Өмірзақ Ақжігіт: Қазақтар той дәстүрін ұмытып барады

Картинки по запросу қазақтың тойы

Той той болмады…

Кәзір – жарқыраған жаз, той-томалақтың нағыз қызған кезі. Рас, темірдей тәртібі бар кеңес өкіметі құлағалы, тойханалар пайда болғалы тойшыл қазаққа күнде той. Баяғыда өзбектер аптаның ортасында қалай той өткізеді деп таң қалушы едік, кәзір сол кеп өзіміздің басымызға келді. Себебі, той өткізу үшін тойхана керек, ал, қанша жерден «бүгін тойханалардың дәурені жүріп тұр, күніге бір жаңа тойхана салынады,и не көп – тойхан көп» десек те тойханаларда алдағы екі-үш айға дейін сенбі-жексенбі бос емесін көреміз. (Біздің Шымкентте жарты жылға дейін де бос болмайды…) Жалпы, жер бетінде «той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазақтай тойшыл халық жоқ шығар. Анасының бойына баланың біткенін «құрсақ шашу» жасап атап өтетін біз оның «шілдехана», «бесік той», «тұсау кесер», «сүндет той», «тоқым қағар», «қыз ұзату», «беташар», «үйлену той», ең ақыры асарын асап, жасарын жасап, шөбере, шөпшек сүйіп барып бақиға аттанса, жылдық еске алу асын да теңдессіз философ халық екеніміздің дәлелін ретінде ең үлкен той дәрежесіне көтеріп өткізіп келгенбіз.

Өз еркіміз өзімізге тигелі той тіпті көбейді. Тойханалар көктей қаулады. Бірақ, санға қарай сапа да артты ма? Осы жерде ойланатын мәселе аз емес сияқты. Қазақ бұрын «тойдың болғанынан боладысы қызық» дейтін. Шынында да, «боладының» ішіне тойдың мәслихаты кіретін, кемі 2-3 күн бұрын той өтетін жерді дайындауға, малын сойып, палатка-шатырын тігіп, тойдың тамағын жасауға ағайын-туған, дос-жаран, келін-кепшік, көрші-қолаң қызу атсалысатын. Той иесі тойдың ертесіне солардың бәрін шайға шақырып, «құдая шүкір» жасайтын, алғысын айтып, батасын беретін. Рас, «құдая шүкір» жақсы да, жаман да бірінші болып шығатын Шымкенттен бөтен өлкеде кездеспейді, дегенмен, қазақы қалыпты барынша молынан сақтап қалған күнгей елінің осынау тағлымды салтын басқа өңірлер іліп-ақ әкетсе тіпті тамаша болар еді. Бірақ, біз жаман әдетке келгенде балға үймелеген шыбындай бола қалатын, жақсы әдетке келгенде керенаулық танытып, табаны тартпай қалатын халықпыз ғой. Не істерсің, оған, не істерсің…

Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы той – қазақтың туыстықты, татулықты, бірлік-ынтымақты бекіте түсуге қызмет ететін керемет жақсы дәстүрінің бір көрінісі еді. Бүгінде «болады» да, оның «қызығы» да жоқ… Бәріміз қаздай тізіліп барлық нәрсесі дайын тұрған тойханаға барамыз. Барғанда не көреміз? Бірінен бірі айнымайтын тойды көреміз. «Өзгелерден сөзі ұзын» (Абай) халық болған соң ескі әдетпен құлаш-құлаш сөйлейміз. Жаңалығымыз – «Ақ маржан» мен «Қызыл өрікке» «чип-чипдетіп», аспанға қарап, жерге үңіліп шаршағанша билейміз.

Картинки по запросу қазақтың тойы

Той деген өнер жарысы екенін, оған сол тойға келген қонақтар қатыспай той шын мәнінде ешқашан қызық болмайтынын мүлдем ұмыттық! Бай-бағыланның тойы болса солар шақырған әншілердің фонограммадағы «өтірік» концертін көруге, кедей-кепшіктің тойы болса өліп-тіріліп билеп, бойымыздағы стрессті түсіруге баратын болдық. Бұрынғы қазақ қыз-жігіт болып отыра қалып айтысады екен, біз оны айтыс ақындарына меншіктеп беріп қойдық, тойда айтыспақ түгілі ән айтпайтын болдық. Ал, әлемдегі(!) ең мықты математиктің бірі, академик, өзі де домбыра тартып, ән салатын Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз былай дейді:

«Біз тойға көп барамыз, бірақ, онда ән салмаймыз. Билейміз, бірақ бұл аяқ жазу ғана. Ал, мыңдаған жылдардан бері бізбен бірге жасап келген ән айту өнеріміз сыртқа шығатын жол таба алмай, қапасқа түсіп қалды».

Қапасқа түсіретіндей не жазды ол бізге? Еуропалықтарды «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» дегізіп, таң қалдыратын әнші халық едік қой, әніміз-сәніміз қайда кетті? Тойда айтпағанда оны қайда айтамыз? Грузиндер өздерінің хормен ән айту салтын көзінің қарашығындай сақтайды, басқа ұлттар да солай, неге біз ғана өз қағымыздан өзіміз жеруге құмармыз?

Той дәстүрін ұмытқанымыз аздай, тіпті, кейбіреуінің өңін теріс айналдырып жібердік. Бұрын қазақ, атының өзі атып тұрғандай, тойда ән бастап, «тойбастар» жүлдесін жеңіп алу үшін жарысатын. Тіпті, «мен бастаймын!», «жоқ, мен тұрғанда саған жол қайда, мен бастаймын!» деп тартысатын. Сондай айтыс-тартыс болмау үшін дана халқымызда «тойды жалайыр бастайды» деген жол-жора да болатын (есте жоқ ескі заманда ел алдындағы қандай да бір елеулі еңбегі ескерілгендігі анық), олар жоқ жерде кез келген қазақ бастауға хақылы-тұғын. Кәзір «тойбастарды» күресінге лақтырдық, «тойды мен бастаймын!» деп құлшынып шығар жанды сіз емге таппайсыз, оның есесіне ол жүлде тойды бастағаны үшін емес, келген қонақтарға естелік ретінде той тарқардың алдында таратылатын сыйлыққа, сувенирге, тіпті бір жегенде таусылатын кәмпит секілді тағамға айналды! Оу, жарандар, «өзі жоқтың – көзі жоқтың» кебін келтіріп ата-бабаның «Тойбастарын» «Тойтарқатар» етуге, мазаққа айналдыруға, қорлауға, ал, «Тойдан – тобықтай» деген өз аты бар сыйды өлтіруге сіздерге кім рұқсат берді? Қай аруақтың батасын алдыңыздар?..

Картинки по запросу қазақтың тойы

Мына сұмдықты қараңыздар! Фейсбукте Назым Жекебай есімді қарындасымыз «тойдан – тобықтай» деп кәспит-сәмпит үлестіретін әдемі қобдиша жасап, оны халыққа ұсыныпты: «Мен жасаған «Тойбастар» ұнаса, тапсырыс беріңіздер!» деп… Мен «Тойбастар» емес, «Тойдан – тобықтай!» Жұртты жаңылыстырма, қарындасым, сенсіз де жетеді!..» деп коммент жазсам, қызымыз былай жауап қайтарыпты: «Біле жүремін👌рахмет аға, бірақ бірінші естуім!» Демек, біз «той тарқар» деген салтты есітпеген ұрпақ өсіріп үлгергенбіз!..

Осы тұста жер жәннаты, ел жәннаты Күнгейдің бір азаматы ретінде кішкентай тәжірибемізбен бөлісуге рұқсат етіңіздер. Бұдан біраз жыл бұрын мен немеремнің сүндет тойының шақыру хатында той бағдарламасын да жаздым. Оның ішінде мынадай да жолдар бар еді:

Бқл тойда көп өнерден жарыс болмақ.

Адамды алға сүйрер намыс болмақ.

Бұйырса, бір бәйгені бөктерерсіз,

Жараспас сіздей ерге қалыс қалмақ.

Ең алдымен, «қап, бастай алмай қалғанымды қарашы» демесін деп, залдың екі жағындағы қонақтарды «тойбастар» айтудан жарысқа түсірдік.

Көптің шешімімен Алматыдан келген 73 жасар ақсақал бас бәйгені олжалады, екінші, үшінші орын алған да құр қалған жоқ.

