"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

ӘР ҚАЗАҚ КӨРУІ ТИІС ӘЛЕМДІК КӨРМЕДЕГІ ҮШ КҮН (фото)

 

ЭКСПО дегенді қазақ 1925 жылы Париждегі  халықаралық көрмеге қатысқан  ән дүлдүлі Әміренің  әсем ән – Ақан серінің «Балхадишасымен» әйгілі жазушы Ромен Ролланнан бастап, барлық тыңдармандарды  балқытып жіберген кезінен бері естіген шығар.  Әміре осы жолы Парижде жүрген біртуар тұлғамыз Мұстафа Шоқаймен кездескенін білеміз. Талай халықаралық көрме өткізген Парижде  1889 жылғы  ЭКСПО-ға арналып әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы салынған болатын.

Әміренің бүгінгі ізбасары Димаш Құдайбергенге әнді өз елінде, Тәуелсіз Қазақстанның Астанасында өтіп жатқан ЭКСПО-2017-де шырқау бұйырған екен! Әр елден арнайы келген тыңдармандары бар 30 мың адам жас дүлдүл Димаштың саф өнеріне сатырлай қол соқты. Ал Астананың  ажарын арттырған алып әсем шар – ЭКСПО-ның  сферасы  «Нұр Әлем» елорда төрінде ерекше жарқырап тұр. Құдайға мың да бір шүкір дейік.

Жалпы, алғашқы  дүниежүзілік ЭКСПО 1851 жылы  мамыр-қыркүйек айларында Лондонда өткен екен. Оны  Ұлыбританияның  патшайымы ІІ Елизаветаның бабасы  Альберт ханзада ұйымдастырыпты.  Гайд-парктағы Хрусталь сарайы сол кезде бой көтеріпті.

Көрмені 5 айдың ішінде 6 миллион көрермен көріпті – сол кезде Лондон тұрғындары 3 миллион… ғана екен…. Табысы керемет болып, 186 мың фунт стерлинг түсіпті. Бұл қаржы барлық шығындарды жауып, оның үстінде белгілі Виктория мен Альберт мұражайлары бастаған бірнеше мұражай салуға жетіпті.

166 жыл тарихы бар  ЭКСПО-ны үш кезеңге бөлуге болады:  өндірісті кезең (1851-1938), мәдени байланыстар кезеңі (1939-1987), ұлттық брендинг кезеңі (1988-қазіргі күнге дейін).

Біз де Астананы  аптабы қуырып тұрған шіліңгір шілденің қайнаған ортасы 15-16-сы, сенбі-жексенбі күндерін ЭКСПО-ны аралауға арнадық.  Бастамашы – Су комитетінің төрағасы Ислам Әбішев. Ағамызды  демалыс күні ғана ұстаймын ғой деп, бір шаруамен сенбі күні таңертең жұмысына бара қалғанмын.  Қашандағыдай Исекеңнің сенбісі де қайнаған жұмыс – кабинетінен адам үзілер емес. Босаған сәтін күтіп тұрғанда, өзі шыға келді, қолында портфелі. Амандаспай жатып, алғашқы сұрағы: «ЭКСПО-ға бардың ба?» болды. «Жоқ, реті келмей жатыр» деп едім, «Алда жүруі тиіс ақындар, сендер бармағанда кім барады?  Кеттік, өзім ертіп барамын» -деді. Жолда тағы үш інімізді шақырып алды.

Сонымен, бүкіл әлем көз тіккен, Тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше тарихи оқиға – ЭКСПО қалашығына аяқ бастық.  Елдің қарасы мол екен, кассада шұбатылған кезек. Елдің көптігін көріп, Исекең қуанып қалды. Екеуміз кезекте тұрмыз. Елмен бірге кезегіміз жеткенде, Исекеңнің өзі билет алып, бастап жүрді.

Аспанмен астасқан алып шардың етегінен қарағанда да, 8 қабатты ішін аралағанда да,  ерекше әсер етеді екен!

-Бұндай әлемдік көрме енді Қазақстанда бола ма, болмай ма, келгеніміз қандай жақсы болды! Отбасымен келіп, бала-шағаға көрсету керек екен, – дедім әсерленіп.

-Е-е, енді мына сөзің дұрыс болды! Шынында бұл еліміздің халықаралық аренадағы рөлі  үшін зор жетістік! ТМД елдерінен де ең бірінші біз өткізіп жатырмыз. Қазіргі шыққан  шығындар ертең  әлем алдындағы ел абыройымен, мына қаптап келіп жатқан көрермендердің арқасында жабылады. Мынау алып ғимараттар да өзімізде қалады, ел игілігіне жаратылады,-деп Исекең сөзін нықтап қойды.

«Ана жылы Астананы басқарып отырған Иманғали Тасмағамбетов  қаншама ел қатысқан халықаралық байқауда ЭКСПО өткізу құқын  Қазақстанның жеңіп алғанын хабарлағанда, ең алдымен әкімді журналистер, біз құттықтағанбыз» деп, мен де бұл  әлемдік көрмені  өткізу барысынан әу бастан  хабарым бар екенін білдіріп қойдым.

Сенбі күнгі бір күніміз тек 8 қабаттық алып шар-сфера – Қазақстанның ұлттық  павилоны «Нұр Әлемді»  аралауға кетті. Болашақтың энергиясын болжаған неше түрлі үздік ғылыми жобаларды көзіңмен  көріп, қолыңмен ұстағанда еліміздің ертеңіне  үлкен үміт оянады. Қазақстанның  энергиялық ресурстарын көрсетететін алып көрмесі  өзге елдермен салыстырғанда өз алдына бір  төбе. Дүниежүзілік осындай дүбірлі  алып көрмені  айшықты етіп өткізіп отырған өз елің екеніне кеудеңде қуаныш ұялайды. Бір  қабырғада ЭКСПО тарихы бейнеленіпті. ЭКСПО-ға тұңғыш қатысқан қазақ әнші Әміре Қашаубайұлының аты жазылып, әні орындалып тұр.

Ертеңіне жексенбі күні Исекең тағы да кешегі құрамды өзі әрқайсымызға телефон соғып отырып, жинап алды. Бұл күні кешкі 9-ға дейін Мысыр, Үндістан, Испания, Сербия, Ресей, Украина, Белоруссия, Орта Азия елдері, Африка елдері бар, барлығы 43 елдің павилонын аралап шықтық. Сербия павилонында  әлемге әйгілі инженер-ғалым, электр энергиясы саласында керемет жетістіктерге жеткен Тесло туралы тағылымды анимациялық фильмді көрдік.

Өзбекстанның электромобильді және басқа да автомобилдерін көріп тамашаладық. Украинаның электр техникаларын, Белоруссияның ауылшаруашылық, көлік техникаларына риза болдық. Мысырда, Үндістанда, Африка елдері павилонындағы сауда алаңдарын тамашалаған адамдар толып жүр.

Дүйсенбі күні Ислам Әбішев бізді жұмыстан соң жинап алып, тағы да ЭКСПО-ға алып барды. Жұмыс күні болса да, бұл күні де адамдар аз емес екен. Кассадағы билет сатушысы бізге көрме павилондары екі сағаттан кейін кешкі 9-да жабылатынын ескертуді ұмытпады.

Иә, көрме тоғызда біткенімен, түнімен ЭКСПО қалашығы «Мың бір түн» ертегісіндегі  шаһарлардай  қызыл-жасыл әсем жарықтарымен жаныңды жаулап алып, түрлі шаралармен,  өнер жұлдыздары қатысқан концерттермен көңіліңізді көтере біледі.

Бұл күні Әзірбайжан, Армения, Сауд Арабиясы бастаған 9 елді аралап үлгердік.

Барлық дерлік елдің павилондары жазбалары  қазақ, ағылшын және  орыс тілдерінде жазылған.

Өз еріктерімен келушілерге  тегін қызмет ететін волонтерлар – жап-жас қазақ жігіттері мен қыздары барлық жерде жол көрсетіп тұр. Қазақ тілінде сөйлейді бәрі. Ағылшынша сөйлеген шетелдіктерге де ағылшынша жауап беруде. Көрме ішінде де таныстырушылар осылай қай тілде болса да жауап беруде. Еріктілердің ішінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің қызы да бір ай қызмет көрсеткенін баспасөзден оқығанымды айтып едім, Исекең қатты риза болып қалды.  

Ислам Әлмаханұлының ЭКСПО өзін ақтауы керек деген сөзінің жаны бар секілді.  Өйткені ЭКСПО-ның жетекшілері  үш айдың ішінде кемінде екі миллион адам келеді деп жоспарлаған болса, екі айдың өзінде, кеше ғана 4-ші тамыз күні 2 миллионыншы адам тіркелді. Ол Оралдан келген кәсіпкер Ғайса Жұмалиев. 2 миллионыншы көрермен 4 тамыз күні кешкі 20 сағат 21 минута батыстағы есіктен кіріпті.

