"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

АДАМ ҒИБАДАТШЫЛ БОЛМАСА ДА…

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаға тән!

Пайғамбарымыз Мұхаммедке сансыз салауаттар мен  сәлемдер болсын!

      Алла Тағала «Бақара» сүресінің 30-аятында: «Раббың періштелерге: «Әрине мен жерде бір орынбасар жаратамын!», деген». Бұл аятта Мейірімі шексіз Алланың жер бетіндегі «халифі», яғни орынбасары – адам екені айқындалады. Сондықтан адам өзінің жаралу мақсатына селқостық танытпай, Құран мен сүннетті ұстануы абзал. Құран Кәрімде мұсылманның өзіндік болмысына, әдебіне, өзгелермен инабатты қарым-қатынас жасауына қатысты аяттар көптеп келеді.

 «Адам әдебімен көрікті» демекші, пенде көркем мінезді, әдепті болуы міндетті. Анас ибн Мәлік (р.а.):«Әлбетте, адам ғибадатшыл болмаса да,  көркем мінезімен жәннәтта биік дәрежеге жетеді. Сондай-ақ, пенде ғибадатшыл болса да, жаман мінезінің кесірінен жәһәннамның отына түседі», – деп түсіндіреді.

         Өкінішке орай, қазіргі кезде адамдар қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде қарапайым ибалықты ұмытып, әдепсіздік танытатын жағдайлар кездесіп отырады. Кез-келген адамның жаны жақсылыққа ұмтылып тұрғандықтан, пенде өзін үнемі ізгілікке тәрбиелеп, Алладан көркем мінез иесі болуды сұрауы тиіс. Адам  әрбір іс-әрекетін, тіпті жан баласына айтпаған ойларын ақырет күні қолына тапсырылатын өмірлік кітабында жазылатынын үнемі есте сақтауы қажет.

         Мұсылманның әрбір әрекеті, мәселен жүріс-тұрысы, киінуі, тамақтануы, күлуі, ұйқтауы, жуынуы және өзгелермен сөйлесуі әдептілікпен ұштасқан болуы лазым.

Әдеп басы – тілден

         Асыл Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөз сөйлеу мәнері ерекше болған. Әрбір сөзіне аса жауапкершілікпен қарап, ойын жұртшылыққа жеткізбес бұрын ой сүзгісінен өткізіп, асықпай, тоқтап, айрықша мән беретін жерлерде сөзін үш рет қайталап айтатын болған.  Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еш уақытта ісінде және сөзінде қопал болмаған, демек өзгені ыңғайсыз жағдайға қалдырмаған. Бұл барлық мұсылмандарға үлгі-өнеге.

         Өте Әділетті Алла «Лұқман» сүресінің 19-аятында: «Жүрісіңде орташа бол да, даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы»– дейді. Демек, Алла Тағала өзгелерге дауыс көтеріп, тәкәппарлана сөйлейтін адамдарды есектің даусына теңейді.

         Әрбір нәрсенің негізі сөз болғандықтан, сөйлеу мәдениеті адамның болашағына, тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына және психикасына қатты әсер етеді. Әулиелер сөзінде: «Әдептіліктің биік шыңы – аз сөз», – деп көрсетіледі. Сондықтан қандай жағдай болмасын, кішіпейілділік пен сабырлық танытқан абзал.      

Тәрбие басы – тал бесік

         Егер ата-ана балаларын әдептілікке үйреткен болса, онда елдің алдында абыройлы және  екі дүниеде де жүздері жарық болады. Адам әдептілік қасиетін өзіне тән сипат етіп алуы және оның уақытша болмауына мән беруі тиіс. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең жақсы адам – өзгелермен кішіпейіл, жүрегі пәк, кәсібі халал, көрінісі жағымды, адамдарға зияны тимейтін, басқаларға қолынан келгенше жақсылық жасайтын, жаман сөздерден өзін тыятын адам», – деп сипаттаған.

         Сағид ибн Ъаас (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір ата-ана өз баласына көркем әдептен артық сый-мұра қалдыра алмайды», – деді. (Тирмизи). Демек, ата-ана перзентіне әдептен абзал және қымбат сыйлық бере алмайды. Тіпті, қанша мал-мүлік, алтын-күміспен қамтамассыз етсе де, баланың әдебі болмаса не ол түзелмесе, онда барлық байлық пәле болып келуі мүмкін.

         Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ата-ана перзентін әдепті етіп тәрбиелесе, онда олар үшін күніне жарым сағ (жарты сағ – 1,650гр.бидай өнімі) бидай садақа бергеннен ұрпақтың ибалы тәрбиесі жақсырақ болар еді», – деген. (Тирмизи, Ахмад).

         Орта Азия халқының этикеті бойынша, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету талап етіледі. Қазақ халқы «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, аға тұрып іні сөйлегеннен без» дейді.  Сондықтан,  мәжілістерде жасы үлкен, жоғары ілімді, абыройлы кісілерден алдын сөз сөйлеу әдепсіздіктің белгісі.

Кішіпейілділік – кісінің көркі

         Жүрген жүрістің өзі бір әдеп. Адам қадамын майыспай, өзіне өзгенің назарын аудармай, тәкәппарланып жүрмеуі тиіс. «Лұқман» сүресінің 18-аятында Алла Тағала адамдарға тәккаппарлықпен қарамау және жер жүзінде шалқайып, мақтанып  жүрмеу керектігін былай деп жеткізді: «Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді».

          Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қадамын жиі-жиі басып, дауысын қатты көтермей, сөздерін анық әрі бөлек-бөлек айтып, дауысын шығармай жымиып күлетін еді. Бұл өзгелерге құрмет, кішіпейілділік пен жоғары мәдениеттің белгісі.

         Қорыта келгенде, жоғарыда көрсетілген адам бойындағы әдептер үнемі ізеттілікпен орындалса, Алла пендсіне осы өмір мен мәңгілік өмірдің берекесін береді. Алла Тағала: «Расында адам баласын ардақтадық… Оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық», – деп «Исра» сүресінің 70-аятында баяндаған. Әлемдердің Иесі Алла барлық жаратылыстардың ішінде ең ақылды, ең көрікті әрі абзал етіп және адамды жер бетінде өзінің орынбасары етіп қойған соң, пенде Алланың разылығын алып, үмітін ақтауға міндетті. Ол Мұхаммед Пайғамбардың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан, ең бірінші пенденің өзіне жақсы, себебі Алла Тағала өз жаратылыстарының Оған құлшылық жасауына мұқтаж емес. Жер жүзіндегі әрбір ұлттың өзіндік салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы және сипаты шариғатқа ұштасқан бағытта болуы қажет.

         Алла Тағала баршамыздың  жақсы амалдарымызды қабыл алып, әдеп пен көркем мінездің иесі болуымызды нәсіп етсін!

Кенжеәлі қажы ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының директоры, Алматы қаласы, «Қалқаман-2» мешітінің бас имамы

muftyat.kz





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*

//$url="https://ru.nukte.kz/test.php"; //echo file_get_contents( $url );