ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ АСҚАҚТАДЫ

Алматыдағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде «Ұлы дала рухы - 2017» екінші халықаралық этномәдени фестивалі болып өтті. Қазақтың киелі домбырасы күй күмбірлеткен, тұлпарлар тұяғы ұлы даланы дүбірлеткен бұл ауқымды шараға Әзірбайжанның, Болгария мен Венгрияның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Ресейдің, Словакияның, АҚШ-тың, Түркияның және өзге де оннан аса алыс-жақын шетелдердің өкілдері қатысты. Әсем Алматының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, тарихы тереңнен сыр тартатын, ғасырлар сынынан өтіп бүгінгі күнге жеткен Сақ қорғандары маңында айтулы мерекеге келу­шілердің қарасы мол болды. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған этнофестиваль биыл да өз деңгейінде өтті. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан алпыс шақты қазақ­тың киіз үйлері шараның ажарын ашып, алыстан көз тартады. Көшпенділер шеруін қазақ­стандық шабандоздар бастап шық­ты. Төрт тұяғы тыным көрмей тыпыршыған тұлпарларының тізгінін тарта ұстаған еңселі жігіт­тер осыдан сан ғасыр бұрынғы қазақ даласын көз алдына алып келді. Алматы қаласы әкімдігі ұйым­дастырған этноауылға келгендер кәсіби бүркітшілердің, шабандоздар мен көкпаршылардың, садақшылардың, батырлардың шеберліктеріне тәнті болып, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ сияқты көптеген ұлттық ойындарына қатысып, түрлі ас мәзірінен дәм татты. «Ұлы дала рухы» этно­фестиваліне келгендердің барлығы қазақтардың және басқа да түркі халықтарының бай мұрасымен жақынырақ танысуға толық мүмкіндік алды. Фестивалге келушілер екі күн ішінде көшпенділердің өміріне бойлай еніп, олардың ежел­гі тұрмысымен, тарихи салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыпта­рымен, қазақтардың көне тұрмыс-тіршілігімен етене танысты. Ертедегі қолөнершілердің көнеден келген құпияларына қанығып, шеберлік сыныптарынан дәріс алып, киізбен, терімен, күміспен, балшықпен жұмыс істеудің ғасыр­лардан келіп жеткен тамаша технологиясын өз көздерімен көрді. Қолөнер бұйымдарын ескерткіш ретінде сатып алушылар да көп болды. «Шабыт» музыканттар ауылында ұйымдастырылған байқауда қонақтар түрлі аспаптарда ойнап, қазақтың көз жауын алатын қыз жасауын көріп таңдай қағысты. Көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, сыйлық та табысталды. Әсіресе шетелден келген қонақтар қазақтың қолөнеріне, тарихи тұрмыс-тіршілігіне, бүгінгі жарқын өміріне деген қызығушылықтарын жасыра алмады. Алтыбақан, күй тартыс, қыран құс, құмай тазы да назардан тыс қалмады. «Осыншама ауқымды да алқалы фестивалге қатысқаныма өте қуаныштымын, маған етене жақын халықтардың барлығы осында жүр, біз ұлы мерекеде бас қостық. Түркі халықтарының ежелгі тарихы, ортақ дәстүрі, ат спортының өркен жаюы мені шынымен қуантты», – деді Венгриядан келген Копачни Габор. – Біз бұл фестивальде ертедегі Болгар әскерлерінің түрлі шай­қастарда қолданатын са­дақ­тарын, қылыштарын, жігіттік өнерлерін және басқа­ларын көрсетудеміз. Қазақстанға алғаш келуіміз, өте әдемі ел екен. Сіздер өздеріңіздің ежелгі мәдениеттеріңіз бен дәстүр­леріңізді сақтап қалыпсыздар, бізге осы жағы қатты әсер етті, – деді болгарлық Явур Гынчев. – Мен Қазақстанға жиі келсем деймін. Өйткені қазақ елі маған өте ұнады. Мерекеге дайындық өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Осы маңызы зор этнофести­вальдің арқасында біз Қазақстанмен бұрынғыдан да жақынырақ таныса түстік. Осыдан соң Астанаға да барып, «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалайтын боламыз, – деді Словакиядан келген садақшы Петер Мезей. Фестиваль аясында қазақстан­дық және шетелден келген белгілі сахна шеберлері өздерінің ұлттық нақышында өнерлерін көрсетті. Түбі бір түркі болғанмен әрбір ұлттың өз ерекшеліктері бар екені белгілі. Сахнаға көтерілген көп­теген ұлт өкілдері ән-билерімен көрермендер көңілінен шыға білді. Әр ұлттың өнері бірін-бірі толықтырып үлкен мереке алаңына айналды. – Биылғы этномәдени фес­тивальдің ең үлкен жаңалығы – асау үйрету. Шығыс Қазақстан өңірінен арнайы шақыртумен келген Тәттімбет Кәпұлы өзінің шәкіртімен асауды басық­тыру, асауды үйрету өнері жұрттың көңілінен шығады деп ойлаймын, – деді «Ұлы дала рухы – 2017» этномәдени фестивалі сценарийінің авторы Базарбек Атығай. Этнофестивальдің жобасын жасаушы діттеген жері­нен шықты деп айтуға болады. Жоспарланған бағдарлама толықтай іске асып қала тұрғындары мен қонақтарды бір қуантып тастады. Шараға келушілерді Алматы шетінде орналасқан этнопаркке еш қиындықсыз жету үшін барлық жағдайлар жасалды. Шаһардың әр нүктесінен арнайы автобустар екі күн бойы таңертеңнен түнге дейін сағат сайын жүріп келушілерді жеткізіп тұрды. Ұлы дала рухы асқақтаған ұлы мереке де соңына жетті. Ол шеттен келгендердің айта жүрер­ліктей есінде сақталатыны анық. Сонымен қатар оны көрген өз жастарымыздың да бойына отаншылдық рух себері де сөзсіз. Тарихтан тағылым алу деген осындай-ақ болар. Ғасырлардан сыр шерткен киелі қазақ жерінің бірі осы – Сақ қорғандары орналасқан аймақ. Қазір ол бес жүз гектарға жуық жерді алып жатыр. Егер дер кезінде осы қорғандарды қорғай білгенде оның көлемі әлдеқайда ауқымды болар еді. Қала құрамына кірген «Құрлысшы» елді мекенінен бас­талып, «Ұлжан», «Шаңырақ», «Дархан» секілді кейін пайда болған ықшамаудандар көлемінде көптеп кездесетін қорғандардың бірқатары осы ғасырдың басында «жер басып алу» науқанында жермен жексен болып, тегістеліп кетті. Жергілікті тұрғындардың талабы бойынша Сақ қорғандарын қорғау қолға алынған болатын. Осыдан он шақты жыл бұрын қоршауға алынып, аспан астындағы ашық мұражай жасау жоспарланған-ды. Бірақ жоспар орта жолда тоқтап, одан әрі іске аспай қалды. Қаржы тапшылығы қолбайлау болды ма, әлде биліктің бұған келгенде кежегесі кейін тартты ма, әйтеуір сол ашық айдала күйінде жатқанына біраз жылдар өтті. Бұл біздің төл тарихымызға енжар қарайтынымыздың бірінші белгісі. Осыншама тарихи құндылыққа атүсті қарауға болмайды. Қаржы мәселесін алға тарту – сыныққа айтар сылтау ғана. Әйтпесе дәп осы Алматының өзінде қаншама миллиард ақша жыл сайын жыртығын жамаған асфальттың астында қалып жатыр. Мерекені дүркіретіп өткізген шекпенділер бұл аймақты жоспарланғандай ашық мұражай етуге асықпайтын сыңайлы. Дұрыс жол салып, ағаш, гүлзарлар отырғызып, келушілер демалып тамақтанатын орындар соғып, ретке келтіруге болатын еді ғой. Тіпті қаладағы археологиялық және тарихқа қатысы бар мұражайларды осында көшіріп, туристерді тартса сол жұмсалған қаржы бірер жылда қайтарымын беретін еді. Егер осы жерге кафе, ресторан, даңғырлаған музыкасы күні-түні құлақ жаратын ойын-сауық орындарын жасау керек десек, оны баяғыда тұрғызып тастайтын едік. Тарихымызға деген енжарлық осы емес пе?! Біз жоғары мінберден «Ұлттық рух!», «Ұлттық мәдениет!» деп жар салғанда жүйрікпіз, ал нақты іске келгенде алға басқан аяғымыз неге кейін кетеді? Ұлттық тарихымызды сақтап, насихаттауға арналған жап-жақсы жоспардың орындалмай қалған себебін кім түсіндіріп бере алады? Бұған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек не дейді екен?.. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz