Валюта бағамы USD : 333.53 | EUR : 392.1 | CNY : 50.4

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

ҚҰРЫШ БІЛЕК, ЖОЛБАРЫС ЖҮРЕК

Астаналық Сергей Цырульников қара күшті бейбіт заманда қайда жұмсау керектігін жақсы біледі. Бұл қара күш иесі «КамАЗ»-дарды жылжытады, адамдарды бірнеше метр биіктікке көтереді, шынжырларды үзіп, шегені қолымен қағады. Ешқандай сиқырсыз, көзбояушылықсыз, допингсіз, тек қана адам ағзасының мүмкіншіліктерін көрсетеді. Құрыш білек, жолбарыс жүрек бұл кейіпкеріміз өткен маусым айында кезекті рекордын орнатты. Бір минуттан кем уақытта жеті жылытқышты (грелка) шар секілді үрлеп, жарды. Оның алдында ол салмағы 25 тонналық «КамАЗ»-ды 200 метр қашықтыққа сүйреп, әлемдік рекордты жаңартты. Бұл күндері Сергей өте қауіпті де тартымды қойылым дайындауда. Аталған қойылымда түйелер оны жан-жаққа тартады. Оның сөзіне сенсек, өткен ғасырларда өмір сүрген қара күш иелері мұны жасаған. Бірақ, қазіргі кезде оны ешкім қайталап көрген емес.

Әлбетте, мұндай қойылым денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сергейдің айналысатын бұл ісі «қара күш» немесе «изометриялық гимнастика» деп аталады. Дегенмен, кейбіреулер бұған «экстремалды» деген сөзді де қосады.

Сонымен, қазақстандық ерекше қара күш иесі, әлемдік рекордсмен Сергей Цырульников «Жұмадағы жүздесудің» бүгінгі қонағы.

«KazSport» арнасының туған күніне орай 25 тонналық камазды 200 метр қашықтыққа сүйреп, әлемдік рекорд жаңартты

«ҮЛКЕН БАС – АҚЫЛДЫЛЫҚТЫҢ КӨРСЕТКІШІ ЕМЕС»

– Денсаулығың мықты болу үшін міндетті түрде білегің жуан болуы шарт емес, себебі үлкен бас – ақылдылықтың, ал үлкен қарын – ас қорыту мүшесінің жақсы жұмыс істеуінің көрсеткіші емес. Мен бұрын волейболмен айналыстым, спорттың бұл түрі маған әлі күнге дейін ұнайды (Қарулы күштер біріншілігінде Сергейдің командасы жеңіске жеткен, – ред.). Ал зілтемірмен бұрыннан жаттығамын, – деп бастады әңгімесін Сергей. – Бұл тек қана бұлшықетті жаттықтыру емес, бірінші кезекте ерік-жігерді жаттықтыру, егер бір жаққа жиналсам, бастысы моральдық тұрғыда дайындаламын, сол кезде барлығы да қолымнан келеді. Қойылымдар тек қана әбден жаттыққаннан кейін ғана барып жасалады. Мысалы: аттармен жаттығуға менің 8 ай уақытым кетті. Аттарды жиі «ұстайтынмын», түйелермен жаттыққан емеспін. Дегенмен, қолымнан келетініне сенімдімін. Бұған дейін жан-жағымнан тартқан 10 адам мен бірнеше «УАЗ» автокөлігінің тартқанына шыдап бергенмін.

– Заманауи қойылымды ма, әлде ескі қойылымды қойған оңай ма?

– Өткен жылдарғы қойылымдарым күрделі. Бұрынғы кезде қара күш иелері бір ғана нөмірді дайындап, соны кемеліне жеткізетін еді. Мысалы: Александр Засстың көптеген қойылымдары болатын. Кейбіреуін тамаша орындайтын. Айталық, жуандығы 1 см қырлы бөренені (брус) умаждайтын. «Гір тастардың патшасы» атанған Петр Крылов тек қана гір тастармен жұмыс жасайтын. Бүгінгі күні жан-жақты болу керек. Шегені иіп, аттарды «ұстап», барлығын да жасау керек. Сондықтан мен өзімді жан-жақтан дамытуға тырысамын.

Төрт жаққа шапқан төрт атты 12 секунд ұстап тұрып, рекорд орнатты. Бұлай істеу кезінде аты аңызға айналған Қажымұқанның қолынан келген екен

«ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ БҮГІНГІ ІЗБАСАРЛАРЫ БАР ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГІМ КЕЛЕДІ»

– Ал қазақ халқының атақты палуандарының қандай ерекшеліктері бар еді?

– Қажымұқан Мұңайтпасов тек қана бай-манаптардың ортасында ғана емес, ауылды жерлерді аралап, қарапайым халықпен бірге болды. Ауылды жерлерде ол өзінің күшін көрсететін. Шегеден түйін түю, шынжырды үзу, томарды сындыру, аттарды «ұстау», тағаны ию сияқты өнерлер көрсетті. Өзінің атақ-дәрежесіне қарамастан ауылдың ортасында көп жүрді. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, бүгіндері қандай да бір жетістікке қол жеткізген адамды ауыл-аймақтан көру қиын.

– Ал, Өзіңіз ауылға жиі барасыз ба?

