Валюта бағамы USD : 332.68 | EUR : 389.4 | CNY : 49.85

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНҰЛЫНЫҢ ДОМБЫРАСЫ ТАБЫЛДЫ

 

Бұл халқымыздың басынан өткізген бірнеше тарихи кезеңдеріне байланысты әңгіме. Өткен ғасырдың басында Кеңес өкіметінің әдейі ұйымдастыруымен жасалынған жаппай ашаршылық пен  саяси қуғын-сүргін қазақ халқын баудай қырып, небір сұмдыққа толы геноцидті іске асырды. Ұлтымыздың бетке ұстар жақсылары мен жайсаңдарына КСРО мемлекеті басшылығы тарапынан «халық жауы» деген жала жабылып атылды. Сол тұлғалардың қатарында  қазақ рухының биіктеуіне үлкен үлес қосқан ұлы ғалым Құдайберген Жұбанұлы (1899-1938) да бар. Осы бір аяулы тұлғаның қаншалықты ұлтшыл екенін кезінде өзінің тегін Жұбанұлы деп жазғанынан білдім.

Қ.Жұбанұлы нағыз энциклопедист ғалым болды. Өз қолымен толтырған құжаттарда ол 18 тілді еркін меңгергенін және ол тілдердің көбісін: байырғы түркі, араб, грузин, коми, моңғол, неміс, парсы, орыс, шуаш, жапон және басқа да көптеген түркі тілдерін білетінін жазады.

Ол елінің жарқын болашағын армандап өмір сүрген жан еді. Педагогикалық институттың жалпы тілтану және қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. Сонымен қатар негізгі жұмыс орынынан басқа бірнеше жерде де жұмыс істеуіне тура келді. Халық Ағарту комиссариятының коллегиясының мүшесі, оқыту-әдістемелік кеңесінің төрағасы, бөлім меңгерушісі, республикалық терминология комиссиясының төрағасы, ұлттық мәдениет институтының ғылыми кеңесінің мүшесі бола жүріп және басқа да қызметтер атқарды.

Құдайберген Жұбанұлы орта мектепке арналған қазақ тілі грамматикасының жаңа оқулықтарын жазды. Оның қаламынан қазақ тілі туралы негізгі ғылыми еңбектер:  қазақ және орыс тілінде түсіндірмелері бар «Қазақ тілінің академиялық сөздігі», үш томнан тұратын «Фонетика», «Морфология» «Синтаксис», «Қазақ тілінің ғылыми  тілі бойынша лекциялар», ғылыми тілтаным жинағы және басқалар шықты. Жалпы алғанда баға жетпес 17 ғылыми еңбек, онымен қоса мал шаруашылығында қолданылатын одағай сөздер туралы екі баяндамасы із-түссіз жоғалып кетті. Бұл ғылыми жұмыстар баспаға уақтылы ұсынылғанымен, ғалым тұтқынға алынған соң басылмай қалған.

Кейін Қазақстанда Ғылым Академиясы ашылып, қуғын-сүргінге түскен ғалымдардың ғылыми зерттеулері пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл тізімде Құдайберген Жұбанұлының еңбектері де бар еді.  Сол кездері атақты жазушы Мұхтар Әуез ғалымның   інісі композитор Ахмет Жұбанұлына: «Тек Құдайбергеннің зерттеу еңбектері баз біреулерге төрт докторлық және жеті кандидаттық диссертация қорғауға жетті» деп айтыпты…

Қ.Жұбанұлының бүгінге жеткен еңбектерімен танысқан кім де болса, бұл сөздің шындыққа жанасатынын мойындайды. Бұл жөнінде ғалымның қызы Мүслима Құдайбергенқызы өз естелігінде бірнеше мысал келтірген, солардың бірі мынадай: «…Академик Ісмет Кеңесбаев өзінің тірі кезінде: «Менің атымнан шыққан әліппені сенің әкең бастап жазған болатын, қолы тимей аяқтай алмағандықтан маған берді», – деп өз аузынан айтып еді. Әліппені өз атынан шығарса да, әкеміз ұсталғаннан кейін қаламақысын шешеме беріпті».

Ия, ол кез сондай аласапыран уақыт еді…

 

***

Мен өз басым осы бір ұлы ғалымның домбырасын іздеймін деп ешқашан ойлаған жоқ едім. Әкем, әдебиетші ғалым Әсілхан Оспанұлы қызметі кітаптармен тығыз байланысты болғандықтан, біздің үйдің балалары – екі қызы мен алты ұлы, бәріміз  жастайымыздан кітаптардың арасында өстік. Бірде әкеммен жақын таныс болған, қазақтың белгілі ақыны Әбділда   Тәжібайұлының «Жылдар, ойлар» атты кітабын қызыға оқыдым. Ақын ата осы жазбасында композитор Ахмет Жұбанұлы туралы айта келіп оның ағасы Құдайберген Жұбанұлының домбырасы туралы да сыр шертеді.

Профессор Қ.Жұбанұлына өкімет басшылығы тарапынан «халық жауы» деген жала жабылып тұтқынға алынған соң,   ғалымның отбасы қиыншылық көріп үйдегі заттарын сата бастайды. Бір күні ғалымның жұбайы отағасының домбырасын сату туралы да ұйғарымға келеді. Ғалымның інісі сол кезде досы Әбділдаға телефон шалады. Естелікте бұл оқиға былайша баяндалады:

«…Ахмет біздің үйге телефон соқты.

  • Әбеке, жеңгеміз ағаның домбырасын базарға шығарады екен, соны

есіңе салып тұрмын, – деді, бір түрлі ыңғайсызданған дауыспен.

  • Түсіндім, Аха! – дедім, оны ыңғайсыздықтан тезірек құтқару үшін, –

базарда мені күтсін. Неде болса да көрініп, тілдесіп кетемін, – дедім. Содан телефонмен асығыс хабарласып, Мұхтар Әуездің үйіне соқтым.

  • Маған шамалы күнге бес жүз сом бере тұрыңыз, өте қажет боп

қалды, Мұха, – дедім. Сырлас достан жасырын сөз бола ма, Құдайберген Жұбанұлының домбырасын алатынымды да айттым… Аса қадірлі қазақ, қымбат ағаның домбырасы сол күні менің меншігіме ауысты.

  • Ах! – деді анам, домбыраға жас толған көзімен жылай қарап. –

Көрінген біреудің қолында кетпей саған келгені жақсы болды ғой, балам, күтіп ұста, азамат аман қайтса, өзіне тапсырарсың.

Ахметке телефон соқтым.

  • Шақыр, келсін, – деді апам сыбырлап.

Ахметпен уәде бойынша келер кеште біздің үйде кездестік. Біздің үйде Құайбергеннің домбырасы емес, өзі күтіп отырған сияқты еді. Мен Ахметті түпкі бөлмеге кіргізіп шығып кеттім. Шынымды айтсам, бұл менің Ахаңның домбырамен кездескенін көрмей-ақ қояйын дегенім еді… Бірақ құлағым да, көңілім де түпкі бөлмеде, мен домбыра даусының қалай шығарын күтудемін… Мен күткелі күн өткен, ай өткен сияқты. Сабырым сарқылып, шыдамым шарт сынардай күтудемін. Бірақ домбырадан дыбыс жоқ.

Жай ғана есікті ашып ішке кірдім. Ахаң терезенің қарсы алдында домбыраны құшақтап қатып қалыпты».

Әбділда Тәжібайұлы ұлы тұлғаның домбырасын былай суреттейді: «Аяулы адамның аяулы дүниесі екені көрініп-ақ тұр. Сыртқы қабының өзі екі жерден кілттеледі екен. Ал ішін, қара-қошқыл кейде қызыл-күрең де боп көрінетін барқытпен астарлапты. Кебуі әбден жеткен, шертіп қалсаң ішексіз-ақ дыңылдап тұрған ағаштан жасалған домбыраның сырлауы да келісімді-ақ, сырты қызыл қына секілді де пілдің сүйегімен ұқсас болыпты. Құлағы мен тиегі де бір ағаштан жасалыпты».

Ақынға Ахмет Жұбанұлы бұл домбыра туралы қызық  мәліметті де жеткізген: «Ахаң бунақ-бунақ саусақтарымен бабына  жеткен екі ішекті шалып қалды. Домбыра көмейінен күміс төгілгендей сыңғыр-сыңғыр етті:

  • Мен мұны үш рет қайта істеткенмін – деді домбыраның шанағын

алақанымен жұмсақ қағып-қағып қалып, – домбырашысы кездессе бұдан табылатын дыбыста есеп жоқ, бұрауын жетістірсек, бойында титтей де жалған сыбыс қалмайтын домбыра…».

Осы жолдарды оқыған соң мен ұзақ уақыт сол домбыра қайда екен деп ойланып жүрдім. Бұл кез ақын Әбділда Тәжібайұлы дүниеден өтіп кеткен уақыт еді. Алматыға барғанда Әбілда Тәжібайұлының ұрпақтарын тауып Құдайберген Жұбанұлының домбырасының тағдыры туралы білгім келді. Бірақ Алматыға жиі баруға ол кезде жағдай көтермеді. Сонымен бұл ойым кейінге қала берді.

2014 жылы Алматыда қазақтың белгілі ақыны Нұрпейіс Байғаниннің немересімен таныстым. Ерболат менің мәдениеттанушы  екенімді білген соң, маған атасының үш томдық шығармалар жинағын сыйлады. Осы жинақтың соңғы кітабында ақынның  ұлы Момының әкесі туралы жазған естелігінен мына жолдарды оқыдым: «Әкем жасының ұлғайғанына қарамастан өзін өте қуатты сезінетін. 1943 жылы Алматыға республикалық ақындар айтысына шақырылды. Осы жылы маған сырты қапталған өте әдемі   домбыра әкелді.

Бұл домбыраның өз алдына тарихы бар. Алматыда әкем Әбділда Тәжібайұлы ақынның құрметті қонағы болған екен. Кетерінде ол «Құрметті ақын ата, біздің үйден не қалайсыз», – дегенде, әкем, «ренжімесең мына домбыра» – депті. Сол домбыраны қимас атаға деп тарту еткен. Әкем өз өсиетінде анама: «Мына домбыраны балам 10 жасқа толған кезде қолына берерсің» деген. Бұл тілегіне қарағанда, о менің болашағымды болжаған екен деуге болады. Әкем айтқандай мен 10 жасымнан мектеп сахнасында өнер көрсетіп, көпшілік көңілінен шығып жүрдім. Сондай жиындардың бірінен кейін байқамай домбырамды қиратып алғаным өкінішті-ақ. Кейін білсем қимас домбыра марқұм ағамыз Құдайберген Жұбанұлыныкі екен. Осындай құрметті ағадан қалған мұраны өз қолыммен ұстағанымды үлкен мақтаныш етемін».

Бұл жолдарды оқығанда жоғалғаным табылып, қатты қуандым. Осы кітапта ақын Әбділда Тәжібайұлының «Аталармен кездесу» атты естелігі де бар екен.  Ол 1943 жылы Жазушылар одағы мен Әдебиет және тіл институты бірігіп Алматыға қазақтың атақты ақындарын шақырғандарын жаза отырып, Ақтөбеден келген атақты ақынды өз үйінде қонақ еткенін, Құдайберген Жұбанұлының домбырасын Нұрпейіс Байғанинге қалай бергені туралы баяндайды:

«Шай аяқтала бергенде, Нұрекең сәл ғана жастыққа жантайған еді, домбыра қабығына қарап күбірлеп қалды:

– Мынау не қарағым?

– Домбыра, Нұреке, – дедім қарияға қақпағын ашып ұсынып. Нұрекең

домбыраны жай ғана алып, жай ғана шалып қалды».

      Н.Байғанин осы үйде бірнеше күн қонақ болады. Әбділда Тәжібайұлының анасы Айманкүл мен қонақтарына «Құбығұл», «Төрехан», «Ақкенже», «Нарқыз» дастандарын жырлайды. Сонымен қоштасар күнде таяйды. Бұл сәтті Әбділда Тәжібайұлы былай сурттеген:

«Нұрекең біздің үйден аттанар күні жақын достар түгел жиналдық. Нұрекең өз қолынан сарқыт асатты бізге. Бірақ қоштасуы сондай ауыр болды, біз жылауға жақын едік.

