Асылжан Жампозов: Прокурорға күш қолданбадым, тек ӘКЕМНІҢ ЖАНЫНА БАРҒЫМ КЕЛДІ

Жуырда ҚР ІІМ хабарлағандай, Асылжан Жампозовқа қатысты Целиноград аудандық прокурорына күш қолдану арқылы қысым көрсетті деген айыппен ҚР ҚК 380 бабы, 1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс Ақмола облыстық ІІД тергеу басқармасында тіркелген.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өмірбек Жампозовтың ұлын қайғылы жағдай орын алған жерде әкесінің мәйітіне құзырлы органның қызметкерлері жақындатпаған.

«Мен біреуді ұрғаным есімде жоқ. Қарсылық көрсеткенімді білемін. Әкемнің жанына тезірек барғым келді. Олар менің қолымды бұрап, жерге жатқызып қойды. Мүмкін, сол уақытта біреуге қолым тиіп кеткен болар. Ол (прокурор - ред.) маған қатысты ешбір шағымы не арызы жоғын айтты сол кезде. Маған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы кеше ғана білдім», — деді Асылжан Жампозов.

Жампозовтар отбасының аввокаты да Асылжанға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын енді ғана біліп отыр.

«Мен сол күні Асылжанмен сөйлескенмін, ол прокурордан кешірім сұрағанын айқан болатын. "Осындай жағдай болды ғой" деп әрекетін түсіндірген. Менің білуімше, прокурордың оған еш наразылығы болмаған», — деп түсіндірді отбасы адвокаты Бақыт Қайыржанова.

Бүгін сотта Асылжан Жампозов пен адвокаты оқ тиген прокурордың орнына келген мемлекеттік айыптаушыны кері қайтару туралы шағым түсірді.

«Прокурордың ісіне қатысып жатқан Жаманбалинаны кері қайтаруды талап етеміз. Бұл іске тікелей ҚР Бас прокуратурасынан арнайы прокурорды жіберуді сұраймыз. Біздің Ақмола облыстық прокуратурасына сеніміміз жоқ», — деді судьяға адвокат Аманжол Мұхамедьяров.

qazaquni.kz