ЕСЕНБЕРЛИНДІ СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН АДАМДАР ӘЛІ ДЕ ҚАТАРЫМЫЗДА ЖҮР

Картинки по запросу есенберлин

Ілекеңнің (Ілияс Есенберлин) өмірінің соңғы жылдарындағы творчестволық жолында елеулі екі оқиға болды. Бірі оның ең құнды, ұлы туындыларының бірі, әдебиеттегі теңдесі жоқ ерлігі - «Көшпенділер» трилогиясы сол кездегі одақтық көлемдегі бағалаудың ең жоғарғы сатысы - Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Осыған біз қуануымыз керек еді. Бірақ, біз қуанбадық. Қайта оған деген өшпенділік одан сайын өрши түсті. Бір күні Ілекең қалың былғары папкасын қолтықтап маған келді. Бұл Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен - Москва мен Ленинградтан, Сібір қалаларынан, басқа туысқан республикалардан "Көшпенділер" трилогисын мақтап, Лениндік сыйлық комитетіне жіберген рецензиялар, қолдау пікірлер, жеке адамдардың шынайы ниеті екен. Қазақстаннан бар-жоғы екі-үш облыстық газетке жарияланған шағын ғана рецензиялар жүр.

Бірде-бір республикалық ресми баспасөз орындары, қоғамдық орындары, коғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, ғылыми орталар қолдау жасамаған, бір ауыз жылы сөз айтпаған. Қайта БІРНЕШЕ ҒЫЛЫМИ МЕКЕМЕЛЕР, ЖЕКЕ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР, ЖАЗУШЫЛАР, ҒАЛЫМДАР - тегіс ІЛЕКЕҢНІҢ РОМАНЫН ЖАРЫСА ЖАМАНДАП, ОҒАН МҰНДАЙ СЫЙЛЫҚ БЕРУГЕ БОЛМАЙТЫНЫН ЖАЗЫПТЫ.

Негізгі тағылған кінә - саяси айып: ол орыстарға қарсы, бүгінгі достығымызға шек келтіреді. Кітап зиянды, оған сыйлық бермек түгіл, басып шығарудың өзі кешірілмес қателік деп жазылған. Бұл пікірді, бұл айыпты Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің идеология бөлімі де қатты қолдады, оған сыйлық беруге үзілді-кесілді қарсы болды.

Ілекең, сөйтіп, сыйлық ала алмады.

ІЛЕКЕҢ осыған қатты қайғырды. Уайымға салынды, ӨЗ ОРТАСЫНА ӨКПЕСІН АЙТТЫ.

- БҮКІЛ ОДАҚ, ТУЫСҚАН РЕСПУБЛИКАЛАР ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАП, ҚОЛ ҰШЫН БЕРІП ЖАТҚАНДА, ӨЗ ІШІМІЗДІҢ осындай ІШТАРЛЫҚ БІЛДІРУІ ЖАНЫМА ҚАТТЫ БАТАДЫ, - ДЕП КҮРСІНІП, РЕНІШ БІЛДІРДІ.

Есенберлиннің қиын-қыстаулы ғұмырында алған соққыларының ең үлкені осы еді. Бұл соққы оны қалжыратып, шаршатып, жасытып жіберді. Бірақ, творчестволық талантын, қаламын мұқата алмады.

Ілекеңнің екінші бір үлкен қуанышы - оның «Алтын орда» трилогиясы еді. Бұл, бір жағынан, оның мерейін тасытқанмен, бұл да өзіне үлкен соққы боп тиді. Өмірінің соңғы сәттері, соңғы күндері де осы романның сергелдеңіне байланысты болды.

- Осы кезде «Алтын Орданың» бірінші кітабы басылып болып, енді қалған екі томы дайындалып жатқан болатын. Үш томның қатар шыққанын қалап, соны тез көруге асықты. Осынша қыруар жұмысты бітіріп, екі жұмадан кейін іле-шала тағы да Москваға аттанды. Онда да амалсыз барды. Осы кезде астанада халықаралық кітап жәрмеңкесі өтетін болды. Қазақ баспалары осы жәрмеңкеге біраз кітап апаратын болыпты. Онын ішінде Есенберлиннің бірде-бір кітабы жоқ көрінеді. Тек керек адамдардың, тамыр-таныстардын кітаптары ғана. Ілекең қатты ашуланды. Өз бетімен, өз есебінен Москваға ұшты. Баспалар шетелдерге қандай кітаптарын өткізгенін кім білсін, әйтеуір, мардымды ештеңе болмаған сияқты. Ілекең екі-үш кітабын өткізіп, шетелдік баспалармен шартқа қол қойып қайтты. Бірақ, қатты науқастанып келді. Ол аз болғандай, келсе, жығылған үстіне жұдырық дегендей, басылып жатқан кітаптарын Баспа комитеті тоқтатып тастапты. Тағы да одан «құбыжықтар» тауып, кітапқа кінә тағылыпты.

Енді, Есенберлин тағы да осы кітабы үшін айқасқа түсті. Бірақ, қажыған жүрек шыдай алмады, қатты ауырып, ауруханаға түсті. Инфарктпен ауырған екен. Реанимация бөліміне салды. Тырп еткізбей жатқызып қойды. Бірақ, кітабы үшін көңілі алаң болған жазушы, қатаң тыйым салынса да, қайта-қайта ұрланып, дәрігердің бөлмесіне жасырынып барып, Комитетке, баспаға телефон соғып, жалынып-жалбарынып, өз дәлелін айтып, кітаптың шығуына бөгет жасамауларын сұрап, тіпті болмаған соң ұрысып, жанын қинап, отқа салып, азапқа түсті. Ақыры, осының бәріне шыдай алмай, келесі күні түн ортасы ауғанда жүрегі жарылып, мерт болды. «Алтын Орда» трилогиясының шыққанын ұлы жазушы көзі тірісінде көре алмай кетті.

Ілекеңнің соңғы сәттерде көрген қиянатын, қиыншылығын, оның себептерін әрі қарай талдап, баға беріп жатқым келмейді. Кімді кінәларсың?

Осы КІТАПТЫ ЖҰЛМАЛАП, жолын бөгеп, ЖАЗУШЫНЫ СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН АДАМДАР ӘЛІ ДЕ ҚАТАРЫМЫЗДА ЖҮР. Қайсысын айтарсың? Тарих мұның бәріне өз бағасын бере жатар...

Бекежан ТІЛЕГЕНОВ, жазушы

"Жалын" журналы, № 8. 2009 ж.