Қара тентегім

Зайда Елғондинова, ақын Қазақтың белгілі ақын қызы Зайда Елғондинова өзінің жұбайы, өмірден аққан жұлдыздай ерте өткен қазақтың талантты шайыры Жұматай Жақыпбаев өмірінен сыр шертетін «Менің ертегім» және «Мың екінші түн» атты кітаптар жазды. Төменде сол еңбектен шағын үзінді ұсынылып отыр. Тағдыр ...Бір күні облыстық газетті қарап отырып, Жұматайдың әкесі қайтыс болғанын оқыдым. Көңіл айту беріпті. «Ең жақсы көретін адамынан айырылыпты»,– деп іштей аядым. Бірақ қайта табысуға көңілім соқпады. Арада бірнеше күн өткенде мен Талдықорған қаласына бардым. Орталық универсалды дүкеннің алдында кітап жәрмеңкесі болып жатыр екен, кітап көрейін деп бұрылдым. Бірақ бұл ойымнан лезде айныдым, өзіме қарсы келе жатқан Жұматайды көргенде, зәрем зәр түбіне кетіп, қаша жөнелдім. Әкесіне көңіл айтайын деп, бір оқталдым да, егер мені байқамаса, көзіне көрінбей-ақ қояйын деп бекіндім. Сөйткенше болмай: – Қария, қашпаңыз, – деген байсалды дауысты естідім. Жалт қарап, тоқтай қалдым. Ол қолымды алып амандасты. Мен оның әкесіне көңіл айттым. – Кездескенің қандай жақсы болды, Зайдашка, қатты жалғызсырап келе жатыр едім, – деді ол. – Енді уайымдамаңыз, әкеңіздің арты жақсы болсын, – деп оны жұбатып жатырмын. Өзі әбден жүдеп кеткен, жағы сопайып, көзі үлкейіп кетіпті. – Зайдашка, алтыным, ақынға ақын осылай көңіл айта ма екен? – деді ол. – Ал, қалай айтады? – деп мен оған қарсы сұрақ қойдым. – Міне, мына жаққа барып, жайғасып отырып барып көңіл айтпай ма екен, – деп ол «Жетісу» деп аталатын мейрамхананы меңзеді. Мен күліп жібердім. Екеуіміз мейрамханаға кіріп, терезе жақтағы шағын үстелге жайғастық. – Ал, Жұмаш, не қалайсыз, бүгінгі сый бізден болсын, қысылмай айта беріңіз, – дедім. – Сіз мені өмір бойы сыйласаңыз да қарсы емеспін, – деді ол күлімсіреп. Оның көзіне менің көзім түсіп кетті. Соншама мұңлы жанарын аударып-төңкеріп, маған көз қылып қояды. Жүрегім шымырлап қоя берді, жанарыма жас толды. Оны аяғаным сонша, иегім кемсеңдеп кетті, ол менің жан толқынысымды байқамағансыды. Лезде дастарқан мәзірі дайын болды. Бір-бір рөмкеден ішілген ішімдік көзімізді шайдай ашты. Бір-бірімізге деген өкпе-қалдықтың ізі де қалмады. Екеуіміз дастарқан басында отырып, ұзақ ішіп-жеп, әңгіме-дүкен құрдық. Бата жасардың алдында ол маған қарап: – Зайдашка, маған дос болсайшы? – деді. Мен бұл ұсынысты түсініңкі­ремей қалып: – Мен сізге доспын ғой, Жұмеке, өмір бойы дос боламын, – дедім. – Жоқ, ол достықты айтпаймын. Сен маған жар бол, екеуіміз өмір сүріп көрейікші. Мүмкін тіл табысып кетерміз, – деді. – Жарайды, Жұмеке, тәуекел, – дедім. – Бірақ сіз ешқашан да мені аямаңыз, аяп сүймеңіз. Ұнамаған күні тастап кетіңіз, – дедім. – Шының ба? – деді ол. – Шыным сол. Мен өлгенімше сізге қызмет істеймін. Ол риза болып, маған жымиып қарады. Күлгенде аузын басып, ернін жымқырады екен, мен таң-тамаша қалдым. – Менің аузымды басып күлгеніме таң-тамаша болып отырсың ба? – деді ол. – Иә, – дедім мен. – Ағаңның ақыл тісі көп те, қасқа тісі жоқ,– деді