«Астана ЭКСПО -2017» АҚ төрағасы Ахметжан Есімов: «Біз үшін бүгін ерекше күн! Біздің алдымызда кемінде екі миллион көрермен жинау мақсаты тұрды. Біз ол межеге міне, бүгін жетіп алдық! Алдымызда әлі бір ай бар. Ендеше, жоспарды алдын ала орындағанымыз, біздің бәрін дұрыс атқарып келе жатқанымызды білдіреді.

ЭКСПО – зор  күш пен қыруар қаржы жұмсалған өте үлкен жоба!»-деп мәлімдеді.

Баяғыдан қалған әдет, ауылда той болса,  кәрі-жас демей, тайлы-таяғы қалмай бәрі баратын. Сондықтан да, «Той дегенде қу бас домалайды» деп қазақ тегін айтпаған. Ал ЭКСПО  еліміз өткізіп отырған,  дүниежүзіне дүбірі естіліп жатқан ең үлкен тойымыз. Ендеше, бюджет қызметкерлері   бұл тойдан қалмайтыны белгілі болып отыр, ал жағдайы нашар жандарды қайтеміз? Тойдан қалған кәрінің не баланың көңілі жарым болып қалады емес пе? Әр өңірдің өз кәсіпкерлері, өз мықтылары бар. Қазірдің өзінде жүздеген  адамдарды Астанаға ЭКСПО-ны тамашалауға жіберіп, игілік жасап жатқан иманды кәсіпкерлерді есітіп, риза болып  жатырмыз. Осы үлгіні көпке өнеге етіп, өрісін аша беруіміз керек. «Абылайдың асында шаппағанда» деген қанатты сөзді қарқындап айтатын кез келіп тұр дәл қазір!

Әр қазақ көруі тиіс әлемдік көрмені көруден кеш қалмаңыздар!

Енді бір-ақ ай қалды!..

Ертең елге «Біз ЭКСПОНЫ көргенбіз» деп айта алғанға не жетсін, ағайын!

Қазыбек ИСА

Qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 





42 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Дос 6 Тамыз, 2017, 08:02

    Әдемі репортаж

    Жауап жазу
  2. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 12:58

    Керемет жазыпсыз,мен коп болган еди ,газеттерден сиз жазгандай тушымды нарсе окымаганыма, Қашан корсен президентті жамандау,анау жеди ишти,усталды,окып отырып шошып кетесин ,ертенги кунимиз не болады,келешек урпагымыз не кун кореди деп…

    Жауап жазу
  3. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 12:59

    Улдарым кызметти ауыстырсам деп калса,ойбай,истей бер осы жумысты, бастык болуга умтылма,керек емес деп

    Жауап жазу
  4. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 13:00

    Жагдайы барлар балаларын шет елге окытып,олар сол жактын мадениетин,адеп гурпын уйренип,озимиздикин умытып,болса болар,болмаса койсын дегендей,патриоттык сезими жок боп бара жатыр ,соган менин карным катты ашады

    Жауап жазу
  5. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 13:01

    Мен биреуге жакында ,жолымызды ,ЭКСПО-мызды айтып президентимизди мактадым …. ал ол болса,кимнин не жеп, не ишкенин айтып даттап кетти… сондай ангимени естисем,зарем ушады,биз казак бир биримизди остип жеп,ада боп,жан жактан кирген кытайлар бизди басып алар ма екен деп

    Жауап жазу
  6. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 13:02

    ЭКСПО -ны,жалпы Астанада салынып жаткан курылыстар кандай керемет екенин,ол жерге кимнин үлес қосқанын сиз кусап жазса ,ширкин…

    Жауап жазу
  7. Әбдіғаппар 6 Тамыз, 2017, 13:03

    Керемет жазылыпты. Бар жұмысымды жиып қойып, дүние күйіп кетсе де, барып көріп келемін. Рахмет Қазеке!

    Жауап жазу
  8. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 13:04

    Кулап калган жерлерин,сал бир жеринде бир жагдай болса жарысып корсетип,интернетке жиберип журтты шошытып жибереди

    Жауап жазу
  9. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 13:05

    Жакында И.Абишевтин Елбасымыздын алдына киргенин,ол кисинин Астананын айналасынан отетин сулардан ,демалыс орындарын,бассейин….жандандыру керек екенин ангиме кылганда катты куандым

    Жауап жазу
  10. Салтанат 6 Тамыз, 2017, 13:06

    Астанада тұрып жатып, әлі бармағаныма қатты ұялып отырмын мына мақаланы оқыған соң… Бару керек ертең!

    Жауап жазу
  11. Алтынбек 6 Тамыз, 2017, 13:08

    Жоө, бүгін бару керек! Су министрінің өзі жұмыстан соң да барып жүр екен ғой елді ертіп. Мен де қоанққа барудан жалықпайтын кластасымды алып алайын,

    Жауап жазу
  12. Алтынбек 6 Тамыз, 2017, 13:09

    Жоқ, бүгін бару керек! Су министрінің өзі жұмыстан соң да барып жүр екен ғой елді ертіп. Мен де қонаққа барудан қолы тимейтін кластасымды алып алайын.

    Жауап жазу
  13. Гүлназия Әзімханова 6 Тамыз, 2017, 13:10

    Каламы ушкыр сиз сиякты елдин адеми жагын корсетип, улгили етип жазатын, Исекен сиякты жанын салып,оз жумысын жаксы корип,кайтсем Казак мемлекетин коркейтем деген журеги казак деп соккан патриоттарымыз кобейсин…..

    Жауап жазу
  14. Махамбет 6 Тамыз, 2017, 13:17

    Ислам Әбішев ағамыз жұмысы қат-қабат болса да, қасына бес адамды ертіп алып , үш күн көрсетіпті ЭКСПОны. Ал мен ЭКСПОдан таяқ тастам жерде пәтер жалдап тұрып жатқаныма бір айдан асты., әлі бармағаныма өкініп отырмын. Бала-шағам да күнде айтып, мазалап жүр еді, бармасам болмайды екен!

    Жауап жазу
  15. Батыр 6 Тамыз, 2017, 13:19

    Атыраудың облысы келгенде барып едік, жаңбыр жауып кетті де, концертін көре алмадық, Қайта тағы бір баруымыз керек енді. 2 мың теңге екен ғой билеті. Балалрға тегін екен.

    Жауап жазу
  16. Сәду 6 Тамыз, 2017, 13:20

    Билеті 2 мың болса, балаларға тегін болса, жақсы екен. 4 мыңнан де жүр еді ғой..

    Жауап жазу
  17. Қолқоюсыз 6 Тамыз, 2017, 13:28

    Барайын десем, жер шалғай…

    Жауап жазу
  18. Жанар 6 Тамыз, 2017, 13:34

    Бармайын демеймін, «Барғызбасым барғызбай отыр». Экспоға баратын ақшаға ертең балалрыма мектепке киім-кешек алуым керек. Қазекеңнің кәсіпкерлер жағдайы нашарларды жинап апарып, имандылық жасап жатқанын жалғастыру керек дегені жаныма жағып отыр. Бірақ біздің Амангелді ауданында ондай мықтыны көріп отырған жоқпын

    Жауап жазу
  19. Кәусар 6 Тамыз, 2017, 13:36

    Барғым келеді, бірақ әттең тонның келтесі деп отырмыз. Телевизордан көргенімізді қанағат тұтамыз да қайтеміз.

