Ұлы өмірдің кей сәттері

  Сапарғали БЕГАЛИН Биыл Мұхтар Әуезовтің жылы. Күзде қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан заңғар жазушының туғанына 120 жыл толады. Оқырман назарына әйгілі қаламгердің замандасы, белгілі жазушы Сапарғали Бегалинның естелігі ұсынылып отыр. «Адамның жолы бірікпей жосығы танылмайды» деуші еді атақты Бектоғай шешен. Мен Мұхтарды сонау Семейдің городской школында оқыған кезінен елес-алас білесем де, бір сапарда бірге жүріп аса жақын танысқаным 1943 жылы болды. Менің алдымда көнеріп, жазуы тотыға бастаған жол дәптерім жатыр. Оның бірінші бетінде «13-июль 1943 жылы Алматыдан шығып, 14-июль күні Аягөзге келдік» деген жазу тұр. Осы жазудан талай суреттеме, әдемі әңгімелер көз алдымнан жөңкіліп өтіп жатқандай елестейді. Мұхтар жазушылық белесіне қол созып қалам тебіренткеннен бергі, көптеген шығармасына таныстығым болмаса, жәй мінезінен, жүріс-тұрысынан, қимыл-әрекетінен таныстығым жоқ болатын. Тек әңгіме, романдарын сүйсіне оқып, жақын танысуға ынтықты едім. Осы жолы соның сәті түсті. Сол 1943 жылы өзімнің туған жерім Абралы ауданы, Дегелең бөліміне барып қайтам, демалысты елде, ауылда өткізем деген ниетте жүргенімде Мұхтар өзі кездесіп, о да Абай ауданына барып қайтуға дайындалып жүр екен. Бірге жүруге сөз байладық. Олай дейтін себебіміз, екеуіміздін еліміз аралас қатар отырған ел. Сол уәде бойынша жолға шықтық. Бізбен бірге Есмағамбет Исмайылов және бір москвалық, Мұхтардың таныс сценарист орыс азаматы бірге шықты. Алматыдан 1943 жылы 13-шілде күні шығып, 14-шілде күні Аягөзге келіп түстік. Біз Аягөзге келген күннің ертеңінде Абай ауданынан ашық жүк машинасын алып екі адам келді. Оларды аудан басшылары бізді қарсы алуға арнайы жіберген екен. Арнайы жіберілген машинаға мініп, Шыңғыс тауының сілеміне жалғасып жатқан Тарбағатай тауын жүлгелей, сол күні Өкпеті тауынан асып, Шет өзенінің бойындағы «Жаңа арна» колхозына келдік. Біздің Алматыдан шыққаннан бергі бір құмартқанымыз – қазақ ауылының көгалға тігілген киіз үйлері, өрістеген малы, әзіл-қалжың, кестелі сөздері болатын. С,ол «Жаңа арна» колхозынан бастап біз сол құмартқан жайға тап болдық. Әсіресе, «Құндызды» өзенінің бойындағы «Жаңа еңбек» колхозына келгенде біз Абай заманының бір адамына кездесіп, ойламаған жерде Абайға қызмет істеген адамның қызы, қартаң әйелге жолықтық. Бұл әйелдің ойда жоқта кездесуі арқылы Мұхтар жаңа өзекті әңгіменің арқауын тапқандай болды. Мұхтардың бір мінезі, өзіне керекті ұнамды жайдан сөз туса, көзі жасаурап, мұрнын қайта-қайта сипалай күлімсіреп, бар ауанын сол әңгімеге салатын. Әйелдің жасы жетпістен асқан, тілі майда, қазақ әйелінің сыпайылық әдебін бойына мол сақтаған, сөздің нарқын біліп, мәнерлей сөйлейтін адам екен. – Шырақтарым, мен бір көшкен ауылдың жұртында отырған салықшы сияқты адаммын ғой. Менің замандастарымнан қалған адам санаулы. Менің ерім, өздеріңе белгілі Боранбай деген мына жаман атамның баласынан шыққан ақын адам