ол. – Ешкім ұрып түсірген жоқ, жаңғақ шағамын деп, сынып қалған. Екеуіміз де күлдік. – Қария, әр нәрсенің бас-аяғы болады емес пе? Біздің отырысымыз да осымен тәмәм болды. Мен сізді ертең автовокзалда күтемін. Ата-анаңның рұқсатын алып кел, – деді ол. Мен үндемедім, ойланып қалдым. – Жүр, қазір біздің пәтерді көр. «Дружба» кинотеатрының қасында тұрамын. Әлі күн ерте ғой,– деп ол мені пәтеріне алып барды. Жұмекеңнің пәтері шағын ғана бөлме екен. Іші толған кітап, шашылған қағаз. Бір бұрышта киімдері үйіліп жатыр. Бір бұрышта қызыл арақтан босаған бос бөтел­келер самсап тұр. Орталанған біреуі­нің мойнынан ұстап, аузынан қызыл шарапты жұтып-жұтып алған Жұмекең маған да шарап ұсынды. – Жоқ, ешқашан да арзан шарап ішпеймін. Бұл орыстардың ермегі ғой, – дедім мен. Ол маған қарап ренжіп қалды. – Сіз сияқты шенеуінік емеспіз. Ақынның ақшасы қызыл шарапқа әрең жетеді, – деп ол көңіліне дық алды. – Кешір, Жұмеке. Ақшам көптіктен айтып тұрғаным жоқ. Шарап ішіп арзандап қайтесіз? – дедім. – Ол да дұрыс екен. Бүгіннен бас­тап шарап ішпеймін деп саған уәде беремін,– деді. – Айтпақшы, мен он күн ауруханада жатып шықтым ғой. – Неге? – Сенің жұмысыңа келіп жүргенде, жарты айдай жұмыстан қалдым. Мен саған Талдықорғаннан емес, Нұрқасымның үйінен келетінмін. Жұмыстан қалғаным үшін сен ренжитін шығар деп, сенен жасырып қойғанбыз. – Содан? – Содан не болсын, жұмыстан шығып кететін болған соң, Сейіт деген досым дәрігер еді, соған барып жағдайымды айттым. Ол мені ауруханаға салды. Зайдашка,білесің бе, сондай қарным ашты. Сен келетін шығар деп едім, сен келмедің ғой. – Естімесем қалай келемін? – Иә, оның рас. Нұрқасымға телефон соғып едім, ол сені демалыс­та деді. Зайдашка, кел, жайғасып отыр, – деп ол мені төрге шығарды. Сол кезде қожайын орыс келді. – О, Женя, у тебя опять гость. Очередная невеста что ли? – деді ол. – Нет, нет. Она у меня настоящая невеста, она поэтесса, не простая, – деп Жұмекең мақтанып қойды. Қожайын маған бір, Жұматайға бір қарады. Содан бөлмесіне шығып кетіп, ит болып үре бастады. Қожайынның үлкен төбет иті үріп, жауап қайтарды. – Бұл бір ғажап адам,– деді Жұмекең. – Бос уақытында итімен үріп сөйлеседі, өзі иттің тілін үйреніп жүрмін дейді. Мен қожайынға 200 сом ақша қарызбын, – деді ол ұялып. – Оған қысылма, оны ертең төлейміз, – дедім. – Киімдерім де тозып кетті,– деді ол мұңайып, апасына шағынған баладай. – Киім деген сөз бе екен, аламыз, – дедім. – Сен менің апам сияқтысың, – деді ол мұңая күлімсіреп. – Менің көйлегім көп, біраз ақшам да бар. Бірақ, жақсы көйлек киіпсің ғой, құтты болсын дейтін адамым жоқ. Ол көйлектерді кім үшін киемін, сондықтан да ылғи шалбар киіп жүремін. – Шалбар саған жақсы жарасады. Жалпы, сенің аяқ-басың түзу, көп қазақтың қыздарына қарағанда, аяқ-қолың балғадай, – деді ол әңгімені басқаға бұрып. Ол мұңая күлімсіреп жүріп, киім-кешегін, қағаздарын жиыстыра бастады. – Сондай жүрексініп тұрмын, неге екенін білмеймін, – деді Жұмекең менің жүзіме барлай қарап. – Жүрексінетін не бар, той жасамай-ақ қоялық. Дос-жаранға жар салмайық. Екеуден-екеу тұрып көрелік. Құдай салса біз көндік, нартәуекел, – дедім, өзімнің де көңілім босап. – Біз бұл пәтерде тұрмаймыз. Қожайын әйел өсекшіл. Сені көрсе, елде жоқ пәлені айтып, айнытып қояр. – Тұрмасақ тұрмай-ақ қоялық, пәтер тар екен. Ал, қожайын әйелдің сөзін мен тыңдамаймын. Мен жалпы өсек-аяңға жоқпын, ешкімнің сөзіне ермеймін. – Ол маған сеніңкіремей жаутаңдап қарай берді. – Жұмаш, несіне жүрегіңді ауырта бересің? Маған да оңай дейсің бе, жаңадан өмір бастау. Бірақ, қайтеміз, жападан-жалғыз сопайып тұра береміз бе? «Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» деген. Көп уайымдама. Ал, енді ертеңге дейін, – дедім. – Сені жібергім келмей тұр,– деді ол. – Жоқ, болмайды. Мен үйге қайтып, әке-шешеммен ақылдасуым керек, – дедім. Ол: – Жолың болсын, Зайдашка. Ертеңге дейін, – деп көзі жаудырап қала берді. Айтқандай-ақ, қожайын әйел мені есіктің алдынан күтіп алды, өсекті қарша боратты. – Сен Женяға сенбе, ойбай, ол маскүнем, ол жүргіш, жұмысқа да мезгілімен бармайтын жалқау. Оған Үштөбеден кәрістің қызы, Текеліден татардың қызы келеді. Қазақтың қыз-келіншегінде шек жоқ, – деді бастырмалатып. – Оны білемін, өзі айтқан, – дедім. – Соны біліп тұрып, соған күйеуге шығасың ба? – деді ол екі көзі алақандай болып. – Иә, күйеуге шығамын, өйткені оны сүйемін, – дедім. – Әне бұлар сөйтеді. Бұларға ақыл айтып керегі жоқ. Сүйемін дейді, қарай гөр өзін. Өзі әп-әдемі, жап-жас. Бірақ сенен де сұлу, сенен де жас қыз-келіншектерді біздің Женя тастап кеткен. Сен солардан артық па едің? – деп, ол маған енді ернін шүршитті. – Мен оларды көргенім жоқ, бос сөзге сенбеймін. Мүмкін олар менен артық та шығар. Бірақ Женя мені ешқашан да тастамайды. – Оны өзі айтты ма? – Жоқ, өзі айтқан жоқ, мен айтып тұрмын. Өйткені, ол да ақын, мен де ақынмын. Ақынды ақын ешқашан да тастамайды, – дедім өз-өзімнен қожайын әйелге ашуым қайнап. – Тастамаса болды. Енді, Женя, былай жаман жігіт емес,– деп ол күмілжіп қалды. ...Ертеңіне түсте Жұмекең мені автовокзалдан күтіп алды. Қолында гүлі бар, өзі жымың-жымың етеді. Екеуіміз менің чемоданымды арқалап, оның пәтеріне келдік. – Кеше, тет Зина саған не айтты? – деді Жұмекең. – Жәй, сені мақтады, жақсы жігіт деді. – Әй, ол бір жақсы әйел өзі, байғұс. Тек, баласы жоқ. Сені де маған мақтады. Мына қыз жақсы екен, осыдан айырылма, – деді. Ол мені лапас бастырманың астына ертіп барып, жаңбырда қалып қатып-семіп, күн жеп, әбден оңып кеткен қыстық киімдерін көрсетті. Бір кездері қымбат матадан тігілген костюм-шалбар, пальто бәрі мұражайдағы жансыз бейнелердей қатып-семіп, серейіп тұр екен. – Бұл киімдеріңді алмай-ақ қой, – деп едім, ол бой бермеді. – О не дегенің, Зайдашка, мұның бәрі шетелдікі ғой, – деді. – Жарайды, алсаң ала ғой, – дедім көңілін қимай. – Біз енді қайда тұрамыз? – деді ол. – Екінші көшеде менің немере сіңілім тұрады. Әзірше соның пәтерінде тұра тұрамыз, Құдай бұйыртса, ол жақында жаңа үйге көшуі керек. – Жақсы болды ғой, – деп