    Жауап жазу
  20. Гүлжан Қазимова 6 Тамыз, 2017, 13:46

    Иә, барармыз…көрерміз……барып келгеннен кейін қыркүйекте мектепке баратын бала-шағаның киім-кешегін….кітап-дәптерін алатын соқыр тиын қалмайды екен….аз ақшамды ары-санап….бері санап…Сіздің жазғандарыңызды оқып….барып келгендей әсер алып…тынышталайын дедім….артымды ойлап…»барайықшы» деп қиылған балама «ақша жоқ!» деп алая қарадым….өзім де іштей барғым кеп тұрса да….Мұқағали ақынның «банкет жасап берер едім өзім-ақ…құдайдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай» демекші үйдің кредитіне банкке бергеннен кейін қалатын аз қаржыға мына құдайдың құтты күні қымбаттап жатқан азық-түлік алам ба….ЭКСПО-ға барам ба….балаларды мектепке дайындаймын ба….шынын айту керек басым қатты. Сосын….қой екі баламен қыруар ақша шығарып ЭКСПО-ға барғанша 55 мың төлеп «бір тиынды екі етуге» көмектесем деп отырған Ахметбек Нүрсила ағамыздың «Бизнес-Бастау» деп аталатын ақша тауып, баюдың жолын үйретіп жатқан курсына жазылып….тиын-тебенді қалай көбейтудің жолын үйренейін деп шештім!!!!! Сонымен..ЭКСПО…көзден «бұл-бұл» ұшты! Барып қайтқан ағайын….расында….бақыттысыңдар!!! Бұйырмаған дүниеге қусаң да жете алмайсың….қанша тыраштансаң да бара алмайсың….тиын санатып қойған қымбатшылыққа…сосын ай мен күннің аманында мемлекеттік бюджеттен 5000 млрд -тап «көмек» деп қаржы бөліп жатса да өздеріне бөлініп жатқан сол бюджетке «қаржы» құйып жатқан мен сияқты қара қазаққа үй алуға берген несиесінің «грабительский» пайызын азайтпай отырған БАНККЕ….БАНКТЕРДІҢ ИЕСІНЕ лағнет айтып отырм…..егер….әгәрәки….лағнетім шынымен жетіп….ол банктер банкрот болса….менің сүйікті депутаттарым тағы да бір дауыспен ол байғұс банкке тағы бір мәрте мемлекет бюджетінен 50 емес 100 милр-теңге бөліп жіберсе…ойбай….қой…құрысын…..лағнетімді қайтып алдым….мендегі жағдай осы Қазбек аға…осының бәрі бір өзімнің басымдағы «былжырақ» жағдай ғой…..менен өзгенің бәрі жетісіп отырған шығар…..барып…..келіп…..қуаныштарын….әсерлерін бөлісіп жатыр ғой! Бар болғанға не жетсін!!!!! Жетіспей жатқан мен ғана болсам екен!!!!! Тиын санап…үйінен ұзап шыға алмай мына тұрған астананны аралай алмай отырған жалғыз қазақ мен ғана болып шықсам екен деп тілек тілеп отырм! Бар қазақ барып қайтса екен, әмин!!!!!!!!

    Жауап жазу
  21. Akmaral Lesova 6 Тамыз, 2017, 13:48

    мені де барғызбасым барғызбады

    Жауап жазу
  22. Gulzhanat Zhamaganova 6 Тамыз, 2017, 13:48

    Гульжан, бауырым екеуін аман болындар. Ертен ұлдарын сендерді барлық жерге көтеріп апарады. Осы интернеттен көріп жүрміз ғой 80-ге келген апаларды немерелері мен балалары қыдыртып жүргенді. Бəрі алда. Бастысы, соған арналған өмір берсін.

    Жауап жазу
  23. Сәуле 6 Тамыз, 2017, 14:29

    Гүлжанның жазғанын оқып отырып, Астанаға өзім апарып келгім келіп кетті. Бірақ оған шама жоқ. мұғалім болғанның арқасында барып келдік. Басында қарсы болып едік, Астанамыз бен Экспоны көргесін мұғалімдерді жинап апарған әкімшілікке раxмет айттық. Әйтпесе, бармай, осындай ғажап көрмені көру бақытынан құр қалатын едік. Гүлжанның патриоттығына риза болдым. Табыс тілеймін.

    Жауап жазу
  24. Руза 6 Тамыз, 2017, 19:12

    Жарасып кеттіңіз, Қазеке бауырым! Ең жаманы қазақша жазуларды көрмедім, масқара елмізғой… Билік өз-өзін масқаралап отырғанын түсінбейді… Сонша санасыз, суми боларма?

    Жауап жазу
  25. Болат Сыздық 7 Тамыз, 2017, 01:18

    Бардық! Үш адам. Екі билет. Біз барған көні жас балаларға ақы төлетпеді. Соларды есептесе екі млн-нан баяғыда асқан.

