НҰРЛАН

(Замандас хақындағы эссе-толғаныстан үзінді)

Сонымен тақырып: Ақын – Нұрлан, Азамат – Нұрлан Мырқасымұлы, Адам – Нұрлан Оразалин...

Бүгінгідей қиын да күрделі кезеңде ақын Нұрлан мен қайраткер Оразалинның ара-жігін айырып, жан-жақты таратып, талдау оңай емесі белгілі. Өмірдің өткені бар, өтпелісі бар, өзгермелі мінезі тағы бар... Қысқасы, көп нәрсенің алқақотан айналаң мен адамдардың айнымалы мінезіне, қоршаған ортаң мен қоғамның құбылмалы қалыбына тірелері шүбәсіз...

Нұрлан Оразалин – қандай Адам, қандай Азамат, қайраткер деген сауалға арнайы тоқталып, біраз сыр тарқатпасақ, сын айтпасақ болмайды.. Өйткені мықты азаматтығы жоқ адамның асқақ үнді ақын бола алмайтыны даусыз. Ақиық ақындықтың асыл адамгершілікке, жерін сүйген, елін сүйген ұлы махаббатқа, үлкен Азаматтыққа табан тірері ақиқат.

Осы жерде алдымен айтарым – мен өз басым Нұрланды қырық жылдан бері білемін. Әрине, бізді табыстырған – шығармашылық. Бұдан сәл бұрынырақ, дәлірек айтқанда, құрдастарым – Смағұл Елубай, Сағат Әшімбаев туралы мақалаларымда жазға­ным­дай, мен Нұрланмен де алғаш 1969 жылғы суық, қарлы қыста Алматыда өткен жас ақын-­­жа­зушылардың рес­пуб­ликалық тұңғыш кеңе­сінде кездесіп, таныстым.

Мен ол кезде астанадан шалғайда – Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогика институтының 4-курсының студентімін. 1965 жылы мектептің соңғы 11-класында оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетінің оқушыларға арналған «Өркен» бетінде қос өлеңім жарық көрген. Әдеби сын жаза бастағаным және бар. Сондықтан да, осы тарихи бас қосуға Сыр бойынан өкіл болып қатысқанмын. Екеумізді таныстырған – жерлес жігіт, кейіннен қазақтың талантты ақыны, қаламгері болып қалыптасқан Сейсен Мұхтарұлы. Ол кездері Нұрланның алғашқы өлеңдері де мерзімді басылымдар бетінде жарық көре бастаған.

Көп ұзамай өнер қуып Алматыға біржолата келгенімде Нұрланмен де ол кезде дуылдап өтетін өлең кештерінде, алуан әдеби жиындарда жиі жолығатын болдым. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Репертуарлық-редакциялық коллегиясында қатар жұмыс істеген кезіміз де бар. Ол бұл кездері қазақ драматургиясына қызу араласып, әсіресе «Шырақ жанған түні» – өнер әлемін селт өткізген құбылыс, сілкіндірген спектакль болып қабылданып, драмашы-ақынға жұртты жалт қаратқан...

Міне, осы жылдардан бастап оның биік мансап, үлкен қызмет белестері басталды. Театр директоры... Қазақстан Театр қайраткерлері одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы...

