Ольга Рыпакова Римдегі «Гаухар лиганың» төртінші кезеңіне қатысады

Картинки по запросу ольга рыпакова бриллиантовая лига

Бүгін Италия астанасы Римде жеңіл атлетикадан «Гаухар лига» сайысының төртінші кезеңі өтеді. Оған 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысады.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Римдегі «Golden Gala» деп аталатын төртінші кезеңге жеңіл атлетика жұлдыздарының көбісі келді. Әсіресе, Ольга Рыпакова өнер көрсететін үш қарғып секіру сайысында кілең сайдың тасындай мықтылар жиналған.

– Шынын айтқанда Римде 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының финалын қайтып көретін секілдіміз. Өйткені Бразилияда жүлдеге іліккендердің бәрі осында, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық жеңіл атлетика федерациясының жетекшісі Денис Рыпаков.

Римедегі «Гаухар лига» сайысына үш қарғып секіруден Рио Олимпиадасының чемпионы Катрин Ибаргуэн (Колумбия), күміс жүлдегер Юлимар Рохас (Венесуэла) қола жүлдегер Ольга Рыпакова (Қазақстан) қатысады. Сондай-ақ сол Олимпиаданың финалына шыққан тағы үш спортшы бар. Олар – Патрисия Мамона (Португалия), Кимберли Уильямс (Ямайка) және Параскеви Папахристу (Грекия). 2011 жылы әлем чемпионы атанған, тәжірибелі украиналық Ольга Саладуха да Римде бақ сынайтын болады.

Жалпы, жанкүйерлерді тартысқа толы сайыс күтіп тұр. «Гаухар лиганың» төртінші кезеңі Рим уақыты бойынша бүгін 19:00-де басталады (Астана уақыты бойынша – 23:00). «Қазспорт» арнасы тікелей эфирден көрсетеді.