ҰЛЫ ДАЛА ТӨРІНДЕ ЭКСПО ТУЫ ЖЕЛБІРЕДІ

Картинки по запросу астана экспо открытие

БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ АСТАНАДАН БАСТАУ АЛДЫ

Елордада халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесі салтанатты түрде ашылды. Астанада үш ай бойы өтетін бұл Халықаралық көрмеге 155 мемлекет, 22 жаһан­дық компания қатысатын болады. Көрме аумағы 25 гектар жерді алып жатыр.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

2012 жылдың 22-қараша­сында Париж қаласында өткен Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) EXPO халықара­лық бюросының Бас ассамблея­сының 152-ші сессиясында Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша, Астана 103 дауыс жинап, Бельгияның Льеж қаласын басып озды. Бес жыл бойы көрме өткізу үшін қыруар жұмыстар атқарылды. Енді міне бес жыл бойы күткен күнге де келіп жеттік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО қалашығындағы қазақстандық павильонда мемлекет және үкімет басшыларын қарсы алды. Бірінші болып ЭКСПО аумағына Чехия Республикасының Президенті Милош Земан келді. Содан кейін Н.Назарбаев ЭКСПО қалашығы аумағына жеткен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттельді, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевты, Армения Президенті Серж Саргсянды, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевті, Сербия Президенті Александр Вучичті, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиді, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді, Беларусь Президенті Александр Лукашенконы, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржды, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедовті, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шарифті, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путинді қарсы алды. Әлемнің әр елінен келген жоғары мәртебелі қонақтар көрменің бас алаңын аралап көрді.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің ресми ашылу рәсімі Конгресс-Орталығында өтті. Амфитеатр сахнасында сферадағы проекциялық лазерлі театрланған шоумен басталды. Одан соң халықаралық көрмеге қатысушы 115 мемлекет пен аты әлемге әйгілі ірі 22 компанияның тулары енгізілді. Сол сияқты Халықаралық мамандандырылған көрме туы көтеріліп гимні ойналды. Алғашқы болып Халықаралық көрме бюросының президенті Стин Кристенсен қатысушыларды құттықтап табыс тіледі.

Салтанатты шараға қатысу­шы­лар алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп көрмеге қатысушы мемлекеттер мен ұйымдарға алғысын білдірді.

«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай Қазақстанның елордасы әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін бас­ты алаңға айналады», – деді Елбасы. Салтанатты шара үлкен концерт пен мерекелік от шашуға жалғасты.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz