Айтыскер ақын әділ-қазылардың жершілдікпен ұпай беретінін жайып салды

Похожее изображение

Біраз жыл бұрын Семейде жастардың республикалық айтысы өтті. Біз қазылар алқасындамыз. Оңтүстік өңірден бір жас ақын ерекше көзіме түсті. Финалда сол бала менің семейлік ақын ініммен айтысты. Біздің бала жөнсіз кетті.

"Кеше келіпсің, маған неге келіп амандаспадың?" деді, қонақ бала "алыстан алты жасар бала келсе..." деп жауап беріп еді, біздікі "шаңыраққа қара" деді. Қонақ ақын "бақа да батпағында батыр" деді. Солай, солай біздікі соңына дейін қате сөйледі. Анау оңтүстіктен келген ақынның сөзі тап-тұйнақтай. Көркем, мағыналы.

Екі ақынға ұпай беретін сəт те келді. Қазыда отырғандар менен өзге Семейдегі бір университеттің проректоры, Егеменнің меншікті тілшісі, мүйізі қарағайдай филолог ғалым жəне төраға менің Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағам. Алдымен қонақ ақынның ұпайы сұралды. Бəріміз он қоямыз ғой деп алаңсызбын. Бір кезде ғалым ағамыз 9, қалғанымыз 10 көтердік. Ендігі гəп "ғалым ағам жерлес ақынымызға не көтерер екен" деп отырмын. Не де болса өзім ұпай беруге асықпайын деп шештім. Жерлес ақынымыздың ұпайы сұралған кезде қарасам, бəрі 10, əлгі ғалым ағамыз да 10 көтеріп жатыр. Қазылардың ойы белгілі, жүлде ауылда қалу керек. Лайықсыз болса да алып қалуымыз керек. Содан "Əп-бəлем, қазір көрсетем" дедім де өз ақынымызға 8 көтере қойдым. Себебі 10 деген ұпайға тартпай тұр, 9 көтерсем екі ақынның ұпайы тең болады да төрағаның бір ұпайымен бəрібір əділетсіздік жасағалы тұр. Оңтүстіктен келген ақынды танымаймын. Бірінші көруім, бірақ қиянатқа қиятын бала емес, мықты, суырып салма ақын. Қазылар алқасы ақылдасуға проректордың кабинетіне жиналдық. Ағаларым "сен неге 8 қоясың" деп маған бас салды. Мен де уəжімді айтып болмаймын, "əділетсіздік жасамаңыздар, бала Абайдың елі қиянатшыл екен деп кетпесін" дедім. Дау қызып жатыр. Егемендегі ағам бір кезде "Төраға Тыныштықбек қой, ол бəрібір өз ұсынысын өткізеді" деді сенікі болмайды бəрібір деген сыңайда. Осы кезде манадан терезенің алдында шылымын шегіп ойланып, ақсақалдар мен ақын қыздың дауын сырттай үнсіз бақылап тұрған Тыныштықбек ағам " Əсем апай дұрыс айтады!" деді. Осымен дау аяқталып Бас бəйгені Сыр елінен келген ақынға байладық. Қазір ойлап қарасам өте дұрыс жасаппын. Біздің бала əртүрлі себептермен айтыстың ауылынан алыс кетті. Тай кезінен тұлпар шығар екені танылған Қызылордалық ақын қазір Жүрсіннің жүйіріктерінің сапында. Руының да, жүзінің де кім екенін білмеймін. Менің бір білетінім ол өте мықты ақын.

P.S. Айтпақшы, ақындарды марапаттап болған кезде халық арасында отырған университеттің мұғалімдері келіп "Əсем, жүлдені Ержанға бергендерің дұрыс болды. Әйтпесе шу шығарамыз деп дайындалып отыр едік" деді.

Әсем Ережеқызы, Фейсбук парақшасынан