– Әрине! Бірнеше апта бұрын біздің батырымыз Қажымұқан Мұңайтпасов туылған ауылда болдым. Оған дейін Қарағанды облысының ауылдарын араладым. Негізі мені шақырса, міндетті түрде барамын, өнерімді паш етемін. Ауыл халқы жылы қабылдайды, өнерімізге құрметпен қарайды. Сын айтушылар да аз емес. Бірақ, салмағы 100 келілік адамды бір емес, бірнеше рет көтергеніңді көрсе, бұл өнерге сын айтып, мін тақпас еді.

Менен кейбіреулер бұл іспен не үшін, қандай мақсатта айналысатынымды сұрайды. «Рух» деген сөз бен түсінік бар. Маған бұл рухты Жер Ана береді. Өзім қазақ болмасам да, Қазақ елінде дүниеге келдім. Елімді жанымнан артық жақсы көремін. Кешегі алып күш иесі Қажымұқанның бүгінгі ізбасарлары бар екенін дәлелдегім келеді.

Егер тарихқа үңілсек, қара күш иелері бұрын әрбір ауылда болған. Қазір бізде жалған идеалдар пайда болды, біз Батыспен теңесуге тырысамыз, сонымен қатар, өз мәдениетімізден теріс айналамыз. Біз үшін жастарды қолдағаннан гөрі, мысалға, билеп жүрген миллионерді (италиялық Жан Луканы айтады, – ред.) шақырған оңайырақ.

Бір минуттан кем уақытта онға жуық жылытқышты (грелка) шар секілді үрлеп, жарады

«ҰЛТТЫҚ БРЕНД – ҚАЗАҚЫ РУХ ПЕН КҮШ»

– Бұл спорт (өнер) түрімен айналысатын жастар көп пе?

– Біздің батырлар қолданған изометриялық гимнастикамен айналысатындарға арналған жаттығулар жүйесі бар. Мен бұл мәдениет бөлігін мүмкіндігімше көп адамға жеткізуге тырысамын. Жастармен жұмыс жасаймын. Көптеген қарт кісілер келіп бұрынырақта қалай болғаны жайлы сыр шертеді. Мен бұл әңгімелерді қиқымынан жинауға тырысамын. Бірақ, бұл бағытқа деген қызығушылық аз. Менің ойымша, ұлттық бренд – қазақы рух пен күш. Қазақтар қашанда өзінің ерік-жігерімен, мінезімен даңқты болған. Бұны әсте ұмытуға болмайды.

– Қандай қойылымды бәрінен жақсы орындайсыз?

– Шегелермен. Қол сіңірлерім жақсы жаттыққандықтан шегені жылдам иемін. «Темір қолды адам» Иван Шутовтың 6 шегеден 2 минут 34 секундта түйін түйген рекордын 1 минут 41 секундта жаңарттым. Шынжырды үзу, ауырды көтеру сияқты нөмірлер де жаман шықпайды. Адамды көтерген қиынырақ. Өйткені, адам денесі балансты сақтамайды. Тепе-теңдік сақтау қиын. Сондықтан серпін берген кезде жарақат алу қаупі туындайды. Сіздер теледидардан ауыр атлетикадан жарыс не жаттығу кезінде зілтемірді қалай серпе көтеретінін көрген боларсыздар. Ондай кездері шынтақтың шығып кетуі мүмкін. Өзіңіз 100 келілік салмақты бір қолмен көтеруді елестетіп көріңізші…

«ДОСЫМ ДӨҢГЕЛЕКТІ АУЫСТЫРҒАНША КӨЛІКТІ ШЕТІНЕН КӨТЕРІП ТҰРҒАНЫМ БАР»

– Тұрмыстық өмірде күшіңізді қолдануға тура келген кездер болды ма?

– Досымның көлігінің дөңгелегі жарылып, домкрат болмай қалған кезде, досым дөңгелекті ауыстырғанша көлікті шетінен көтеріп тұрғанмын. Одан кейін оның қалай жасалатыны жайлы видео түсіріп, «инстаграмға» салғаным бар.

– Сіз мұның барлығын өнерге деген махаббаттан жасайсыз ба, әлде бұл табыс табудың көзі ме?

– Ақиқатын айтқанда, бұдан ешқандай да қаражат таппаймын. Жағымды жақтары жалпы спорттың дамуы, мені қолдайтын игі жақсылармен таныстық. Бар болғаны сол ғана!..

– Қайталауды армандайтын нөмір бар ма?

– Ондай екі қойылым бар. Біріншісі – пианист музыка ойнап, биші үстінде билеп тұрған пианиноны көтергім келеді. Және оны 15 метрге дейін алып жүруді қалаймын. Бұл қойылымды кезінде Александр Засс орындаған. Бірақ, ол 2 метр алып жүрген. Екіншісі – тіспен салмағы 200 келілік темір балкаларды көтеру. Нөмірді орындаған кезде сені аяғыңнан салақтатып іліп, бесінші қабатқа көтереді. Қауіпті, бірақ тек қана өзіңе сену керек, сол кезде барлығы да мүмкін деп ойлаймын.

– Алға қойған осы жоспарларыңыздың барлығы да сәтті іске асуына тілектеспіз!

– Рахмет!

Әзірлеген:  Айнұр ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ«QAZAQ» газеті





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*