еді. (Ол кісінің «жаман атам» деп отырғаны Тобықтының Жаман тобықты деген бір руы). Осы жерге келгенде Мұхтар әйелдің сөзін бөліп: – Бәлі, сіз Боранбай ақынның жолдасысыз ба, онда әңгіменің туы сізде екен ғой, – деп күлімсірей, бұрынғысынан да әңгімесін ынталана сұрастыра бастады. – Сіз Абайды қай жасыңызда, қай жерде көрдіңіз? – деп сұрағанда әйел күлімсіреген өңмен: – Мен Абай ағаны жас кезімде көрдім. Сол Абай ағаның ауылында өстім. Өйткені менің әкем Абай ағаның Ділдә деген бәйбішесінің үйінде малын бағып, жұмысын істеді. Шешемнің қолы ісмер киім-кешек тігуге, кестеге шебер кісі еді. Ділдәнің үйіндегі киімдерінің бәрін де сол шешем тігетін. Әрі кісі күтуге де өте епті, қысқаша айтқанда, Ділдәнің барлық үй-іші жұмысын шешем істейтін. Абай аға ол кезде Әйгеріммен бірге болатын. Анда-санда ғана балаларына келіп, бір күн, жарым күн болып қайтатын. Біз ол кісі отырған үйге кіре алмаймыз. Ол-бұл жерден сығалай қарап кейде сөздерін тыңдаймыз. Ол кісінің мәжілісінде отырған адамдардың сөзі бізге басқа тілмен айтылып отырғандай болатын. Әсіресе, Ақылбай, Мағауия дейтін балаларымен сөйлескенде ылғи кітап сөздерін, басқа бір алыс елдердің әңгімелерін айтып кететін. Мен бойжетіп қалған кезде әкем сырқаттанып, Ділдә апайдың қатты қайырым жұмысына күші жетпейтін болды. Әкемнің сырқаты ауырлай берді. Үлкем шешеммен ақылдасып, «сырқат меңдетіп барады, енді ағайын табалық. Жоқтықпен келдік, қайырымын көрдік. Рұқсат алып ауылымызға, ағайын ішіне барайық» деді. Шешем ешбір қарсылық айтқан жоқ. Тап осы шешімге келіп рұқсат сұраймыз деп отырғанда, Абай ағайдың Ділдә апайдың ауылына келе қалғаны. Абай келерден бірер күн бұрын шешем Ділдә апайға өздерінің рұқсат сұрамақ жайларын айтса керек. Абайға Ділдә апай шет-жағасын айтып, өзіне қолқанат болар адам жайын сөз етеді. Абай Ділдәнің айтқанын естісімен, әйелін шақырып кел деп жанындағы атқосшы жігітін жіберді. Шешей Абай ағаның да киімін тігетін. Абайдан бой жасырмайтын кісі еді. Барып, ізетпен амандасып, Ділдә апайдың жанынан келіп отырады. Абай өзі амандықтан кейін әкейдің сырқатының жайын біліп және ауылымызға кетеміз деген жайларын сұрайды. Шешей сондай ойлары бар екенін, рұқсат сұрауға сәті келгенін айтады. Абай біраз ойланып отырып: – Шырақтарым, көп жыл дәмдес болып едіңдер. От басы, өмір соқпағы кедір-бұдырсыз болмайды ғой. Ағат айтылған сөз, асыра істелген еңбек болса қарыз етпеңіздер. Мына Ділдәнің балаларына разылықтарыңды беріңдер. Көңілге алған мүдделерің болса, именбей айтыңдар, – деп аса ағалық, туысқандық жылы қабақпен сұрапты. Шешем болса Абай ағадан әдеп сақтап, алғыстан басқа ешнәрсе айта алмапты. – Онда, шырағым, мына Ділдә апаңа айтармын. Ана жолдасыңмен ақылдас, – деп тоқтап, Абай қасында отырған Ділдәға қарап: – Көршіңнің сауын бие, шаңырақ салар түйесі бар ма еді? – деп сұрапты. Абайдың ойда жоқта сұрай қалғанына абдырап, Ділдә, баяулау жауап беріпті. – Онда сол түйелерін алсын, кімнен барып сусын сұрайды, бір-екі бие бергіз. Қой-қозысы бар шығар, көңілін тауып, разы етіп көшір. «Қайдан көшіп келдің» дегенде ұялмай айтатын болсын, – депті Абай аға. Сонан біз көшкенде ауылымызға түйелі, биелі, қойлы, сиырлы, күн көрісі жақсы үйдің бірі болып келдік. Қайран Абай аға, жарлы-жақыбайға айрықша қарасатын еді, – деп тоқтады ол. Әйел сөзін бастағаннан-ақ көзі жасаурап, бар ынтасыммен тыңдап, қолындағы шағын кітапшасына әрбір сөзін маржандай тізіп жазып алған Мұхтар: – Қазына халық ішінде-ау. Мына бір әйелдің әңгімесінің өзі Абай ағаның кім болғанын, асқан адамгершілігін сипаттап берді, – деп қуанып еді. Біз Құндыздыдағы «Жаңа еңбектен» шығып, аудан орталығы Қарауылға келдік. Аудан азаматтары бізге бұлақ бойына үй тігіп қойған екен, сонда түсірді. Бізге ең алғаш ел ақсақалдарынан Әлімбет, Төлеубай деген кісілер дидарласты. Сонда Төлеубай ақсақал тұрып: – Бұрынғының артымыз, бүгінгінің қартымыз, – деп Мұхтарды құшақтай алды. Біз бәріміз де қарияның қамыға айтқан сөзінен замандасын сағынған қарттың көңіл-күйін түсіндік. Аудан қызметкерлері бірнеше күн тамаша мәжілістер дүкенін құрды. Ел өнерпаздарынан Қабыш Кәрімқұлұлы деген әрі мерген, әрі күйші, домбырашы, әнші, сегіз қырлы адам бізбен бірге болып, әзіл, әжуашыл тапқыр қылықтарымен көңілімізді көтеріп отырды. Қабыштың өз репертуары өзінде, бірде ән салса, бірде ел ішіндегі кемшілік пен жетістікті тілге тиек етіп, скетч көрсетеді. Қарауылда Мұхтар білетін бұрынғы адамнан Шәукен мылқау бар екен. Оның ыммен айтқан әңгімелерін Мұхтар хаттай таниды. Ертеден біледі екен. Соның сөзін қызықтап, әңгімесін айтқызып, ден қоя тыңдайды. Мұхтардың өзінің туған еліне біраз жылдан кейін оралғаны екен. Елді сағынған, өзі де елді сағынған аса бір құштарлық жайлар сезіліп отырылды. Бір күні Мұхтар екеуіміз салт атпен Абай қорасына, Жидебайға бардық. Ол жылдары Абай қорасының түзетілмеген жүдеу кезі еді. Қарауылдағы аудан орталығына қайтып оралғанда Мұхтар: – Ұлы Абай осы далада отырып сонау даналық шығармаларын жазды-ау. Мынау қырқаның басына шығып батар күн, атар таңмен сырласты-ау. Қамалаған қалың қара қауым, қас жауының талай оқыс, ожар лағу сөздерін естіді-ау! – деп ой толғанысын шертті. Ол жылдары Абай эпопеясының бірінші кітабы «Абай» деген атпен шыққан кезі еді. Сол кітапта жазылған Абайдың балалық шағын Ербол сияқты доспен кездескен жерлерін жобалап айтып өтті. Аса бір ықласпен әңгіме шертіп қайтқан кеш еді ол. Бірнеше күннен кейін біз Шыңғыс үстіртіндегі жайлау кенересіне барып, сонда Абыралымен шекараға дейін бірге жүруге бет алдық. Қарауылдан аттанар күнімізде Жүсіпбек Елебеков бастаған бір топ артистермен кездестік. Солармен бірге болып, мәжілісіміз үнемі дерлік думанға айналып, Мұхтар Шыңғыс тауының алқабында Жүсіпбектің орындауында Татьянаның әнін киіз үйде тыңдап, сонау алғашқы Абай шығарғандағы Татьяна әнінің құйқылжыған әсерін естігендей сезінді. Абай эпопеясының екінші, үшінші кітаптарының толғанысында жүрген Мұхтарға