    Жауап жазу
  26. Құлажан 7 Тамыз, 2017, 14:10

    «Баяғыдан қалған әдет, ауылда той болса, кәрі-жас демей, тайлы-таяғы қалмай бәрі баратын. Сондықтан да, «Той дегенде қу бас домалайды» деп қазақ тегін айтпаған. Ал ЭКСПО еліміз өткізіп отырған, дүниежүзіне дүбірі естіліп жатқан ең үлкен тойымыз. Ендеше, бюджет қызметкерлері бұл тойдан қалмайтыны белгілі болып отыр, ал жағдайы нашар жандарды қайтеміз? Тойдан қалған кәрінің не баланың көңілі жарым болып қалады емес пе? Әр өңірдің өз кәсіпкерлері, өз мықтылары бар. Қазірдің өзінде жүздеген адамдарды Астанаға ЭКСПО-ны тамашалауға жіберіп, игілік жасап жатқан иманды кәсіпкерлерді есітіп, риза болып жатырмыз. Осы үлгіні көпке өнеге етіп, өрісін аша беруіміз керек. «Абылайдың асында шаппағанда» деген қанатты сөзді қарқындап айтатын кез келіп тұр дәл қазір!» Қазыбек Исаның ниеті дұрыс, қолдаймыз.

    Жауап жазу
  27. Құлажан 7 Тамыз, 2017, 14:11

    Иә, Қазыбек Исаның ниеті дұрыс, қолдаймыз. Бірақ бұны білетін бала бар ма?

    Жауап жазу
  28. Едіге 7 Тамыз, 2017, 14:13

    ӘР ҚАЗАҚ КӨРУІ ТИІС ӘЛЕМДІК КӨРМЕДЕНІ КӨРУДЕН КЕШ ҚАЛМАЙЫҚ!

    Жауап жазу
  29. Қолқоюсыз 7 Тамыз, 2017, 14:14

    Экспо қай уақытқа дейін боладды?

    Жауап жазу
  30. Зейнетшал 7 Тамыз, 2017, 14:15

    Зейнеткерлерге жеңілдік бар ма екен?

    Жауап жазу
  31. Қолқоюсыз 7 Тамыз, 2017, 14:16

    Экспо 3 ай болады ғой, 9 сентябрьге дейін.

    Жауап жазу
  32. Салтанат 7 Тамыз, 2017, 14:17

    Бір-ақ ай қалыпты ғой…

    Жауап жазу
  33. Гульжамила Қонақбаева 7 Тамыз, 2017, 23:27

    Бардық. Керемет екен!!! Риза болдық. Адамзаттың болашағы үшін жасалатын дүниелер тамаша!!!

    Жауап жазу
  34. Жайлаубай Тұрсынұлы 7 Тамыз, 2017, 23:28

    Құтты болсын тамаша ! Олда бір абыройлы біткен іс деп ойлаймын ЭКСПО – ны.
    Ал, Əміре атамыздың түбіне жеткен М.Шоқаймен кездесу болды. Өз заманында əлемді аузына қаратқан керемет дүлділ əнші болған еді. Димаш жас өрен, тамаша əнші, Əміре атамыздың ауыр тағдыры айналып өтсе екен деймін.

    Жауап жазу
  35. Іңкәр Әлем 7 Тамыз, 2017, 23:30

    Біз бүгін бардық! Шынында да керемет екен! Қазеке, рахмет сізге!

    Жауап жазу
  36. Іңкәр 7 Тамыз, 2017, 23:31

    Ертең тағы да баруды жоспарлап қойдық құрбым екеуміз.

    Жауап жазу
  37. Қазыбек Иса 7 Тамыз, 2017, 23:35

    Рахметті Іңкәр, маған емес, БІЗДІҢ ӨЗІМІЗДІ ЖЕТЕЛЕП АПАРҒАН ИСЛАМ ӘБІШЕВ ағаңа айтқын! Ол кісі болмағанда, менің қашан баратыным белгісіз еді. Барғанда да бұл мақала жазылар ма еді?..

    Жауап жазу
  38. Қолқоюсыз 8 Тамыз, 2017, 00:53

    Домалақ шардың ішіндегі 8-ші қабатта едені шыны екен, астының ббәрі көрінеді, қорқынышты екен

    Жауап жазу
  39. Ажар 8 Тамыз, 2017, 00:55

    Басында қоқып едім кейін үйреніп кеттім. Тек төменге қарамау керек екен

    Жауап жазу
  40. Іңкәр Әлем 8 Тамыз, 2017, 00:56

    Әрине, Ислам Әбішев ағаға рахмет, елді ұйымдастырып Экспоға әкеліп жүрген.

    Жауап жазу
  41. Қолқоюсыз 8 Тамыз, 2017, 15:03

    Керемет жазыпсыз Қазы-аға! Мүмкіндік болса барғанға не жетсін! Ислам аға мықты ұйымдастырушы ғой. Парсахан Шорабек.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*

//$url="https://ru.nukte.kz/test.php"; //echo file_get_contents( $url );