммен көріп, түс көргендей болып тұрмын. Қайбір жылы осы Астананың 10 жылдық мерейтойына келген сол кездегі Өзбекстан мемлекетінің президенті Астана туралы «Мұндай қаланы салу үшін аттың басындай жүрек керек» деген еді. Қазіргі Астана үлкен екен. Не деген құрылыстар, не деген алып нысандар, қанша өзгеріс? Мұны айтып тауыса алмаймын.  Түркістанда 30-дан астам түрлі ұлт өкілдері тұрады. Қалада түрлі ұлттардың мәдени орталықтары бар. Бәрі бірдей бірлікте өмір сүруде.

Бізге осындай сапарды ұйымдастырған қала басшылығына ризашылығымды білдіремін. Олар біздерді вокзалдан өнерпаздардың қатысуымен үлкен құрметпен мәдени іс-шара ұйымдастырып, шығарып салды. Айтарым, Қазақстан халқы аман, еліміз тыныш болсын! Мемлекетімізде осындай зор мүмкіндіктерді жасап жатқан Елбасымыз аман болсын!. Сапарларының екінші күнінде түнделетіп жолға аттанған ақсақалдар балаларының және немере-шөберелерінің кең байтақ тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатқандарына қуанышты екендерін айтты. Бастысы, Ұлттық павильонмен танысу барысында Қазақстанның келешекте экологиялық таза тұрғыда дамитын болашақтың энергиясы – күн, жел, су қуаттарын пайдалануда ілкімді іс-жобаларды қолға алып жатқанына және бұл Экспо көрмесінің соған үлкен серпін беретініне сенімді болып аттанды.

Тельман БЕЙСЕНОВ