Ге Хак РИМ: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ БІЗДІ БАУЫРЫНА БАСТЫ

Ге Хак РИМ, «Қазақстан корейлер қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалы» ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ БІЗДІ БАУЫРЫНА БАСТЫ

Қазақ КСР Ішкі Істер Халық Комиссариатының мәліметі бойынша, 1937 жылы Қазақстанға 90 эшелонмен 20 789 отбасы, 98 454 корей этносының өкілдері көшіріліп әкелінген екен. Соның бір үлкен бөлігі Сыр бойына қоныстандырылды. Солардың бәріне қазақ халқы қамқор болып, ұлт ретінде сақталуына толық мүмкіндік жасады.

«Мен ол кезде бар жоғы 11-12 жастағы бала едім. Осы уақыттан бастап Сыр өңіріндегі корей халқының тарихы басталды» деп еске алады «Қазақстан корейлер қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалы» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ге Хак Рим. «Ол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайдың қазақ халқы үшін де оңай соқпай тұрғанын көзіммен көрдім. Халықты құлазытып кеткен ашаршылық, халық жауы деген жалған айыптар тағылып, саяси репрессиялардың жүргізілуі соның куәсі еді. Біздер де қазақ халқының құрметіне сай болу үшін елге, жерге деген ықыласымызды білдіру мақсатымен білек сыбана еңбекке араластық. Әсіресе, күріш өсіру шаруашылығында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Осы еңбектерімізді елеген басшылық облыс бойынша корей ұлтының 28 азаматына Еңбек Ері атағын берді. Бұл жергілікті халықтың кең пейілінен деп білеміз» – деді ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Оның сөзінше, Сыр бойында қоныстанған корей халқына аға ұрпақ өкілдері, атап айтқанда корей халқының ұлт батыры Хом Бом До, ағартушы-ғалым Ге Бон У және тағы басқалар қазақ халқымен бауырластықтың үлгісін көрсетті. «Олардың Алаштың анасына бағаланған қасиетті мекенінде мәңгілік пана табуы да соның айғағы. Қазіргі таңда бізге ең қымбаты - ауызбіршілік, елдегі татулық. Бүгінде Қазақ халқының ықыласы мен дархан көңілінің арқасында көсегеміз көгеріп, өсіп-өніп жатырмыз. Басымызға күн туып, зұлмат күнді бастап кешкенде бауырына басқан елдің біз үшін жақсылығы ұшан-теңіз», – дейді ақсақал Ге Хак Рим.

qazaqunu.kz