Жұмекең қуанып кетті. Біз келсек, Ғалия деген немере сіңілім жаңа үйге көшкелі жатыр екен, ол бізге бір кісілік төсегін, бір-екі көрпе-жастық, қазан-ошақ бір үйге не керек, бәрін тас­тап кетті. Жұмекең екеуіміздің қуанышымызда шек жоқ, алақанымызды шапақтап жүрміз. Сөйткенше болмай, үйімізге сау етіп бір топ қонақ келді. Күйеу баламыздың туыстары екен, енді олар біздің аядай бір бөлмемізге қонатын болды. – Қап, мына шүршіттер қайдан қап­тап кетті, – деп Жұмекең ренжіп жүр. – Шұрқ етпе, Жұмеке. Біздің үйге бұлар қыстар дейсің бе? – Ертең тағы да келсе қайтеміз? – Қой, бүкіл Көксу станциясы көшіп келмесе, бүгін келді ғой, жетер, – деймін мен. Жұмекең әулие екен, ертеңіне де бір топ қонақ келді. Оларды, әйтеуір, алдап-сулап шығарып салдық та, терезені ашып, есікті сыртынан кілттеп, үйімізге терезеден кіріп жаттық. Түнімен де біреулер келіп: – Ойбай, есігі кілттеулі тұр, – деп кетіп жатты. – Қатырдық-ау,– деді Жұмекең. – Кімді? – деймін мен. – «Дұшпандарды» да. Дұрыс жасаппыз. Болмаса, мыналар бізге тыныштық бермес, – деді ол. Мен күлдім. Біз екеуіміз өмір бойы бір-бірімізбен бірге тұрғандай-ақ тез тіл табысып кеттік. Оның ойын көзінен оқып, мен жалпақтаймын. Менің ойымды көзімнен оқып ол жалпақтайды. Екеуіміз бір-бірімізді отырғызуға жер таппай, әбден қалбалақтадық та қалдық. Әуелі есін Жұмекең жинады. – Бәйбіше-ау, сен де, мен де байқұс болып қалыппыз ғой, бір-бірімізге қалбаңдап. Болмас, әркім өз орнына көшсін. Сен сызылып шай қой, ет ас. Мен баяғының мырзаларынша шәниіп жатайын. – Жұмеке-ау, электр плиткаға ет піскенше, ішегің шұрылдап өлмейсің бе? – Онда асханаға барып ауқаттанып алайық. Сен етіңді салып, қазаныңды көтеріп кет. – Мақұл. Сөйтіп, екеуіміз асханаға барып тамақ ішіп алып, жолдан киноға кіріп, қайтып келсек, жарты кастрюль ет былқылдап пісіп тұр екен. – Етке нан салмай-ақ қой, түсір. Тұздық жасап, сорпасына қос. Етті нансыз, моңғолша жейміз, – деді ол. – Нан салмаған қара сорпа қан толтырады, – деп қосып қойды. Ет жеп болған соң, бір кесе суды ішіп алып, қисая кетті. – Мен шәй ішпеймін. Жатар орынға сен де ішпе, ұйқыңды қашырады, – деді. Сөйткенше болмай, сау етіп тағы қонақтар келді. – Мына атаңның аузын ұрайындар, келіншегіміздің қасына жатқыза ма, жоқ па?– деп Жұмекең күліп жіберді. Мен де күлдім. – Қонақ деген ырыс қой, бай боламыз, Жұмеке,– дедім сыбырлап. – Өз үйінен оразасын ашқан адамның мыңды айдаған байдан несі кем, Зәкентай, – деп ол мені арқамнан қақты. Түнгі әңгіме... 1975 жылдың жазы мен күзі Жұматай екеуіміз үшін тосын оқиғаларға толы болды. Талдықорған қаласынан орын тепкен біз Черкасская деп аталатын екінші көшеден пәтер жалдап алдық. Пәтеріміз кіре беріс ауызғы үйі бар, бір бөлмеден тұратын. Көңілімді кешке дейін ән кернеп, ыңылдап жүріп, мен шағын бөлмені айнадай жарқыратып қоятынмын. Қожайынымыз кәрі кемпір мен шал болғандықтан, оларға да қолғабыс тигізіп, аулаға дейін су сеуіп сыпыратынмын. Әрқашан да жұмыстан ерте келіп, қарияға тамақ әзірлеп қоюға тырысатынмын. Бірге қызмет істесек те, қызметтен бірге қайту біздің әдетімізде жоқ еді. Неге екенін, осы күнге дейін өзім де түсіне алмадым. Сағат бестен кеткен кезде лып етіп, шыға жөнелетінмін. Ешкім де менің қызметтен ерте кетіп бара жатқанымды байқамауға тырысатын. Тек Жұматай ғана мырс етіп, күліп қоятын менің әбігерленген түріме қарап. Газ плитамыз болмағандықтан, электр плитаға тамақ пісіретінбіз. Түннің бір уағында кешкі асымызды алдымызға алып, жайғасып әңгімеге кірісетінбіз. Жұмекең ол кездері қызметтен кешікпейтін. Алтыдан отыз минут өткенде жымиып келіп тұратын. – Қошақан атамның қызы, бүгін не пісіріп қойды екен? – деп есіктен күле кірген ол мұрным тершіп, лағман созып отырған маған қарап мәз болатын. – Иә, бәйбіше, кожайкі болған қандай екен? Өлең жазудан лағман созу қиын шығар, – деп бір мысқылдап қоятын. Мен түк үндемейтінмін. Оның әрбір айтқан сөзі, әзіл-қалжыңы маған бір рақат, тыныштық сыйлайтын. Ол есіктен кіре салып-ақ киімдерін шешіп, қалай болса солай тастай салатын. Ұйығы кіре берісте жататын. Бәтеңкесін еңкеймей, иілуге ерініп, түрегеліп тұрып киетін де, сірісі тез жымырылып кететін. Жейдесін күнде ауыстыруға құштар еді. Шалбарын пышақтың қырындай етіп үтіктеп, жіпке іліп кептіріп беретін маған күнде ауызша алғыс жариялайтын. Өзіне салсаң әр киімін әр жерге лақтыра салып, ертеңгісін іздеп жүретін. Айнаға қарап тұрып бетіне неше түрлі кремдер жағып, массаж жасайтын. Кейде түнгі отырыстардан кейін, ашыған нандай болып көпсіп тұрған бетін әп-сәтте түкті орамалды ыстық суға бір, суық суға бір салып, бетіне басып, үлбіретіп алатын. Оның әрбір ісіне зер салып, қарап отырған маған «көрдің бе» дегендей көзін қысып, маңғазданып, миығынан жымиятын. Мен шағын дөңгелек үстелімізді ортаға қойып, үйіміздегі барымызды дастарханға жайып, үлкен табаққа лағманды үйеме етіп салып, алдына қоятынмын. Тоққа тығылған ақ шәугім әндетіп, пысылдап қайнап тұратын. Кешкі алагеуім уақытта екеуіміз тамағымызды ішпей, көпке дейін бір-бірімізге қарап отыратынбыз. Ол манадан бері шертіп жатқан домбырасын іргеге сүйеп қоя салатын да: – Ас дәмді болсын, бәйбіше, – дейтін. Сөйтіп өзі менің біраз әуреге түсіп пісірген асымды тәбеттеніп, рақаттанып отырып жейтін. Мені сәт сайын мақтап отыратын. – Зайдашка, сенің жаныңда ұйғырларың жіп есе алмайды. Олар дәл мынандай етіп ас әзірлей алмайды, – деп мұртынан күлетін. Мен оның тамақ шайнасына қарап, рақаттанып терін сүрткеніне, мұртын майлап, ағызып-тамызып ас ішкеніне сүйсініп қарап отыратынмын. Дүниеде мұндай сұлу, мұндай сырбаз, мұндай мейірімді адам жоқтай көрінетін. Біздің кішкентай үйіміз лезде кең сарайдай жарқырап кететін. – Бәйбіше-ау, молданың алдында отырған мүриттей болмай, тамағыңды ішсеңші. Мендей мешкей күйеуіңнің аузына қарап отырсаң, аштан өлерсің,– деп ол ішегі қатып күлетін. Мен тағы да үндемейтінмін. Мен сөйлесем осы бір ертегідей ғажап сәттен айрылып қалатындай көретінмін. – Дұрыс, қатын, дұрыс... Әйелдің сұңқылдаған ащы үнінен енді құдай сақтасын. Сөйлемесең сөйлемей-ақ қой, алтыным. Әлі-ақ сөзді де үйренерсің, ұрысты да үйренерсің. Адамға тән нәрселерден қайда қашып құтылам дейсің. Әлі бәрін де үйренерсің, – дейтін ол терең күрсініп. – Ешқашан да үйренбеймін, – дейтінмін мен жыламсырап. Оның нені меңзеп отырғанын мен жақсы түсіндім. Екеуіміз алғаш үйленгенде-ақ ол маған өзінің әйелден көрген қасіреті туралы өте қысқа айтып өткен. «Ешқашан да үйленбес едім сен ақынсың ғой, маған дос боларсың деп сенемін», – деген. Отызға жетпей ағарған шашын, таң азаннан булықтырған жөтелін сол бір әйелдің қасіретінен көретінін айта отырып, «Зайда, есіңде болсын, түбі мен осы жөтелден кетемін», – деген. Мен одан ешқашан да еш нәрсені қазбалап сұрамайтынмын. Ол сөзді, өсекті жек көретін. Ал, мені кішкене бала сияқты көретін. «Тамағыңды іш, киіміңді ки, ешкіммен жауласпа, өмірің қысқарады», – дейтін. Жұмыста біреу ренжітсе, мен үйге келіп, оған білдірмей теріс қарап, жылап отыратынмын. Сондай кездері Жұматай күйініп, «Ақымақтар, менен ала алмаған өшін сенен алған екен ғой, қане, кім, айтшы, жазасын берейін», – дейтін. Мен үндемейтінмін. Содан ол бетіме қарап тұрып-тұрып, ауаны оңды-солды бокстеп-бокстеп жіберіп: – Қорықпа, қатын, мен тұрғанда. Егер сені біреу ренжіте қалса, Жұматайға айтам десең болды, олар саған ешқашан да тиіспейді. Менің боксер екенімді қай-қайсысы да жақсы біледі, – дейтін. Мен күліп жіберетінмін. Ол да күлетін. Содан ол қолына домбырасын алып, күйлердің бірінен соң бірін төгіп-төгіп жіберетін. – Жуассың, Зайда. Пырс-пырс етіп жылағанды ғана білесің. Ақын дегенің былай, арқасы болмаушы ма еді? – дейтін. – Ол арқа дегеннің бары бар еді-ау, Жұмеке. Сіздің пысыңыз басып кетті ме, білмеймін. Соңғы кезде қорғансыз баладай болып қалдым. Қит етсе, екі көзіме әлім келеді. Бұрын мұндай емес едім. Өжеттеу, өткірлеу сияқты едім,– деп мен шынымды айттым. – Жарайсың, қа-те-ен, жарайсың. Менің пысым басса жаман болмайсың. Көңіліңнің босағаны мейірімге бөлендің. Мен сені оңашада баламдай әлпештеймін. Өзің білесің. Елдің көзінше ер жігіт әйеліне жалпақтап тұрса, қадірі кететінін, үйде мен сенікімін, түзде өзімдікімін, – деді ол ойланып. – Оны мен де түсінемін, – дедім. – Түсінгенің ақылдылығың. Ертеде Дарабоз деген өте ақылды әйел болған. Сен сол әжең туралы халықтан сұрастырып, біліп, зерттеп, мақала жаз, – деді ол. Мен басымды изедім. – Саған ауыр боларын мен басында-ақ білгенмін. Саған үйленбей-ақ қояйын деп едім, сені өте қатты аядым. Сен ақынсың ғой, ақынсың. Ақын әйелді ешкім де түсінбейді. Ақын әйелдің тағдыры жай әйелден он есе, жүз есе ауыр екенін кім түсінер дейсің. Өзің ақын әйел болсаң, күйеуің пері ақын болса, пәтерде тұрсаң, табысың аз, қонағың көп болса, білмеймін не боларыңды. Бірақ сенен сұрарым, ешқашан да қабағыңды шытпа, – деді Жұмекең тебірене сөйлеп. Содан ол өз сөзінен өзі жалығып кетті ғой деймін, домбырасын қолына алып, Жантөренің «Шалқымасын» тарта бастады. – Зайдашка, сен билеп жібер, – деді. – Менің билейтінімді қайдан білесің? – дедім. – Өзің мақтанып айтып қойғансың, – деді