Шыңғыс тауының алқабынан естілген әрбір лебіз ой толқынын тербеткендей байқалып отырды. Біз Шыңғыстың үстіртіндегі «Еңбек» колхозының фермалары отырған «Қара құнан бұғас» деген жерге келіп, Қабыштың осы колхоздың алғашқы ұйымдасқан кезінде болған кейбір жайды скетч етіп шығарған күлкілі әңгімесін тыңдап, колхоз өмірінің жайынан көп хабар алдық. Біз енді Шыңғысты сырттап, Машан тауы жағында отырған «Қызыл ту» колхозына тарттық. Бұл жүрісте Мұхтар, Қабыш үшеуміз салт атпен сай-саланы аралай жүрдік. Мұхтар әрбір төбе, бұлақ, әрбір қырқамен үн жалғағандай терең ой толқынында отырды. Бізді бастап алып жүрген Қабыш Кәрімқұлұлы осы жайлау атырабында кейінгі жылдарда болған уақиғаларды шежірелеп көптеген әңгіме шертті. Біз «Рамазан» атындағы колхозға келгенде, Мұхтардың тағы бір керек еткен адамына кездестік. Ол ел шежіресіндей Қатпа деген кісінің әйелі болатын. Қатпа оқуын аяқтап, демалысқа елге келген Мұхтарды қасына көп ерткен өте әңгімешіл, күлдіргі жан екен. Бірақ ол кісі қайтыс болған, әйелі Мұхтардың ойлаған жерінен шықпады. Жөнді әңгіме айта алмады. Оған Мұхтар сондай наразы болып: – Япыр-ай, сіз Қатпаекеңнің бір ауыз сөзін де ұқпаған екенсіз. Ең болмаса өзіңізді келеке етіп күлдіретіні де ойыңызда қалмады ма? – деп күлді. Сол колхоздан шыққан күні бұрынғы Бұғылы болысының жайлауын баса жүрдік. Пішені қалың бұлақтың бойымен өрлеп келе жаттық. Сол бұлақтың бір алаңдау жерінде бұрынғы ел қонған ауыл жұртының бетегелі беткейіне шыға бергенде Мұхтар бізге «тоқтаңдар!» деді. Бәріміз аттан түстік. Мұхтар бұлақ пен тепсеңнің түйісер жеріндегі сарғыш топырағы дөңесіп жатқан бір түйінге кезін қадап: Анау жатқан үйінді сары топырақ бір қанды уақиғаның куәсі. Мына бұлақ – Абайдың өмір бойы алысқан қас жауы Оразбайдың жайлау бұлағы. Абаймен өлердей жауығып жүрген кезінде Семейден келген Сейіт деген жігіттің Абай әнін айтып елге таратқанын біліп, соны тірідей құдыққа көмген жері осы. Бұл жерді Сейіт көмілген дейді. Өнерлі, өршіл жігіт жақсы көрген әнін Оразбай кәрінен қорқып тоқтатпапты. Қара күш, қайырымсыз тоңмойын Оразбай есіл ерді қор қылып өлтіріпті, – деп қамыға айтып өтті. Мұны Мұхтардың әдейі тоқталып, жайлана отырып айтуы өзінің сол кезде жазып жүрген «Абай жолы» кітабының бір кесек бөлімінің арқауы етер толғанысы екен. Біз сол күні «Қызыл ту» колхозына турасынан бара алмай, басшымыз жер жобасынан жаңылып, далаға түнедік. Күнімен салт атпен жүріп қатты шаршадық. Мұхтар Қабышқа наразы үнмен: – Өй, Қабыш, сен мына Шыңғыстан арқар атқанда да осылай адасасың ба? – деп сұрады. Өйткені күндіз бір қырқадан арқар көргенімізде Қабыш, «анау менің қысқы соғымым ғой» деп бізді күлдірген-ді. Оның арқар ататын мергендігі де бар-ды. – Жоқ, Мұқа, мен ауылдың төбесі көрінсе тура-ақ алып баратын едім. Бар болғыр көз барында көрінбеді ғой, – деп Қабыш белгілі күлдіргісіне басты. Таң ата «Қызыл ту» колхозына келдік. Бізден кеше бөлінген Есмағамбет, Қайым, Жүсіпбектер де сонда екен. Қайтадан мәжіліс-думанына кірісіп, бұл жерде екі күндей қонақтадық. Осы «Қызыл туда» болғанда бұрынғы Бұғылы елінің әсем қоныстарын, «Қоңыр әулие» үңгірін көріп, бұл күндері елсіз қоралардың қонысы болып қалған, сай-саланы араладық. Сонау өткен ғасырдағы ел басынан кешкен талай ауыр күндердің ізі жатқан алқаптарды араладық. «Қоңырдың» оңтүстік алабындағы жыпырлаған тас бейіттер, бір кездегі қанды майданның орны болғанын шежірелейді. «Үнсіз тастар ұлы жорықтардың куәсі ғой», – деп Мұхтар біраз ойланып қалды. Қоңыр әулиеге Әбдірахман Абай баласының, анау Долгополовтың келіп кеткен белгілері қалған жазулар да сан ойды толғандырды. Сөйтіп мен Мұхтардан осы «Қызыл туда» бөліндім. Мен Жүсіпбектермен бірге Абыралыға жүріп кеттім. Мұхтар сол жерден Қарауылға қайтып, содан Семейде кездеспекпіз. Біздің Мұхтармен бірге болған бір жүрісіміз осылай аяқталды. *** Бірге жол жүру, сырлас, мәжілістес болу адамның достығын нығайтып, ой-өрісін кеңіте түседі ғой. 1943 жылғы алғашқы сапар Мұхтармен өте жақын танысудын, бастамасы болды. Содан былайғы әрбір кездің сәттерінде біз ықыласты көңілмен сырласып, пікірлесетін болдық. Мұхтармен екінші рет 1945 жылы Абайдың жүз жылдығында сапарлас болдым. Абайдың жүз жылдығы Алматыдан басталып, Абай ауданында аяқталатын болып жобаланды. Ең бір күрделі той думаны Абай заманының дәстүрімен сол ауданда ұйымдастырылмақ. Сол ұйымдастыру жұмысына алдымен Семейге барып, облыс басшыларымен келісе отырып, Абай ауданында болатын тойға басшылық етуге Мұхтар екеуіміз тағайындалдық. Мұхтар Москвадан, Ленинградтан келетін қонақтарды Алматыда қарсы алуға бөгеліп, алдымен Семейге мен бардым. Семейліктер дайындыққа кірісіп, Абай ауданында болатын үлкен тойға неше ауданнан үйлер әкеліп тігіліп, қандай дайындықпен келетіндігін жобалап отыр екен. Айтылған мерзімді уақытында Абралы, Шұбартау, Ақсуат, Жаңа Семей аудандары сауын биесін, тойға сояр малын, барлық жабдығын сәнімен әкеліп, Қарауыл алқабына үйлерін тікті. Мен Абай ауданына келген соң аудан басшыларымен ақылдасып, іске жұмыла кірістік. Айтылған мерзімде Семей арқылы қонақтардың алды да келе бастады. Алдымен келгендер – халық ақындары, театр адамдары болды. Абайдың осы тойына, оңтүстіктен Орынбай, Нартай ақындар, Қарағанды-Ақмоладан Қайып Айнабеков, Доскей Әлімбаев, Алматыдан Кенен, Үмбетәлі бастаған ақындар, Павлодардан Естай, Семейдің өзінен атақты ақын Төлеу, Сапарғали Әлімбетов, Қарқаралыдан Жақсылық келді. Өнер адамдарынан ерекше қонақ болып қазақтың алып ұлы Қажымұқан палуан келді. Өнер адамдарын сәнімен тігілген Абралы ауданының үйлеріне орналастырдық. Ертеңіне Москва, Ленинград, Ташкенттен, Түрікменстаннан келген қонақтарын бастап Мұхтар да жетті. Май айында ғана халық ерекше қуанышпен қарсы алған ұлы Жеңіс мерекесінің жалғасындай болған Абай тойы салтанатпен басталып, ақын, артист дегендердің үні, өнері күндіз-түні үздіксіз жалғасып, ерекше думанға бөленді. Той Абай заманындағы халық