Апам киініп отырған Нұрекеңе тақау отыра беріп:

  • Нұреке! –деді дауысы дірілдеп. – Аз ғана күн сұхбаттас болдық, өз

қолымнан дәм таттырғаныма қуаныштымын. Сіз жүремін дегенге мен де, мына Әбділда да қиналып отырмыз. Шын сөзім, қимаймыз сізді Нұреке, – деді жылай жаздап. Содан соң өзін мықтап іштей ширатып алып, қайта сөйлеп, қысқа қайырды: – Не қалайсыз Нұреке, қалағаныңызды алыңыз!»

  • Сендер қимасаңдар, мен де қимаймын. Айеке, қимасам да қайтемін,

сый құрметтеріңді, ықыластарыңды айта жүремін. Енді жүрер алдымда бата берейін, – деп қарт дұғаға қолын көтерді. Бәріміз де ақын лебізін ұйып тыңдап қалдық. Нұрекеңнің батасы оның біздің үйде айтқан соңғы жыры болды. Барлық жақсылықтарды бізге, біздің отбасымызға тілей келіп:

  • Іші томпайған келінім аман босансын, ұл тусын! Сол ұл Айманкүл,

Әбділда, сендерге баянды болсын! Мына домбыра маған баянды болсын! – деп бетін сипады. Мен: «Әумин» деп қимас домбырамды қимас атаның қолына ұстаттым».

Міне, мен біраз жыл іздестірген Құдайберген Жұбанұлының домбырасының оқиғасы осындай.

Нұрпейіс Байғаниннің 1937 жылы дүниеге келген ұлы Момынның бала кезде қолына ұстаған домбырасы Құдайберген Жұбанұлының аспабы екенін ұмытпағанына қуандым. Атасы мен әкесінің мұрасын елге жеткізуге талпынып жүрген ақынның немересі Ерболат ініме де алғысым шексіз.

Сонымен домбыра табылды деуге болады. Ендігі кезекте сол кездегі суреттерді қарастырып, мысалы, Нұрпейіс Байғанин Әбділда Тәжібайұлының үйінде болған бірнеше күн аралығында жыр айтып отырғанда фотосуретке түсірілуі мүмкін ғой… Момын ағамыз да бала кезінде жұрт алдында өнер көрсетіп жүргенде сол домбырамен суретке түсіп қалуы да әбден мүмкін. Ендігі кезекте ұлтымыздың мәдениетін бағалай білетін домбыра шеберлерімен бірлесіп, осындай іздестіру-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақтың тұңғыш профессоры, әдебиетші ғалым Құдайберген Жұбанұлының домбырасын қалыпқа келтіру мәселесі тұр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құдайберген Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 2010.
  2. Мүслима Жұбанова. Әулет және заман белестері. «Арыс» баспасы, Алматы, 2009.
  3. Әбділда Тәжібаев. Жылдар, ойлар. «Жазушы» баспасы, Алматы. 1976.
  4. Нұрпейіс Байғанин. Шығармалар. «Қазығұрт» баспасы, Алматы, 2014. 3-том.

Бердалы ОСПАН. Мәдениеттанушы.

Qazaquni.kz

 

 

 





2 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Қазыбек 12 Тамыз, 2017, 17:20

    Мақала Жақсы екен! Аxметтің домбыраны құшақтап қатып қалғанын оқығанда көзіме жас іркілді

    Жауап жазу
  2. Eraly Ospanov 12 Тамыз, 2017, 17:20

    Керемет! Ендi Рамазан Елубаевтын гармоны табылса екен. Панфиловшы Адихам Шилтерханов онын гармонын сазгер каза болган сон карулас досы Логвиненко (Петр?) деген полк комиссары козинин карашыгындай блиндажында сактап журетин деп айтканы бар. Логвиненко талай жылдар Алматыда республикалык аскери министрлигинде жонагы кызметтер аткарыпты, согыстан аман кайткан. Гармоннын ерекшелиги – тиектеринде рим сандарын Р.Елубаев ози ойып койган екен.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*