Жұматай күліп. – Жоқ, Жүкеш, мен биле­меймін, ән саламын, – дедім. Сөйттім де, халық әні «Бір баланы» бар дауыссыммен шырқай жөнелдім. Қайырмасына жетпей-ақ Жұмекең қолымен белгі беріп тоқтатты. – «Бір баланы» бұлай айтпайды. Тәп-тәуір даусың бар, бірақ ән сала алмайсың. Тезек терген кемпірлерге ұқсап көмейіңнен қайырасың. Қане, маған қосылып айтшы, – деп ол маған ән айтқызып үйрете бастады. Екеуіміз таң атқанша ән салдық. Ол күй шертті. Ұйқымыз ашылып кеткен соң, таза ауаға далаға шықтық. Қала ұйқыда. Әр жерден тыңқ-тыңқ үрген қанден иттердің даусы естіледі. – Зайдашка, мен бұл қаланы әрі сүйемін, әрі жек көремін. Соңғы кездері қайтадан сүйе бастадым, – деді ол. – Неге? – дедім мен, қысқа қайырып. Оның жан жарасының аузына тиіп кетпейін деп. – Мен бұл қалада осыдан он жыл бұрын Ләйләні кездестірдім. Ессіз ғашық болдым. Бақытқа кенелдім. Одан адасып қалдым. Содан соң «Сенсіз өмір сүре алмаймын» деген бір әйелдің сөзіне сеніп, бақытсыз болдым. Ақынның бақытсыздығы дегеннің не екенін сен айтпай-ақ түсінесің ғой. Сен де өмір көрдің ғой, – деді. Мен өкпелеп қалады деп ойласа керек, жалма-жан әңгімесін тыя қойды. Содан соң жайлап темекісін тұтатып алып, ернінің ұшымен ғана сорып, жерге тастап, бәтеңкесінің өкшесімен езгілеп өшірді. Және біреуін тұтатып, қолы дірілдеп оны да лақтырып жіберді. Мен енді шыдамадым. Оны аяп кеттім. – Ар жағын айтпай-ақ қойшы. Мен сені толық бақытты етемін деп айта алмаймын. Бірақ түн жамылып тұрып, ант етемін, ешқашан алдыңды кеспеймін. Бетіңнен алмаймын. Еркіңше тұр, еркіңше жүр. Тіпті, қыздармен жүрсең де үндемеймін. Саған адал боламын. Сен де маған сүйеніш бол, Жұмеке. Асқар таудай болып сен қасымда жүрсең болды. Мені ешкім басынбаса болды. Басқа арманым жоқ, – дедім даусым дірілдеп. – Жалғызым, қызым, – деді ол маған қарлығыңқы дауыспен. Мен тірі тұрғанда сені ешкім де басынбайды. Мен өлген соң аруағымнан қорқады, – деді терең күрсініп. Мен жылап оны құшақтай алдым. Ол мені шашымнан сипады. – Сені ешкімге қимаймын. Галстугің жоқ болмаса, кішкентай пионер қыз сияқтысың. Қалай сені өмір өзгертпеген, – деп ол таң қалды. ...Таң салқыны бойды тітір­кендірді. Соңғы жұлдыздар қуырған тарыдай болып, бытырай бастады. Біз үйге кірдік. Ол тез ұйықтап қалды. Мен Жұматайға арнап өлең жаздым. Ол өлеңімді «Қара тентек» деп атадым. Бірақ Жұматайға көрсеткен жоқпын. Тұрақсыз дейді сені жұрт, Дон-Жуан дейді қиналмай. Мен жүрмін үнсіз сені ұғып, Бірде бір сөзге иланбай. Дәйексіз дейді сені жұрт, Елеске болған тұтқын деп. Мен жүрмін үнсіз нені ұғып, Өзіңнен нені күттім деп. Кеудемді кернеп сан күдік, Қиялға терең бойлаймын. Артынша көңіл жаңғырып, Сен жайлы тағы ойлаймын. Шындықты бүркеп, бұрмалап, Жалғанды шайқап ен – тегін, Мәңгілікпен мені шырмап ап, Шаршаттың-ау, қара тентегім, – деп жазып қойдым. Бұл өлең әлі күнге дейін еш жерде жарияланған жоқ. Қатты мұңайып қызметтестерінен қысым көріп жүргенінде, Жұматайға оқып бердім. «Сен мені шынымен сүйеді екенсің-ау», – деп ол қуанып қалды. qazaquni.kz