Мен оның қызметтегі өзім білетін биік бел­белестерін тізбелеп отырмын. Осылардың бәрінде де Нұрланның достарына, әріптестеріне, жазушыларға, қарамағындағыларға ірілік танытқан, өзгеріп «өскен» кезі жоқтың қасы. «Жоқтың қасы» деп отырғаным – ол атқа мінген жиырма-отыз жылдың барлық сәттерінде бірге болдым, хабарласып тұрдық деп айта алмаймын. Ол да ет пен сүйектен жаралған жан ғой, сатып кеткен ағаларына суық қарап, айныған достарына ащы айтқан, біреудің сөздеріне алданып қалып, амалға амал жасаған кездері бар шығар. Алайда мен оның өз тарапынан біреуге қиянат қарекет жасап, зорлық көрсеткенін білмеймін... Менің бұлай дейтін себебім – Ғабең, Ғабит Мүсірепов: «Ақын жүрегінде кек тұрмайды, кек тұрса – қақ тұрғаны...» деп айтқандай, ардан аттау, арамдыққа бару қайсы бір ақын да шығармашылығын аздыратыны өз алдына, жалпы кім-кімнің де өсек, өтірік айтуы, адамға қиянатқа баруы, әріптестеріне арамдық танытып алалауы, алуан айлакерлік жасауы алдынан шықпай, алдына келмей тұрмайды. Әрине, өздері таза еместердің, қызғанышқа барып, аяқтан шалатындардың басқаларға сенбеуі, өмірде адал адамдар бар, әділеттілік бар деп ойламауы, ондай мүмкін емес деп ойлауы – заңды құбылыс. Бірақ бұған бағып өмірде, өнерде тазалық жоқ, адал азаматтар жоқ деу – тағы қисынсыз. Өйткені адамгершілік құрыған, адалдық біткен жерде жақсылыққа да орын қалмақ емес, Өмір де, Өнер де алға баспақ емес. Бұл – біріншіден. Екіншіден, менің Нұрлан досым сияқты үлкен орындарда отырған «қайраткерлердің», мәселен, министрлердің, Мәжіліс депутаттарының, әйтпесе олигарх «мынаумындардың» қарымсыз қадамдарын, алашты алдаған амалдарын, «мен – ақылдымын, көпті алдай салайын, оны кім біліп жатыр?» дейтін алаяқтықтарын, сөйтіп өзімнің кім екенімді, кішкентай кісі екенімді жасырып қалдым дейтін керемет «кемеңгерліктерінің» қоясын ашып, құпиясын білу – соншалықты қиын да емес.

Әсіресе шығарма жазатын адамдардың сырын, халық көзінде жүретін үлкен қызметкерлердің шын болмысын білу, тіпті, оңай. Міне, бұған мысал ретінде Американың алып ақыны Уолт Уитменнің мына бір жолдарына-ақ көз жүгіртіп көріңізші: «Пойми, что в твоих писаниях не может быть ни единой черты, которой не было бы в тебе самом. Если ты злой и пошлый, это не укроется от них. Если ты любишь, чтобы во время обеда за столом у тебя стоял лакей, это скажется в твоих писаниях. Если ты брюзга и завистник, или не веришь в загробную жизнь, или низменно смотришь на женщин, – это скажется даже в твоих умолчаниях, даже в том, что ты не напишешь. Нет такой уловки, такого приема, такого рецепта, чтобы скрыть от твоих писаний хоть какой­нибудь изъян твоего сердца». Керемет сөздер, кемел шындық емес пе?! Өмірдің мұндай қақпанынан, халықтың мұндай сынынан ханнан бастап қырық адамды басқаратын қарашаға дейін құтыла алмайды. Перің де, періштең де, басшың да, қосшың да!.. Ендеше алуан-алуан мінезді ақын-жазушылардың ара-тұра дүрсініп: «Мен – Әуезовпін, мен – Әлімқұловпын (Тәкен), Мен – Шекспирмін, мен – Шерханмын (Мұртаза)» дегеніне сене көрмеңіз, ағайын! Келбетіне көз салыңыз, көзіне көңіл тоқтатыңыз. Сөзін саралаңыз, сұхбатын оқыңыз. Ұлы – кім, ұлық – кім? Алашты аялаушы – кім, адамдарды алалаушы – кім? Адал – кім? Арам – кім? Бәрі анықтала қояды. Мен, сондықтан да, Нұрлан досымның ақындығына қоса адалдығына да, адамгершілігіне қоса Азаматтығына да кәміл сеніп, жұрттың көзіне тура қарап айтып отырмын. Тіпті, тікелей дәлел, ашық айғақ керек болса, басты-басты базбіреулерін де мысалға келтірейін.