Ұл той болғаннан кейін оған жас баланың көп келетінін ескеріп, спорт мектебінен күрес кілемін әкеп төсеп, балалар арасында күрес өткіздік. Өте қызық болды! Бұдан соң ешкім шыға қоймайтынын сезіп тұрсақ та, бұрынғы қазақ тойының ажырамас бір атрибуты – әйелдер күресін де жарияладық. Қолқалауыммен ортаға шыққан денесі де, сөзі де, ісі де ірі, әнші де әзілқой Шекер жеңгеміз қарсылас табылмаған соң бәйгені «шаппай алып» тұрып: «Әйелдер жоқ болса, жігіттермен күресем! Тете қайным-ау, шықсай бері! Қорықпа, атып ұрамын-дағы, астыңа топ ете түсемін ғой!» деген сөзіне жұрт қырылып қалды… Балалар, содан соң ересектер арасындағы қол күресі мен кір тасын көтеру де өте тартысты өтті. Еденге кілем төселгенде, арқан тартуды да ұйымдастыруға болар еді. (Соңғы кезде тойханалар кілем төсей бастады). Әнге де, биге де, екі сөздің басын құра алмайтын қазақ жоқ деп, ең жақсы жазбаша өлең-тілекке де жүлде берілді…

Одан бөлек немереме арнап кішкентай кітап шығарып, ол кітаптың екінші бетіне «Тойдан тобықтай» деп жазып, қонақтарға тараттым.

Ал, кенже қызымды ұзатқанда тойдың басында Н.Тілендиевтің «Аққу» және Ә.Желдібаевтың «Ерке-сылқым» күйін тартқызған едім, кейін қонақтар: «Ойпырмай, тойды күймен де ашуға болады екен-ау» десіп жатты. Және мен жас асабаға «сценарийді өзім жазамын, сен соны алып шықсаң болды» деп талап қойғанымда оның «тойдың да сценарийі бола ма?» дегені бар…

Ал, енді не істесек қазақ тойы өзінің табиғи қалпына келеді, қайтсек оны қызықты, тәлімді, тәрбиелі етіп өткізе аламыз?

Біріншіден, тойды ашу үшін, қазақы жосыққа салсақ, өз туыстарыңның ішінен бір адам ғана шыққаны дұрыс, өйткені, екі адам бірдей тойды ашық деп жариялай алмайды. Парламент депутаты, әкім бастаған 10 шақты адам шыққан тойларға да барып жүрміз, бірақ, содан той тартымды болып жатқан жоқ қой… «Ақсақалдар, ардагерлер бата берсін» деп жатамыз, әзірге бұл үрдіс тек қыз ұзату тойында ғана жасалып жүр. Әдемілеп «той – ашық!» деп жариялаған үлкендер, дәл ондай сән-салтанатпен тойды жабық деп жариялап, батасын берсе нұр үстіне нұр болмай ма?

Соңғы кезде ақсақалдарға апаларды да қосатын әдет пайда болды. Тойды ашуға әжелерді шығармасақ, әйел атаулыны кемсіткендігіміз болып табыла ма? Әр нәрсенің өз орны бар емес пе?

Екіншіден, асаба өз жұртыңыздың, тойға келетін құда-жекжат, дос-жолдастарыңыздың ірі бастылары жайлы сізден сипаттама сұрамаса, соны әлгі сыйлы кісілерге сөз берген кезінде сыпайы да ұтымды, жеңіл әзіл-қалжыңмен келтіріп, қалың жұртқа таныстырып кетіп отырмаса, басқа да сондай жүрекке жылы әрекеттері арқылы сіздің қолыңыз қанша уақыт асыға, кейде тіпті зарыға күтіп жеткен ерекше жиыныңызға ерекше дайындалмаса (ал, бұл тәртіп асабалар үшін бұлжымас заңға айналуы тиіс), ондай асабадан ертерек бас тартқан дұрыс. Әзірге олар жаттанды тақпақтарымен қонақтарға сөз берушінің, жауыр болған анекдоттарымен елдің көңілін көтеруге тырысушы әртістердің рөлін орындаудан аса алмай жүр. Солай

болғандықтан да олар тойдағы халықты игеріп кете алмайды, «тамада не айтар екен?» дегізіп, аузына қарата алмайды, тамада бір жақта, тойдағы халық бір жақта екенін көресіз. Есіл уақтыңыз қор болып, шаршап қайтасыз…

Үшіншіден, алаяқ әншілерге беретін ақшаны тойға келген қонақтардың ішіндегі әншілігімен, бишілігімен, ақындығымен көзге түскен өнерпаздарға қомақты түрде бөліп ұсынған жөн секілді. Тойдан теледидар арқалап немесе ұялы телефон ұстап қайтудан үміттену – бүгінгі бойымызды билеп алған ұяңдықты жеңіп, ортаға шығуды оңайлатары хақ…

Әншілерді «алаяқ» дегеніміз үшін біреулер бізді сөгер де, сотқа да сүйреуге тырысып бағар, сондықтан, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ, он мыңдаған, жүз мыңдаған теңгені (кейде долларды) айналдырған 4-5 ән үшін шытырлатып санап алатын олар, ең болмаса тойда жанды дауыспен ән салудың орнына фонограмманы қосып қойып, той иесін де, тойға келген халықты да алдайтындарын көрген соң «алаяқ» демегенде не дейміз? ( Өз басым олардың әнді тойда да фонограммамен айтатынын жақында ғана біліппін. Ал, «ауыр бейнетпен, жеңіл жолмен келген ақша менікі, оны әншіге берем бе, суға ағызып жіберем бе, отқа жағып, шай қайнатам ба, өзім білем» дейтіндерге сөзіміз жоқ…) «Ау, бұларың ұят емес пе, неге наныңды адалдап жемейсің?» десең: «Ағасы, қызық екенсіз, оркестр жоқ, қалай айтамыз?» деген жауап естисің… Сонда баянмен, аккордеонмен, домбырамен сүйемелдеп ән салу «модадан» қалған ба, жоқ әлде ол ұятты, айыпты болып саналатын іс қатарына кіріп кеткен бе?

Төртіншіден, Күнгейден басқа жердің тойы әлі де антрактті қосқанда 4-5 сағатқа созылады. Біздің ел антрактыны ұмытқалы қашан. Ол үшін халыққа өкпелеуге де болмайды, себебі, біз бұрынғы, орыстың ықпалына түспей тұрғандағы қазақтық болмысты барынша мол сақтап қалған өңір болғандықтан, тойымыз да өзгелерден он есе көп. Жұрт тойдан да шаршайды. Одан да бұрын тек сөйлеу мен билеуден тұратын сүреңсіз сарыннан шаршайды. Тойдың жартысына жетпей тойдағы елдің жартысы сыртта жүреді, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрады, одан да жаманы біртіндеп үйіне кетіп жатады, өйткені, іште қызық ештеңе болып жатқан жоқ…

Бесіншіден, «балықтың басынан шіритіні» тойда да жарқын көрініс тауып жатады – елдің үлкендері тойдың соңына дейін отырудың орнына өздері сөйлеп болысымен анаусы ананы, мынаусы мынаны айтып, болмашыны сылтау етіп қайтып кетіп жатады. Тойдың соңына дейін отыруға жарамаған «игі жақсылар» өздерінің осы ісімен қуаныш қожайынын да, оның қуанышын көбейтісуге жиналған қалың жұртты да сыйламайтынын көрсетеді, жастарға теріс үлгі береді. Егер олардың бәрі сабы бұзылмай отырса, оларды көрген басқалар да кетпес еді. Той залының толып отырғаны оның қызықты өтуіне де сөзсіз септігін тигізер еді.

Қалай болғанда да той – айрықша жиын. Өйткені, ол адам өмірінде әдетте бір-ақ рет болады. Ендеше, оны естен кетпестей әсерлі, қызғылықты ету өз қолымызда емес пе? Үлкен-кіші болып оның жолын бірлесе іздесек, «қазақтың білімге тұнып тұрған» (Семенов-Тянь-Шанский) салт-дәстүрін

толыққанды түрде тірілтіп қана қоймай, байыту біздің міндетіміз емес пе? Өзіміз істемесек бөтен біреу келіп істеп бере ме?!..

Өмірзақ Ақжігіт,

qazaquni.kz