дәстүрімен ерекше қызықты басталды. Ат бәйгесі алысқа айдалды. Палуандар күресі басталарда, Мұхтардың айтуы бойынша, бас бәйгені атан түйенің өркешіне бітеу құндыз терісін іліп, Қажымұқанға апарып сыйға тарттық. Одан кейінгі күрестер өз тәртібімен өтіп жатты. Палуандар бәсекесі аяқтала бере, бәйге аттардың алды «шаң берді» деген хабармен жұртшылық тобы атқа мініп, бәйгеге жүйрік қосқан аудан өкілдері өз аттарын қаумалай қарсы алысты. Бәйге аттары келіп болысымен, жерден салма алу, теңге алу, серке тарту ойындары басталды. Той тарай қонақтар соншалық ризалық­пен аттанды. Біз Мұхтар, Ғабит, Есмағамбет, біраз адам ауданда біраз күн болдық. Біз Қарауылдан аттанғанша Қасқабұлақтан әкеліп тігілген Абай үйінде тұрдық. Бізге күтуші әрі үй иесі болған Мәрия деген бәйбіше әйел өте бір сыпайы, халық дәстүріне қанық есті адам екен. Үйдің ішкі салтанатын Абай үйінің мүлкіне үйлестіріп жинастыруы жөнінде сөз басталып, дастархан үстінде Мұхтар Мәрияға бір сұрақ қойды: – Сіз Абай ағаны көрдіңіз бе? – деп еді, әйел әдепті мінезіне салып сәл жымия: – Мен Абай ағаны бір-ақ рет көрдім, менің жасаңдау кезім еді. Біздің әкейдің ағасы ел ішінде сөз білетін, шағын дәулеті бар адам болатын. Ауылға бір топ кісі келіп, сол ағайдың үйіне түсті. Біз бұл кісі кім деп сұрасақ, Абай ағайдың тобы екен. Әрине, біз ол кісінің үстіне кіре алғанымыз жоқ. Тек босағадан сығалап Абай ағаның түр-сипатын сонда көрдім. Біздің ағай барлық сый-құрметін жасап бәйек болып жүр. Қымыз сапырулы, дастарханы жаюлы, самауыры бұрқылдап қайнап түр. Қараша үйдегі қазанда бағылан еті асылып жатыр. Біз босағадан сығалап Абай ағадан көз алмай сол кісінің жүзіне үңілеміз. Абай аға сондай көңілсіз. Сол кісінің қабағына қарап басқалар да онша ашыла сөйлеп әзіл-күлкі сөздер айтпайды. – Абай аға, кеше бір кісіден сізді мына Көкше болысының сайлауына бара жатыр деп естідім, сайлауы қалай өтті? – деп біздің ағай ізетті түрде әңгіме сұрады. Абай жауап айтпады. Абайдың қасындағы адам біздің ағайға қарап: – Берекесі кеткен елден берекелі жиын өте ме. Оны сен сұрамай-ақ қой, біз айтпалық, кейін ести жатарсың, – деді. Ағай одан әрі қайталап сұрамады. Қонақ асын беріп, құрметтеп аттандырды. Кейіннен естідік. Көкше болысының жиынында, уездің алдында, Оразбайдың қолшоқпары болып жүрген біреу Абайға қол көтеріп, қамшы үйіріпті. Сонан сайлау арты ұрыс-керіске айналып, Абай ренжіп, қиналып қайтқан екен. Біздің ағайдың үйінде түнеріп үнсіз отырғаны соның әсері екен. Мен Абай ағаны осындай көңілсіз кезінде көрдім, – деп Мәрия сөзін аяқтады. Мәрияның сөзі аяқталған кезде, бұрын бұл жақта болып көрмеген Ғабит Мұхтарға қарап: – Ол Көкше болысы Шыңғыс тауының қай жағында, онда қандай белгілі адамдар болған? – деп сұрады. Мұхтар өзінің байыпты бастайтын сөз салтымен: – Ғабит, сен бұл жақта бұрын болған жоқсың. Осы күнгі Абай ауданы атанып отырған ел, совет уақытына дейін бес болыс ел болатын. Соның бірі Көкше болысы, осы өзіміз отырған Қарауылдан онша алыс емес, оңтүстік-шығыс жақта. Ол елдің белгілі адамдары – Қаратай, Көкбайлар ғой. Көкбайды Абай өлеңдерінен сан оқыған шығарсың. Бұл – солардың елі. Көкбай ескіше оқымысты, әрі ақын. Абаймен өте жақын көңілдес болған. Ол кісі көп жасап, осы совет уақытында қайтыс болды. Өзі медіресе ашып, бұрынғы ескі оқумен көптеген адамдарды сауаттандырған, білімді адам болған, – деп қысқаша түсіндіріп өтті. – Тіпті, алыс болмаса сол Көкбайдың қонысына саяхаттап барып қайтайық, үнемі бұл жаққа келе береміз бе, жоқ па?! – деп Ғабит бір ұсыныс айтты. – Бұл бір өте дұрыс ұсыныс, – деп бәріміз де құптадық. Мұхтар бізді бастап, күтіп жүрген жігітке қарап: – Сол Көкбайлар қонысында бұлақ бар еді ғой. Аяғы далаға түсе қара суға айналып, жайылып жатпаушы ма еді? – деп су жөнін сұрады. – Мұха, дәл айтқаныңыздай, ертеде көрсеңіз де ұмытпаған екенсіз. Оның суында үйрек, сары ала қаз, итала қаздар да болады, – деді жігіт. – Онда мылтықтарымызды ала баралық. Ата үйрек, сары ала қаздарды атып бір сайрандалық, – деді Мұхаң. Жүруге сөз байланды. Жеңіл машина жоқ. Трашпенке арбаға парлап ат жегіп, бір топ болып жолға шықтық. Ауданнан алдын ала хабарлаған ба, Көкбай қонысындағы колхоз да барынша дайындықпен қарсы алды. Дайындаған үйге түстік. Ауыл адамдары құрақ ұшып құрметтеуде. Мұхтардың айтуымен, бізге бір-бір салт ат дайындады. – Енді өзенді өрлеп барып құс атамыз, – деген Мұхтардың сөзіне ауыл ақсақалы: «Әзір балапан қанаттанған жоқ, тек ата үйректі атыңдар, сарыала қаздың ұя басарына оқ шығармаңыздар. Шаһарда тұрып даланы, аңшылықты сағынып қалғансыңдар ғой, – деп ағалығын айтты. – Өзіміз де солай істемекпіз. Тек Арқаның әсем алқабында бой жазып, көңіл көтеру ғой біздікі, – деп Мұхтар ақсақалға жымия қарады. Ғабит, Есмағамбет бар бір топ өзенді өрлей жүрді. Біз Мұхтардың тобы өзенді құлдай, аяқ қара су жайылмасына бет алдық. Өзен бойында онша көп құс көрінбеді. Тек бірлі-жарымдаған шүрегейлер әредікте көзге түседі. Аяқ жағындағы жайылмаға келгенде, қамыс, қоға күлтелеріне айналсоқтаған аз да болса сарыала қаз, үйрек көрінді. Енді аттан түсіп жайылманьгң жиегіндегі қоға-балдырларды келегейлеп құстарды аңдуға кірістік. Бір әредікте Мұхтар: – Сапеке, сіздің мылтығыңыз дұрыс оқталған ба еді? Жаңа мен ата сарыала қазға тұспа-тұс келе қалып атып едім. Мылтығым от алмады. Сол қаз әлі сол маңда, маған мылтығыңды берші, – деп өтінгені. Өзім де атқым келгенмен, Мұхтардың да көңілін қайтармай мылтығымды қойдым. Мұхтар әлгі бой тасалай келген ізімен қайта жөнелді. Қасымыздан мылтықтың дауысы тарс етті. Аз тұрып сонда келсек, қолында мылтығы бар Мұхтар тұр. – Ана бір ата қазды атып едім. Оқ тиді, бірақ жан ұшырып қоғаның ішіне қарай сүңгіп, көрінбей кетті. Ал, жігіттер, жеңілденіп барып тауып алыңдар, – деп қуана күлімсіреді. Біздің қасымыздағы жігіт атттан түсіп, киімін шешіп, Мұхтар нұсқаған қоғаның арасынан әлсіреп жатқан қазды алып шықты. – Бәлі, өзі бір келіскен сары ала қаз екен. Әдейі мылтық алып шыққан соң, мынаның өзі бір орынды мергендік болды, – деп Мұхтар ала қазды қолына алды. Бәріміз де «өзің мерген екенсің ғой» деп көтермелеп жатырмыз. Сол ауылға біз де келдік, Ғабиттер де келді. Олар ештеңе ата алмапты. Мұхтар өзі атқан сары ала қазды көтере ұстап, бізді қарсы алған ақсақалдың үйіне бәрімізді бастап кіріп: – Ақсақал, өзеніңізді қоныстаған мына қазыңызды атып түсіріп, сізге байлағаным, – деп алдына тастай берді. Күн еңкейген кезде арбамызға отырып, Қарауылға оралдық. Хан биігін бауырлай, Шыңғыс бөктерініқ бел-белестерінен өтіп, Қарауылға жақындаған кезде жолдан жарты шақырымдай жерде бір топ түйе жайылып жүр екен. Шеткерірек тұрған бір түйенің көрінісі ерекше, шудасы әлі күзелмеген. Екі өркеші екі баладай, осыны көргенде Ғабит: – Ой, ағайындар, анау бура емес пе, бізге шаппай ма! Өзінің түрі неткен қорқынышты! – дегені. Ғабит осыны айтқан кезде Мұхтар Ғабитке екі көзі жасаурай қарап күлді де: – Өзің сен қазақпысың, қырық күн шілдеде бураның кісіге шапқанын қайдан тауып жүрсің. Бура тек келеге түсер кезде ғана інгенді қызғанып кісіге шабады, – деп ішек-сілесі қата күлмесі бар ма. Оған бәріміз күліп жатырмыз. Ғабит күлгенімізге аса шамданған жоқ. Біз Қарауылда тағы да бір-екі қонақтап, Семейге қайттық. Ауыл азаматтары Қасқабұлақ басына дейін шығарып салып, құрмет көрсетті. Қарауылдан шыққан машина жолы Көкен тауының баурайына таянып келгенде Мұхтар машина жүргізушіге «мына қыратта біраз аялдашы» деді. Бәріміз жерге түстік. Ол Көкен тауының ең бір биік шыңына қолына дүрбі алып, төңірекке біраз үңіле қарап тұрды. Біраздан кейін бізге бұрылып: – Анау тұрған асқар шыңға неге сонша тесіле қарады екен деп тұрсыңдар ғой. Онда осыдан оншақты жыл бұрын аң аулап, сейіл құрған қызықты күндер өткізіп едім, соны есіме алып, әрбір шоқыға тінте қарап тұрғаным ғой, сондағы бірге болған адамдардың көбі қазір жоқ. Уақыт шіркін қандай шапшаң зымырайды, – деп Мұхтар сол бір сайран кешкен күндерін есіне алды. – Мен Ленинградтан жазғы демалысқа елге келдім. Бұл жылдары ел жастары көңілді. Ауылға келген мені қуанышпен қарсы алып, Тұрағұлдың Жебеші, Абайдың ең кенже баласы Зікәйіл ауыл үлкендеріне сәлем бере жүріп, біраз күн сайрандадық. Маған ертеден таныс, өзі домбырашы, өзі әңгімеші, әрі ит жүгіртіп, құс салған Өтегелді деген бір дос адам бар-ды. Ол біздің топқа іздеп келіп қосылып: – Ал, жігіттер, жақсы бас қосыпсыңдар. Мынау Мұхтар болса сонау Ленинградтан оқып келді. Енді бір мына Көкен тауына барып саят неге құрмайсыңдар!? Онда арқар, түлкі, қасқыр, қоян, құс деген жыртылып айырылады, – дегені. Осы кісінің сөзі жел беріп, Зікәйіл, Жебеш, тағы басқа жастар бар, саятқа әзірленді. Бір түйеге күркешік үй жабдығын, ыдыс-аяқ, азық-түлік артып, жолға шығып едік, – деді... Абай дананың жүз жылдық тойы атақты адамдармен мәжілістес, табақтас болған күндер, әсіресе, Мұхтармен бірге өткізген күндер осы уақытқа дейін көз алдымнан кетпейді. qazaquni.kz