Бірінші. Кешегі өтпелі, өте қиын – коммунизмді көрге тығып, капитализмді қайта туғызған, халық – аш, қаламгерлер – қайыршылыққа ұшыраған кезеңде қайраткер Нұрлан Оразалин Қазақстан Жазушылар одағын қорғап, қираудан аман алып қалды. Қарқарадай үйін, қайратты үнін сақтап қалды. Рас, мұнысы – өзі үшін де керек шығар. Бірақ ең бастысы – өзгелер үшін – қаламгерлер үшін. Халық үшін! Мұндағы күрес, қиындықтарды жеңу, құлап жатқан одақты қайтадан нық тұрғызу – аса қиын болғаны, үш жыл бойы күрес: отта, сотта, шотта жүрген жігерліліктен кейінгі жеңіс екені – былайғы жұртқа белгісіз болғанмен, басы­-қасында жүргендерге әбден белгілі.

Шынында да, бұл – Нұрланның еңбегі ғана емес ерлігі, қызметі ғана емес, қайраткерлігі. Шынында да, қайраткер Нұрлан Оразалин болмаса, біз астам ел Ресейден, пысық Өзбекстаннан, ағайын Қырғызстаннан әулие емеспіз, көптеген нарықшыл қаламгерлердің қалауына көніп, қаламгерлерді қаламайтын биліктің шылауына еріп, одақты таратып, оқырманды жерге қаратып, берекесіз би-қиқымдарға айналып кетер ме едік?! Сөйтіп, кезінде кейбір жазушылардың өзі керексінбеген одақ енді елге де, Елбасына да керек болып тұр.

Екінші. Әуелі менің есіме ертеректе «Лениншіл жас» газетінде еңбек етіп жүргенімде қазақтың Серағаңы – ұлы актер Серәлі Қожамқұловтан сұхбат алып, сол кісіден бес арыстың бірі Жүсіпбек Аймауытов туралы алғаш естігенім түседі. «Ол –

тұңғыш еуропалық үлгідегі роман жазған, керемет пьесалар жазған ұлы суреткер» – деген-ді. Мен: «Мағжан туралы құлағдар, Шәкәрім туралы хабардар біз неліктен оның есімін де естімегенбіз» дегенмін. Сонда Серке Қожамқұлов: «Іздеушісі жоқ, гәп – осында» деп еді. Үнемі ізделмесе, халықпен жүздесіп тұрмаса, зерттелмесе, қанша дарынды, қанша қарымды тұлға болса да естен шығады, ұмытылады. Айталық, сүйегіне социализм сіңіп қалған біз болмасақ, кешегі «күнсіздерге күн болған» кемеңгер көсем Ленинді қазір кім біледі? Дәурені өтті, әділ іздеушісі жоқ. Шопенгауэрді баяғыдан білеміз. Шоқайымызды енді әрең танып жатырмыз. Нақ сол сияқты өмірден ерте өткен қаламдас, халқы үшін қайрат қылған құрбы-құрдастар: сыншы Сағат Әшімбаев, ғалым Алма Қыраубаева, қаламгер-қайраткер Ризабек Әдуов, драмашы Әділбек Тауасаров – егер дос Нұрлан, қайраткер Нұрлан Оразалин іздемесе, қатарластарының басын қосып, бағыттап, арнайы шығармашылық кештер ұйымдастырып, кітаптарын шығартып, елдің есіне қайта-қайта салмаса, ұмытыла бастар ма еді, қайтер еді?! Міне, бұл – достарға адалдық, құрмет қана емес, қазақ әдебиетіне де қызмет ету деп білсек қателеспеспіз.

Үшінші... Жә, мен осы екі мысалмен-ақ шектелейін. Әйтпесе ел өмірінде, Жазушылар одағы тыныс-тіршілігіне атап айтарлық, қадап алға тартарлық қайраткер Нұрлан Оразалин ұйымдастырған, мұрындық болған, жүзеге асырған мұндай мүшелтой, алқалы жиын, пәрменді шара, іргелі істер жеткілікті.

***

Әлқисса... Ақын Нұрлан, Адам Нұрлан, Азамат Нұрлан туралы айтылар сөз, қаламгер Нұрлан, қайраткер Оразалин туралы ақтарар сыр қыруар. Құрдас Нұрлан, дос Нұрлан жөнінде ортаға салар ой жеткілікті. Біз соның басты-басты бедерлерін, қадау-қадау тұстарын – негізгілерін ғана қысқа да нұсқа қамтуға қарекет жасадық.

Сөздің түйінін де ақын жырымен, жүрекжарды сырымен аяқтасақ дейміз.

«Кіммін осы?..

Не бітірдім?..

Не істедім?..

Қайсы?

Қане?

Көргенім мен кешкенім?..

Елу жасым – көз алдыңда, ей, таныс,

Өзеуремей өзің бәрін екшегін.

Өмірбаян?.. Аса қоймас бір беттен...

Қалғаным жоқ қатарымнан, дүрмектен.

Озған тұс пен тозған тұсты ел айтсын,

Кескінімді көріп тұрсың суреттен.

Тауда тудым...

Өзен кештім...

Нұр кештім...

Соғыстан соң туғандармен бірге өстім.

Ерте ояндым... Мақтандыға санама,

айдынымды қозғады ерен жыр-көшкін.

Ғашық болдым.

Болдым сосын досқа адал.

Ой мен Сезім – қос қанатым, қос қамал.

Айтпас ешкім «аттады деп ала жіп»,

Адалдығым болды өмірде басты амал.

Жау болып та көрген емен кемді күн...

Есімде жоқ... Кім жеңілді? Жеңді кім?

Бір ақиқат – сатқындармен ешқашан

көрген емес қиылысып ендігім.

Отқа түстім. Сан орандым жасынға.

Қайғы-шаттық жетеді бір басымда.

Күн туса да жүрген емен жалбаңдап,

қара ниет қорқаулардың қасында.

Сертке – берік іні болдым ағаға,

жар баспадым, жармаспадым жағаға.

Айтар тұста «сөз атасын өлтірмей»,

айттым, бірақ, асықпадым «бағаға».

Қабағына қарамадым «бай» ұлдың,

інілерге айдын болдым – жайылдым.

Садақ болып тартылған да кезім көп,

кетпеу үшін көмейінде жайынның.

Сабыр, сабыр!

Замандасым, бүлінбе!

Өзеуресем – өзегімді тілімде.

Абайлар мен Махамбеттер салған жол,

жаздым жырды Жамбыл ата тілінде.

Артық-кем сөз айта берсін ел іштен,

аярлармен келіспедім...

келіспен!

Өлеңімнің әр жолында – өмірім,

өз тағдырым, бал менен у мен ішкен.

Қоспасы жоқ... Артығы жоқ – еш кемім.

Жауап осы сұраққа әлгі: «Не істедім?»

Елу жасым – ел алдында.

Ей, таныс!

Ендігісін өзің біліп, екшегін...»

***

Нұрлан өмірдің өрінде, жырдың қанатында келеді. Ағынан жарылып айта білу, соған оқырманы мен көрерменін ұйыту, адамдардың жүрегіне жол салу – өнердің, сол санатта өлеңнің де мұраты. Нұрлан дос, Нұрлан ақын, Нұрлан замандас әмісе осындай биік мұраттар кеңістігінен көрініп келеді. Ұлтымыздың бүгінгі рухани кеңістігінде оның өз өрісі, өз кеңістігі, өз әлемі бары ақиқат. Бұл даусыз ақиқат.

Ақ жол тілеймін, амандық тілеймін, Нұрлан дос! Алла алдағы күндерде де аман жүздесе беруге жазсын!

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

qazaquni.kz