Көрермендер жеңіл атлетикадан ел чемпионатын тегін тамашалай алады

Картинки по запросу легкая атлетика

Қазақстан жеңіл атлетика Федерациясы көрермендерге кезекті ел чемпионатын тегін тамашалауды қамтамасыз етпек. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

12-14 маусым күндері Алматыда жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған еліміздің үздік атлеттерінің барлығы қатысады. Спортшылар Қазақстан біріншілігінде Бхубанешварда (Үндістан) өтетін Азия чемпионаты (6-9 шілде) мен Лондондағы әлем чемпионатының (4-13 тамыз) нормативін орындайды.

Жарыс жүгірудің барлық бағдармалары бойынша өтеді. 100 және 200 метрге жүгіретін спринтерлерден бастап, 5000, 10000 метрге жүгіретін стайерлерге дейін сайысқа түседі. Сондай-ақ кедергілер арқылы жүгіру, спорттық жүріс, көпсайыс (жетісайыс, онсайыс), секірудің барлық түрі (ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру) және диск, найза, балға лақтыру мен ядро серпу жарыс бағдарламасына енгізілген.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Григорий Егоровтың айтуынша, чемпионатқа еліміздегі барлық атлеттердің қатысуы міндетті. Бұл талап халықаралық жарыстардан жүлделі оралып жүрген бетке ұстар атлеттерімізге де қатысты. Сондықтан 12-14 маусымда Орталық стадионда Бүкіләлемдік Универсиада, Азия ойындары, құрлық біріншіліктері мен Азия Гран-приінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өнер көрсетеді. Олардың арасында Роман Валиев, Евгений Эктов, Георгий Шейко, Тахиржан Қадырқұлов, Ольга Сафронова, Виктория Зябкина, Элина Михина, Әйгерим Шыназбековалар бар.

Ұйымдастырушылар үш күнге созылатын Қазақстан чемпионаты тартысқа толы әрі қызықты болатынын айтып отыр. Көрермендер стадионға тегін кіре алады. Медальдардың көпшілігі 12-13 маусым күні сарапқа салынады. Чемпионат Астана уақыты бойынша 16:00-де басталады.