БАЛАЛАРҒА КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ

1 маусым – балаларды қорғау күні   Бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 1-маусым Халықаралық Балаларды қорғау күніне арналған «Балаларға күлкі сыйлаймыз!» атты іс-шара өтіп, театрдың кинозалында мультипликациялық фильмнің қайырымдылық көрсетілімі болды. Алматы қаласы республикалық Достық үйі жұмысын қамтама­сыз ету қызметі, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Алматы қаласы республикалық этномәдени бірлестіктері ұйымдастырған іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары А.Хамедов ҚХА мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ЭМБ жастары, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері, №9 мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, психоневрологиялық ауруларға шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу орталығының бүлдіршіндері, «Салиқалы ұрпақ» пансионатының тәрбиеленушілері, республикалық этномәдени бірлестіктердің балалары қатысты. Театрымызда өткізілетін қайырымдылық көрсетілімдерге үнемі қолдау білдіретін «Қазақ­стандық дұнған қоғамы» қоғамдық бірлестігі бұл жолғы іс-шараға да белсенді қатысып, демеушілік көрсетті. Аталған бірлестік төрағасы Абубакир Вайсырович балаларды меркелерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да қайырымдылық шараларға атсалысуға ниетті екендіктерін білдірді. Өз кезегінде театр директорының міндетін атқарушы Мақсат Маратбекұлы да мерекемен бүлдіршіндерді және ата-аналарды құттықтап, іс-шараға қолдау білдірушілерге арнайы алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында тосын сыйлар мен тәттілер таратылып, «Көңілді мекен – балалық» атты асфальт бетіне салынған суреттер сайысы ұйым­дастырылды. Алатаудың баурайында, әсем Алматыға еркелей орналасқан өнер ордасының алдындағы кең алаң, таза ауа, тұма табиғат мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне түрткі болды. Ал қызықты бағдарламаға құрылған концерт көріп, асфальт бетіне сурет салған, тосын сыйлар мен тәттілер алған балалардың жүзінен қуаныш лебі есіп тұрды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар мен қарттарға арнап үнемі қайырымдылық көрсетілімдер ұйымдастыратын театр ұжымы бүгін тағы бір игі істі ойдағыдай атқарды. Осындай көңілді өсіріп, жүрекке шаттық сыйлайтын шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз! Мөлдір БЕКЖАН qazaquni.kz